«Құлдыққа құлдық ұрған ұлт – қасiреттi ұлт. Ол халық құл болу үшiн жаратылған», – дейдi.
Ал қазақ ұлты – құл болу үшiн жаратылмаған. Еркiн ел, еңселi ер, «ел қамын ойлаған Едiгелердi» тудырған ордалы мемлекет. Оны тәуелдi етсе – тәңiр еттi, тарих солай ұйғарды, тағдыр көндiрдi. Бiрақ та азаттық рухы өлуге тиiстi емес болатын. Сонда, еркiн елге құлдық психологиясын сiңiрген кiмдер? Отаршыл тарихи көзқарас пен тағдырдың түйгiштегенi аздай, ендi «өмiрiн өзгенiң қолынан ала алмай» жүрген ұлтқа тарихтың қаралы шапанын жапты. Оның санасын өшiрдi.
«Мәселе мынада: бiз өзiмiздiң тарихымызға ешқашанда философиялық қөзқарас тұрғысынан қарағымыз жоқ. Ұлтымыздың өмiр сүрген кезiңдегi бiрде-бiр ұлы оқиғаға өз мәнiнде мiнездеме берiлмедi, тарихымыздың ұлы дәуiрiнiң бiрде-бiр кезеңi байсалдылықпен бағаланбады: мiне осыдан барып, бiздiң бүгiнгi ұлтжанды ақыл иелерiнiң қиялын тұмандатқан неше түрлi аңыз елестер, лек-легiмен лықсыған асанқайғышылдық, орындалмайтын болашақ туралы армандар туды». Ағылшын, француз, испан, португалия, америка, қытай, немiс, орыс жұрты дүниенi бөлiске салды. Қай халықтың маңдайына өзiнiң тегiне жат қандай сор бiтсе, ол – сол өзiн отарлаған елден жабысты. Жаhаннамдар өзара олжаға ырылдасса да, тарихты жазуға келгенде дiттегендерi бiр жерден шықты. Олар нәсiлдiк үстемдiктi қалады. Ақыры ғылымда еуропалық көзқарас заң ретiнде орнықты. Ал оны қалыптастырғандардың пиғылы аяр едi. Мұны орыстың тұңғыш ұлттық философы Петр Яковлевич Чаадаев сол кезде-ақ әшкереледi. Жалған тарихи көзқарасты сiңiрушiлер туралы ол :
«Осыдан елу жыл бұрын немiс оқымыстылары бiздiң тарихи жылнамаларымызды ашып бердi: содан кейiн Карамзин мұқым оқиғаның барысы мен бiздiң патшамыздың жеңiстерiн сыңғырлаған теңеулер арқылы баяндап шықты: ал қазiр орта қол жазушылар, ебедейсiз дәрiптеушiлер және бiрнеше дүмбiлез ақындар – бойында немiс ғұламасына тән ғылыми парасатының, тағылымды тарихшыға тән әдiлеттi жазатын қаламының жоқтығына қарамастан, бiздiң ешқайымыз сүймейтiн кезеңдер мен керiтартпа қылықтарды әшекейлеп тiрiлтпек болады. Бiздiң ұлттық тарихымыздың қорытынды жетiстiгiнiң сиқы осындай. Мойындау керек, осының өзiнен-ақ бiздi күтiп тұрған тағдырдың талқысы туралы түйiн түюге болады. Ендiгi кiлтипаның бәрi сонда: өйткенi дәл осылардың пiкiрi бойынша бiз бүгiн тарихымыздың тұжырымын қалыптастыруға мәжбүрмiз», –деп күйiне жазады.
Естерiңiзде болсын, Чаадаев көшпелi, оларша айтқанда, бұратана жұрттың емес, Ресейдi тарихын жазушыларды айтып отыр.
Өкiнiшке орай, әлгi ғалымдардың барлығы таза орыс емес едi. Бiрақ, солардан кейiнгi тарихшылар сол қалыптастырған тарихи көзқарастан шыға алмады, солардың шырмауында қалды. Ал ол тарихшылар – «патшаның жеңiстерiн» жазу арқылы князьдық, дворяндық лауазымдар алуды, не жерге ие болып қалудан дәме етiп, сый-сияпат күткен қарапайым ғана дәбiрлер едi. Неру: «Менiң елiмнiң тарихы ағылшындардың көзiмен жазылды» – деп нақтылап жазса, оның iшiнде қазақ ұлтының тарихы орыстың емес, орысқа сiңген кiрмелердiң көзiмен жазылды. Әрине, мұның барлығы Ресей империясының мүддесi тұрғысынан баяндалды. Ал асыранды баланың кекшiл келетiнi белгiлi. Ол өзiнiң өмiрiн өкiл әке-шешесiнiң көңiлiн табуға жұмсайды. Қалайда жағынып бағады. Бұл жолда ештеңеден тайсалмайды.
Қазақтың тағдырындағы ең үлкен сордың бiрi осы. Тарихшыдан, таза қанды тарихшыдан жолы болмай-ақ қойды. Тарихтың тәлкегiнiң бiрi сол емес пе, тағдырды желкелеп әкелдi де, өзiнiң қызметшiсi еттi.
Көне «Русь пен Ұлы даланың» арасындағы хандық қақтығыстар мен қандық некелесудiң нәтижесiнде (Қанат Қабдырахманов ХХ ғасырдың жетпiсiншi жылдарында ғана жаңадан пайда болды деп отырған) шаталардың – гибридтердiң арғы «ата-бабалары» дүниеге келдi. Олардың тобы әр ғасыр сайын толқын-толқын боп толығып отырды. Келе-келе сол заманның «докторлары» шықты олар, әуелде «мүләйiмсiп, мұңлы күй кешкенiмен», кейiн самодержавиенiң қайың безiнен кептiрiлген шоқпарына, тұқыл тоқпағына айналды. Патшаның iшкi-сыртқы саясатын анықтады, бұған немiс пен голландықтарды, шведтердi, шотландтарды, италяндықтарды, тағы да толып жатқан ұлттан келiп сiңген кiрмелердi қосыңыз. Петрдiң реформатрлығының ұйытқысы да солар. Ел басқару жүйесi мен ғылымы немiстердiң, әскери құрылымдар скандинавиялықтардың, сәулет өнерi италяндықтардың ықпалына көшты. Чаадаев айтқан «немiс оқымыстыларының» қатарына бiр бүйiрден кеп Ұлы Даладан сiңген тұқымдар араласты. Олар, әрине, бетiн шығысқа қаратты. Ата жұртына ала көздене қарап, өзiнiң ата жұртының тағдырын тарихи көзқарастың талқысына салды. «Сом тұлғаланып, мойыны жуандаған» сiңбелер:
«Мен өзiмiздiң тарихи тегiмiзге орлана, кекесiнмен қарайтындарды көргенде жүрегiм қан жылайды: бiзден ешқайсымыз, тiптi сол тектен шыққандардың өзi оны (тарихи ата тегiн – Т. Ж.) құрметтейдi... Бiз үшiн ата баба рухы өлген. Қандай сорлы халықпыз!», – деп Пушкин айтқандай бұқпантайға көштi.
Бұқпантайлап жүрiп патшаның сарайына кiрiп, жылнамасын ақтарып, өзгенiң кiрiн жуды. Тарих үшiн ең қауiптi адам – тарихты өз мүддесiне бейiмдей баяндаған тарихшы, әлгi, Чаадаев көрсеткен «орта қол жазушылар, ескiнi ебедейсiз дәрiптеушiлер, дүмбiлез ақындар». Олар Ресейдiң таным тарихына құт та әкелдi, жұт та әкелдi. Ақыры зиялы қауым батысшылар мен славяншылар деген екi жiкке бөлiндi. Ол ХХ ғасырдың соңында тiптi бiтiспейтiн тарихи көзқарасқа айналды. Ал соңғы топқа жол салып бергендердiң басында тұрғандардың денi – Ұлы Даладан ауып барған не сiңген кiрмелер едi. Соның iшiнде, «Игорь жасағы туралы жырды» қолдан жазып шықты деп жүрген Мусин – Пушкиндi, Карамырзаның тұқымы – Карамзиндi, «Алтын орданың шоқынған» төресi, кейiн Аш-тархан – Астраханның губернаторы болған Татищевтi даралап айтсақ та жеткiлiктi. Орыс тарихы бұларсыз жазылмайды, жазу да мүмкi емес. Өйткенi олардың пiкiрлерi мен жылнамалары түпнұсқа ретiнде заңды түрде мойындалған. Қасиеттi жазбаның құқығымен пара-пар. Үш төрт ғасыр бойы әбден қырланып, сырланып, толықтырып, тереңдетiлiп, кемелiне келген тарихи көзқарас болып табылады.
Бiз, тегiнде түркiнiң қаны бар тұқымдардың Ресей тарихын жазып бергенiне масаттанамыз, бiрақ олардың өзiнiң «тарихи тегiне қорлана кекесiнмен қарағанына... Оны құрметтемегенiне... ата-баба рухының өлгенiне», ең бастысы, қиянат жасағанына қиналамыз.
Мусин-Пушкиннiң де, Карамзиннiң де еңбектерiне Ұлы Далаға деген қастандық рухы жоқ едi. Ал, Татишевтiң «тағы», «қарақшы», «бұратана», «қанiшер», «қарғыс атқандар», «басурмандар» деген сөздерiне намыстанбай-ақ қояйық. Бұл сөздер қазақ дегеннiң баламасы сияқты боп кеттi ғой. Ол – мәдениеттiлiктiң белгiсi, кiмнiң аузына қандай сөз түссе, ол соның өзiнiң ұсқынының бейнесi емес пе? Әрине, жеке адам емес, мемлекеттiк тарихи көзқарас тұрғысынын бағалағанда, қорлық-ақ. Бiрақ сол сөздi тарихи жазбаға падишаhтың өз қолымен жазып қоспағаны тағы да анық. Сондай-ақ:
«Татищевтiң қолы тиген жылнамалар ойдан шығарылған “мәлметтермен” толықтырылғаны соншалықты, соңынан жылнаманы Татищевтiк тұжырыммен салыстырған таихшылар көпе-көрнеу қиянаттарды көре тұрса да (соны қостап – Т. Ж.) керi сөйлеп жатты: өзi пайдаланып болған соң «жойылып кеткен» анағұрлым нақтырақ жылнамалар тiзiмi Татищевке мәлiм болған екен деп хауесет таратты. Осылайша Татищев «беймәлiм» деректердiң көзiн әрпiне дейiн өзгертпей қағазға түсiрген көшiрушi болып шыға келгенi де» шындық. Осы шындықты отыз жасында әшкерелеген Олжасқа бүкiл империя тарихшыларының қарақұрттай қаптап, жабыла шаққанын түсiнуге болады. Егер Татищевтiң жалғандығы шығып қалса, онда империя тарихының iрге тасы құламай ма, сөйтiп төрт ғасыр бойы жалған бояумен боялып, асқан ептiлiкпен және «мәңгiлiк қаланатындай» етiп реставрацияланған тарихтың бетi ашылып қалмай ма? Мұндай ғадет тәуелсiздiк алған соң қазақ тарихшыларының да арасынан нышан таныта бастады. «Сынықтан басқаның бәрi жұғады» деген. Сондай-ақ, «орта қол жазушылар мен дүмбiлез ақындар да, ебедейсiз ескiшiлер де» шығып жатыр. Соның бiрi, мүмкiн, бiз болармыз. Бұл да тағдыр шығар. Бiрақ бiз тағдырды тарихқа телiмеймiз, телiнген тарихи көзқарастан таза тағдырды тазалауға тырысымыз. Сондай «тазалануға» тиiстi жазбаның бiрi – Татишевтiкi. Олжас Сүлейменов барынша қаспағын қырып бергендiктен де бiз оған тоқталмаймыз. Тек, осынау тағдыр айдап патшаның дәбiрi болған Тәтiштiң тұқымының «тырысқақтығының» нәтижесiнде тексiз халық болып шыға келгенiмiз күйiндiредi. Ол бүкiл көшпелi жұртты әу бастан Русьтiң қас дұшпаны ретiнде көрсетiп қана қоймай, соны тарихи көзқарас ретiнде мықтап орнықтырып кеттi. Қанат Қабдырахманов бүгiн көргендей боп отырған «гибиридтiң» өз ұлтына көрсеткен «сый» осы.
Әрине, самодержавиенiң «кең етек, тар қолтығына кiрген» (Кенесарының сөзi) кiрмелердiң бәрiн олай жазғыруға болмайды. Олардың арасында исi азаматтық ақыл ойға, мәдениетке, ғылымға, әскери өнерге өшпес iз қалдырғандар да жеткiлiктi. Баскаков пен Гумилевтiң тiзiмiне бас ұрмай-ақ қояйық. Тек: Ресейдiң патшаларының арғы тұқымдарында қыпшақтар мен құба қыпшақтардың қандарының барлығы, «Алтын ордадан» аманатқа кеп, патша сарайынан қайтпай қалған Шағатайдың тұқымы – Чаадаевтi, Аслан-Селебидiң тұқымы – Достоевскийдi, Қарамырзаның тұқымы Карамзиндi, Орыс ханының тұқымдары – Урусовтарды, соңғы хан Ахметтiң үрiмi – Ахматова мен баласы Лев Гумилевтi, Казанның соңғы ханы Жәдiгермен бiрге шоқынғандарды – Менделеевті, Бекетовті, Шербатовты, Түргеневті, Куприн – Құлыншақовты, Ақсақовты, Темiрниязов – Тимерязовты, патшаның тағын шайқалтқан Мұқанов пен Қаракөзовтердi тiлге тиек етсек те жеткiлiктi.
Мiне, бұларды тағдыр талқыға түсiрдi. Осылардың iшiнен түркi жұртының тағдырына өшпендiлiкпен қараған Достаевский мен орыстың ойлау жүйесiн ХХ ғасырдың дәрежесiне көтерген, ХIХ ғасырдың ең данышпан, ең жұмбақ, патшаның уәзiрi болудан жиырма жасында бас тартқан Шағатайдың тұқымы – Петр Яковлевич Чаадаевтi тағдыр мен тарихи көзқарас туралы пiкiр талқысына араластыруға болады. Бiр басының қайшылығы бүкiл шығармаларындағы қайшылықтардан да асып түскен Аслан-Селебидiң (Челебидiң, түбiрi – Селе, Сәлi, Селебе би болуыда да мүмкiн) тұқиянын қозғамай-ақ қоямыз. Ал Шағатайдың, демек Шыңғыс ханның ұрпағының пiкiрлерiн ойымызды дамытудың қыл арқаннан есiлген желiсi етiп аламыз.
Оның бiр тосын себебi де бар және Чаадаев тағдыр мен тарихи көзқарас туралы пiкiрге тұлға боларлықтай тумысты, тектi тағдырдың иесi.
Ол өз тағдырын өз қолымен жасады, тарихи-философиялық көзқарасын ешкiмге бұрмалатпады, тiптi, Пушкиннiң өзiне де еркiнсуге ерiк бермедi. Грибоедовтiң «Ақылдың азабындағы» Чацкийдiң бейнесi ретiнде көрiнген қайсар тұлға Николай І мен Бенкендорфтың да ығына жүрмедi, қырын келдi. Патшаның отарлау саясаты мен басыбайлы жалған тарихи көзқарасты қалыптастыруын сынап Николайдың өзiне хат жазудан тайсалмады. Ол хатты Бенкендорф тықпалап, монархтан жасырып әлекке түстi. Бүкiл Ресейдiң бекзадалары онымен бетпе-бет келуден сескендi. Өйткенi Чаадаев Россияны және орыс ұлтын жан-тәнiмен сүйетiн, сондықтан да отанының жалған тарихпен, бiр адамның ғана еркiмен өмiр сүруiн қалаған жоқ. «Россия мәселесi», «орыс идеясы» деген ұғымды алғаш ғылыми бағыт ретiнде қалыптастырған да, Ресейдiң кешегiсi мен бүгiнгiсiн, ертеңiн ашық талқыға салған да, тұңғыш ұлттық философияның негiзiн қалаған да, ақыры патшаға да бас имей, басындырмай өмiр сүрген де Шыңғыс хан мен Шағатайдың тұқымы, нағыз отаншыл орыс Чаадаев болатын. Ол: