Әбілхайырдың ендігі бағыты — оңтүстік пен оңтүстік-шығысты бағындыру еді. Әбілхайыр хан өзінен бұрынғы Барақ хан сияқты Ақ Орданың экономикалық жағынан анағұрлым қуатты ауданын басып алуға ұмтылды. 1446 жылы ол аса ірі жеңістерге жетті. Қаратау алқабы мен Сырдария жағалауындағы Созақ, Сығанақ, Аркек,Аққорған, Үзкент сияқты қамалды қалаларды қосып алды. Сөйтіп, үшінші рет өз орталығын Ақ Орданың бұрынғы астанасы Сығанаққа көшірді.
Кезінде Ақ Орданың бұрынғы қуатын қалпына келтіру мақсатында 1427 жылы Барақ хан дәл осы Түркістан аумағы үшін Темір әулетімен соғысып, жеңіске жеткен еді. "1428 жылы Барак, хан қаза болғаннан кейін бұл жерлер Темірдің ұрпағы — Ұлықбек мемлекетінің қолында болды ма, әлде Орыс хан мен Барақ хан ұрпақтарының қол астында болды ма?" деген сұрақ туады.