Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет26/44
Дата18.11.2016
өлшемі8,29 Mb.
#1993
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   44

«Қазақстанда Лениннің ұлт саясатын қолдану арқылы табылған табысты, ешнәрсе жоя алмайды, кеміте алмайды. Бұл ретте бай-кулактың жаулық пен өз шаруаларын шашып жоюы да және партия жолын қисайтып, Қазақстанның мал шаруасы жөнінде теріс тәжірбиеге ауысып істеген жергілікті орындардың қатесі де және де осы себептен онан соңғы жылдардың егін шығуы нашар болғандық себебінен туып отырған кейбір аудандардағы азық-түлік қиыншылығы да жаңағы ұлы табыс, ұлы құрылыстың қалпын бұза алмайды, маңызын түсіре алмайды», деген «жұбаныш сөзінің» кәдімгі кеңес өкіметіне тән көзбояушылық екеніне көзі жетіп, «қатты өкінеді».
Ол өзінің «Ашық хат» жазғанына өкінуінің себебін Ж.Бектұровқа:

«...Артынша қатты өкіндім. Неге дейсіз ғой? Түрмеден дәл шығар алдында ОГПУ бастығы мені кабинетіне шақырып алып: «Ал енді сіздерді босатамыз, тек ел ішінде әлі де қиыншылық бар, ашаршылық әлі тоқтай қойған жоқ, абақтыдан шыға салып үркіп, шошып жүрмеңіздер»,– деп ескертті. Мен бұл сөзді естіп, оған ойынды-шынды: «Онда біз әуелден-ақ, сірә, қателеспеген екенбіз ғой»,– дедім. Сонда ОГПУ бастығы қанын ішіне тартып, сұрланып: «Біз де қателеспеппіз ғой, қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды деуші еді, сол рас екен»,– демесі бар ма. Мен жарылып кете жаздадым. Не керек, болар іс болып, хатқа қол қойылып қойды», деп айтып беріпті.

Тура осындай өкінішті күйді Сәкен Сейфуллин де басынан кешіпті. Ақынның досы Абдолла Асылбеков өзінің 1937 жылы 31-шілде күні тергеушіге берген жауабында:



«Сейфуллинмен 1934 жылы кездескенімде ол: «Кеңес өкіметіне қарсы күресті дәл қазірден бастау қажет. Тек көнтақы шенеунік қана безеріп отыра алады, ал әрбір саналы адам бұған көніп, қол қусырып отыра алмайды. Бұрын қандай топтың мүшесі болғанына қарамастан, кім өзін қазақ халқының нағыз ұлымын деп санайды, солардың барлығы да кеңес өкіметіне қарсы күресте бірігуі тиіс. Сен екеуміз, Асылбеков жолдас, алашордашылардың кез-келгені екеуімізге: халық үшін деп кеңірдектесіп едіңдер, сол халқың қырылып жатыр-ғой десе, не дейміз?,– деп маған сұрақ қойды»,– деген (Б.Нәсенов, Тарихи құжаттар мен архив мұрахаттары, ҮІІ том, 145-146 бет) мәлімет береді.

Бұрын зиялы қауымның арасында: «Тар жол, тайғақ кешуде» алашордашыларды кекетіп жазғанына өкініп, бұрынғы райынан қайтып, оны қайта өңдепті. Кеңес өкіметі туралы пікірі өзгеріпті»,– делінетін пікір айтылып жүргенімен, нақты дәлел жоқ болатын. Өзінің қанды көйлек досы А.Асылбековке: «Алаш азаматтарына не бетімізді айтамыз?»,– деген мағынадағы жоғарыдағы сөзі С.Сейфуллиннің жандүниесінде үлкен өзгерістер болғанын растайды.


6.

Енді өкінді не, өкінбеді не, бәрібір екі жарым миллион қазақ аштан қырылып үлгеріп еді. Оған алысқа бармай-ақ түрменің алдына шыққанда көз жеткізуге болатын. Алматының түрмесінің алдында қырылған өліктерді тұтқындарға жинатып, қазіргі Сайран көлінің жарқабағының астына апарып көмдірген. Ол туралы сол мезгілде осы түрмеде жатқан біздің әкеміздің әңгімесі «Өзі деақ, жазғаны да – ақ» атты таруда берілген болатын.

Бұл құрбандардың әруағы алдында алаш ардагерлерінің ары таза.

«Ашық хаттың» нәтижесінде Ә.Ермеков шартты түрде сотталып, кешірімге ие болды. Алайда ол үнемі бақылау астында өмір сүрді.



Әдеби өмірге еш қатысы болмаса, да оны қазақтың ендігі бас идеологі – рухани көсемі деп санап, әр қадамын аңдып, тиісті ақпар жиып отырды. ОГПУ-дің Қазақстандағы саяси бөлімінің бастығы Миронов пен орынбасары Павловтың 1933 жылы 11-қыркүйек күні Мирзоянға құпия жолданған әдебиет майданындағы ұлтшылдық сарын туралы есепті баянхатында:

«Орыс әскери отарлаушыларының Орта Азияға басып кіруіне – татар моллаларының қыр елін жаулап алуына ырық берді, олар қазақ жеріне әр түрлі сенімхатпен келген дүкеншілермен, орыс көпестерінің шеркеттерімен тікелей байланыста болды. Молланың атын жамылып келген Орынбор, Қазан, Уфа медіреселерінің шәкірттері православиелік миссионерлікке қарсы қару ретінде қазақ даласына панисламизм идеясын сіңірген алғашқы мұджаһиттер болып табылады. Олар «Мұсылманның шынайы бауырластығы» дегенді ұран ете отырып, артта қалған қазақ елін қанады. ХХ ғасырдың басында қажыға барар жолдағы Түркия арқылы және Бұқара мен Хиуа, тағы да басқа Орта Азиядағы сауда орталықтары арқылы барлық түркі тілдес халықтардың бірігуі туралы ұран тастады. Оған қазақ халқы да қосылды.

Әсіресе, 1905 жылғы революция тұсында, жаңа дыбысты әліппеге көшу – жәдидтік оқу жүйесіне ауысу қарсаңында пантүркизм қозғалысы ерекше жанданды. Жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ зиялылары мектептердің төңірегіне топтасты. Буржуазиялық-ұлтшыл топ өздерінің қатарын көбейту үшін сол кезде саны біршама молайып қалған мектеп шәкірттерін ықпалына алды. Жәдидтік мектептен өткен, татарлардың жоғары оқу медреселерін бітірген бұл шәкірттер қазақтардың алғашқы буржуазиялық-ұлттық интеллигенциясының шоғырын құрады.

Бұл қозғалыс 1917 жылғы төңкеріс тұсында, буржуазиялық-ұлтшыл «Алаш» партиясы құрылған кезде өзінің шарықтау шегіне жетті. Қазақстанның буржуазиялық-ұлтшыл қозғалысының қозғаушы күші әдебиетте, буржуазияшыл-ұлтшыл жазушылар мен ақындардың: Ахмет Байтұрсыновтың, Міржақып Дулатовтың, Ғұмар Қарашевтің, Мағжан Жұмабаевтің, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың, Бернияз Күлеевтің, Мұхтар Әуезовтің т.б. шығармаларында көрініс тапты. Аталған негізгі жазушылар қазақ төңкерісін қабылдамады, «Алаш» партиясының құрамында кеңес өкіметіне қарсы белсенді түрде күресті. «Алашорда» ұйымы талқандалған соң кеңес өкіметімен күрес тәсілін өзгерте отырып, мәдениет майданын өз қолдарында ұстауға тырысып, өздерінің оқу құралдары, дәрістері, әдеби еңбектері арқылы жастар тәрбиесіне идеологиялық ықпал жасауға ұмтылды.

Мысалы, қазіргі қазақ көркем әдебиетіндегі мына бағытты атап өтуге болады: олар – кеңестік жастардың аз бөлігіне әсер етіп отырған алашордашылардың қалдығы мен алашшылдар және ұлтшылдар тобы.

Ашықтан ашық алашордашылардың біріне және олармен байланысы барлардың қатарына ең бірінші Әлімхан Ермековті жатқызуға болады. 1) Ермеков Әлімхан «Алашорданың» ірі қайраткері. Қазақ ұлтының болашағы туралы жекелеген әңгімелесу кезінде айтқан Ермековтің пікірлері ерекше назарға аларлықтай, ол Ермековтің өзінің пантүркістік көзқарасын ғана білдіріп қоймайды, сонымен қатар бұл идеяның ұлттық интеллигенция арасында кеңінен тарап отырғандығын және сол топқа жататын жазушылардың шығармаларынан көрініс беріп отырғанын аңғаруға болады.

Ермеков ең көреген ұлтшылдар мен алашордашылардың алысты көздеген бағдарламаларын кеңейте талдайды. «Алашорданың» талқандалуының басты себебі, Ермековтің айтуы бойынша, марксизмге қарсы қоятындай теориясының болмағандығы екен. Бөкейханов бұл тұрғыдан алғанда, «қазақ халқының өзіндік ерекшелігі» дегеннен басқа ештеңе ұсына алмапты. Ермековтің айтуынша, шаруашылықты басқарудағы революциялық шаралардың есепке алынбауы «Алашорданың» құлауына әкеп соғыпты. Ермековтің тұжырымдамасы оның өзінің баяндауынша: «Қазір кеңес өкіметі шаруашылығының орнығуын барынша қолдап, өзіміздің жас мамандарымызды, өзіміздің интеллигенциямызды жан-жақты дайындай отырып, екінші бесжылдықтың аяқталуын күту қажет, сөйтіп СССР-дегі таптық күрестің босаңсуына мүмкіндік бере отырып, сонымен қатар Түркиямен байланысты нығайтып, оның ұлы держава болуына уақыт беру керек», екен.

Сонда, ұлттық (ұлттық) дәстүрде тәрбиеленген, сонымен қатар еуропалық мәдениетті меңгерген, басқару қызметінде отырған техниканы, индустрияны қолында ұстайтын интеллигенцияға, көзі ашық бұқараға ие болсақ, онда олар «Ұлы түрік елінің» туы астында бірігуге ұмтылады»,– деп мағлұмат берді.

Мұндағы тағылған айып пен айтылған сөздерге идеологиялық-саяси астар беріп, «ұлы түрікшілдік» аңсарға әкеп теліп отырғаны болмаса, бәрі де шындық. Шындық болғанда да, кез-келген ұлттың алдына қойған саналы мақсаты, сара жолы. Қай ұлт парасатты интеллигенцияға зәру емес? Соған қарағанда ерекше бөлімнің тергеушілері үшін қазақ халқының құрықтан құтылуы, өркениетке ұмтылуы, қылмыс болып саналатын сияқты.

Ақиқат та содан қашық емес болатын.

«Ашық хат» пен кешірімнен соң да Әлімхан Ермеков қуғын-сүргіннен құтыла алмады. Тіршіліктің жалына жармасқан бір кездегі «жанартаудай көтеріліп-басылған жігіттің» көрер азабы мен татар қызығы алда болатын. Сол қызық пен азапты пікірлессіз, дос-жарансыз жалғыз басынан кешті. Өйткені «тәубә қылып шыққан Әлімхан мен Мұхтар екеуі» (А.Байтұрсынов) қалған өмірін бір-бірінен саяқ жүріп өткізді. Оған не себеп болды? Нақты дәп басып айту қиын. Мұхтар Әуезов өзін «Ашық хат» жазуға көндіріп, соның нәтижесінде өмірдің де, атақ пен даңқтың да қызығын көруге бұйыртқаны үшін Ә.Ермековке өкпе артып, көңіл сызы ретінде ұзақ сақтауы, орынды ма демей-ақ қояйық, соның өзі мүмкін бе еді? Қайдам. Ал бұл екі аралықта Ә.Ермеков – 1938 және 1948 жылдары он жылға екі рет кесіліп, түрме есігін ашты. Олардың 1932-1938 және 1955-1961 жылдары аралығында тығыз араласып кетпесе де, оқшау пікір алмасуға мүмкіндіктері болды. Бірақ өзара тілдеспеген. Бүтіндей ақталып шыққан «мемлекеттік жылымық» тұсынан кейін де Мұхтар Қарағандыға келіп жүріп Әлімханмен жүз көрісуді қаламаған сыңайлы. Неге? Түсініксіз. Жайық Бектұров бұл туралы өзінің естелігінде:



«Ә.Ермеков бұл өкінішті сөзін М.Әуезовті мақтағысы келгендіктен айтқан жоқ. Ертедегісін кім білсін, Мұхаң әйгілі жазушы атанып, Әлекең көп жыл түрме, лагерь азабын тартып елге қартайып, денсаулығынан айрылып кайтқаннан кейін де бір-бірімен ешқандай қарым-қатынас жасаған жоқ. Аралары мүлдем суып кетті. Әлекең Мұхаңа іштей өкпелі болып та жүрді, сөйте тұрса да жаратылысынан шыншыл, әділет жолынан таймайтын ол ауызекі естеліктерінде ғұлама інісінің 1932 жылғы абақтыдан шығардағы кісілігін, ерлігін, азаматтығын ешбір көлеңкесіз айтып еді. Қанша өкінгенімен, М.Әуезовтің сол кезде тар қапастан шығып, үйірге қосылғаны қазақ мәдениеті мен әдебиеті үшін зор мәртебе болды. „Абай жолы” романы содан кейін өмірге келді. Ә.Ермеков ақсақал Қарағандыда, менің үйімде Сәбит Мұқановпен ашық әңгімелескенде, жоғарыдағы пікірді айтты. Тіпті, атақты жазушыға Ахметті, Жүсіпбекті, Мағжанды, Міржақыпты неге іздемейсіздер деген өкпесін де сездірді. Алпысыншы жылдары оларды жоқтай қоятын ресми адамдар аз еді»,– деп жазды.

Өтірікке жаны жат Жайық жайсаңның бұл емеуірінінен ұлылардың психологиялық бопсасымен қоса инсандық иірімдер де тұспал танытады. Оған тереңдеп баруды, біз таңдап алған әфсана жанры көтермейді. Сондықтан да Әлімхан Ермековтің өзі тікелей Жайық Бектұровқа өсиет ете қалдырған:



«Ахмет Байтұрсынов Архангельскіде айдауда жүреді, ешкім ешқандай жұмысқа алмайды. Өмір сүруі қиын соғады. Жас кезінде училищеде оқығанда әр түрлі қол өнерін үйренген екен, содан қасық, ожау, ойыншық жасап, базар маңында басына күрке тігіп жатып, өлер-өлмес күн көреді. Ахаң осы бір ауыр жағдайын айтып, Мәскеуде тұратын Ә.Бөкейхановқа хат жазады. Аяулы Әлихан Нұрмұхамедұлы қызыл крест қоғамына барады. М. Горькийдің жұбайы М.Ф.Андрееваға (дұрысы – Е.П.Пешкова – Т.Ж.) арыз айтады. Сөйтіп, Архангельскіге жетпіс доллар жіберіп, Ахаңа көмектеседі. Ақыры оны айдаудан босаттырып алады. Ахаң әуелде атылуға кесілсе де, он жылға айыпталып, мерзімінен бұрын елге қайтады. Қайтып келгенде ол Ә. Бөкейхановқа бір қолжазбасын береді. ,,Бұл менің айдауда жүргенде жазған күнделіктерім. Сірә, бұрынғы еңбектерімнен құнды болуы керек, осының бір данасын сіз бірдеңе етіп бір жерге сақтаңыз. Бір данасын әйелімнің көрпесінің астарына тіктіріп қойдым”,– депті.

Ә. Ермеков көрпені „Стеганные одеяла” деп орысша айтты. Мен мұны өзімше „қабымалы көрпе” деп қазақшаладым. Әлімхан Әбеуұлы әңгімесін жалғастырып:

Көрпенің астарына тіккен қолжазба жоғалды ғой, ол көрпе түгілі, Ахаңның қазақ болып кеткен орыс әйелінің де қайда ұшты-күйлі болғаны белгісіз. Ал ана Әлихан ағасына табыс еткен қолжазбасын мұқият іздесеңіздер табасыздар. Ол Ахаңның аманатын белгілі шығыстанушы ғалым, академик Сергей Федорович Ольденбургке (1863-1934) табыс етті. Ольденбург ірі ғалым. Ол түркі тілдес елдердің тарихын, әдебиетін, фольклорын, мифологиясын жетік білген адам. Көп уақыт Ресей және Кеңес Одағы Ғылым академиясын басқарған ірі оқымысты. Ондай кісінің архиві жоғалмайды, мұқият сақталады, деді.



Сірә, Ахаң өзінің бұл қолжазбасын Ә.Бөкейхановқа Архангельскіден елге қайтпай тұрғанда жеткізсе керек. Біздің қазіргі тарихшыларымыз, әдебиетшілеріміз іздестірсе, Ахаңның бүгінгі ұрпақ білмейтін бір еңбегін тауып та қалар еді деген ойымыз бар. Осыны ғалымдарымызға, жазушыларымызға сүйінші сұрағандай әдейі құлаққағыс етіп отырмыз»,– деген естелігімен «көтеріліп-басылған жанартаудай» қайратты рух иесі туралы әфсанамызды аяқтаймыз.

Алаш идеясының ту ұстаушысы Әлімхан Ермеков он бес жылдай тіршіліктің ризығын татып барып, математика профессоры ретінде дәріс оқып, үйлі-баранды боп, 1970 жылы Қарағанды қаласында дүниеден қайтты.

БЕСІНШІ ТАРАУ: «ТҰҢҒИЫҚ ТЕРЕҢ ЖАРҒА КЕТКЕН ТҮСІП...»

(Мәннан Тұрғанбаев, Жақып Ақбаев, Даниал Ысқақов, Қошке Кемеңгеров және...)

1.Мәннан Тұрғанбаев
Сол кезеңде қалыптасқан «дәстүр бойынша», тергеу хаттамасына аты ілінген адамның барлығы да түрмеге қамалып, сұрақ-жауап алынды. Сөйтіп олар тікелей айыпты болмаса да жанама куә ретінде қатыстырылды. Орта Азия басмашылары мен Ташкенттегі астыртын ұйымға еш қатысы жоқ, бірақ жалпы «Алаш» қозғалысына атсалысқан зиялылардың барлығы тұтқындалды. Солардың қатарында «Алашорданың» Семейдегі бөлімшесінің мүшесі ретінде Мәннан Тұрғанбаев та тергеуге тартылды.

Анкеталық анықтама: Мәннан Тұрғанбаев 1886 жылы Семей губерниясы Қарқаралы уезі Абыралы болысындағы «Сарыапан» қыстағында туған. Семей медіресесінде оқығын. 1906-1910 жылдары ауылда халық мұғалімі болған. Уфадағы «Ғалия» медіресесіне 1910 жылы түсіп, 1915 жылы бітірген. 1917-1919 жылдары Семейдегі педагогикалық курстың меңгерушісі (анкетадан тыс анықтама: сонымен қатар 1917 жылы «Алашорданың» Семейдегі басылымы «Сарыарқа» газетінің редакторының орынбасары, 1918 «Алашорда» атты әскер полкінің жауынгері де болған), 1919 жылы Орынборда шығатын «Ұшқын» газетінің редакторы, 1922 жылдан бастап Семейдегі халық соты кеңесінің мүшесі, қазақ істері жөніндегі азаматтық бөлімнің меңгерушісі, төраға орынбасары, 1926 жылдан Қарқаралыдағы педучилищенің мұғалімі, 1928 жылдан қалалық оқу бөлімінің нұсқаушысы, одан кейін Қарқаралыда, ұсталғанға дейін Қапалда қызмет істеген. 1930 жылы 4 көкек күні тұтқындалған. Шаруа отбасынан шыққан. Өз еңбегімен күн көрген. Сотталмаған. Жылжымайтын мүлкі жоқ. Үйлі-баранды. Әскер қатарында болмаған (иә, солай көрсетілген). Кәсібі мұғалімдік. Кеңес өкіметіне қарсы астыртын әрекетке қатыспаған. Ешқандай партияның мүшесі болған жоқ.

Мәннан Тұрғанбаевтің басты айыбы – Қарақаралыдағы Ә.Ермеков ұйымдастырған педучилищеде қызмет істегені болса керек. Тергеудегі шағын хаттамада одан басқа деректер көрсетілмеген. Оған қойылған сұрақтардың негізі Әлімхан Ермеков пен Жүсіпбек Аймауытов туралы болған.

«1931 жылғы 11 мамыр күнгі тергеу хаттамасы. «Алаш» партиясына мүше болғамын жоқ және «Алашордамен» ешқандай байланысым жоқ. 20-шы жылы Семей қаласында компартияның қатарына өттім (кімнің кепілдік бергені есімде жоқ), мен ұзақ уақыт іссапарда жүрген кезімде мүшеліктен шығып қалдым, қайтадан партияға кіруге ұмтылмадым. Партия ұйымының ережелерін орындай алмаймын деп ойладым. Сол үшін мені Аймауытов және басқалары қатты сөкті. Мен ол кезде „Қазақ тілі” газетінде Ғалифолла Ысқақовпен және Аймауытовпен бірге істейтінмін. Партияға мүше болмау жараспайды деген желеумен Аймауытовтың және Гурьевтың кепілдігімен мүшелікке өттім. Менің жоқ кезімде Аймауытов газетке редакторлық етті. Газет Губком мен губерниялық атқару комитетінің органы болатын.

Қазақ ұлтшылдарының ішінен мен „Алашорданың” Семейдегі Шығыс бөлімінде істеген Ермеков Әлімханды, Тынышбаев Мұхамеджанды, Ғаббасов Халелді, Ақбаев Жақыпты, Дулатов Міржақыпты білетінмін. Алайда олармен ешқандай байланысым болған жоқ. «Алашордашылар» Ермековті өте қатты сыйлайтын және ол ашық ықпалды тұлға болды. Оның үстіне ол таза қанды қазақ болғандықтан да үлкен сенімге ие еді. Оның ықпалы аса зор еді әрі тұрғындар оны өзге алашордашыларға қарағанда қатты қадірлейтін.

Сұрақ: Тұрғындардың арасынан Ермековті кім өте жақсы көрді: кедейлер ме, орташылар ма, немесе байлар ма?

Жауап: Барлық қазақ тұрғындары жақсы көрді. Мен де Ермековті ерекше сыйладым. Мынадай бір оқиға болды. 27-ші жылы мен Қарқаралы қаласында мұғалімдерді дайындау курсінің меңгерушісі болып жүрген кезімде Ермеков маған сабақтан 10-15 күн кешігіп келген інісін курсқа алу туралы өтініш етті. Мен тілегін орындадым.

Алашордашылардың маған жасаған әсері туралы. 21-ші жылы Семей губерниялық атқару комитетінің бөлімдерінде істейтін Марсеков, Ақбаев Жақып арқылы өздерінің адамдарын, мені де Қарқаралы уезінің сотына тағайындатты. Жұмысқа тағайындалған соң мен кеңес үкіметіне адал қызмет еттім, кеңес үкіметіне қарсы ешқандай дұшпандық әрекет жүргізгенім жоқ. Бұған мені жақсы білетін Тоқжігітов Шаймерден, Тоқтабаев Кәрім, Шынғалиев Абзал, Орынбаев Мұқаш, Сидалиев Асхат кепілдік ете алады.

30-шы жылдың сәуір айында Қарқаралыда тұрған кезімде Абыралы ауданының екінші ауылының тұрғыны Байдаров Сыдық (көшір) және Байсымақов Керімқұл Балқаш ауданындағы көтеріліске Ақбаев Жақып, Марсеков Райымжан және Әділов Ике жетекшілік еткенін айтты. Бұдан басқа көтеріліс туралы ештеңе естігемін жоқ, ешнәрсе білмеймін. Қапалда қызмет еткендіктен де ауылмен байланысым болған жоқ. Менің Семей мен Қарқаралыдан Қапалға ауысуыма ауылдасым Төленов Игіліктің орныма келуіне байланысты болды. Оны Абыралы ЕРКА-сінің төрағасы Шымшарин Хамит қолдайтын.

Өзімді ешнәрсеге кінәлімін деп есептемеймін және жоғарыдағы айтқаныма алып қосар ештеңем жоқ.”

Кездейсоқ жауапқа тартылған М.Тұрғанбаев тергеушіге қысқа да нақты жауап берген. Ә.Ермеков пен Ж.Аймауытовты әшкерелейтіндей айғақтар жоқ. Жақып Ақбаевтың тұтқындалуы Мәннан Тұрғанбаевтің көрсетіндісіне байланысты ма, жоқ па, ол туралы құжаттарды індете іздестірудің мүмкіндігі бізде болмады.



Тек ескерте кетеріміз, Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ермековтің 1930 жылғы тәркілеуге қарсы көтерілісті ұйымдастырғаны туралы мағлұматтар көтеріліске қатысушы өзге де куәлардың тарапынан түсіп жатқан болатын. Ал Райымжан Марсеков пен Ике Әділевтің Балқаш ауданындағы көтерілісті ұйымдастырғаны жөніндегі Мәннан Тұрғанбаевтің айғағы екіұшты. Өйткені соңғы екі адамның алдыңғысы – сегіз жыл бұрын, кейінгісі бір жыл бұрын арғы бетке өтіп кеткен еді. Бұл көрсетіндінің, қалайда, құйынның бас көтеруіне түрткі болуы әбден мүмкін.
2.Жақып Ақбаев
Тергеу ісіндегі Жақып Ақбаевтың жауабы анкеталық мағлұматтың деңгейінде ғана жазылған. Бірнеше адамның тергеу тігіндісінің жапсарында «науқас», «лазаретте», «санитарлық бөлімде» деген қарындашпен жазылған көмескі ескертпе бар. Мұхтар Құлмұхамедтің «Алаш ардагері», З.Тайшыбай мен Н.Дулатбековтің «Жақып Ақбаев» атты зерттеулерінде қазақтың тұңғыш заң магистрінің алаш идесы жолындағы қайраткерлігі толық зерттеліп, баға берілген. Сондықтан да өз қолымен жазып, куәландырған, Аспазия Жақыпқызы зерттеуші М.Құлмұхамедке жариялауға ұсынған «Қысқаша өмірбаянын» тергеу ісіндегі анкеталық анықтама ретінде ұсынумен шектелеміз. Өйткені мұнда Жақып Ақбаевтың барлық қайраткерлік жолы қысқа да мазұнды қамтылған.

Ж.Ақбаев: «Мен – қазақпын, 1876 жылғы 7 қарашада, бұрынғы жыл санау бойынша 25 қазанда Төңіректас маңында, Қарқаралы округінің Берікқара ауданындағы 3-ші ауылға қарасты жерде туғанмын. 1883-84 жылдары мен жазда ата-анамның қозысын, қыста қойын бақтым. 1886 жылы мен Қарқаралы қаласындағы Қазақ интернатына, ал 1889 жылы Омбы гимназиясына түсіп, 1898 жылы Томск гимназиясын бітірдім, нақ сол жылы Петербург Университетіне Заң факультеті бойынша оқуға түсіп, оны 1903 жылғы 9 маусымда (ескіше 27 мамырда) бітірдім.
1903 жылдың күзінде мен Омбы сот палатасына қызметке тұрып, 1904 жылдан бастап палата хатшысының көмекшісі болдым. 1905 жылғы тамыздан бастап Омбы қаласындағы 2-ші учаскенің бітістіруші судьясы міндетін атқардым. 1905 жылғы қазан-қараша айларында Омбы қаласында үкіметке қарсы митингілер мен демонстрацияларға қатысып, самодержавиені құлату қажеттігі туралы үкіметке қарсы саяси сөз сөйлеуіме байланысты мен сот мекемесінен кеттім. Бірақ сезім серпінімен, қызу шабыт пен сол кездегі коғамдық-саяси ағым туғызған ынта-жігер әсерімен мен жаршы-уағызшы қатарына шықтым.
1905 жылғы 7-8 қарашада (ескіше) Павлодар (Кереку) қаласында қаланың ортасындағы көп адам қатысқан митингіні ашып, мәдениет пен өркениет игіліктеріне қосылу тілегі жағдайында аса ұлы тұтқалардың саяси бостандықтардың, оқу-ағарту мен мәдениеттің самодержавиемен сәйкессіздігін дәлелдеп, самодержавиені құлатуға үгіттедім. Сол күндері өкімет мекемелері жұмыс істеуден қалды. 1905 жылғы 11-12 қарашада Баянауыл казак станицасында түнде таныстарым арасында самодержавиені құлату қажеттігі туралы шұғыл түрде жиын өткіздім.
1905 жылғы 13-14 қарашада-ақ мен Қарқаралы қаласында болдым, онда қазақ, сарт және ішінара татар халқының толық қолдауымен екі айдың ішінде самодержавие бүлігі іс жүзінде жойылды; самодержавиеге қарсы насихат пен үгіттің шебер жүргізілуіне байланысты қазақ халқының жалпыға бірдей ынта-жігерінің рухани өрлеуі керемет болды: жалпыға бірдей туысқандық, теңдік пен бостандықтың ұлы идеясы шын мәнінде жүзеге асырылды. Қарқаралы уезі ұзаққа созылмағанымен де, республикалық режим орнатылған бірден-бір жер болды».

Жақып Ақбаев 1905 жылы 15 қарашада Қарқаралыдағы халық манифесінің алдында:



«Мен сендердің мұң-мұқтаждарыңды жоқтау үшін әдейі қызметтен босап, басымды азат етіп келдім», деп мәлімдейді.

Содан бастап Жақып Ақбаев азаттық үшін, тәуелсіз мемлекет үшін арпалысты. Сол үшін тергеуге тартылды. Ондағы жауаптарынан-ақ өжет те алғыр күрескердің азатшыл рухы танылады. Ол туралы Семей әскери-губернаторының міндетін атқарушы А.Тройницкий Дала өлкесінің генрерал-губернаторына:


«1905 жылы 15 қарашада Қарқаралы халқы жиналған алаңда ояз бастығы Оссовский патша ағзамның 17 қазандағы манифесін жария етті. Осы жиында сөйлеген Ж.Ақбаев патшаның халыққа сыйлаған бостандықтарын басқаша түсіндірді. Негізінен қазақтар мен татарлар жиналған тобырға: енді крестьян бастықтары мен ояз бастығының бізге керегі жоқ, ауылдарыңа келсе оларға ат-көлік бермеңдер. Жаяу құыңдар, ал қазақтан шабарман келсе – басына су құйып жіберіңдер, орыс шабарманы келсе – қуындар. Бұрын қазақты орыс билесе, енді орысты қазақ билейді»,– деген.

Манифест туралы сөйлеп тұрып ол патша ағзамға да тіл тигізген: «Бұдан былай ол – патша емес, біздің құлымыз. Патша бостандықты еркімен берген жоқ, біз одан тартып алдық»,– деген. Келесі күні намазға жиналған халыққа барып; «Патшаның ауы жыртылды, абыройы ашылды, оның соры қайнады»,– депті.

Міне, осы әрекеттері үшін ол сотқа тартылды. 1906 жылғы тамызда Омбы соты Ақбаевтің ісін қарағанда, куәлар түгел келемеді, келгендер дұрыс жауап бермеді. Омбы облыстық соты оны 1906 жылғы 4-тамызда еріксіз ақтап жіберді...

Абаеввтің айтқандары босқа кеткен жоқ, көшпенділердің санасына сіңіп, өз нәтижесін бере бастады. Кент болысына барған стражник Быков пен шабарман Бектасов ат ала алмаған, Дериглазов та бос қайтқан. Қазір Ақбаев сырт көзге сезіле қоймаса да, жасырын үгіт жүргізуде. Сөйтіп қыр елін бүлікке бастап жүр. Қоянды Жәрмеңкесіне жиі барады, онда өз жақтастары арқылы зиянды пікірлерін бүкіл елге таратып жүр. Бұл жөнінде оған оқудан демалысқа келіп жүрген қазақ жастары да көп көмек жасайды. ... Жергілікті халық әкімшілікке ашық қарсылық білдіруде, салық қарыздарын төлеуден бас тартады... Ақбаев түрлі жиындарда қазақ халқын орыс патшасының билігінен оқшаулау жөнінде мәселе көтерді... Қазақ арасында осындай зиянды әрекеттерімен көрініп жүрген Ақбаев елге зиянды әдебиеттер де таратқаны белгілі болып отыр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   22   23   24   25   26   27   28   29   ...   44




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет