«Менi халқым сайлап хан көтердi... Сондықтан да орыстарға барып ант беруге мiндеттi емеспiн», – деуi (Ш. Уәлиханов. «Абылай») де сол шартты ұстануының нәтижесi.
Яғный, Абылай өзiн Ресейге тәуелдi елмiн деп есептемеген. Кенесарының «Николай 1 патшаға тек сауда-саттық жөнiндегi байланыс туралы кепiлдескемiз» деуiнде осындай мән жатыр.
Екiншi тарихи уәж: 1731 жылға дейiн, Әбiлқайырдың хаты жолданғанға дейiн Ресей империясында қазақ даласы туралы түпкiлiктi отарлау саясаты белгiленбеген. Мұны «қатын патшаның» – Анна Иоановнаның есiне түсiрiп отырған «құпия iстер жөнiндегi аға тiлмаш» Тевкелев. Петрдiң атын жамыла отырып, ақша мен сый-сияпат туралы айтып, әйтеуiр «бiр бет қағазға қол қойдырып ал» деген сөздi баса көрсетуi – iстеген iсiнiң жымысқылығын танытады. Өзге-өзге, Тевкелев жаугершiлiкте қалған және жан аямай күресiп жатқан қазақ елiнiң бостандық рухын жақсы бiлдi. Арандатып, алдап, аярлықпен алмаса, бодандыққа көнбейтiнiн түсiндi. Сондықтан да, Әбiлқайырмен астыртын жең ұшынан жалғасты. Қалайда тiмiскiлеп жүрiп, тамырын басып, ақыры «қайыс ноқтаны» кигiзiп тынды. Оған себеп:
«...Орыс үкiметiнiң қазақты бағындыруды мақсат қылғандығы. Осымен бiрге тағы бiр зор себеп, қазақтың өз хандарының алалығы. Өзара жаулық пен араздық, өштiк күшейтiп, бiрiн-бiрi жауламақ үшiн әр қайсысы кез-келген жұрттан көмек iздеп, қазақ елiн әр айғырдың үйiрiне сiңiруге айналғандығы. Осындай көп себептер тұтасып, ел тiршiлiгi бiр шым-шытырық мезгiлге жеткенде, орыс үкiметiнiң шеңгелi қомайғайлықпен созылып, қазақ даласын уысына кiргiзiп әкетiп бара жатты» (Мұхтар Әуезов). Демек, Мұхтар Омарханұлының дәл басып айтқанындай, қазақтың басына «ноқта кигiзген» – қазақ ұлтының өзi емес, оны «әр айғырдың үйiрiне сiңiруге ұмтылған» хандары, яғный, Әбiлқайыр. Бодандық – исi қазақтың мүддесiне сай келмейдi. Ал, Ресей үшiн протектораттыққа қол қойдыру: