«Мен өз отанымның басына әңгiр таяқ ойнатуға да дайынмын, оны түңiлдiруге де дайынмын, тiптi қорлауға да дайынмын, тек оны алдай көрмесем екен деп жанталасамын»
«Мен өз отанымның басына әңгiр таяқ ойнатуға да дайынмын, оны түңiлдiруге де дайынмын, тiптi қорлауға да дайынмын, тек оны алдай көрмесем екен деп жанталасамын», – деп сүйiп тұрып күйiнген, күйiнiп тұрып сүйген ұлтжанды азаматтың қорлануы, қорғануы, қораздануы, шабыты мен шамырқануы жатыр.
Үш тұлға да сол сертпен өмiр сүрген. Тарихи көзқарастан гөрi тағдырын жоғары қойған. Үш данышпан да тәуелдiлiктiң барлық түрiнен рухани тәуелдiлiктi – қауiптi басыбайлылықтың, санадағы құлдықтың, мәңгүрттiктiң ұябұзар кесiрi ретiнде тiксiне бағалаған және соны жаны түршiге отырып сезiнген. Ұрпақ психологиясының бұзылуы, олардың жанжүйеснiң тәуелдiлiкке бейiмделуі, тәуелдi ойлау жүйесi қатты алаңдатқан. Олар, телiнген тарихи көзқарасты сiңiретiн «сүмелек» психологияның қалыптасатынынан шошынған. Абайдың «қорқамын кейiнгi жас балалардан» деуiнiң де астарында сол қыжыл жатпаса не қылсын. Тағдыр мен тарихи көзқарастың арасына "жалғанған жалғандықтың жiбiн» (Абай) аңғарған. Өкiнiшке орай, бұл – күдiкке емес, күбiрткiге айналды. Әйтпесе, елiнiң де, тегiнiң де, өзiнiң де тағдырын тарихи көзқарасқа айырбастап, құлдық психологияның шылауына оранып, өзiнiң тексiздiгiне соншама мастана сүйiнген:
«Ағзалық тұрғыдан алғанда барлық адам бiр-бiрiмен тектес. Мен жазып отырған пенденiң – субьектiң айырмашылығы, олардың аяғы сәл қысқалау, мойны мортықтау. Тән тәбетi тұрғысынан алғанда барлық елдер мен халықтардан пәлендей ерекшелiгi жоқ. Бiрақ менiң жазып отырғаным, саңырауқұлақ сияқты тағамды асқазаны қорыта алмайтындар. Алайда тек жағынан алғанда мүлдем басқа адамдар – олар осы уақытқа дейiн өмiр сүрмеген адамзаттың жаңа тұқымы. Еуропа жұртының көпшiлiгi қайтадан түлеп, ағартушылықпен, төңкерiспен аласапыран болып жатқан өткен заманда, бiздiң бабаларымыз домбырасын тыңқылдатып, өсек соғумен болды. Ғылымды былай қойғанда, олар жай ғана қарапайым дүниенiң тетiгiн таппады. Адамзаттың ең алғашқы өнертабысы – дөңгелектiң бар екенiн бiле тұра, олар сол дөңгелектi де дұрыс пайдалана алмады. Өйткенi баратын жерi де жоқ және жолға шығудың да қажетi болмады... Қазақтардың цивилизацияға араласуы кейбiр жерде 50-жылдары, ал артта қалған аймақтарда 60-жылдары басталды да, есiнен танғанша жанықты. Бұл науқан тек 70-жылдардың ортасында, қазақтар қалаға қоныстанып, орыстардың кең қолтығына (бескрайней русской стихии) емiн-еркiн кiрiп кетуге рухани тұрғыдан дайын болған кезде ғана белсендi сыпат алды. Орыстың бiлiмiне, орыстың кiтаптры мен орыстың өмiр сүру салтына қанағаттанбаған қазақтың жiгiттерi мен қыздары асқан құмарлықпен орыстарға ғашық болды, сөйтiп, олар жан-тәнiмен бiрге цивилизациға сiңiп кетуге тырысты. Дәл сол жылдары нәсiл аралық некенiң саны адам айтқысыз көп болды... Менiң кейiпкерлерiм сол жылдары осынау бiр таңғажайып әлемге, ақылы бар адамдар көрiп-бiлмеген әлемге, (удивительные края) топ-топ болып жаппай ағыла бастады... Орыстанып үлгергендер (әлгiлердiң балалары – Т.Ж.) ғылым докторы атанды, сөйтiп қартайып да келедi. Ал цвилизацияға кейiнiрек iлiнгендер баласын өсiрiп жатыр... Ол балалар бiр ауыздан: қазақтың тегi (казахское начало) орыстың тегiне қарағанда шалымына келмейдi!, – деп зар қағады. Жаңа тектi қазақтар өзiнiң ана тiлiн орыс тiлi деп есептейдi, ал өзiнiң халқының өткенi туралы ештеңе бiлмейдi және бiлгiсi де келмейдi», – деген жолдар жазылмас едi.
Дәл осындай тексiз дүмбiлездердiң шығатынын Неру де, Әуезов те, тiптi Абылай мен Кенесары да болжаған. Әрине Қанат Қабдырахманов деген үрiмiнiң оларды үлгi тұтарын бiлген жоқ.
Ұрпақтың психологиясындағы тексiздiк – тексiз ұлттық топтың пайда болуына әкеп соқты. ХХ ғасырдың аяғында қазақ ұлтының үлкен құрамдас бөлiгi ретiнде шоғырланып шыққан бұл тобыр қазiр мемлекет басына келдi, ұлттық экономиканы қолына алды, тек ұлттық идеология ғана олар үшiн жұмбақ әрi олардың өздерiне қатты қауiп төндірiп тұр. Мұндай дәрежеге жеткен ұлттың да, ұрпақтың да тағдыры аянышты.
Талқыға түскен тағдырды тәлкекке салған – тарихи көзқарас. Ол ұлттың тағдырын шешiп бердi. Арысы – үш ғасыр, берiсi – жарты ғасыр бойы белсендi түрде жүргiзiлген, үгiт- насхат ақырында тұқыртып тынды.
Бұл саясатты бiздiң жыл қайыруымыздан 4 ғасыр бұрын қытай богдыхандары өте әккiлiкпен пайдаланып, соңында аралас неке арқылы көшпелiлер мен үйсiн мемлекетiнiң тұқымын тұздай ерітiп жiбердi. Түркi қағанатының да түбiне жеткен де сол бикештер мен битектiлер. Тексiздiктi тексiз тұқымға олардың тағдыры сиға тартты. «Орталық Азиядағы адам: жаңа нәсiл ме, әлде өлексе шата ма?» – атты мақаланы («Наука Казахстана» 1994, № 17-18) Қанат Қабдырахманов қандай көзқараспен жазды, мәселе онда емес, мәселе – соның шындығында. Бұл «арылуында» ішіндегі барлық шемен мен қоясын сыртқа шығарғаны үшін де біз оған рахмет айтуға тиіспіз. Өйткені, оңашада болмаса, топ алдында айтылмайтын ұлттың ішін жайлаған дертті жайып салып, пікір дәрежесіне көтеріп, ой салғаны да жігіттік.
Қазақ ұлтын мұндай мүсәпiр күйге түсiрiп, күйiндi еткен – әлемдiк тарихи қөзқарас. Уланған ұрпаққа өзге өрiс қалмады. Тағдырдың тезiне көндi: