Себебi:
Қазақ ұлтының ұйытқысы – әлеуметтiк теңдiкке құрылған, ұлттық мәйегi «тең атаның ұлы» ретiнде ұйыған, тектiк басыбайлылық жоқ, болған да емес:
өзiн-өзi дербес ұлт ретiнде сезiне бiлдi, қалыптасқан тарихи сана мен дербестiк жолындағы күрестiң тарихи тәжiрибесi бар, тарихи тамыр мен негiзiн және жалпы адамзат тарихына қатысты тұстарын есте ұстаған:
өзiнiң жағырафиялық, шекаралық, мүдделiк көзқарасына орай саяси және экономикалық, рухани ықпалы барын сезiнедi. өзiн-өзi қалыптасқан тарихи ұлтпыз деп есептейдi және тәуелсiз мемлекет.
Қазақ елі бұл тәуелсiздiктi үшiншi рет алып отыр. Демек, азат ұлт атану үшiн бар уақытта күресiп келген. Демек, кемелiне келген ұлтпыз деуге толық қақымыз бар...
Иә, қақымыз бар, бiрақ кемелденiп болдық па? Мiне, мәселе осында.
Азаматтық Мойынсынбау мен Азаматтық Ұлттық Тұтастық деген қасиеттi ұғымды былай қойғанда, кәдiмгi ұлттық мақтаныш (гордость) пен ұлттық намыс (достойнство) қалыптасты ма? Сiз де, мен де, ол да, ойланбастан, иә, ойланбастан намыстанғансып жауап беремiз. Менiң ойымша, дәл осы намысымыз – жалған намыс. Айтпақшы, сiздiң, менiң, оның намысын бiрдей қоздыратын қандай ортақ көзқарасымыз бар? Ұлттың тәуелсiздiгi туралы ой ма?
Бұл, бiрiншiден сан ғасыр бойы санаға сiңген, ата бабамыздың аманаты. Өсиет, демек, идея солардiкi. Екiншi, тәуелсiздiк – ұлттың дербес дамуының тарихи құрылымдық даму жолы ғана. Ол – жүздеген ұлт пен ұлыстың ие боп отырған жетiстiгi. Ол бiздiң тарихи сыбағамыз.
Егер де, Азаматтық Мойынсынбау мен Ұлттық тұтастыққа жетiп, ұлттық мақтанышымыз бен намысымыз қалыптасып болса, онда неге үш рет тәуелсiз отан, еркiн ел, еңселi ер деген құқықтан айырылып қалдық? Жоңғар шапқыншылығы тұсында сондай қасиетке жете қабыл ұлттық өрлеудi бастан кештiк. Ал үш ғасыр бойы бодан империяға қарсы қазақтың бiрiккен қолы қашан және қай жылы, қай майданда шайқасып, тәуелсiздiктi қорғады? Туымыз қай төбеде жығылды, ел иесi – ханымыздың тiзесi қай жерде бүгiлдi?
Бiздi шапқан, бiздi тәуелдi еткен кiм? Патшаның қай қолбасшысы? Ұлттық тәуелсiздiгi туралы кiмге және кiммен мәмiлеге келiппiз? Отанды отарлауға және отарлануға мәжбүр еткен қандай сыртқы күш. Антты: одақтас болу үшiн бе, бодан үшін бе, жоқ, отар ел болу үшін бе, қайсысы үшiн бердiк? Оның заңдық құқығы қандай? Егер ел болып берген ант болса, оның бiр шарттары болмай ма? Бiр мемлекет екiншi мемлекетке тiзе бүккенде, шабындыға түскенде, бодандық бағыныштылыққа өткенде патша мен патшаның, хан мен ханның, елшi мен елшiнiң арасында уағдаластық, заңдық негiз болмай ма?
Ондай тарихи құжат қайда?
Балтық жағалауының елдерi Риббентроп пен Молотовтың жасырын келiсiмiн әшкерелеп, Азаматтық Мойынсынбауы арқылы тәуелсiздiгiн қайтарып алды. Олар ешқашанда Ресейдi отандасым – одақтасым деп есептемедi. Сондықтан да Ресейге тәуелдi болдық деп мойынсынған жоқ, керiсiнше: екiншi дүние жүзiлiк соғыста шапқынға түскен, күшпен жаулап алынған елмiз, отанымыз жау қолында (оккупацияда) қалып отыр деп ашық айтты. Мiне, Азаматтық Мойынсынбау, мiне, ұлттық намыс (достойнство). Демек, олар өздерiн саяси тұрғыдан да, рухани тұрғыдан да азат елмiз деп санап, дербес рухани күрес жүргiздi, дербес тарихи көзқарас қалыптастырды. Өзiн-өзi сыйлата бiлдi. Сөйтiп, ұлт ретiнде тарих алдындағы мiндетiн өтедi.
Ал бiз, ендi ғана өз орнымызды жоқтап отырмыз. Мұның кесiрiн империядан көремiз. Жоқ, бiздi ұлттық мойынсынуға, ұлттық намыс пен мақтаныштың жойылуына, тарихи көзқарастың дұрыс қалыптаспауына алып келген империя емес, бiздiң өзiмiз. Империя күштеп жердiң қазынасын қазар, тасып әкетер, әкiмшiлiгiн жүргiзер, егiнiн еккiзер. Бірақ бүкіл ұлт – өзін бір ұлт ретінде сезініп, рухани ұлттық тұтастыққа жетсек – дәл қазiргiдей сенделiстi бастан кешпеген болар едiк. Дәл қазiргi күндегiдей жүйкемiз қан қақсамас едi.
Бiз өзiмiздi өзiмiз ұлт есебiнде сезiнбедiк, бодан елмiз деп қарадық. Барлық ақыл-ойымызды, тұрмыс тiршiлiгiмiздi, күн көрiсiмiздi, мақсат мүддемiздi империяға қарай өзiмiз бейiмдедiк. Иесiз кеңiстiкте қалған иесiз ұлт болып өмiр сүрдiк. Түркi жұртының әлемге жүргiзген он бес ғасырлық үстемдiгiне қазақ ұлтының да тiкелей қатысы болды. Сол үстемдiк қайда кеттi, не сабақ қалдырды, неге құлдырап құлдық дәрежеге жеттi? Оны да тарих iстедi ме? Жоқ, бiз тарихтан сабақ алмадық. Ұлттық тұтастықты, ортақ мүдденi қалыптастырмадық. Ұлттық мүддеге бойсынбаған, ұлттық нысанасы анықталмаған, ұлттық рухани тұтастығы жоқ ұлт – ұлт емес, әуелi мемлекет болып мархадам таппайды. Ондай тобырдың үкiмiн тарих сол кезде-ақ шығарып қойған. себебi:
«Мысалға алайық»: қалыптасқан қолайлы жағдайға байланысты өзiнiң ырқымен құрылмаған, жағырафиялық орналасудың нәтижесiнде орта таңдамай-ақ тұрақтап қалған бiр халық ұлан-асыр аймақты мекендеп, өзi онша тырыспаса да бiр дәуiрде құдiреттi халыққа айналып шыға келсiн делiк: әрине, бұл таңғажайып құбылыс, қалай сүйiнсең де құба-құп, алайда тарих оған қалай баға бередi? Негiзiне үңiлсең, бұл – тек қарапайым дерек қана, аса үлкен ауқымды қамтыған жағрафиялық белгi ғана, одан өзге түк те емес. Мұны тарих байқамады да, оны өзiнiң жылнамасына тiркейдi, содан кейiн бетiн жаба салады, сонымен бәрi де тәмәмдалады. Ал бұл халықтың нағыз тарихы – сол халыққа сенiп тапсырылған тарихи мiндеттi жүзеге асыратын және сол мiндеттi табандылықпен жүргiзетiн, тiптi жасырын түйсiк арқылы болса да сол тарихи мiндеттi орындап шығаратын идеяға келгенде ғана жазылады. Мiне, бар жан-тәнiмен менiң отандастарымды шақыратын шағымды кезек осы кезек, сүйкiмдi достарым мен отандастарым, мiне, осы мiндеттi сiздер мойындарыңызға алса екен деп тiлеймiн, бiлiмнiң жоғарғы сатысына көтерiлген, маған сондай жанашыр боп көрiнген отанға деген қасиеттi махаббаттың оты маздап тұрған жандар, соған ат салыңыздаршы!», – деген Чаадаевтiң Ресей туралы пiкiрi мына сiз бен бiзге қаратыла айтылғандай.
Иә, Ұлттың Тұтастығы – Идеяда. Ал қазақ қауымын дәл қазiр тұтастандырып, тұтқа боп ұстап тұрған қандай идея? Бiздiң ұлтымыздың iшкi рухани жасырын идеялық ағысы болса – бүгiн бетке шығатын кезi болды емес пе. Ол қандай? Қазiр ненi медет, ненi нысана тұтамыз? Бағыт-бағдарсыз, нысанасыз, iшкi бiрлiксiз, күн көрiстiң шылауына ерiп келер күнге ықтап беттей беремiз бе?
Ұлт та, ұлттық сана да есейдi. Ендеше, отырған үйiмiздi, қонған қонысымызды тазалап барып, көшiмiздi түзегенiмiз дұрыс болар.
Ол үшiн ең бiрiншi ұлттық тарих көзқарасымызды әдiл әрi байыпты және ұлт мүддесiне лайық қалыптастыруымыз қажет. Ұлттың санасындағы өткен күннiң таңбаларын жойып, оны ықпалдан аршуымыз керек. Ал азат ұлт ретiнде намыс пен мақтанышымызды орнына келтiрмесек, бұл мәңгiлiк бұйығылықтан арыла алмаймыз.
Соның iшiнде күбiрткi мәселе – қазақ ұлты бодандыққа өз еркiмен бас идi ме, жоқ па деген сауалдың жауабы.
Бiз, өз тарихымыздың белестi-белеңдi кездерiне барынша ақиқат, барынша әдiл әрi қатал көзқарасты қалыптастырмасақ, тура сол арадан соққан жел үнемi өкпемiзге, ұлттық санамызға шаншу боп қадалып тұрады. Тура сол бопса көзқарас ұлттық тұтастығымыздың буынын босатады, iрiтедi, iрiткi салады. Тiптi өзiмiздiң екi туып, бiр қалған атамыз болса да тарихтың үкiмiне бойсынуымыз қажет. Сонда ғана ұлттық тұтастыққа келемiз. Ал дәл қазiргi қазақ ұлтының бойындағы ең осал, нәзiк әрi қауiптi тұсы – тарихтың үкiмiн мойындамауда. Бiз өзiмiздi азат ұлт сезiну үшiн де бодандықтың пердесiн ысырып тастауымыз керек. Сол перденi ысырдық па, ысыруға тырыстық па өзi? Егер ол тұманнан айықпаса бүгiнгiмiзге де, ертеңгiмiзге де баға бере алмаймыз. Өзiмiздiң даму жолымызды өзiмiз тұйықтаймыз. Ал бұл қылмыспен пара пар. Өйткенi:
«Өзiн де, жауын да жетiк бiлгендер үнемi жеңiске жетедi: тек өзiн ғана бiлгендер – бiрде жеңiп, бiрде жеңiледi, сөйтiп итжығыс түсiп жүредi, ал өзiн де, жауын да бiлмейтiндер ешқашанда жеңiске жетпейдi», – деп Кун-зы (Конфуций) ғұлама айтқандай, ұлтымыз қайтып өзгенiң алдында тiзе бүкпеуi үшiн өзiмiздi өзiмiз жетiк бiлiп, ұлттық тұтастық идеясына келуiмiз парыз.
Дәл қазiргi таңдағы ұлттың алдындағы басты мiндет осы. Соның iшiндегi ең бастысы: қазақ мемлекетiнiң үш түрлi тамырына тарихи көзқарасты қалыптастыру.
Бiрiншi, қазiргi қазақ ұлты ежелгi көшпелi мемлекеттiң заңды тұлғасы ма, жоқ па? Скиф, сақ, ғұн, түркi құрамаларының бiзге қандай қатысы бар. Егер мемлекеттiк негiзiмiздi одан бастамайтын болсақ, онда тарихымыздың өткенiн өз қолымызбен кесiп тастаймыз. Көне ассирия, грек, рим, мемлекетiндегi ұлт пен ұлысты дәл қазiргi сол жердi қоныстанған ұлттың туған бабасы деп ешкiм де кесiп айта алмайды. Бiрақ тарихи көзқарас бұған күмән келтiрмейдi. Демек, ертедегi көшпелi жұрттың тарихи жалғасының бiрi – қазақ ұлты. Ендеше, бүгiнгi қазақ мемлекеттiгiнiң негiзiн сол дәуiрден бастап, оның iшкi-сыртқы саясатын, әлеуметтiк тамырын, ұлттық сыпатын түйiндеп тұрып тұжырымдап, қазақ мемлекеттiгiнiң көне құрылымы ретiнде сенiмдi түрде сыпаттауымыз қажет.
Екiншi, түркi қағанатынан бастап «Алтын ордаға» дейiнгi тарихи оқиғалар тiкелей қазақ жерiнде өттi. Барлық саяси орталықтың кiндiгi қазақ жерi болды. Жайылған қанатын қайыра алмай қалған тұстарын ашып айтып, қандай қағанат пен хандық құрылса да, соның ұйытқысы қазақ жұрты болды деп, оны сол мемлекеттiң негiзi ретiнде ұстану керек. Өйтпесе, бiздi жалпы түркi тарихына қосқанымен де, мұндай кеңқолтық идеяны өз қандастарымыз пайдаланып кетуi әбден мүмкiн. Өйткенi осыдан он ғасыр бұрын бөлiнiп кеткен түрiктердiң қанжығасына ежелгi тарихымызды байлап берiп отырмыз. Өзбек пен татар тарихшыларының да бүгiнгi мемлекеттiң негiзi етiп өз ұлтын алуға ұмтылуы және оны жан-жақты заңдастырып жатқаны белгiлi болып отыр. Олар қазақ даласынан бөлiнiп кеткеннен кейiнгi өз тарихын жазсын, бiрақ жер мен суы, елi орынында қалған қазақ қауымына менменсiп қарамасын, қайта ата жұрты ретiнде сыйлай бiлсiн.
Мұндай көзқарастық менменсу қандастарымыздың арасында бар. Мысалы, маған Өзбекстанның әдеби-мәдени мұражайының негiзiн қалаған тарихшының бірi: «Шыңғыс хан Керуленге қайтқанда бiздiң жазуымыз басылған тастар мен ескерткiштердi, мәдени мұраларымызды өзiмен алып кетiптi. Олар жолда шашылып қалыпты. Соны бiзге қайырудың мүмкiндiгi бола ма екен?», – дедi қымсынбай. Мен:
«Сiздiң тарихыңыз қай тарих? Шыңғыс ханның қанжығасында бөктерiлiп кеткен жартастағы таңбалар мен жазулар ма, балбал тастар ма? Әлде, Тоныкөк пен Күлтегiн жазуын Тураннан қотарып әкетiп пе? Көшпелiлерде мәдениет, жазу болмаған дейсiз бе? Сонда, сiздiң мәдениетiңiз қай мәдениет. Әлде таяу шығыстан ҮІ- IХ ғасырда ауып келген тәжiктердiң мәдениетiн «Алтын ордадан» бөлiнiп шыққан өзбектерге телiп отырсыз ба? Бұл қай басыну, өзбектi ме, қазақты ма?», – деп қарбыта сөйлеп, бiраз қазып едiм, кешiрiм сұрап орнынан тұрып кеттi.
Менiң көне тарихтан аздап хабарым барлығын, оның iшiнде, өзбек тарихшыларының арасында шығыстық және түрiктiк көзқарасты ұстанатын қарама-қарсы екi тарихи ағым барлығын, шығыстың атын жамылып отырып, өзбек тарихы мен жерiн парсының құрамдас бөлiгi ретiнде қарайтын «тураншылрдың» тұжырымдарын бiлетiнiмдi аңғарғаннан кейiн шегiнiс жасады. Бiрақ ол адам iшiнен шындықты мойындамай кеттi.
Ендеше, өз тарихымызды өзiмiз кеспей, қазақ хандығы – әлгi үлкен қағанаттың ұйытқысы және мемлекеттiгiнiң негiзiн құраған мекендегi мұрагерi, Керей мен Қасым сол тарихи мемлекеттiң мәйегiн iрiтпей, батыс пен шығыстың ықпалынан, оларға сiңiп кетуден сақтау үшiн тарихи көшпелi отанның дәстүрлi салтын ұстанып қалды деп пiкiр түюiмiз қажет. Онсыз, тексiз ұлт боламыз да шығамыз.
Үшiншi, қазақ елiнiң отарлану тарихын толықтай талдап, қалай боданға түстi, өз еркiмен бе, жоқ па, соны жария етiп, Ұлттық Азаматтық Идеяны орнықтыруымыз керек. Өйтпесе, ешқандай соғыссыз, тарихи келiсiмсiз, бопсадан қорқып ұлттық бостандығымызды Ресей патшасының қолына еркiмiзбен берген болып шығамыз. Бұл, қазақ ұлты құлдыққа өз еркiмен көндi, ежелден құл болуға бейiм ұлт едi, ұлттық тарихы жоқ қауым болатын деген емеуiрiндi растайды. Мұны, өзге емес, қандас түркi жұрттарының тарихшылары айтып жүр.
Достарыңызбен бөлісу: |