XIV—XV ғасырлардағы мемлекеттердің құрылымындағы монғол дәстүрлерінің әсері
Қазақстан аумағында ежелден өмір сүрген ерте мемлекеттік құрылымдардың монғол ұлыстарына бөлінуі бытыраңқылықты ұзартты. Түркі тілдес халықтар мен бірлестіктердің біртұтас мемлекетке бірігу үдерісін тежеді, бірақ мүлдем тоқтата алмады. Сонымен бірге монғол билігі Қазақстан халқының мұсылмандық Шығыспен,Еуропамен, Қытаймен халықаралық сауда, мәдени байланыстарын кеңейтті. Сөйтіп, жаңа сипаттағы мемлекет белгілерін өмірге келтірді.
Мемлекеттің жоғарғы билеушісі — хан Шыңғыс әулеті өкілдеріне, тайпа мен ірі ру көсемдеріне арқа сүйеді. Түркі тайпа басшыларының көп ретте әмір, бек, би, байдеген атаулары кең тарады. Көшпелі және отырықшы бұқара қараша деп аталды.