«Қырғыз-қайсақ ордасы – Азияны мекендейтiн барлық елдер мен оның жерiне жол ашатын қақпа мен кiлiт», – деген сөзi де тура қазақтың «ақтабан шұбырындыға» ұшырап, «Алқакөлге сұлай» жығылған жылы айтылды.
Тарихтың талқысы мен тәлкегi қандай зауалды едi десеңшi! Ұлттың құрып-бiтуi тарихи шындыққа айнала жаздаған жылы екiншi бiр тауқыметтi үкiм айтылды. Ол – жоңғардың қылышы мен қыл құйрықты найзасы емес, отты зеңбiректiң үкiмi едi. Бұл сөздi Петрдiң өзi жарлық ретiнде қағазға жазбаған. Оны патшаның ауызына салып отырған – қазақ ұлтының сорына қарай шоқынған, қазақ ұлтын бас бостандығынан айырған Алексей Иванович Тевкелев – Құтлұғмұхамет (Мәмет) Тәуекелов деген жырық етек тiлмәш! Қазақ халқының басына «қайыс ноқтаның» қалай киiлгенiн бiлу үшiн Тевкелев мырзаның жазбасын толық келтiремiз. Өйткенi қазақтың бодан ел болуы тiмiскi Тевкелевтiң жымысқылығымен тiкелей байланысты. Ол өзiнiң Орынбор генерал-губернаторына жолдаған тыңшылық есебiнде:
«1722 жылы, қайрымды және асқан даңқты, есiңнен есiмi ұмытылмайтын Ұлы Петр императордың тұсында император ағзамның пәрменiмен пақырыңыз мына мен парсы жорығына құпия iстер жөнiндегi аға тәржiмәшi болып аттандым. Парсы жорығынан оралғаннан кейiн аса мәртебелi императорлықтың патшасы Ұлы Петр император ағзами өзiнiң: «Отаны Ресей империясының мүддесi үшiн қадым заманнан берi атағы мәлiм, бiрақ дәл сол кезде мүлдем белгiсiз болып қалған қазақ ордасын Ресейдiң бодандығына айналдыру туралы аса ықыласты пиғылының бар екендiгiн» мәлiм еттi. Мәртебелi монарх ағзамның бұл iске мен сияқты пақырыңызды пайдалану туралы құлқы болды, оны: «Егерде ол орданың бодандыққа көнбейтiнi анық бiлiнсе, қандай да болсын шығыннан аянба, тiптi, миллиондап шашсаң да еркiң, бiрақ қалай болған күнде де Ресей империясының протекциясына (протекторатына) өтетiнi жөнiнде келiскенi туралы мiндеттенген бiр бет қағазға қол қойдырып қайтуға тырыс», – деп түсiндiрдi. Өйткенi, мәртебелi императорлықтың әмiршiсi Ұлы Петр император: 1722 жылғы Парсы жорығы кезiнде және Астрахан арқылы келiп түскен көптеген мәләметтердiң мазмұнынан бұл орда туралы толық мағлұмат алғанын, қазақтар қыр (степной) жайлаған, жеңiлтек (легкомысленный) халық болса да, бұл орда Азияны мекендейтiн барлық елдер мен оның жерiне жол ашатын кiлт пен қақпа – екенiне көзi жеткенiн мағұмдады», – деп жазды.
Ұзын-ырғасы бiр-ақ сөйлемге құрылған, оқуға және түсiнуге ыңғайлы болу үшiн бiз жiкке бөлiп, арасына нүкте қойып аударған әйгiлi «сөздiң» мазмұны осындай.
Демек, Петр ағзам қазақ елiн бодан етуден дәмеленсе де оның жүзеге асатынына өзi де сенбеген. Жаулап алуға мұршасы жоқ. Бiрақ, қалайда протектораттық келiсiмдi қалайды. Ал протекторат дегенiмiз – бодандық емес.
«Протекторат немесе қамқорлық қатынастар – бастапқыда күштi және әлсiз мемлекеттердiң арасында ерекше құқықтар мен өзара мiндеттемелер белгiлейтiн шартқа негiзделген қатынастар. Оның мәнiсi – алғашқысы кейiнгiсiн қорғаса, ал кейiнгiсi алғашқысына тәуесiздiгiн сақтай отыра белгiлi қызмет көрсетедi. («Брокгауз – Ефрон энциклопедиясы», М. Құлмұхамед, аталған кiтап, 122-бет). Брокгауз-Ефронның энциклопедиясындағы бұл анықтама бойынша қазақ елi тәуелсiз ел қалпын сақтап қалуға тиiстi. Абылайдың шарттары осыған негiзделген және 1778 жылы 22 қазанда Абылайды хандыққа бекiткенi туралы Ресей патшасының куәлiгiн алып, оған ант беруден үзiлдi-кесiлдi бас тартып: