2.3 КЕРІ БАЙЛАНЫС - ТАЛДАУ, РЕФЛЕКСИЯ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ ӨНІМІ
Кері байланыс дегеніміз - сабақтың мазмұны немесе әдіс-тәсілдері, оның тиімділігі мен қандай дәрежеде өткендігі туралы үйренушілердің ой-пікірлері мен эмоциялары, олардың болашақтағы өз мұқтаждарын келтіруі. Бұл пікірлер мұғалімге өткізген сабағына баға беріп, оның ұтымды жақтары мен кем-кетіктерін анықтап, өз жұмысына өзгерістер енгізу мүмкіндігін береді.
Кері байланыс оқушының оқыту үрдісі қалай өткені және қандай нәтижеге қол жеткізгендігі туралы ой-пікірін тыңдауға негізделеді. Кері байланыс сабақтың соңында ғана емес, сабақ барысында оқушылардың өз бетімен орындайтын тапсырмаларының соңында жүргізіліп отыруы керек. Рефлексия мақсаты-еске түсіру, өзінің сабақ бойындағы іс-әрекетіне баға беру, талдау және мәселелердің шешу жолдарын іздестіру. Мұғалім оқушының кез келген кері байланыс парағын оқи отырып, жұмысының сәтсіз шыққан тұсын және сәтті шыққан қадамын, ендігі іс-әрекетін қалай жақсартуға болатынын алдын-ала біледі. Сонымен қатар кері байланыс парағы арқылы оқушының үніне құлақ түріп, оқу мен оқытудағы кездесетін кедергілерді айқындап, келесі оқытуға бұдан да жақсырақ дайындалуына түрткі болады.
Рефлексия сөзі латын тілінен аударғанда reflexio- кейінге айналым мағынасын білдіреді. Бұл терминді Джон Локи 17 ғасырда енгізген. «Рефлексия - адамның өз істерінің мәнін түсініп, оны ойлану барысында өзіне- өзінің нені, қалай жасағаны туралы толық және анық есеп беруі.
Жалпы алғанда рефлексия зерттеу секілді: адам мұнда өзінің ішкі дүниесін жан-жақты қарастырады, яғни өзін өзі зерттейді. Бұл зерттеудің басты тақырыбы адамның өзі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда рефлексия адамның өзінің ішкі ахуалы мен өзгерістерін тануы іспеттес: адам жасап жатқан әрекеттерін бір сәтке доғарып, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіледі, өзімен өзі әңгімелеседі, сырласады, әрекеттерін талдап, оларға баға береді, өзіне «сырт көзбен» қарайды. Осыдан кейін әрекеттеріне өзгерістер енгізеді, кемшіліктерін түзейді, оларды болдырмаудың жолдарын қарастырады, болашақта қандай істер жасайтындығын жоспарлайды. Жалпылама алғанда, рефлексияның қадамдары мынандай болуы ықтимал: 1) Аялдама жасау (тоқтау); 2) Артқа қарау: түсіну, талдау, бағалау; 3) Өзгерістер енгізу; 4) Болашақты жоспарлау.
Рефлексия сыни ойлау арқылы жүзеге асырылады, өйткені мұнда дайын жауап жоқ, оны іздеу керек, іздену қажет, жобалау мен жоспарлау керек, болжам жасап, жаңалық ашу қажет. Рефлексия күмәндану мен терең ойлануды қажет етеді, мұнда өз әрекеттеріңді, ойларыңды, ұстанымдарыңды жан-жақты қарастыру керек, өзіңе өзің толассыз түрде сұрақтар қойып, оларға жауап табуға ұмтылу. Бұл туралы Дж.Дьюи «Егер пайла болған ой лезде қабылданатын болса, онда алдымызда сыни ойлау емес, мұнда рефлексия minimum түрінде болады» деп айтқан да, әрі қарай рефлексияны «затты жан-жақты зерделеу, ойлану, ойды дамытатын және оны не құптайтын, не жоққа шығаратын қосымша деректер мен жаңа жәйттерді іздестіру» (Дж.Дьюи, 1997, 22) деп атайды.
Рефлексия — өзіндік тәжірибе, өзін-өзі тану мен өздігімен үйрену туралы ойлану. Ол білім алушыларға өзінің үйрену әрекеттері мен амалдарын айқындау мен нақтылау, үйренудің мақсат-міндеттерін тұжырымдау, үйрену нәтижелерін сараптап, ой елегінен өткізу мүмкіндіктерін береді.
Сонымен рефлексияда адам әрекеттерін бір мезетке тоқтатып, жан-жағына байыппен қарап, өзіне мынандай сұрақтар қояды: «Мен кіммін? Қандаймын? Не істеп жатырмын? Осы әрекеттерімнің мақсаты қандай? Мен қалай әрекеттенудемін? Бұл маған не береді? Мен мұны қалай қолданамын? Маған мұны қалайша өзгертуге болады? Енді не істеймін?» Бұл сауалдарға ол өз алдында бүкпесіз шындық тұрғысынан адал түрде жауап береді, басқа да сұрақтарды туындатып, оларға да жауап іздейді. Адамның өзімен өзі жасаған диалогы осылайша жалғаса береді, тіпті үздіксіз сипат алады. Осыған байланысты үйрену адамның өзінің жасаған әрекеттерін есіне түсіріп, оларды нақты айқындағанда ғана іске асырылады (мән-мағынасы, қиындықтары мен оларды шешу жолдары, түрлері, құралдары, нәтижесі, т.б.), яғни рефлексия арқылы әрекеттердің реті мен мазмұны қарастырылып (адам әр қадамын өлшеп-пішіп алады), проблема шешіледі де адам осындай тұжырымдау арқылы өзіндік пікір мен ұғым қалыптастырады.
Үйрену – рефлексияның нәтижесі.
Оқушыларды әр сабақта рефлексия жасауға үйрету керек. Өйткені бала рефлексия жасай алмаған жағдайда, яғни өз әрекеттерін түсіндіріп, оларға талдау жасап, бағалай алмаса, онда оның берілген оқу әрекеттерін ғана орындап, бірақ олардың өзінің дамуындағы маңызын түсінбейтіндігі анық. Басқаша сөзбен айтқанда, рефлексия жасай алмайтын оқушы өзінің өзгерістерін де байқамайды. Үйренуде рефлексия сабақ соңында оқушылардың тақырыпты қандай деңгейде игергендігін білуге бағытталатын қарапайым бекіту мен қорытындылау емес (мәселен, «Сонымен бүгінгі сабақта біз не өттік/білдік/қарастырдық?» секілді сұрақтар арқылы).
Рефлексияда оқушы өзінің қалай үйренгендігін (үйренудің қадамдарын, әдіс-тәсілдерін) талдап, оларды түсінуге тырысады. Ол өзінің атқарған әрекеттерін зерделеп, олардың берген нәтижелерін нақтылайды, оларды қалайша жақсарту болатындығы туралы ойланады. Мұндай зерттеу жұмысы білім алушыға жасалынған іс-әрекеттерін талдап, оларды бағалау мүмкіндігін беріп, оны сонымен бірге болашақтағы үйрену амалдарын жоспарлап, өз білгендерін арттыруға ынталандырады. Рефлексияда адам өзімен ылғи да диалогта болады: оның психикасы екіге бөлінеді. Бір бөлігі «Мен-өзім» болады да, екінші бөлігі «Мен-басқа» рөлінде болады, немесе, М.М.Бахтин бойынша, «Мен-орындаушы» және «Мен-қадағалаушы» болып екіге бөлінеді. Адам осылайша өз әрекеттеріне сырт көзбен қарап, оларды екшейді, таразы басына салады, олардың дұрыс-бұрыстығын ажыратады. Ылғи да «Мен оның (яғни өзінің) орнында болсам, не жасар едім?» деген ой үстінде болады.
Бұл ұйғарымға сәйкес, психолог А.А.Бизяеваның өте орынды келтірген мысалдарына сүйенсек, мұғалім сабақта «Мен-орындаушы» ретінде жаңа тақырыпты түсіндіреді де, ал «Мен-қадағалаушы» рөлінде «Мен қалай түсіндіріп тұрмын?» деп өз әрекетін талдап, оны бағалайды. Осыған ұқсас шахмат ойынында шахматшы тек алдында отырған адамға қарсы ойнамай, ойша қарсыласының орнына отырып, соның жүрістерін жасап, оларға қарсы жүрістерді ойластырып отырады (А.Бизяева, 27).
«Мен-басқа» ұғымы адамды шынайы түрде жан-жақты қарастырғандықтан, адам мұндай «қарсыласының» ескертпелерін, айқындаған қателері мен олқылықтарын алдын алып, оларды түзетуге тырысып отырады. Басқаша сөзбен айтқанда, «Мен-басқа» адамға тыныштық бермей, оны үздіксіз мазалап, тоқтатпай, оның әрі қарай жылжуына, дамуына себепкер болады. Адамның танымы (білімі) осылайша бір-біріне қарама-қарсы полюстердің қақтығысуы нәтижесінде өседі.
Кері байланысты ұсынғанда мынандай ережелерді ұстанған дұрыс:
Достарыңызбен бөлісу: |