«Орысқа бағыну, елдiң алдына ұсынған сыбағалы табақтай болып, ерiксiз бой ұсындыруға айналды» (М. Әуезов).
Мұндай көнбiстiкке, бодандықтың «қайыс ноқтасына» екi ұлттың бiрдей басын сұғынуға мәжбүр еткен не? Себебi: елдiктiң тұтастық сезiмi көмескi тартты. Ұлттық намыс – рулық мүддеге айналды. Ортақ және белсендi тұлғалардың ықпалы жойылды.
Оны жойған, бiрiншi, отарлаушы империяның саясаты. Алауыздықты сеуiп, iштен ыдырату – Кенесарының қозғалысынан екi-үш ғасыр бұрын, қазақ хандығының тұсында басталған қаскүнем әрекет болатын. Ресей империясының әккiленiп алғаны, түркi жұртының осал тұсын тауып, оны ептiлiкпен жүзеге асыра бiлгенi сондай, кез-келген руды, кез -келген тұлғаны емеурiнмен -ақ икемдеп отырды. Патшаның арандатушылары алатауға Кенесарыдан бұрын жетiп, ұлы жүздiң төрелерi мен қырғыздың манаптарын арбап, алдын-ала Кенесарыға өшiктiрiп қойды. Әр кiм өз мүддесiн, бас пайдасын күйттедi де ақыры еркiн ұлт деген атынан айрылып, бодан ел болып шыға келдi. Екiншi: отарлаушы саясат ең бiрiншi «ел қамын ойлайтын Едiгелердi» құртты, оның орнына ру мен ұлыстың батыры мен биiн қолпаштады. Сөйтiп, Мұхтар Әуезов дәл басып айтқанындай, Қобыланды, Манас, Алпамыс сияқты «ұлы батырлардың» елдiк, ұлттық бiрлiкке шақырған ерлiктерi мен iс-қимылдары «ескi әңгiме» сияқты елеске айналды да:
«...Кiшi батырлар заманында бұрынғы ұсақ рулар ескi бiрлiктi бiржолата ұмытқандай кез болды. Бiрiне бiрi жат болды. Сондықтан бұл кездiң батыры (биi де – Т. Ж.) да бұрынғы пiшiннен айырылғандай болды. Батырлық бұрынғы дәрежеден төмен түскендей, батыр (би – Т. Ж.) бұрынғыша түгел ел емес, не бiр таптың, не бiр кәсiптiң (мүдденiң – Т. Ж.) батыры (биi – Т. Ж.) сияқты едi. Осы бетiмен батыр (би) аты сиреп, батыр (би) пiшiнi ел қиялында жүдей бердi. Бұл замандардың батыры (биi) бұрынғысынша елдiң тұтас елдiгiн бiлдiретiн, не болмаса елдiң ескi өмiрiн, үмiт, қиял, тiлегiн түгел бiлдiретiн батыр (би)», – болмай қалды.
Яғни, ұлттың, тұлғаның тағдыры талқандалды. Елдiк көзқарас өшiп, басыбайлы психология жанды баурай бастады. Еркiн рух өлдi. «Единица кеткен соң, не болады өңшең ноль», – деп Абай жарықтық айтқандай, тарихи тағдырдан бұрын – терiс тарихи көзқарас қалыптасып үлгердi. Отаршыл пиғылдың арам шөбi азаттықтың астығынан бұрын себiлiп, рухани азықты өсiрмедi. Абай айтқандай:
Ермен шықты ит қылып,
Бидай шашқан егiнге.
Тектеп келгенде:
«Қоғамды алға жылжуға – шындық пен жалғанның арасында жалтаңдап жүргендер емес, олар қыл көпiрдiң үстiнде билеп жүрген жандар, керiсiнше, дiлi қатал (принциптi) адамдар мәжбүр етедi» (Чаадаев). Тағдырын да, тарихын да талқыға салған Кенесарыға: