Бұл – болашағы жоқ әрекет, бүгiнгi күн үшiн де тиiмсiз. Мынау жалғанда ешкiм де мәңгi жасамайды, мүмкiн шен-шекпен алып, даңқтан дәме ететiндер табылып қалар, алайда ешкiм де қулықпен патшаның күшiн асырып, бағын көтере алмайды, өйткенi осы екеуiнде де оған Алланың өзi ғана сыйлай алады. Жоғарыдағы жасалып отырған қысымшылықтар патша ағзамның назарына жетпеген сыңайлы. Мен бұл туралы оның сенген әкiмдерiне қаншама рет мәлiмдедiм, бiрақ та ешкiмен де жауап алмадым», – деп ашық жазады. Мiне, мемлекет пен мемлекеттiң арасындағы мәміле осындай биiк дәрежеде және нақты уағдаластық бойынша жүргiзiлуi тиiс. Шарттың қай жерiн кiм бұзды, ол дер кезiнде көрсетiлiп, әуел бастағы қалпына қайта келтiрiлуi керек. Кенесары, Абылай қол қойған сол келiсiмнiң бұзылған жерлерiн бап-бабымен көрсетiп, Ақ патшаның антын оның мұрагерi бұзып отырғанын ескертедi. Мемлекеттiң iшкi бостандығына қол сұққандығы үшiн айыптайды. Егер бұл шарттар орындалмаса, онда оның өзi мемлекеттiң иесi әрi тақ мұрагерi ретiнде ашық күреске шығатынын мәлiмдейдi.
Заңды талап.
1916 жылғы көтерiлiстiң өзi де сол келiсiмнiң бұзылғандығы үшiн туды емес пе. М. Әуезовтiң «Қилы заманындағы» Жәмеңке мен Ұзақтың, Әубәкiрдiң атынан айтылатын «мүнәпiс те» осы. Олар:
«Егер Ақ патша ол шартымды бұзды десе, сертiмнен тайдым – деп қолқат берсiн. Онда басқаша сөйлесемiз. Ондай хат бермесе, бiзге көрсетiп отырғаны заңсыздық»,– деген уәж айтады.
Осынау халық даналарының санасы жеткен заңды талабына тарихшылардың зердесi жетпедi. Өйткенi, Абылайдың тұсында да, Уәлидiң тұсында да, Кенесарының кезiнде де, Жәмеңке мен Ұзақтың тұсында да Ресейдiң қазақ жерiн билеуi заңсыз едi. Азаматтық Мойынсынбауды Ұлттық Тұтастық дәрежесiне көтерiп, көркем шығарма арқылы ұран көтерген тұлға – Мұхтар Әуезов қана болды. Ал мұның заңсыз отарлану екенiн І Думада дәлелдеп, заң жүзiнде әшкерелеген Әлихан Бөкейханов болатын.
Демек, қазақ ұлты Ресейге өз еркiмен қосылған жоқ. Тек экономикалық одақтастық дәрежесiнде ғана уағдаластыққа қол қойылды. Ендеше, қазақ жерiнiң бодан болуы – заңсыз. Еркiмен қосылды деген – «өсек, оңбағандық» (Асфендияров). Ал Әбiлқайыр ханның бодандық туралы хатының ешқандай заңдық құқы жоқ. Жалған құжат. Сондықтан мойынсынуға жатпайды. Неге дейсiз ғой? Талдап көрейiк.
IІІ. «Алтын қақпаның кiлтiн» ұстатқан кiм?
Тарихқа төрелiк жүрмейдi. Өткен iс өттi. Санаңды сарқа сабылсаң да заман көшiн қаз-қалпына келтiре алмайсың. Аз дерекке жүгiнiп, көп құбылысты қамту да мүмкiн емес. Дүниенiң басы мен аяғына адам санасының көзi жеткен жоқ. Сондықтан да екi ұшына қолың жетпейтiн арқанды қолға ұстағандай боп дiлмарси ой қозғаудың да қажетi жоқ. Тарихтың қадым қатпарын қазбаламай-ақ, тұйыққа тiрейтiн жолды iздемей-ақ, қазiргiсiн қатпарлап алсақ та үлкен олжа. Оның үстiне жанға тиетiн, жаныңды жаралайтын тақырыпта нең бар?
Деп өзiңе-өзiң тоқтау салуға болады. Егер жеке басыңа қатысты болса бұған көнесiң, ондай уәжге тоқтайсың. Ал ұлтың туралы және оның тағдыры қақында, оның iшiнде ең бiр намысты тұсы жөнiнде әңгiме қозғалса ше? Онда: «Платон менiң досым, бiрақ шындық одан да қымбат» – деуге тура келедi. Өйткенi, бiздiң бүгiнгi жасалып жатқан тарихымыз – ертеңгi қоғамның кескiн-келбетi, өткен заманның кесiп пiшiлген өлшемi болып табылады. Бүгiнгi тарихты санамызға терең сiңiру үшiн де кешегi күндi жадымызда жаңғыртуға тиiспiз. Себебі, «Тарихтың мәнi мен мiндетi» туралы толғаған ғұлама Карл Ясперстiң пiкiрiнше: