Төленова З. М., Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ. к., доцент артында өшпес мұра қалдырған айтулы ғалым



Дата11.09.2017
өлшемі137,75 Kb.
Төленова З.М.,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент



АРТЫНДА ӨШПЕС МҰРА ҚАЛДЫРҒАН АЙТУЛЫ ҒАЛЫМ

Ғалым, ұстаз, қайраткер, академик Кеңес Нұрпейісұлының 80 жасқа толуына орай естелік жазу, оның артында қалған мол да өшпес мұрасына қайтадан көз жүгірту асқаралы ағаға деген ізгі құрмет, ұлағатты ұстазға деген тағзым.

Кеңес ағаның арамыздан ұзағанына біраз жылдар өтсе де, қазақы жадымызда жатталған «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, өзінің ашық та жарқын бейнесімен ғана емес, ғылымдағы өшпес мұрасымен ғылыми ортада жаңа ғұмырының ұзақ жасай беретіндігіне бүгінде анық көз жеткізіп отырмыз. Жаңа ғұмыры деп отырғанымыз тарих ғылымындағы тұлғатану және тарихнама салалары бойынша ғалымның артында қалған мол мұрасы ғылыми айналымға түсіп, екінші өмірі басталды.

Ақпараттық ағымдарға бейімделе бастаған замана желісі де жылдап емес күн санап күш ала б астағаны соншалықты, бар ғұмырын ғылымға арнаған Кеңес аға күлімдей басып, асқан инабаттылықпен үлкен-кішісімен түгел амандасып, есігін айқара ашатын Институтқа оралмағалы да 8 жылға жуық уақыт болыпты...

Шегініс жасап, академиктің ғұмырнамасына көз жүгіртсек, қазақ тарихында ғылыми тарихнаманың тамыр жаюына бар ғұмырын арнаған ірі зерттеуші-ғалым, тұлғалы азамат Кеңес Нұрпейісұлы Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 50 жылдан аса уақыт үзіліссіз қызмет атқарып, қалың қауымның ыстық ықыласына бөленген санаулы тарихшы мамандардың бірі болды. Замандасы, әріптесі академик М. Қозыбаевтың сөзімен айтсақ: «Кеңес академияның, одан қалды Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының төл перзенті. Ол академиктер Ақай Нүсіпбеков, Сергей Николаевич Покровский, Әлкей Хақанұлы Марғұлан, Сақтаған Бәйішев, академияның корреспондент-мүшелері Бек Сүлейменов, Григорий Федорович Дахшлейгер, ғылым докторы, профессор Тәжен Елеуовтер сияқты аға ұрпақтан тәрбие алып өсті. Қазақша айтқанда, көргені бар ғалым» [1].

Ғалымның зерттеу жұмыстарына арқау болған тақырыптарда ауқымының кеңдігімен ерекшеленеді. Қазақстандағы ұлт-азаттық қоғалыстар тарихы, ұлттық мемлекеттік құрылыс тарихы, 20-шы жылдардағы қазақ ауылының жағдайы, жеке тарихи тұлғалар қызметі секілді сан қырлы болды. Оның қаламынан туған 400-ден аса ғылыми жарияланым, соның ішінде 20-дан аса монография ұлт тарихының өзекті мәселелеріне арналған. Қазақ шаруасының баласы, Қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, еңбек жолын университет оқытушылығынан бастап тарих ғылымдарының кандидаты, докторы, профессор, Ұлттық Ғылым академиясының толық мүшесіне дейінгі ғылым жолындағы биік табыстарға қол жеткізе алған Кеңес Нұрпейісұлының ұлттық тарих ғылымы саласындағы еңбегінің жоғары бағалағандығы оның 1982 жылы Қазақстан тарихының 5 томдық ұжымдық жинағын шығаруға қатысқаны үшін Мемлекеттік сыйлықтың иегері атануы, «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым мен техника қайраткері» Құрметті атағы мен «Жылдың ғылым қайраткері – Алтын адам» атағының берілуінен, «Парасат» орденімен марапатталуынан көрінеді [2].

Әр кезеңнің өз өр тұлғасы бар және ол замана ағымына қарай танылады. Олай дейтініміз биылғы жыл ұлтымыздың және ұлт ұлылары ұлықталатын жыл ретінде тарихымызда алтын әріппен жазылмақ. Атап айтар болсақ, Қазақ хандығына 550 жыл, ұлт мақтаныштары Абай – 170 жыл, Шоқан – 180 жыл, ал тарихшы Е. Бекмахановқа – 100 жыл деп жалғаса бермек. Одан туындайтыны ғасырлар қойнауына тереңдеп енген тарихи кезең, оқиға, тұлғалар арасындағы сабақтастықтың алтын жібі үзілмейтіндігі. Оның басты дәлелі ретінде қарапайым ғана мысал, Кеңес Нұрпейісұлының осынау атаулы мерейтойы ұстазы Ермұхан Бекмахановтың 100 жылдығымен орайлас келуінің өзі тұлғалар тоғысының қайталанбас сәті! Екіншіден, ұстазы Е. Бекмаханов сонау ызғарлы 50-ші жылдары идеологиялық үстемдігі қысымдыққа негізделген кеңестік заманда Қазақстан тарихы, оның ішінде ұлт-азаттық көтерілістері, қозғаушы күші мен басшылары, Кенесары көтерілісі туралы алғашқы болып іргелі зерттеулер жазып, ұлт тарихының мәртебесін тасытты. Ал Кеңес аға өткен ғасырдың 80-ші жылдарының соңындағы «қайта құру» кезеңдерінде белең ала бастаған ұлт тарихының «ақтаңдақтарын» түгендеу кезеңінен бергі аралықта халыө жадынан өше бастаған, тек «жабық» мұрағат қорларында сақталған «Алаш» және Алаш қайраткерлері, бір сөзбен айтқан ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшыларының есімі мен қызметінің халықпен қайта қауышуының бастауында тұрды.

Айтар ойымызды сә тереңірек тарқатып, өткенге көз жүгіртерсек, 1947 ж. 21 қаңтарда қабылданған Қазақстан КП(б) ОК «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысында жіберілген өрескел саяси қателіктер туралы» партия қаулысының идеологиялық қалыбы өзіндік соны ғылыми тұжырымдарды тұншықтырып қана қоймады, филология және тарихи зерттеу барысындағы жаңа тақырыптардың жабылуына да әкелді. Бұл салқындық тарих ғылымын да шарпып өткені анық. Оның алғашқы құрбаны болған қазақ халқының этникалық тамыры туралы көлемді зерттеулер жүргізіп жатқан көрнекті ғалым Әлкей Марғұлан болды. Оған тағылған саяси айып, «буржуазиялық пантүрікшілдік» пен тарихты ашықтан-ашық бұрмалауы, орыс-қазақ арасындағы достыққа жік түсіруге бейімділігі болды.

Араға жыл салып барып, ХІХ ғасырдағы Қазақстан тарихы бойынша аса ірі және танымал болған тарих ғылымдарының докторы, профессор Ермұхан Бекмаханов жаңа саяси науқаншылдықтың басты нысанасына айналды. Бірнеше жылдарға созылған айтыстан соң Қазақстан тарихының, әсіресе оның ішінде Кенесары Қасымұлы қозғалысы жөніндегі келелі мәселелер мен «ХІХ ғасырдың 20-40-шы жылдарындағы Қазақстан» атты монографиялық еңбегінде жасаған тұщымды тұжырымдарымен тоталитарлық тәртіптің ағымына қайшы келгендіктен ғалым-педагог та университеттегі қызметінен ғана босатылып қойған жоқ, басқару әдісіндегі жіберген әрекеттері үшін деген сылтаулармен Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының директоры орынбасарлығынан да босатылды. Аты аталған көрнекті ғалым-қайраткерлермен қатар сол тұстағы университет ректоры Төлеген Тәжібаев та осы науқаншылдықтың қаһарына ілінген болатын.

Сталиндік тәртіптің аяусыз жүргізген осы бір «идеологиялық шабуыл» саясаты, науқаншылдықтың суық ызғары университетте білім алып жатқан студенттердің де тоталитарлық жүйе қалыптастырған ағыммен ғана дамуына барынша әсер етіп қана қоймай, сол тар құрсаудан шығып кетпеулеріне баса назар аударылғандығы да анық. Сол қысаң жүйеде Е. Бекмахановтан білім алған шәкірттердің қатарында Кеңес Нұрпейісұлы да ұстаздың ғибратты жолын жалғастырды. Осындай қайсар тұлға мектебінен өткен Кеңес Нұрпейісұлы да ұлт тарихына қатысты іргелі мәселелер көтерген өзге де көрнекті ірі ғалымдар легінде өз ғылыми мектебін қалыптастырып кетті.

Белгілі тарихшылар Ә. Марғұлан, Е. Бекмаханов, Б. Сүлейменов, Т. Елеуовтердің көзқарастары сол тұстағы мүдде үдесінен шыға алмаған ғалым ретінде олардың ғылыми ұстанымдарына қысым жасалып, ғылымнан аластатылып, істері сотқа берілуі жаңа қалыптаса бастаған жас буын тарихшылардың бағыт-бағдарына әсер етпей қоймады. Осындай қысымға қарамастан, тарихшылардың үлкен буыны А. Нүсіпбеков, Б. Төлепбаев, Р. Сүлейменов, М. Мұқанов, Х. Арғынбаев, М. Қозыбаев, К. Нұрпейісов, М.Х. Асылбеков, О. Смағұловтар ұлт тарихының сарбаздарына айналды. Олардың тағдыры мен ғылыми жетістіктері Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қалыптасуы, дамуы, өткені, бүгіні және болашағымен тығыз байланысты.

Шындығында Тәжен Елеуовтай ұстаз тәлімімен тарих ғылымының тереңіне бойлап, ұлт тарихының жоқтаушысына, түгендеушісіне айналған Кеңес Нұрпейісұлы ұстазы Ермұхан Бекмахановтың тұлғасын да, мұрасында халқына жаңа қырынан танытып кетті. Кеңестік кезеңнің қысаң идеологиялық үстемдігі босаңси қоймаған 80-ші жылдардың соңында-ақ қазақ тарихының майталмандарының бірі, ұлт тарихының «ақ таңдақтарын» ақтарған академик Манаш Қозыбаевпен бірлескен авторлықта «Тағдыры күрделі қайсар талант» [3] мақаласын ұстаз рухына арнаған ғалым, кейіннен Е: Бекмахановтың «ХІХ ғ. 20-40-шы жж. Қазақстан» кітабы жөніндегі дискуссияның Стенограммасын кітап болып шығуына басшылық жасауы салиқалы парасаттылықтың, адами қасиеттердің биік шыңы [4]. Ғалым қашанда Е. Бекмаханов туралы ізденістерін үнемі толықтырып, жаңа тұжырымдарға ой тастап, ұстаз тұлғасын жаңғыртып отыруды парыз санағандай. Академиктің 2005 жылы «Қайсарлық және қасірет. Е. Бекмаханов пен оның басты кітабының жариялануы жайында» жазылған үлкен мақаласы осы пікірімізді нақтылай түседі [5].

Академик К. Нұрпейісұлы отандық тарихнамада кенжелеп қалған тұлғатану саласында жаңа тұжырымдарымен жол салған ғалым ретінде де Бекмахановтануды жаңғыртып ғана қойған жоқ, «тарихшы Бекмахановтың ісі» деген түсінікті де алғашқылардың бірі болып енгізе отырып, 50-ші жылдары белең алған сталиндік қуғын-сүргіннің үшінші кезеңі – ұлт зиялыларын қудалау, ұлт-азаттық қозғалыстар, аграрлық мәселелер, қазақ мемлекеттілігі тарихы, тарихи тұлғалар тағдырларына қатысты терең зерттеулерімен ерекшеленді. Ғалымның тың зерттеулерінің нәтижесінде оның ұстазы Е. Бекмахановтың жүріп өткен жолдары алғаш рет тұтастай қалың қауымға жол тапты. Кезінде айтылуға тыйым салынған Е. Бекмахановтың еңбектері және ғылыми мұраларымен қатар Алаш және Алашорда, оның қайраткерлері тарихына ерекше ден қойды. Алаш азаматтарын халқымен қайта қауыштырған да, олардың тұлғалық тарихи-саяси келбетін тарих тұғырына қондырған да, алаштану саласына алғаш түрен салған академик К. Нұрпейіс екендігі даусыз. Академиктің осы бағыттағы ізденістерінің нәтижесі «Алаш һәм Алашорда» (1995), «Халел Досмұхамедұлы және оның өмірі мен шығармашылығы» (1996) секілді іргелі монографиялық еңбектері Отандық тарих ғылымындағы жаңа тәуелсіз ізденістің негізін қалады [6]. «Алаш һәм Алашорда» атты кітап туралы академик М. Қозыбаев: «Автор бұл зерттеуінде қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы тарихын саралай отырып, ұлт-азаттық қозғалысының жаңа деңгейін, қазақ халқының зиялы қауым өкілдерінің осы жолдағы қызметін, қазақ мемлекеттігін қалпына келтіру үшін күресін, олардың қилы да қайғылы тағдырын көрсетеді»,– деген бағамдау жасайды [1, 391-б.]

ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының соңындағы қайта құрулар мен 90-шы жылдардың басындағы өтпелі кезең жалпы Қазақстан үшін, оның экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамуында аса бір қиын кезеңді бастан өткізгені мәлім. Осы мезгілде қоғам жаңғыруына үн қата білген қоғамтанушы ғалымдармен бірге Кеңес Нұрпейісұлы да Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін, тарих ғылымының қоғамдағы орнын айшықтайтын түбегейлі зерттеулер жүргізді. Өзі ұзақ жылдар қызмет еткен Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғалымдарымен иықтаса отырып отандық тарих ғылымының маңызды қағидаларын жасауға, «ақтаңдақтарды» қалпына келтіруге, қазіргі және әлемдік өркениеттегі Қазақстанның орны мен рөлін айқындау бағытында үлкен ізденістерге толы бастамалардың бел ортасында жүрді.

Мысалға, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті К. Нұрпейіс жетекшілік еткен топ «Саяси және рухани саладағы тоталитарлық жүйеге қарсылық (Қазақстан 20-30-шы жж. мысалында: нақтылы-тарихи зерттеулер» жүргізіп, алаштық азаматтардың, өзге де саяси қуғын-сүргіннің жазықсыз құрбандарының әкімшіл-әміршіл жүйемен жүргізген күресі, олардың еңбектері жан-жақтылы зерттеліп, кеңестік-партиялық жүйенің күштеу әдісімен жүргізген саясатының астары ашылып көрсетілген алғашқы ғылыми-зерттеу жобасы болды.

Аталған мәселе институттың келешек зерттеулерінен кеңінен орын алып, «ХХ ғасырдың басындағы Қазақстанның қоғамдық өміріндегі Алаш партиясының ролі мен орны» тақырыбымен, К. Нұрпейісовті ғылыми жетекшілігімен ҒЗЖ-ның жоспарына енгізіледі. Тақырып аясында алаш арыстары - Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, Ә. Ермеков, Х. Досмұхамедов, М. Тынышпаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатовтардың есімдері халқымен қайта қауышады [7]

Осы жылдардағы тарих ғылымындағы бет-бұрыстар туралы ғалымның өзі: «Алайда кеңес дәуіріндегі тарихымыз қарама-қайшылыққа толы күрделі тарих болды. Өйткені социализм идеяларына байланысты халықтың жақсылыққа ұмтылған армандары Кеңес Одағында керісінше қарама-қарсы мазмұнда іске асырылды. Елде орнаған тоталитарлық мемлекет қоғамның даму заңдылықтарына қайшы келетін және оның өмірінің барлық саласын қамтитын іс жүзінде халыққа қарсы бағытталған эксперименттер жасады. Осының салдарынан 1917 жылдан кейін Кеңес империясының құрамында болған қазақ халқы, республикамыздың барлық еңбекшілері қилы-қилы кезеңді бастан кешті. Жалпы өркениеттік адамзаттық өлшеммен бағаласақ, аталмыш кезеңде қазақ халқының қуанышынан гөрі тартқан қасіреті көп болды» [8],- деп орынды бағалады.

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының соңы-90-шы жылдарының бас кезінде қоғамдық-саяси өмірдегі түбегейлі өзгерістерге байланысты ұлт тарихын зерттеу мен зерделеудегі айтулы бетбұрыстардағы алғашқы қадамдар да академик Кеңес Нұрпейіс есімімен тығыз байланысты. Алғашқылардың бірі болып Алаш тарихын объективтік тұрғыдан зерттеу мәселесін көтеріп, Х. Досмұхамедов, Ә. Ермеков, А. Байтұрсынов, М. Тынышбаев, Т. Рысқұлов, О. Жандосов, С. Қожанов, М. Дулатов секілді ұлт және Алаш зиялылырының өмірі мен мұрасы және басқа тұлғалар жөнінде ғылыми мақалалар мен құжаттық жинақтар шығарды. Оның еңбектері елімізде және шет елдерде орыс, ағылшын, түрік және басқа тілдерде жарық көрді.

Сол тұста ғылыми қауымдастық пен жалпы ұлт тарихына, Алаш тарихына қызығушылық танытушылар арасында Алаш көсемдерінің, қайраткерлері мен оларға ниеттес болғандардың ұлт болашағы жолындағы қажырлы күресі, қасіреті мен қайғылы тағдыры, өмірі мен тағылымы және олардың басты ұстанымдарының ара-жігін ажырата алмау секілді қарама-қайшылықты пікірлер туындаған еді және бұл көрініс әлі де анық байқалады. Ондай зерттеп, кейінгі ұрпаққа өшпес мұра қалдырған Кеңес Нұрпейісовтың Алашорда және Алаш қозғалысы туралы өз пікірін толық берсек: «Алаш» немесе «Алашорда қозғалысы» бірнеше құрамдас бөлімдерден тұратын күрделі ұғым. Сондықтан да әуел бастан, Алаш (Алашорда) қозғалысына жататын жекелеген мәселелердің басын ашып, оларды нақты түрде қарастырған жөн сияқты. Олар, біріншіден, саяси партия ретіндегі Алаш, екіншіден, мемлекеттік құрылым түріндегі Алаш автономиясы, үшіншіден, осы автономияның (Алаш атты қазақтың мемлекеттігін) басқаруға тиісті болған Алаштың ордасы (Алашорда үкіметі) туралы мәселелер. Басқа сөзбен айтканда, осы нақты үш мәселе жиынтығы Алаш немесе Алашорда қозғалысы деген ұғымды білдіреді. Алаш (Алашорда) қозғалысы деген ұғым 1920-30 жылдардағы ғылыми және саяси әдебиетте қалыптасты. Қазіргі оқырман, әсіресе, 20-30 жылдардан кейін дүниеге келген ұрпак, Алаш туралы білмейді, ал біле қойған жағдайда, онысы шындыққа жанаспайды. Жағдайдың бұлай қалыптасуының өзіндік себептері болды. 20-шы жылдардан бастап, әсіресе, 1928-1932 жылдары орын алған бұрынғы Алаш партиясы мен қозғалысының жетекшілеріне қарсы ұйымдастырылған алғашқы саяси сот процестерінен кейін, бұл тақырыпты нақтылай тарихи тұрғыдан зерттеуге ресми түрде тыйым салынды. ... ОГПУ-дің осы екі үкімі құрбандарының тірі қалып елге оралғандары 1937-1938 жылдары түгелге дерлік «халық жауы» деген жалған айыппен ату жазасына кесілді» [7, 5-6-бб.].

Тіпті өмір мен ғылыми мұра арасындағы сабақтастықтың дәлелі ретінде 2007 жылы желтоқсанда ағамен қоштасып жатқан күні Алашорда қозғалысының 90 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтіп жатты да, оған жиналғандар алаштықтардың екінші ғұмырына алғаш түрен салған алашшыл азаматтың өмірден озғанына күңіренді.

Сөз кезегінде 1937-1938 жылдардың салқыны Кеңес ағаның өмірінде де салқын табын қалдырғандығы туралы тоқталсақ. 1999 жылдары Институт жанындағы Диссертациялық кеңесте жабық қорғау өтетін болды. Мен кадрлар бөлімінде істегендіктен диссертациялық кеңес мүшелеріне жабық қорғауға қатысу үшін ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің рұқсат қағазын дайындауым қажет. Талап бойынша анықтама қағаздарын толықтыру үшін 3-ші қабаттағы Кеңес ағаның кабинетіне көтеріліп, жағдайды айтқаным сол еді, аға аяқ астынан ашуға булығып, «оның неге қажеті бар, менің әке-шешемді жұтқандары аз ба, мен неге олардың алдында ақталамын»,- деп біраз жерге барып, тоқталды. Ешнәрсені түсіне алмаған мен, ақырын ғана шығып кеттім. Келер күні аға сабырға келіп, «Қарақыз (аға мені осылай еркелетуші еді), қағаздарыныңды әкел, сенің не жазығың бар, сен жұмысыңды атқарып отырсың. Кел оданда әңгіме тыңда, менің өмірімнен хабардар бол», – деп көңіл түкпірінде мұз болып қатып қалған өмір жолынан сыр тартты.

Кеңес Нұрпейісұлы 1937-1938 жж. қуғын-сүргінінде әкесінен айырылып, анасынан да жастайынан жетім қалып, 1942-1945 жж. Қарабұлақ ауылындағы балалар үйінде тәрбиеленген. Сол жылдардың ең сорақы суреті «қысқы сықырлаған аязда даладағы қардың үстінде үстімізден шелекпен мұздай салқын су құйып шомылдырып, жалғыз ақ майкамен жалаң аяқ қар үстінде отырғызып қоятын. Есея келе одан ұққаным жаудың артында ұрпақ болмасын деп жасаған қаскөйліктері екен ғой»,– деп ұзақ уақыт үнсіз қалып қойды. Осылай қоғамдық солақай саясаттың кесірінен ата-анадан ерте айырылған жанның ішкі жан бұлқынысына, көз жасына булыққан шарасыз сәтіне куә болу маған да үлкен сабақ болған еді.

Өмірдің ащы дәмін ертерек татып өткендіктен болар, әке рухына өмір бойы бас иіп өткен ғалым бар саналы ғұмырын ұлттық және алаштық тұлғаларды ұлықтауға арнап, артында қалған өлмес мұрасы арқылы әке есімін мәңгілік тұғырға отырғызып, мұқалмас ескерткіш орнатып кетті.

Кеңес аға туралы ой толғарда, ең алдымен, көз алдыңа сымбатына ақылы сай, болмысына адамгершілігі сай, ғалымдығына ұстаздығы сай үлкен жүректі қамқор жан келеді. Осынау ұлағаттың ұстаздың алдынан өтпеген бірде бір тарихшы жоқ шығар. Ағаның ізденушілерге деген қамқоры ерекше еді ғой!!! Кез келген қорғауға шығар ізденуші үшін үлкендердің әрбір жылы сөзі әкенің ақ батасындай, ананың аялы алақанындай ыстық болары анық. Сондай сәтте қасыңнан табылып, әкедей қамқорлығын көрсеткен Кеңес ағамды әр кез сағынышпен еске аламын!

Келер ұрпаққа мазмұны терең сүбелі зерттеулерін қалдырған тарихшының қаламынан туындаған қаншама еңбек қазақтың рухани байлығының алтына қорына айналып отыр.

Бұл күнде ғұлама ғалымның өмір жолы ғылыми тұрғыдан хатталып, өзі көзі тірісінде іргесі қалаған Кеңес мектебінің болашағы Кеңестану арқылы жалғасын табуда.

Уақыт озған сайын, Кеңес тұлғасы мұнарланып бізден алыстаған сайын «Алаш» құбылысын ұлтына танытып кеткен ғалымның бейнесі мен мұрасы өзі баурайында туып-өскен Таушелектей асқақтап, суы тұп-тұнық Көлсайдай тереңдеп барады. Арада жылдар өткен сайын тарихшы, ғалым, азамат, тұлға ретінде ой-парасат кеңістігінде жарқын жұлдыздай жарқырай түскен Кеңес Нұрпейісұлының рухына бас ие отырып, оның тарихи мұрасын насихаттау бізге парыз екендігін ұғынасың.
1 Қозыбаев М.Қ. Кеңес шыққан белес // Қозыбаев М. Тұлғалар тұғыры. – Алматы: «ҚазАқпарат», 2009. – 389-392-бб.

2 Кеңес Нұрпейісұлы Нұрпейіс: Қазақстан ғалымдарының биобиблиографиясына материалдар / Құрастырушылар: С.О. Смағұлова, А.Т. Саурықова, А.А. Бурыбаева. – Алматы, 2005. – 11-15-бб.; Пірәлиев С.Ж. Азамат, ғалым, қайраткер // «Алаштұлғалы». Кеңес Нұрпейісұлы туралы естеліктер / Құраст.: Т. Нұрпейісов. – Алматы: «Ан Арыс», 2010. – 6-12-бб.

3 Қозыбаев М.Қ., Нұрпейіс К. Тағдыры күрделі қайсар талант // Социалистік Қазақстан. – 1989. – 18 қаңтар.

4 Дискуссия по книге Бекмаханова Е.Б. «Казахстан в 20–40 годы ХІХ века». Стенограмма. 14-19 июля 1948 г. – Алматы: Кенже пресс, 2009.

5 Нұрпейіс К. Қайсарлық және қасірет. Е. Бекмаханов пен оның басты кітабының жариялануы жайында // Егемен Қазақстан. – 2005. –15 ақпан.

6 Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда. – Алматы: Ататек, 1995. – 5-6-бб.

7 «Тарихсыз халық тұл». Дөңгелек үстел // Жалын, 1988. – № 4. – 3-14-бб.

8 Нұрпейіс К. // Егемен Қазақстан. – 2005. – 28 қазан.


Толенова З.М.,

ВНС Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова, к.и.н., доцент



ВИДНЫЙ УЧЕНЫЙ, ОСТАВИВШИЙ

НЕМЕРКНУЩЕЕ НАСЛЕДИЕ
Резюме

В данной статье автор делится теплыми воспоминаниями о выдающемся ученом, человеке с большой буквы и Учителе, воспитавшем многие поколения историков Казахстана, академике Кенесе Нурпеисулы. В работе рассмотрены некоторые труды ученого, внесшего значительный вклад в алашоведение Казахстана с конца 80-х гг. ХХ века.



Ключевые слова: К. Нурпеисулы, академик, ученый, наставник, отечественная история.


Tolenova Z.M.,

Leading researcher of the Ch.Ch. Valikhanov Institute

of History and Ethnology, Candidate of Historical Sciences,

Associate Professor



AN EMINENT SCHOLAR WHO LEFT AN UNFADING HERITAGE
Summary

In this article the author shares warm memories of an outstanding scholar, a substantial person and a Teacher who brought up many generations of historians of Kazakhstan, the academician Kenes Nurpeisuly. The paper considers some works of the scholar who made a significant contribution to Alash studies of Kazakhstan from the end of the 80s of XX century.



Keywords: K. Nurpeisuly, academician, scholar, national history.
Каталог: edu.history -> media -> upload -> 2639 -> 2017
2017 -> Әож 94(574. 41-25) «1856/1917» семей қыздар прогимназия мен гимназиясының тарихынан (1856-1917Ж. Ж.) Рахимова а. А. – Абай атындағЫ ҚАЗҰпу «6М011400 – тарих»
2017 -> Зият шәКӘрімұлының ТҰЛҒалық келбетінің Қалыптасуына ықпал еткен факторлар
2017 -> Қазақстан дербес прокуратурасының негізін қалаушы
2017 -> Қазақ-жоңҒар қатынасы алыс шетел зерттеушілерінің ЕҢбектерінде
2639 -> Махамбет Жасқұстағы текетірес пен Тастөбедегі ұрыс
2639 -> Түркия қазақтарының этномәдениетінің ерекшеліктері
2639 -> Тарих ғылымдарының докторы, профессор
2017 -> Қазіргі халықаралық қатынастардың жаңа кезеңдік жүйесі қарсаңындағы Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттерi
2017 -> Тарихи зерттеулердегі фотодеректердің тарихи-мәдени маңыздылығы Түйіндеме
2017 -> Мейрманова Гүлжан Асановна – т.ғ. к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Археология, этнология және музеология кафедрасының доцент м а


Достарыңызбен бөлісу:


©engime.org 2017
әкімшілігінің қараңыз

енгізу | тіркеу
    Басты бет


материалдарды жүктеу