«Айгерімнен туған, дәл Айгерім реңдес өте сұлу төрт-бес жасар баласы Тұрашты қолынан жетектеп»,– бара жатқан көріністің қаламұшы қатал қаламнан «қалыс» қалғаны соны танытады.
Қашанда саяси науқанды «әшкерелетіп өткізетін» Қазақстан Орталық Комитеті 1953 жылы 11 тамызда интеллигенцияның қалалық мәжілісін өткізіп, «М.Әуезовтің «Абай» романы туралы» талқылау өткізді. Бұл жолға басты баяндама Тахауи Ахтановқа тапсырылды. Талқылауға сол тұстағы «өсіп келе жатқан» партияның жас қырыпсалы» Нығмет Жанділдин де қатысып, «Казахстансакя правда» газетінің ұстанымын қызғыштай қорғап, «алдыға қойған міндетті орындай үшін» романның көркемдік жетістігін баса атағандарға ескерту жасап отырды. Өзінің кіріспесінде «Ә.Жаймурзин үш кітап туралы пікірін білдірді. Ашық жақтамағанымен де Абайдың сүйікті ұлы Әбіштің немересіне Ай атты қызға үйленіп отырған Ә.Жаймурзин М.Әуезовтің бағасын көтере сөйледі. Т.Ахтанов әуеліде бас тартқанымен, партиялық тапсырманы орындамауға амалы қалмапты. Романның көркемдігін талдай келе «Казпарвданың» мақаласының жазылғанын атап өтеді де өзі де мынадай мін тақты:
Тарихи уақыт пен көркем заңдылықты жетік білетін Т. Ахтанов та өзінің баяндамасында көркем өнердің табиғатынан тыс талаптар қойды. Негізінен К.И.К.И.Никитиннің (Т. Ахтановтың айтуынша редакциялық мақаланың авторы – Т. Ж.) "Казправдадағы" солақай пікірлерін жұмсарту мақсатын көздесе де "партиялық қатаң тапсырманы орындауға мәжбүр" етті. Ол негізінен тарихи көркем тартысты таптық .тұрғыда кұруға кенес берді және:
«Бірінші: «ең алдымен, "Абай" романының бірінші кітабында қазақ ауылындағы таптық қайшылықтардың жете көрсетілмегенін атап кету керек. Жазушы сол дәуірдегі қазақ қоғамының саяси өміріндегі таптық күрестің ара салмағын кемітіп алған. Оның есесіне ру тартысын суреттеуге көп көңіл бөлген. Қазақ кедейлерінің байларға қарсылығы әлсіз көрінеді. Кедейлердің байлардан көрген қанауы, олардың мұң-мұхтажы бірінші кітапта өзіне тиісті көркемдік дәрежеде суретелмеген. Әсіресе, бірінші кітапқа тән кемшілік, жазушы әлсіз рулардың кедейлерінің өмірін мол көрсетсе де, Құнанбай сияқты бай ауылдың кедейлерінің тұрмысына атүсті тоқталады. Бұл сияқты ірі кемшілік романның идеялық өткірлігін біраз мұқатып тұр...
Екінші: романдардың бірінші және келесі кітаптарында жазушы Абайдың адамгершілігін баса көрсетпек болып, оның ауылындағы таптық қайшылықты ұмытып етеді, сөйтіп, жеке адамның адамгершілігі, таптық теңсіздікті жояды деген утопиялық қате ұғымды үнсіз жақтайды.
Үшінші: патриархалдық-рулық қоғамның салтын суреттегенде, автор кейде орынсыз бейтараптыққа ұрынады. Бөжейдің асын суреттегенде жазушы асқа байланысты әдет-ғұрыптарды толық көрсетуге елігіп, оның таптық негізін ұмытып кетеді. Бөжейдің атын ту қып ұстаған байлардың әсіре сөздері автор елегінен өткізілмегеннен кейін, Бөжейді мадақтау болып естіледі... Бөжей асы бүкіл халықтық мейрам болды деген ұғым туғызады. Жазушы атақ-даңққа ие болып жатқан Байдалы, Сүйіндік сияқты феодалдар екенін ашып көрсетуі керек еді. Қысқасы, ол үлкен астардан рубасы байлардың жақсы атақ алып, саяси капиталға ие болатынын, ал астың ауыртпалығы жай халыққа, кедей ағайындарға түсетінін – яғни астың таптық себептерін көрсетуге тиіс еді", – деп қадап-қадап атап көрсетті.
Ал, бүкіл шығарманың ең құнарлы, бояуы қанық, көркем шырыны мен салтанаты, нағыз тарихи және қөркемдік шындыққа құрылған көшпелілердің жайлау көші мен Бөжейдің асы тамылжыта суреттелген тұсты алып таста деп кеңес беру – "Абай" романын "жазба" деген үкіммен тепе-тең еді. Бұл пікірінің орынсыздығын араға отыз бес жыл салып барып: "Расында артық кетіппін. Сен түсіндір",– деп уәж айтты. Ал Бөжеймен қоса:
"Романға Абайдың барлық ағайын туысқандарын кіргізе беруі орынсыз екенін автор түсінбеген сияқты. Абайдың Құдайберді деген ағасы бары, оны Абайдың жақсы көргендігі кімге керек, сол сияқты бала жігіт Шәкені, оның аң аулағанын суреттеудің қанша қажеті бар. Осы сияқты өмір материалдарын шығармаға керектігіне қарай дұрыс талғап алмау, авторды кейде қатеге де ұрындырған. "Абай" романының екінші кітабында екі жерде Абайдың кіші баласы Тұраштың аты аталады. Айталық, ол биографиялық деталь дәрежесінде кішкене бала кезінде-ақ көрсетілген болсын. Бірақ оның аты Абайға абырой әпере ме? Жоқ. Қайта, алашордашыл байдың атын кітапқа енгізу – автордың саяси қатесі",– деген пікірге үнсіз ғана күрсініспен жауап берді.
Суреткердің енішсіне тиесілі тарихи уақытқа, кейіпкерлер коллизиясына, көркемдік тартыс пен шешімге сыртқы күштің араласуы салдарынан жазушының бастапқы нысанасынан ауытқуына тура келді. Қосымша "қыстырмалар" (Д. Әбілов) кіргізіп, "Қарашығын" сияқты тарау қосылды. Әкесі Құнанбай мен ағасы Тәкежан және Әзімбай сияқты жағымсыз кейіпкерлерден басқа Абайдың айналасында туыс қалмады. Бәрінен тазартылды. Тұрағұл іспетті бесіктегі сәбиінің мандайынан иіскеудің өзі таптық-идеологиялық қылмыстың қатарына жатқызылды. Бір заңды да кездейсоқ жай, арада тура отыз жыл өткенде "қазақстандық сенімді адамдардың ақпаратымен қаруланған" мәскеулік Алла Марченко тура осы сынның ықпалымен қосылған тарауларды "роман-эпопеяға жат, шынжырлап жалғасқан жалған желі",– деп сәуегейсіді. Т. Ахтанов тағы да төрелік айтты. Міне тарихи көркем уақыт пен жетекші кейіпкер тұлғалардың "табиғи қарсылығына" қарамастан кіріктірілген қондырғы идея мен тартыс М. Әуезовтің ең қасиетті авторлық құқына қол сұқты.
Өзге-өзге, тарихи көркем шығарманың заңдылықтарын жақсы білетін оқымысты жазушы Тахауи Ахтановтың өзі кейіпкер Абайдың туған ұлы Тұрағұлдан бас тартуын талап етті. Шығармада суреттелген тұста Абай мен бесіктегі Тұрағұл суреттелген тұста «Алаш» партиясын былай қойғанда, алаш көсемдерінің өзі мүшел жасқа толмаған болатын.
Екі күнге созылған ырғасу мен іресудің бар мазмұнын баяндап шығу мүмкін емес және ол біздің мақсатымызға да жатпаса керек. Тек солардың ішінде жазушылық психологияға қатысты Әуезов пен оның «Абай» романы туралы тың немесе қияс қиыстырылған пікірлерден үзінді береміз. Алдын-ала айтарымыз, бұл талқылау бұрынғы талқылаудан өзгеше өтті, «басқа уақыттың келгенін, ескі саясаттың ескіргенін», «ендігі оқырмандар, қазіргі халық өкілдері солақай сынға көнбейтінін, сүйікті жазушыларын арандатушылардан жанын салып қорғайтынын» мәлімдеді (Ділдәбеков), алайда Досалиев сияқты «кір суды» Әуезовтің мойынына сарылдатып төге салғандар да болды. Сондай-ақ бұл жолғы талқылаудың баяндамашылары да сыни ойлау жүйесі басқа деңгейдегі жаңа толқын өкілдері болатын. Соның бірі сол кездегі жас ақын Тәкен Әлімқұлов еді. Ол «Абай» романын көркем сынның талабына орай талдай келіп, қосымша баяндамасын былай сабақтады:
Т.Әлімқұлов: «Иә, жолдастар, романның да романы бар. Әрине, біздің жазушыларымыздың біреуі бірінші орыс революциясы кезіндегі қазақ ауылындағы таптық жіктеліс туралы жақсы болар еді. Бірақ «Абай» романының авторы өзінің алдына мұндай міндет қоймаған және оның негізгі тақырыбының ерекшелігіне байланысты қоюы да мүмкін емес. Демек, ойлағанды зорлап орындатуға болмайды. Әрине, «Абай» романы сияқты аса терең әлеуметтік романда таптық күресті айналып өтуге болмайды. Алайда ол күрес қарулы қақтығыстан, жарылыстан ғана емес, идеялық қақтығыстан да көрініс береді. Біз «Абай» романынан ең алдымен еңбекші халықтың идеялық салтанатын, оның реаециялық күшпен күресі жеңіспен аяқталатынын көреміз. Бұл орайдан алғанда «Абайды» халық туралы роман деп бағалайтындармен батыл түрде келісуге болады. Иә, бұл бір халықтың даму тарихындағы тағдырын бейнелеген роман. Мұны көрмеу, демек, шындықты көрмеу болып табылады.
Адам аса іргелі ғимарат салды дейік. Әрине, ондағынң бәрі сыңғырап тұрмайтыны рас, онда әлі де сылақ тимеген жерлер де бар. Оны көрсетуіміз керек, бірақ, біздің кейбір Нұрышев сияқты сыншыларымыз құсап, тісіңді шықырлата шайнап тұрып: «Шіркін, мына арасынан балғамен періп қалсам, ғимарат опырылып түсер еді-ау,– деп құшырлануға болмайды.
Өнер дегеніміз, адамның өмірге құштарлығы және өзін-өзі жетілдіруі. Сол сияқты «Абай» романының авторына да бұл тәмсіл жат емес. Осы мағынадан алғанда «Абай» романына бірнеше ескерту айтқым келеді. Мұнда ауылдағы таптық күрес көрсетілмеген деп айтуға болмайды. Бұл Әуезов романының өзегін жарып өтіп жатыр, еңбекші адамдардың феодалдар мен байлардың қанауына қарсылығы, олардың өзара қатығысы үш кітаптың да желісіне арқау болған. Алайда өзінің көлемді шығармасында Әуезов қарапайым адамдардың тұрмысы мен өмір сүру көрінісіне аз көңіл бөлген. Аштық пен өліп таусылуға бет алған кедей-кепшіктеді осыншама мұхтаждыққа түсуінің себептерін жазушы ашпайды. Қанаушылардың мейірімсіздігін көңілсіз көріністерін Абай өзінің өлеңдерінде де жазды емес пе. Мұндай әлеуметтік көріністерді бүгінгі күннің талабы тұрғысынан барынша жалаңаштап жазу керек еді. өйткені, көшпелі өмір салтындағы орташа шаруалардың өзі өзінің өмір сүруі мен ертеңгі күні үшін үнемі алаңдаумен тіршілік етті.
Сонымен қатар, Әуезовтің романында өткенді обьективті тұрғыдан суреттеу басым, ал бұл ерікті не еріксіз түрде өткенді әсірелеуге алып келеді. Жазушының өзінің халқының өткені туралы көптеген қызықты, танымды мағлұматтар бере отырып, өзі тұрғысынан ешқандай сыни көзқарас білдірместен, кенеттен Құнанбайды Мекеге шығарып салған салтанатты сәт сияқты феодалдық ғұрыптарды ң тігісін жатқыза суреттейді. Осыдан барып атышулы, шартты түрдегі өткенді әспеттеу қылаң береді. Кей-кейде, егерде халықты Абай сияқты әділ, өркениетті адам билесе, онда әлеуметтік төңкерістің қажеті жоқ смяқты әсерде қалдырады. Бұл реттен алғанда «Казахстансакя правданың» сынындағы көптеген ескертпелер назар аударуға тұрарлық.
Алайда, қоғамдық сананың ерекше әрі күрделі түрінің бірі болып табылатын өнердің өзіне тән ерекшелігіне сай әр шығарма өзіне аса зерек әрі қамқорлықпен қарауды талап етеді. Өткенді обьективті тұрғыдан бейнелеуі Әуезовтің романының бетін анықтап берген деп айтуымызға боа ма? Жоқ, олай деп айта алмаймыз. Бұл романдарға өркениетті, өміршең идея, біздің халқымыздың ежелден қалыптасқан достық идеясы, олардың ортақ тағдыры тереңдей негіз қалаған.
Уақыттың шектулі екенін ескере отырып, мен бұл романдардың барлық жақсы жақтарына тоқталып жатпаймын, оның үстіне, баяндамашы Ахтанов жолдас жеткілікті етіп айтты. Жолай ескерте кетерім, Ахтанов жолдас роман туралы өзінің көзқарасынан көрі, романның мазмұнына көп тоқталды.
Бүгінгі күнгі талқылауымыздың негізгі тақырыбына орала отырып айтарым: «Абай» романы романы толыққанды көркем туынды. Кейіпкерлердің ашық мінезі, терең құштарлығы, мағыналы да бейнелі тілі қазақ тілін байытады, баяндамашы бұл туралы «қазақ тілін қалыптастырады» деп орынсыз дәлелдеді.
Ахтанов: Мен әдеби тілді қалыптасырып, оны дамытады дедім.
– Мұның барлығы, кітаптың көркем жазылуы, оның сөзсіз тамаша сөз шеберінің жазғандығын куәландырады. Өкінішке орай, «Абай» романының осы бір талассыз жетістігін «Казахстансакя правданың» редакциялық мақаласы көрмеген. Бұл мақаладағы келтірілген мысалдардың барлығы шығарманың зиянды екенін дәлелдеуге тырысып, нақты қорытындылар жасалмай, «ішің білсін» деп емеуірін етуі оқырмандарды екіұшты күйде қалдырды. Егерде бұл сіздердің берік ұстанымдарыңыз болса, онда «Казахстансакя правдадағы» жолдастар аяғына дейін әділ болуларыңыз керек еді. Онда: осыдан төрт жыл бұрын «Әуезовтің «Абай» романы қазақ өмірінің энциклопедиясы» деп қате жазғандарыңызды мойындаңызда, әлде сіздер «Правданың», «Литературная газетаны» пікірлерімен келііспейсіздер ме? Өмірде бәрі де болады. Кейде өз көзқарасыңды қайта қарауға тура келеді, ол үшін аса сенімді әрі даусыз дәлелдер керек, ал сіздердің дәлелдеріңіз сендірмейді.
Мен: «Абай» романы кемшіліксіз емес, онда даладағы таптық күрес сұрқайылау көрсетілген, автор барлық бейнелерді бірдей сәтті шығара алмаған,романда шұбалаңқылық бар – деп айтқым келіп тұрған жоқ, мұның барлығы бұрын, соның ішінде ең біріші Александр Фадеев атап өткен болатын. Әрине. Шындықты қайталау шырықты бұзбайды. Алайда, жолдастар, адамның бүкіл өмірінің мағыналы жемісі, жаны мен қаны болып табылатын адал еңбегін арандатуға болмайды.
Мысалы мен: «Абай» романында орыс адамдарының бейнесі жоқ дегенмен тұжырыммен мүлдем келіспеймін. Олар бар! Білгіңіз келсе айтайын, мұнда біздің халқымызға құшағын кең ашқан өркениетті Россияның бейнесі бар. Әрине, көркемдік толыққандылығы мен сенімділігі тұрғысана алғанда барлық орыстың бейнеленуі бір келкі емес. Бұл орайда авторға айтар тілек көп.
Ал енді дала қыздарының киімдерін, тіпті байдың қызының шолпысының суреттелуін алайық. Абай – поэтикалық, махаббатшыл тұлға. Мұнда тұрған қандай әлеуметтік қауіп бар? Өзінің барлық асыл әшекейіне қарамастан Қыж Жібек те өркениетті қыз деп есептеледі емес пе! Егерде өзіміздің Николай Островский поляктің бегімін мұқым жасау-жабдығымен малындырып суреттесе, онда оны біздің заманымызға үлгі етіп ұсынып отыр деп айтуға бола ма? Кейбір сыншылардың өнердің күрделі заңдылықтарын білмей, көпқырлы емес, біржақты, көп боулы емес, бір-ақ бояумен сырланған ортақол, сұрқайы шығармалар жазуды талап етуіні ренжімеске болмайды. Кейбір игі мырзалықты көрсету мақсатында суреткер тіпті дұшпан таптың өкілдерінің өзінің адамдық қасиеттерін көрсетуге мәжбүр болатынын дәлелдеп жату керек пе. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті жоқ. Мұқановтың «Жұмбақ жалауындағы» – Елизаветаның, Мүсіреповтің «Қарағандысындағы» (?– «Оянған өлкедегі» – Т.Ж.) – Ушаковтің, тағы да басқалардың бейнесін алсақ та жеткілікті. Оның барлығы туындының идеясына байланысты. М.Әуезов суреттеуіндегі қыздар тура сондағы бейнеленгеніндей көрік қажет еді.Мен табиғат суреттері жөніндегі Досалиевтің пікірін талдап жатпаймын. Мен оның шалқалақтай шапшығанына және (Нұрышев пен «Казахстансакя правданың» мақаласын – Т.Ж.) қорғаштай сөйлегеніне аздап ызыланып тұрмын...».
Тікелей көркем шығарманы талдаған мұндай сыни пікірді әдеби орта жиырма жалдан бері жатсынып қалып еді. Мұнда байсалды пайымдаулар әдебиетке жаңа көзқарастағы жас толқынның келгенін, олардың көркем туындығы, жазушының шеберлігіне қоятын талаптарының мүлдем өзге деңгейде екенін танытты. Сол талқылауда М.Әуезовтің енді танысқан жас тілеуқоры Е.В.Лиузнова да сөйледі. Ол ішінара:
«...«Казахстансакя правданың» «Абай» романы жөніндегі жойымпаздық пиғылға құрылған мақаласы біздің партиямыздың әдеби сынға арлы да шынайы қамқор болуды ұсынып отырған талабына қарама-қайшы келеді. «Абай» романының елеулі қателіктер мен кемшіліктен ада емес екені сөзсіз, алайда бұл шығарманың басты, негізгі, маңызды мақсаты зиянкестікпен бұрмалауға құрылған деген мағынаны білдіре ме? Жоқ, білдірмейді. Романның жарыққа шығуының өзі бүкілодақтық маңызға ие болғаны және туысқан республикалардағы әдебиеттің өскендігінің куәсі болғаны нақты шындық. Сонымен қатар ең қиын тарихи роман жанры қазақ әдебиетінен берік орын алды, қазақ прозасының кемелденгендігін мойындатты. Мұқым қазақ әдебиетінің даму деңгейін анықтайтын мәселелердің барлығы да: орыс пен қазақ халқының достығы, қазақ халқы мен оның демократиялық үрдістегі зиялыларының тарихи тағдыры, патриархалдық-феодалдық қоғамдағы тап тартысы – бұл кітапта нақты шешімін тапқан. Романдағы басты мәселенің бірі – ол қазақ әдебиетінің тағдыры үшін де және оның өсуі үшін де ерекше маңызы бар феодалдық-рулық қарым-қатынасқа деген көзқарас. Мен көптеген сыншылардың: романның кейбір тұстарында өткенді дәріптеу, олардың тұрмысын сүйсіне суреттеу байқалады – деген пікірлері дұрыс деп есептеймін. Алайда бұл «Абайдың» үш кітабының бетін ашып беретін кейпі осы деуге бола ма? Жоқ, болмайды. Әспеттеудің төркіні ең алдымен оқиғаны баяндау барысында өзінің көзқарасын білдіре отырмағандығында және өзінің көзқарасын кейіпкерді көзқарасынан ажырата алмағандығында. Бөжейдің асын суреттеген тұста солай болды. Атор оғансырт көз арқылы қарауы тиіс еді...»,–. деп пікір білдірді.
Бұл пікірге Мұхтар Әуезовтің өзі де қанағаттаныпты. Осыныың ішіндегі: «Романның жарыққа шығуының өзі бүкілодақтық маңызға ие болғаны және туысқан республикалардағы әдебиеттің өскендігінің куәсі болғаны нақты шындық. Сонымен қатар ең қиын тарихи роман жанры қазақ әдебиетінен берік орын алды, қазақ прозасының кемелденгендігін мойындатты», – деген баға үшін өзге емеуіріндерді ескермеуге де болатын. Ал келесі кезекте халықтық оқырман ретінде мінбеге көтерілген азамат Ділдәбековтің (есімін анықтай алмадық) сөзі сол тұстағы ең батыл пікір, өжет ойға, тәуекелді мінезге, азаматтық ерлік рухы мен намысқа, әдебиетке деген шын жанашырлық махаббатқа, М.Әуезовке деген адалдыққа құрыылған. Сондай дүрбелеңді шақта қалай батыл сөйлегеніне таңданасың:
Ділдәбеков: «Осынау тамаша кітапты оқырмадар үш жылдан бері үзбей оқып келеді. Қандай да бір дүниеге нағыз сыни бағаны оқырмандар, яғни, халық береді, алайда, біздің арамыздан әлі де қазақ әдебиетінің тарихынан «Абай» романы сияқты ұлы шығармаларды сызып тастағысы келетін кейбір сыншы – жалақорлардың қыңсылаған, бірақ дөкір дауысы естіледі. Бұл арада ұлы Крыловтың «Моска» атты мысалының керін құшқандардың арамызда бар екенін ескерте кеткен артық болмайды деп есептеймін. Ұлы Сталин: біздің кемшіліктерімізді сынаңдар, бірақ оны жарнамалық жасасынға айналдырмаңдар, – деп ескерткен болатын. Ұлы көсемнің осы дана сөзін біздің сыншыларымыз бен әдебиеттанушыларымыз сағат сайын, минут сайын есінде ұстауы тиіс.
Кеңестік қазақ әдебиетіне үлкен үлес қосқан құрметті Мұхтар Әуезовтің аса игілікті еңбегін біздің бәріміз де білеміз. Егерде арамызда бақайқулық ойлаған сыншысымақтар бар болса, онда біздің оқырмандық құқымыз оқырмандарды адастырғысы келген кез-келген жалақорға тосқауыл беруге міндеттейді. Ана бір уақыттың өтіп кеткенін ондай сыншылар есінде ұстауы керек. Қиындық дегеніміз – оны жеңу үшін туындайды. Олар, біздің аға толқындардың ортамызда ұзақ жүркін тілеймін, өйткені олар өздерінің күткен күндерін тым құрығанда бір рет көре алмай кетсе, өкініш зор болмақ. Сондықтан да біз әдебиеттегі жөнсіз, кеңестік сынға жат көріністердің жолын кесір отыруға міндеттіміз.
Ұлы Максим Горький: кітап – өмірмен, тұрмыспен, өзге халықтардың мәдениетімен таныстыратын таныстыратыне ң сенімді, ең жақсы дос, – деп айтқан болатын. Біздің кеңестік қазақ әдебиетінің озық туындыларының көптеген тілдерге, тіпті, шет ел халықтарының тілдеріне аударылып жатқанын білу қандай қуаныш десеңізші. «Ботагөз», «Абай», «Қарағанды» сияқты үздік шығармалардың пайда болуы біздің бүкіл қазақ әдебиетінің ірі жетіістігі болып табылады. Алайда, оқырмандардың қарсы пікіріне қарамастан, жалған сыншының атын жамылған «Казахстансакя правдадағы» кейбір жолдастар, Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы сияқты тамаша туындысын қоқыс үйіндісіне лақтырып тастағысы келеді. Мақаланың авторы су жүрек екен, өйткені ол өзінің қолцын қоюдан қорықты, демек оқырмандардың дауысынан қорықты.
Егерде «Казахстансакя правдадағы» жолдастар мұны редакциялық мақала деп емептесе, онда шынымен де не айтарымды білмеймін. Онда, осы газеттің редакциясында осындай үлкен тарихи шығарманы қорғайтын бір оқырманның табылмағаным ма?
Мақала туралы сөзді осымен әзірше доғара тұрайық. Кейбір кемшіліктер оның жақсылығына көлеңке түсіре ала ма? Әрине, жоқ. Романның жақсылығы көп айтылды, асырылып айтылды, бірақта мен басты кейіпкердің бейнесі ашылмаған деуі (мақалада осылай делінген) таң қалдырады. Бұған қарап: бұл сыншы «Абай» романын үстірт оқыған, немесе мүлде оқымаған, ал егерде оқыған болса, онда жазушының кейбір жаңсақ кеткен жерлеріндегі жекелеген сөздерді қасақана бір-бірінен бөліп алып, жалпылама қорытынды жасап, оқырмандарды адастырғысы келген. Алайда біз ондай аңқау оқырман емеспіз. Рапптық (әсіре әлеуметшіл) тобырдан қалған мұндай сарқыншақтардың есінде болсын, олардың біздің арамызда әлі жүргені рас, оқырмандар үшін олардың уақыты енді келмеске кетті. Енді бізді алдауға, әр түрлі сандырақтармен біздің басымызды айналдыруға кез-келген сыншының күші жете бермейді. Біз ненің ақ, ненің қара екенін және ненің жақсы, ненің жаман екенін жақсы білеміз. Абайдың ғана бейнесі емес, Құнанбайдың үшінші буыны Әзімбайдың да бейнесі «Абай жолы» кітабында толыққанды ашылғаны сондай, бізге жазушының тамаша шеберлігіне қуана білу ғана қалады.
Мұхтар Әуезов байлардың тұрмысын суретеп, қарапайым халықтың тұрмысын кейде көлеңкеде қалдырады. Осындағы тамашы киімдер, қанатты тұлпарлар еңбекші бұқараның маңдай терімен табылған. Жазушы келесі романдарында осыны ескерсе, қандай жақсы болар еді. Мені ойымша Оспанның бейнесін сомдауда, әсіресе, оның өліміне ағасы Абай қатты күйінетін тұста бір үйлесімсіздік бар сияқты. Өзінің өмір жолының ең ауыр жылдарында сүйенішті ел ішіндегі достарынан емес, інісі Оспаннан іздейді. Егерде Оспанның табытының басында Абайдың қатты күйзеліп, ащы көз жасын төккені рас болса, онда бұл оның рухани өмірден түңілуі мен есінің тұмандануының көрінісі емес пе. Ұлы ақынның осы кездегі түңілісті көңіл-күйін оның әлсіздігі ретінде толығырақ ашып көрсетуге болар ма еді. «Ревизор» мен «Өлі жандарды» өмірге әкелген Гоголь өмірінің соңында есінен адасқанын өзінің тілшесінде жазып кетсе де, ұлы жазушы болып қалды емес пе.
«Казахстансакя правда» газеті туралы тағы бір сөз. Соңғы уақытта «Казахстансакя правдада» біздің жазушылардың көп жылдық еңбектерін еш кетіретін мақаааалалардың жиі жарыққа шығуы тегін емес. Осыдан біраз бұрын бұл газеттің тұрақты авторлары «буржуазиялық ұлтшылдар» еді, ал қазір бұл газетте алаяқтар қызмет істейді.
Газет – партияның органы, ол көпшілік-қоғамдық газет болып табылады, егерде «Казпарвдадағы» жолдастар мұны осы уақытқа дейін түсінбесе, онда бұқара халықтың өзі «Казпарвданың» бетіндегі мұндай мақаласымақпен қоса оның авторын да ысырып тастайды.
Жазушы Мұхтар Әуезов туралы бір сөз. Ол біздің кеңестік жазушы, біз оны жалақор-сыншының қолына бермейміз. Оны осындай сыншылардың жаласынан қорғауға дайын екендігімізді, сонымен қатар оның кемшіліктері мен жетіспеушіліктерін де көрсететінімізді білдіре отырып, оған өзінің тамаша жазушылық шеберлігін, өзінің көп жылдық тәжірибесін бұрынғыдан да қуатты пайдаланып, бұрынғыға қарағанда да жемісті еңбек етуіне тілектестік білдіреміз».
Міне, халықтың күші деген осы болса керек. Бұдан асырып білдірген шынайы халықтық көңіл-күй оған дейін де, одан кейін де болған емес. Даңқ тұғырына көтерілген тұста бұдан да артық құрбандыққа дайын екендігін білдіріп, бұдан да көпке уәде берген жағымсақ, мысық тілеу марапаттарға іштей сүйінсе де, көп алдында бетін қайырып отырған. Қысқартып айтқанда, Ділдәбековтің осы сөзі – сөз»-ақ. Өкінішке орай осынау азаматтың толық өмірі туралы мағлұмат әзірше қолға түспеді. Әрине, мұндай өткірде ашық пікірді партияның оқшантайына енді салынған «іші қуыс торсылдақ патрон» Нығымет Жанділдин жақтырмады.
«Жанділдин жолдас: Жолдастар, біз мұнда пікір алысу үшін, кемшіліктерді көрсету үшін жиналдық, сондықтан да авторға көмке көрсету мақсатында оның кемшіліктерін айта отырып, сол қателіктерді жоюдың жолдарын да авторға көрсетуіміз керек еді. Алайда көптеген жолдастардың сөзі мадақтауға айналып барады. Менің ойымша, романның жетістіктері туралы жолдастар дұрыс айтты, бірақта кейбіреклердің сөзінде ешқандай сын болмады, алдымызға қойған мақсатқа жетпеді.
Соңғы сөйлеген Ділдәбеков жолдастың сөзі шындыққа жанаспайды, оның: «Осыдан біраз бұрын бұл газеттің тұрақты авторлары «буржуазиялық ұлтшылдар» еді, ал қазір бұл газетте алаяқтар қызмет істейді»,– деген пікірімен келісуге болмайды. Бұлай сөйлеу дұрыс емес. Әрине, барлық газеттер сияқты «Казпарвданың» жұмысында да кейбір кемшіліктер бар, алайда «Казахстансакя правда» – тек қана алаяқтар істейтін газет деуге болмайды, бұл дұрыс емес. Газет Қазақстан Орталық партия комитетінің органы болғандықтан да газетті бақылап отырады және ол газетке жетекшілік етеді, сондықтан да «Казпарвдада»алаяқтардың қызмет етуіне жол бермейді.
Ділдәбеков: Мен «кейбір алаяқтар» дедім».
Иә, Жанділдинге де жан керек. Орталық Комитеттің өзі арандатуға итермелеген «Казпарвданы» қорғамаса өзі де қорғансыз қалатынын білді. Ал шындығына көшсек, «қазақтың домбырасының көзін құртуға» нұсқау берген Орталық Комитеттің болашақ хатшысының өзі де идеология саласындағы арандатушы алаяқтардың бірі болып жетіліп келе жатқан. Осы тапсырманы берушілердің біреуі соның өзі де болуы да мүмкін.Жас сыншыл-ойшыл толқынның тағы бір өкілі Зейнолла Қабдолов та мінбеге көтеріліп, екінші кітаптың көркемдік компоненттерін көтермелей көрсете келіп:
Достарыңызбен бөлісу: |