Жинақтың мақсаты – осындай мазмұндағы бұрынғы шығармаларымның біразын бір араға топтау еді.
Өткен уақыттағы жазушылық жолым қандай сатымен, қай кезеңдерді басып өтті, оны бүгінде өзім де қостамайтын, ақтамайтын болсам да, шашылып, ұмытылып қалмай, сол кездегі өз тұлғаңды жұртшылықтың анық тани отыруы үшін болса да, бір топтап жарыққа салу теріс болмай ма деймін.
Ескілік көлеңкесінен әр түрлі уақиға, әр түрлі адамды суреттеумен қатар, сол кезде жазушының өз басы да, өз ой-санасы да сол тұсаудан, сол ескілік ығынан ұзап кетпегендігі, айналып-үйіріліп, шырмала, кейде сүйсініп тәуір көріп, соның кілемінің түсін суреттеумен қатар, мінеймін деген кезінде де бата шабуыл жасай алмай, тайқып соққан жерлері де жоқ емес. Бұл жайлар менің кейінгі уақытта мойынға алған мінім, қаталығым болатын. Сондықтан өз ескілігімді бүгінгі жұртшылық, бүгінгі жас буынға ұсынғанда, көбінесе сол бұрынғы қалпынан өзгертпей, өзінің сол күнгі тұлғасымен көрсетуді тарихи дұрыстыққа тән болар деп білдім. Бұл жинақта, бұрын жазылған әңгімелердің әңгімелік желісі, адам пішіндері өзгертілген жоқ. Жаңалық болса, көбінесе, әңгімелердің сыртқы күйі – сөз кестесі сияқтыларға кіргізген редакторлык жаңалық қана. Оным: өткен уақыттағы істерімнің сынын жасырмайын, енді кеп жауып-жасқамайын дегендік.
Бұрынғы дәуірдің көрініс-қалпын зерттеумен қатар менің де бұрынғы қалпымды білгісі келген жас болса, ол кездегі шығармаларым бір арадан, осылай топтау пішінінде табылатын болсын дедім.
Достарыңызбен бөлісу: |