Түркістан қалалық білім бөлімі
А.Югнаки атындағы жалпы орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Тұрыскелді Гауһар Қуатбекқызы
Қазақ халқының әдеби мұраларын қазақстандық патриотизмге
тәрбелеудің негізі
Түркістан - 2014
«Мұғалімдік киелі – мамандық. Ол үлкен, жан-жақты, терең білімдарлықпен қатар, аса сезімтал болуды талап етеді. Әр бала – тұнып тұрған сезім. Олардың пианинаның тіліндей сезім пернелерін тура баса алсаң ғана жан дүние әлемдеріне еркін ене аласың. Әйтпесе, олар маңайлатпайды».
Ф.Оңғарсынова
Бүгінгі күні жеке тұлғаны Қазақстандық патриотизм мен отансүйгіштік рухта тәрбиелеу барысында Қазақстанның білім және ғылым қызметкерлерінің ІІ съезінде еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев: “Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғары оқу орындарына дейінгі орталықтарда, барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы” – деген сөзіне үңілсек, онда Қазақстан мемлекетінің егемен ел болып қалыптасып, дербес мемлекет болуы және өркендеп гүлденуі ұлттық біртектілікті сақтаудан басталады.
Қазақстандық патриотизм, қазақстандық интернационализммен, яғни қазақстандық отансүйгіштік қазақстандық ұлтаралық татулықпен байланысты деген ұғымды білдіреді. Оның түбінде ұлттық және мемлекеттік идеология жатыр. Біз осының бәрін қатар алып жүруіміз керек. Ұлттық идеология дегеніміз-қазақстанда тұрып жатқан әр ұлттың мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі, діні, тарихынан туындайтын көзқарас. Бірақ қазақтың ұлттық идеологиясы осының көшбастаушы болуы тиіс.
Қазақстандық патриотизм дегеніміз не? Менің ойымша, отандық патриотизм – бұл елдікті, мемлекеттілікті саналы түрде сезіну. Мәселен, кез келген адамның өзі туып-өскен жеріне бауыр басуы, ана тілін толық меңгеріп, оған құрметпен қарауы, өз Отаныңның мүддесін ойлау, туған жеріңе деген адалдық және азаматтық сезімдер, өз еліңнің саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени саладағы жетістіктерін мақтан ету, өз Отаныңның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғау, ата-бабаларың мен Отаныңның тарихына құрметпен қарау, сондай-ақ, өзіңнің табанақы, маңдайтеріңді туған еліңнің гүлденуіне арнау – бұлардың барлығы да қазақстандық патриотизм деген ұғымның ішіне сыяды. Бұл мәселені ашып айту үшін, мынадай мақсаттарды бөліп алайық. Біріншіден, азаматтардың бойында жоғары патриоттық сезімді, өз Отанына деген адалдықты қалыптастыру қажет. Ол үшін әр адам өз Отанының мүддесін қорғауда азаматтық борыштары мен конституциялық міндеттерін атқаруға әрқашан дайын болуы тиіс. Екіншіден, әр тұлғаның бойында белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру. Бұл ұстаным бала жастан, отбасындағы, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиеден бастау алатыны баршаға мәлім. Үшіншіден, жас жігіттер мен қыздардың рухын шыңдайтын әскери-патриоттық тәрбие беру. Төртіншіден, әртүрлі ұлт, нәсіл, конфессиялардың өзара қарым-қатынасының принципі ретінде төзімділікке тәрбиелеу. Бесіншіден, қоғам мен тұлғаның әлеуметтік жағынан маңызды құндылықтарын қалыптастыру және дамыту.
Сонымен қазақстандық патриотизмнің негізгі мақсаттарын төмендегідей топтастыруға болады.
Әрине, тізбектей берсек, патриотизмнің міндеттері өте көп. Мысалы, өзіңнің Отаның үшін үлкен жетістіктерге жету. Шынайы патриоттық сезім өзіңнің отбасыңа, еліңе, Отаныңа деген кішкентай махаббаттан бастау алады. Мақаламыздың басында біз ана сүтімен, ата дәстүрімен берілетін өз туған тіліңді толық меңгеріп, оған құрметпен қарау да патриотизмнің бір белгісі екенін айттық. Яғни, әрбір қазақстандық мемлекеттік тілді үйренуі арқылы оны меңгермегендерге жақсы үлгі көрсетуі керек. Мемлекет басшысы, әсіресе, жасөспірімдер мен жастарға мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие, білім беру жөніндегі ой-пікірлерін жиі-жиі айтып жүр.
Зерттеуші ғалымдардың, педагогтардың тұжырымдары бойынша, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуда баға жетпес педагогикалық құрал – батырлардың қаһармандық бейнесі және оның қазақ ауыз әдебиетінде, тарихында, көркем шығармаларда сомдалуы болып табылады десек, одан қазақ батырларының бойындағы елдік қасиеттердің жиынтығы да, азаматқа тән адамгершілік болмысы “сегіз қырлы, бір сырлылық” та, шешенге тән алымдылық та, данаға тән білгірлік те, биге тән көсемдік те, әулиеге тән көрегендік те табылады. Сөзіміз дәлелді болу үшін Ер Төстіктің қаһармандығын, Бекет атаның бойындағы әулиелігін, Исатай батырдың ел бастаған билігін, Сырым батырдың шешендігін, Б.Момышұлының батырлығын айтуға болады. Тамыры терең патриоттық тәрбиенің көзі ұлттық тарихымызда осылай жалғасып кете береді.
Президент Н.Назарбаев “Қалың елім – Қазағым” жинағында “…Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзенті сезінбейінше, оның өткенін біліп, болашағына сенбейінше біздің жұмысымыз ілгері баспайды…” және “Біз қазақстандық патриотизмді Отанын, жері мен суын шексіз сүю, халқының өнеге-дәстүрін, әдет-ғұрпын, елдің тарихын құрмет тұту, мүддесін көздеп, бостандығы мен құқын қорғау, әр адамның күш-жігерін ел бірлігін нығайтуға, азаматтық татулықты баянды етуге және ұлтаралық татулықты тұрақтандыруға жұмсау” деп жазған еді.
Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Демек, жас ұрпақтың бойында ұлттық патриотизммен бірге қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ерекше маңызға ие. Қазақстанның әрбір азаматы ұлты мен дініне қарамай татулық пен бірліктің туын жоғары көтере білсе – патриотизмнің негізі сол болмақ. Елбасы өзінің “Тарих толқынында” кітабында: “Ұлттық бірліксіз патриотизм деген жансыз бірдеңе ғана болып қалады”, – деп ұлттық бірлікке ерекше мән береді. Бірлік пен татулықтың маңызына халқымыз да бейжай қарамаған. “Бірлік болмай, тірлік болмас”, “Төртеу түгел болса, төбедегі келер, алтау ала болса, ауыздағы кетер”, “Ынтымақсыз – ел оңбас” деп, жас ұрпақтың санасына сіңіріп отырған.
Президенттің Жолдауында ең мықты 50 елдің қатарына кіру туралы керемет ой айтылды. Бұл – ұлттың ортақ ұраны.
Қазақстанды Отаным деп таныған әр азаматтың осыған өз әлінше үлес қосуы – бұның басты шарттарының бірі. Жастарға патриоттық тәрбие берудің бағдарлы идеяларын Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың “Қазақстан – 2030 ” атты еңбегінің “Қазақстан мұраты” деп аталатын бөлімінде: “…біздің балаларымыз бен немерелеріміз… бабаларының игі дәстүрін сақтай отырып қазіргі заманғы нарықтық экономика жағдайында жұмыс істеуге даяр болады. Олар бейбіт, абат, жылдам өркендеу үстіндегі күллі әлемге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болады” – деп, үлкен үміт артты.
Қазақстан Республикасының “Білім туралы” Заңында “Білім беру жүйесінің міндеттері: …азаматтық пен елжандылыққа, өз Отаны – Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу” десе, ал орта білімді дамыту тұжырымдамасында “…тәрбиелік жұмыстарды қазақстандық патриотизм, азаматтық, ізгілікті интернационализм негізінде құру” – керек екендігі көрсетілген.
Егемендік алған бастапқы күндерден-ақ патриотизм ұғымы, оның мазмұны төңірегінде пікірталас жүріп келеді. Одан “ұлттық патриотизм”, “қазақстандық патриотизм” деген екі ұғымның туындағаны белгілі. Бірақ өсіп келе жатқан жас буындарды отансүйгіштікке тәрбиелеуде бұл екі ұғымның қайсысын ұстанған жөн, олардың мазмұндық құрылымы қандай ой-тұжырымдар жүйесінен тұрады, бұдан былайғы кезде мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеуде бұрыннан қалыптасқан әдіс-тәсілдердің формалары мен мазмұнын қолдануға бола ма деген сияқты көптеген мәселелер толық зерделенбей отыр.
Қазақ халқының тарихына көз жіберсек, сонау Күлтегін, Білгеқаған, Тоныкөктен бастап жерін, елін, тілін, ділін қорғаудағы өшпес ерліктерге толы. Бесік жырынан басталатын ерлікке баулу дәстүрлері түркі халқына тән негізгі ырымдар. Халқымыздың бойындағы отансүйгіштік құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған заңдылық тұрғысынан да қарауға болады. Бұған дәлел көне түркі заманынан бастау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында былай деп суреттеледі: “Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді” – деген көне жазу қазақ халқының бойындағы ұлттық патриотизм сезімдері бүгін ғана пайда болған жоқ, ол ежелден-ақ туындап, дамып келе жатқан қасиет деуге болатындығын көрсетеді. Күлтегін жазбасында тағы да мынадай жыр жолдарын кездестіруге болады:
Кедей халықты бай қылдым,
Аз халықты көп қылдым…
Түркі иелігінен
айырылған халықты
Ата-баба мекеніне орнатты… – делінген.
Жазбадан патриотизмнің – халықты көбейтіп, байыту үшін еңбек ету, ата-баба мекеніне ие болып отыру жолында жан аямау, діл бірлігін қорғау екендігін аңғарамыз. Жоңғар сияқты алып империямен алысуға, Ресей патшалығының зеңбірегіне жалаң қылышпен қарсы шабуға жетелеген де осы Отанына деген сүйіспеншіліктің, патриотизмнің қуатты күші.
Туған жерге деген ыстық сезім, атамекенге деген құрмет пен қадір қасиет тұтуды Ұлы дала ойшылдары Қорқыт Ата, әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари, т.б. айтқан болатын.
Ықылым заманнан бізге жеткен “Қорқыт Ата кітабында” тәлімдік мәні күшті, қанатты сөздер мен ұстаздық ұлағаттар көптеп кездеседі. Мысалы: “Қолына өткір қылыш алып, соны жұмсай білмеген қорқаққа қылыш сермеп, күшіңді сарп етпе. Батыр туған жігіттің садағының оғы да қылыштай кесіп түседі. Атаның атын былғаған ақылсыз баланың әке омыртқасынан жаралып, ана құрсағында шырланып тумағаны жақсы. Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді. Өтірік өрге баспайды, өтірікші болғаннан жарық көріп, өмір сүрмеген көп артық” – деген екен. Бұл өсиет сөздерден ақыл-парасат, өтірік айтпау, атаның атын былғамау туралы ойлар мен шығарманың өн бойынан ұлы даланың байтақтығын, әдемілігін көреміз, бұл әр түріктің бойында осы далада туғаны үшін мақтаныш сезімін тудырса керек.
Әл-Фараби өзінің “Азаматтық саясат”, “Поэзия өнері туралы”, “Бақытқа жол сілтеу”, “Риторика”, “Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері” атты трактаттарында этикалық, эстетикалық мәселелермен бірге көркемдік, сұлулық, мейірбандық, білім категорияларының бетін ашып, олардың негізгісін дәлелдеп берген.
Ақын-жыраулар халыққа өнегелі сөздерімен ықпал етіп, оларды іргелі ел, берекелі жұрт болуға шақырды. Жыраулар жаугершілік заманда хандар мен бектердің ақылгөй кеңесшісі болып, жорықтарға бірге аттанды, ру тайпаларға басшылық етті, сұрапыл қанды майдан көріністерін жырға қосты, ерлікті мадақтады, шейіт болған батырларды жоқтап, ел қайғысын бөлісті.
Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі халықтың береке бірлігін, Отанға адалдығын сақтау, намысты қолдан бермеу, өз Отанын жаудан аянбай қорғау – ат жалын тартып мінуге жарайтын қазақ баласының қасиетті борышы екендігін Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал ақынның өлең-жырларынан көре аламыз.
Бұқар жырау:
Ер жігітке жарасар
Қолына алған найзасы,
Би жігітке жарасар
Халқына тиген пайдасы – деген екен.
Ал Ақтамберді жырау болса:
Жауға шықтым ту байлап,
Шепті бұздым айғайлап.
Дұшпаннан көрген қорлыққа,
Жалынды жүрек қан қайнап
Ел-жұртыңды қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап – деген жыр жолдарымен халықты батырлыққа, батылдыққа шақырған.
Қазақтың айбынды ақындарының бірі Махамбет Өтемісұлы қазақ шаруаларын бостандық үшін күреске шақырып, қара халықты бақытқа жеткізуді армандап өткен. Ол өзінің үзеңгілес серігі Исатай мен халықтың ерлігін, олардың адамгершілік қасиеттерін жыр етті.
Өз халқына, ұлтына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев шығармаларынан да көруге болады.
ХХІ ғасырдың жан – жақты білімді азаматтарын дайындап шығу бүгінгі күнгі білім саласының маңызды саласының бірі. Қазақ тілін оқыту процесінде бұл мәселеге ерекше назар аударылуда. Дегенмен де көздеген мақсатқа жету жолында бір ғана тілдің лексикалық, морфологиялық және синтаксистик талаптарын орындарын жеткіліксіз себебі тілді үйреніп оны жетілдіру барысында ұлттық мәдени компонентердің де ұлкен рол атқаратынын жоққа шығара алмаймыз. Яғни ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық құндылықтарды білім мазмүнына сай енгізу, Қазақстанда саяси - әлеуметтік өмірдегі жетістіктерге жетелейтіні анық.
Достарыңызбен бөлісу: |