ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА
(Әдеби-сазды кеш)
Безендірілуі: Кітапхананың оқу залы. Мұғалімдер күніне арналған “Ұстаздарым, думан болсын әр күнің” атты кітап көрмесі ұйымдастырылған. Плакатқа жазылып нақыл сөздер, түрлі-түсті шарлармен ілінеді, гүлдермен әсемделінген.
Қатысатындар: Жүргізушілер, оқушылар
Жүргізуші: Құрметті Ұстаздар! Сіздерді мұғалімдердің кәсіби мерекесімен құттықтаймыз. “Ұстаз – ұлы тұлға” атты әдеби-сазды кешімізді бастаймыз.
Ұстаз!
Осынау сөзде қаншама мән-мағына жатыр десеңізші! Ұлағатты ой иелері де, арман оты жүрегінде алаулаған жеткіншектер де, парасатты қоғам қайраткерлері де бір адамға қарыздар. Ол – Ұстаз! Алғаш “Әліппенің” бетін ашып, әріп танытқан, өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен орын алады ғой.
Ұстаз да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.
Бірінші оқушы: Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Сондықтан да ұлы ақын Абайдың:
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға, - деп айтуында терең мағына жатыр.
Егер әр адамның жүрегінде ізгілік сәулесі болса, ол – мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің жүрегіне сіңіру үшін қаншама тер төкті десеңізші! Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?!
Екінші оқушы: Айтсаң, жеткіншектердің жүрегіне ізгілік сепкен, тәрбиелеген мұғалімнің еңбегін айт! Шынында, ұлы да ұлағатты еңбек емес пе?!
Үшінші оқушы: Әр жылдың қыркүйек айында ұстаздар өзінің сүйікті шәкірттерімен жүздеседі. Мектептің маңдайшасындағы “Хош келіпсіздер!” деген сөздерден ұстаздардың дарқан жан дүниесі аңғарылады. Қоңырау үні сыңғарлай естіледі. Кішкентай бүлдіршін күліп қойып, жез қоңырауды соғып тұр. Ол үшін бұл жай ғана қоңырау емес, қол бұлғап, алға қарай шақырған өмір қоңырауы іспетті.
Барлығы хормен:
Қоңырау үні үзілмесін, ұстаз! Әуелей берсін, әсем сазды жез!
Қоңырау үні! Еңбегің жансын, сүйікті мұғалім! /Осы сөздер айтылып жатқанда қалған оқушылар сахнаға шығып, бастаушылардың артына тұра береді. Хормен “Ұстазым” әні орындалады.
Бірінші оқушы: Білімнің кәусар бұлағын
Жүресің құйып санама
Біз үшін сенсің, мұғалім,
Ұстаз да, ғалым, дана да.
Екінші оқушы: Қыр-сырын зерттеп заманның,
Ұлылығын айтып бабамның
Өнеге, өріс беретін
Барометрі сенсің адамның.
Үшінші оқушы: Сағыныш сазы толқытқан,
Арнамақ сөздің мәйегін.
Шәкірттерің оқытқан
Келіп тұр жолдап сәлемін!
Төртінші оқушы: Өмірдің ұғып тереңін,
Өркен жайған қауымым
Қабыл ал жүрек сәлемін,
Құлақта сенің әр үнің!
(Бір оқушы мұғалімдерге арнап ән орындайды)
Бесінші оқушы: Ұстаздардың ұлағатты сөзінен,
Өмір бойы таусылмас нәр аламыз.
Ұстаздардың мейірімді көзінен,
Бізге деген жылылықты табамыз.
Алтыншы оқушы: Ұстаздар! Қандай ғажап халықсыздар!
Шәкіртке шыңдай биік алыпсыздар.
Жан біткен жанарына нұр сыйлаған,
Күндей боп күлімдеген жарықсыздар.
Жетінші оқушы: Жаралған жақсы үміт пен мұраттардан,
Жансыздар әлдилеген шуақты арман.
Жатталсын есімдерің жан жүректе,
Адамның аяулы әні сияқталған.
Сегізінші оқушы: Жүрегіміз түкпірінен ән қылып,
Шырқай оған айттық біздер тілекті.
Ұстаз аты биік, әрі мәңгілік,
Тербетеді сезім менен жүректі.
Тоғызыншы оқушы: Бірге өсіп, ен жайлаған ұл менен қыз,
Асыға сәлем жолдап жүректен біз.
Тәтті күй, асқақ ән мен әсем биді,
Сіздерге тарту етіп ұсынамыз.
(Бір-екі ән, немесе би биленеді)
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар! Белгілі жазушы, ұстаз,
сықақшы Әдібай Табылды ағамыздың
“Ұстаздық оңай ма?”
атты скетчінің көрінісін қабыл алып,
тамашалаңыздар!
Қатысушылар: Әділет – еңбек ардагері, Тәлтік – жас мұғалім.
Сахнаға Әділет шығады.
Әділет: Амансыңдар ма, ардақты шәкірттерім менің?!
Шат-шадыман болып, Тәлтік келеді.
Тәлтік: Ассаламалайкум, ағай! Сәләмет саусыз ба? Денсаулығыңыз...
Әділет: Кел, айналайын! Әке-шешең аман ба? Қандай жаңалығың бар?
Тәлтік: Бәрі жақсы, ағай... Мен өзіміздің мектепке мұғалім боп келдім.
Әділет: Өз ауылыңа келгенің жақсы бопты. Келген қадамың құтты болсын!
Тәлтік: Ағай, осы... ауылға, атаға бөлу, меніңше, дұрыс емес...
Әділет: Мен ауылға, атаға “бөлейін” деп тұрған жоқпын. Өз ұстаздарыңның мұрагері болғаныңа қуанып тұрмын.
Тәлтік: Ағай, өзіңіз білесіз, мені бастауыш сыныпта республикаға белгілі Тәлім ағай тәрбиеледі емес пе?
Әділет: Білем...Білем... Тәрбиең жаман болған жоқ...
Тәлтік: Баста білім бар, диплом қалтада! Енді ұстаздық істің қызығын көрсек деп, салып-ұрып жүрміз, ағай.
Әділет: Сабыр ет, балам! Саған айтарым: сен шәкірттеріңнің алғашқы үш сынағынан мүдірмей өтсең, нағыз ұстаз боласың.
Тәлтік: Ха-ха-ха! Хи- хи- хи! Менен сынақ алатын кім олар, ағай?!
Әділет: Күлме, балам! Жеңіл күлкі жетесіздік болады. Сынақ...
Тәлтік: Ол қандай сынақ, ағай, айтыңызшы?!
Әділет: Сен алғашқы сабаққа барғанда, біріншіден, киген киімің шәкірттер жиіркенбейтіндей, үстіңе қонымды, бойыңа жарасымды болсын. Екіншіден шәкірттерің қандай сұрақ қойса да, оларды қақпаламай, қанағаттандыра жауап бер. Үшіншіден, олардың әуелгіде әдейі көрсеткен оқыс қылықтарына шыдап, сабырлылықпен тәлімді тәсіл қолдана біл...
Тәлтік: Ағай, амандық болса, бұл сынақтардан “қолпарақсыз -ақ” өтем!
Әділет: Егер ең алғаш жеңіл мінез көрсетсең, оқушылардың оғаш қылықтарының оты қаулап кетеді.
Тәлтік: Ха-ха-ха! Қойыңызшы, ағай... Олар, сонда, қандай қылық көрсетеді?! Ұлағатты ұстазын сыйлай алмаған шәкірт оңа ма?!
Әділет: Алғаш жеңіл мінезіңді байқап қалса, кластағы отыз оқушы, отыз түрлі қиқарлық көрсетуі мүмкін.
Тәлтік: Оқушыларды сонша сорақылыққа жібере қоймаспын, ағай...
Әділет: Шәкірттер шәлду-бәлду сөзді, шыдамсыздықты ұнатпай, шулап кетсе, ақылың таусылып, жүйкең құриды, масқара боласың.
Тәлтік: Хи-хи-хи! Бірден жүйкем құрып не бопты сонша!
Әділет: Сынып – сиқырлы драма орны. Онда кездейсоқ керемет оқиғалар болуы мүмкін.
Тәлтік: Сыныпта жібі түзу оқушылар да болатын шығар?! Тіпті...
Әділет: Сабақ үстінде сол “жібі түзу” оқушыларды таба біл де, солар арқылы әдепті әдіс қолданып, сабырлылық мінез көрсет.
Тәлтік: Мен, амандық болса, Тәлім ағайдың тәсілін қолданам.
Әділет: Ол қандай тәсіл еді?
Тәлтік: Сабақ үстінде қыңқ еткен оқушының басына сызғыштың жалпақ жағымен сарт еткізем. Ол менің сөзімді тырп етпей тыңдайтын болады. “Баланы бастан” деген емес пе атамыз?!
Әділет: Балаға кешірімді болу керек. Ұру – қылмыс, қорқыту – кінә!
Тәлтік: Ағай, сіз қызық екенсіз! Жетесіздер желігіп, кешірген сайын кесірленіп кетпей ма? “Әркім қорыққанның құлы”. Біз Тәлім ағайды қорыққанымыздан сыйлайтынбыз.
Әділет: “Кең болсаң, кем болмайсың”. Сабырлылық, салауаттылық, салтанаттылық – ұстаздық қасиет. Онсыз болмайды, балам.
Тәлтік: Ағай, балаға қатал болмасаңыз, ол қағынып кетеді. Ондай қағындылықты өз басымыздан да кешіргенбіз.
Әділет: “Қаталдық” дегенді қорқыту, ұрып-соғу деп түсінсең, қателесесің. Балаға қатаң талап қоя біліп, оның орындалуын ерінбей-жалықпай қадағалау керек... Қаталдық – сол.
Тәлтік: Мына сөзіңіз мишығыма қона бастады, ағай. Бұл – дұрыс.
Әділет: Дұрыс болса, солай. Оқытушы оқушылардың алдында ұлы бейнені орындап тұрған актер іспеттес болу керек.
Тәлтік: Ха-ха-ха! Ағай, мен бес жыл ұстаздық оқуды оқып келіп, енді балалардың алдында “әртіс” болуым керек пе?
Әділет: Күлкісі жоқ, балам! Ұстаз - әрі актер, әрі философ, әрі шәкіртінің ата-анасы, қамқоршысы, қадірлі жақыны.
Тәлтік: Мына сөздеріңіз ойыма орналаса бастады, ағай.
Әділет: Баланың алдында байыпты болу, оларды жақсы көріп, білім бере білу – нағыз ұстаздық, ұлылық қасиеттер.
Тәлтік : Бала қағынса, қабақ түймей, даурықса, дауыс көтермей, қалай шыдауға болады, ағай-ау?! Мынау бір қиямет екен...
Әділет: Ұстаз болу оңай емес! Қасиетін тауып, қадірлей білсең, бала қағынбайды, қайта абырой сақтап, ақыл жинайды.
Тәлтік: Енді түсіндім, ұстаз болу қиынның қиыны сияқты ғой... Мен қайтсем жақсы ұстаз бола аламын?!
Әділет: Ұстаздыққа ұстамдылық керек...
Тәлтік: Сол ұстамдылық қасиет менде жоқ па деп қорқа бастадым...
Әділет: Міне, енді ұстаздық әрекет басталды. Өз кемшілігін білген адам сол кемшілікті жоя да біледі.
Тәлтік: Қияметтей қиын жұмысқа шыдамым жетсе жақсы болар еді.
Дауыс: Ұстаздық іс – қиын күрес, мұндай зіл:
Ұстаз болсаң, шыдамыңды шыңдай біл!
Жүргізуші: Құрметті ұстаздар! Біздің кешіміз осымен аяқталады. Халықтың нұрлы ертеңі үшін, ел игілігі жолында атқарып отырған еңбектеріңіз жемісті болсын! Шәкірттеріңіз еліміздің мәртебесін өсіріп, көсегесін көгертер асыл азаматтар болып өссін! Мына ән сіздерге арналады. Қабыл алыңыздар!
(“Ұстазға” әні орындалады. Өлеңін жазған Сәбит Мұқанов. Әнін жазған Қабділрашид Қайым).
МЕРЕКЕЛЕРІҢІЗ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
(Шәкірттердің ұстаздарын құттықтауы)
Көркемсөз оқушы:
Тойлайды бұл күнді көптен,
Біздің байтақ, бақытты ел.
Ұстаздарын шын жүректен,
Құттықтайды шәкірттер.
Арналады ұстаздарға,
Құрмет деген, төр деген.
Біздің елде адам бар ма,
Ұстаз алдын көрмеген.
Мерекемен құттықтаймыз,
Мұғалімін әр пәннің.
Ұстаздарды көреміз біз,
Шұғыласындай әр таңның.
Сіздер біздің өлеңіміз,
Сіздер біздің әніміз.
Тәртіпті боп үнемі біз,
Беске оқимыз бәріміз.
Бірінші көрініс
Бірінші оқушы:
Шыбықтай едік алтыдан жаңа асқанда,
Бірінші сынып есігін жаңа ашқанда.
Екінші оқушы:
-“Ботам” деген сөзді ғана білуші ек,
“Атан” деген сөзді әлі білмеуші ек.
Үшінші оқушы:
-“Апам” деген сөзді ғана білуші ек,
“Отан” деген сөзді ғана білмеуші ек.
Төртінші оқушы:
-Білім бар теңіз: болмайды екен мүлдем шек,
Біз сізге қарап: “Үйренсек”, дедік, - үйренсек!”
Бесінші оқушы:
Ардақты ұстаз! Рақмет Сізге, рақмет!
Екінші көрініс
Бірінші оқушы:
-Үлкендерді сыйлауды,
Құнды кітап жинауды
Екінші оқушы:
-Адалдарды сүюді,
Тентектерді тыюды,
Үшінші оқушы:
-Оқуды ауыр көрме! – деп,
Ылғи да алға өрле! – деп,
Төртінші оқушы:
-Жақсы істерді құп ал! – деп,
Досың үшін қуан деп.
Бесінші оқушы:
-Санамай жылдың күн, айын,
Баулыдыңыз ұдайы
Алтыншы оқушы:
- Ұсындыңыз қол үшін:
Рақмет Сізге сол үшін!
Үшінші көрініс
Бірінші оқушы:
- Ақылыңызды тыңдаған
Шәкірттеріңіз мыңдаған.
Екінші оқушы:
-Етеді еңбек әр елде:
Жаяды атын әлемге!
Үшінші оқушы:
-Емші атанған шәкірт те,
Елші атанған шәкірт те...
Төртінші оқушы:
-Кәсіпкер де, мұғалім,
Журналист те, не ғалым...
Бесінші оқушы:
-Ақын шәкірт табылар,
Батыр шәкірт тағы бар...
Алтыншы оқушы:
-Біз үшін қиған уақытын
Өлшеп көр ұстаз бақытын!
Хормен:
Кеңейткен ойдың өрісін
Рақмет Сізге сол үшін!
Төртінші көрініс
Бірінші оқушы:
-Ұстазымыз алғашқы
Ғұмыр бойы жолбасшы!
Екінші оқушы:
-Қалдырмаймыз Сізді ұятқа!
Сіз үйреткен ақылмен
Талпынамыз мұратқа!
Хормен:
-Берекелі заман болсын,
Шәкірттеріңіз аман болсын!
Жиырма бірінші ғасырда
Сіз жасайсыз сансыз шәкірт.
ӘН – ЖЫР ШАШУ...
ҰСТАЗҒА
Өлеңін жазған Сәбит Мұқанов
Әнін жазған Қабділрашид Қайым
Мұғалім.
Бұл – адамның ардақты аты.
Білімдік бар биікке шығар саты.
Ең алғаш басталады осы адамнан.
Сүйеді, сондықтан да жақын жаты.
Қайырмасы:
Жаса, ұстаз, қарышта, қарышта,
Жетсін даңқың алысқа, алысқа!
“Мұғалім” – деп жырлаймыз –
Барсақтағы Марсқа!
Бақытқа жол бастаған көсем бол – сен,
Бал тамған таңдайыңнан – шешен бол сен,
Батыр бол қол бастаған, тағы сондай
Салада қанша биік өсе бер – сен.
Қайырмасы:
Жаса – сен: қай жағдайда, қай заманда.
Әрдайым міндеттісің бір адамға:
Былайғы жақын түгіл, оның орнын
Көрген жоқ басып, туған ата–анаң да.
Қайырмасы:
Білімнің шарлағанда талай өрін,
Жаңалық ашқан шақта нелер керім,
Бар адам, барлық қауым мұғалімді
Сыйлайды мәңгі–бақи беріп төрін.
Қайырмасы.
МҰҒАЛІМ ОЛ БІЗДІҢ
Сөзі М.Әлімбайдыкі
Әнін жазған И.Нүсіпбаев
Білімнің кілтіндей
“Әліппе” ұстатқан,
Оқуға іркілмей,
Тоқуға ұстартқан,
Қамқоры ұл–қыздың –
Мұғалім ол біздің.
Қиынға төзуге
Үйреткен қашанда,
Жаманнан безуге
Жақсылық жасауға,
Қамқоры ұл-қыздың –
Мұғалім ол біздің.
Атай да сыйлайтын,
Атамның тұстасы,
Папам да сыйлайтын,
Ауылдың ұстазы,
Қамқоры ұл-қыздың –
Мұғалім ол біздің.
ҰСТАЗЫМ
Өліңін жазған: С.Тойлыбаев
Әнін жазған: М.Ташенов
Көтеріп жүктің салмағын,
Жолында өмір талмадың.
Мерейің қандай шуақты,
Ұстазым – асыл арманым!
Қайырмасы
Балғындарға баянды,
Сырын төккен – ұстазым!
Шәкіртіне аяулы
Нұрын төккен – ұстазым!
Есімде мәңгі қалдың да,
Жүректе ән боп жандың ба?
Есейіп бүгін кетсем де,
Шәкіртпін ұстаз алдында!
Қайырмасы:
Білім – ойдың сұлуын
Асу еткен – ұстазым!
Жүрегінің жылуын,
Шашу еткен – ұстазым!
МЕЙІРБАН ҰСТАЗДАР
Өлеңін жазған Қ. Жұмағалиев
Әнін жазған Ж. Еңсепов
Жайраңдап көктемім,
Күледі көкте күн.
Құшағын тұр жайып
Аяулы мектебім.
Қайырмасы:
Мейірбан ұстаздар,
Санама нұр құйған
Ұстазым көп менің.
Биікке өрлеген,
Тайсалып көрмеген
Ұрпақпыз, кеудесін
Қуаныш кернеген.
Ұстаз деп ән шырқап,
Күй төккен пернеден.
Қайырмасы:
Елімнің даласы,
Ауылы, қаласы,
Кәрісі, жасы да,
Кемеңгер данасы
Қарыздар ұстазға
Адамзат баласы.
АҚЫЛШЫМ – МҰҒАЛІМ
Әнін жазған Сайболат Жанғабылов
Өлеңін жазған Әнуарбек Дүйсенбиев
Сәбилік көңілден
Арналды бұл әнім.
Баулитын өмірге
Ақылшым –
мұғалім.
Қайырмасы:
Тіліңді аламын,
Айтқанды ұғамын.
Мен сендей боламын,
Ақылшым - мұғалім.
Арқаңда өзіңнің
Адам боп шығамын.
Бәрі алтын сөзіңнің,
Ақылшым – мұғалім.
Қайырмасы.
МҰҒАЛІМ
Мұғалімді анамдай жақсы көрем,
Қиналамын қымбат теңеу таба алмай.
Өз баласын тастап кетіп үйіне,
Ел баласын оқытады, ой, Алла – ай.
Мұғалімді жақсы көрем сезімтал,
Үлгі етемін өнегелі сөзін бал.
Мұғалімнің мұғалімін танимын,
Көкіректе көретұғын көзім бар.
Қымбат Әбілдақызы.
МЕНІҢ ҰСТАЗДАРЫМ
Кәсібім жастайымнан ән мен өлең,
Әзірбай әкем екен, атым Кенен.
Өнерім бойымдағы жалғыз осы,
Сұрасаң сырыңды айт деп халқым менен.
Анам Ұлдар әнші екен, әкем де ақын,
Ұстазым Сарбас ақын дүрілдеген.
Шашубай мен Шолақтың әнін естіп,
Мен де сондай болсам деп дірілдегем.
Ақындардың дүлдүлін сонда көрдім,
Даусын естіп Жәкеңнің күмбірлеген.
Қырғыздың Тоқтағұл мен Қалмырзасы,
Еліктіріп әкетті жырыменен.
Кенен Әзірбаев
БІЗДІҢ АЛҒАШ МҰҒАЛІМ
Ақ шатыры болмаушы еді,
Тастан салған шеткері,
Бізге білім ордасы еді
Шағын ауыл мектебі.
Жан-жақтан кеп ертеменен
Жиналатын балалар,
Қолдан тіккен сөмкелердің
Бұрышында қара нан.
Ұлдар керзі етігімен
Ерсі еді келмесе,
Үсте шинель етегінен
Кесіп тіккен кеудеше.
Жыл өтетін іздеуменен
Жетпес оқу кұралын,
Үйрететін біздерге өлең
Бір қолы жоқ мұғалім.
Қатты сөйлеп күледі жәй
Үйретіп бар білгенін,
Қара костюм киеді ұдай
Қалтаға сап бір жеңін.
Жылдар өтті есті жидық
Ұмытылды қиын күн,
Ақ белдемше форма кидік
Орны толды-ау киімнің.
Түлеп үштық сан тарапқа
Қара танып ауылда,
Арамызда бар талапты
Дәрігер де, ғалым да.
...Бүгін колхоз қарауында
Қойма – мектеп үйінде,
Ал мұғалім қарауылда
Сол мектепте бүгін де.
Ұстазы деп бүгін көптің
Сыйлайды ауыл баласы,
Бірақ әлі жалғыз оқтың
Жазылған жоқ жарасы.
Ақұштап Бақтыгереева
СҮЙІКТІ ҰСТАЗЫМ – МЕКТЕБІМ
Қызықты каникул кезінде
Асыр сап ойнадық, дем алдық,
Сүйікті мектебім, өзіңе
Қуанып қайтадан оралдық.
Гүл тердік тоғайда, орманда,
Шіркін-ай жайдары жаз қандай
Төл күтіп жайлауда,
Қырманда,
Бидайды жинастық маржандай.
Сәулесі әйнекке шағылып,
Нұр төкті класқа көкте күн.
Келдік біз оқуды сағынып,
Сүйікті ұстазым – мектебім.
Шона Смаханұлы
ІЛТИПАТ
(КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Қанипа Бітібаеваға)
Лапылдаса қызулықпен от-жаның
«Сабаңа түс, саспа»- дейді, “тоқтағын”
Бағыт беріп бейне темірқазықтай,
Көңіліңе сызар өмір соқпағын.
Болашақтан сенім жібін үзбеген,
Халыққа тек жарық таңды іздеген,
Құлазитын жалғыз қалса көңілі,
Бақыты оның оқушымен, бізбенен.
Ақ түссе де шаштың әрбір талына,
Жүк түссе де нар көтермес жанына,
Жаңарады жаңа оқу жылымен
Тосар сені жеткен кезде сағына.
Дүниеде таусылмайтын сырды ашып,
Кейде алатын құрдасындай сырласып,
Кейде қатал – тезге салып алатын,
Кейде күндей – күлімдейді нұр шашып.
Шәкірттерін азамат қып саналы,
Ұстаз-ана дана бола алады.
Ең бастысы, ұстаз мынау өмірде
Ұлағат боп, ұлылық боп қалады.
Тоқтарбек Хамзин
ҰСТАЗ
Мейлі жас, мейлі кәрі бол,
Дана деп сені, пана деп сені үғамын.
Көктемсің нұр мен нәрі мол,
Диқансың және, кеншісің және Мұғалім!
Қалыпшы деп те айта алам,
Құрыштай құйып, шыңдайсың балғын жас жанды.
Мектептен түлеп майталман,
Батырдың жолы, бақыттың жолы басталды.
Анадай бесік тербеткен,
Түн қатып сансыз дәптерге қанша түнейсің!
Суарып білім-шарбатпен,
Дүниеден бізге жақсылық қана тілейсің.
Жұбан Молдағалиев
МҰҒАЛІМ
Сөзі бойға ексе білім қуатын,
Көзі зерттеп жан-дүниеңді ұғатын.
Қайда жүрсем бірге ұстаз бейнесі,
Іс-қимылы аңсар арман – мұратым.
Күллі өмірін жеткіншекке арнаған,
Мұғалімді ардақтамас бар ма жан.
Ол мектептен шықпаса да қысы-жазы,
Жемісі оның жердің жүзін шарлаған.
Бала десе ойламайды өз қамын,
Көрсем дейді күнге де қол созғанын.
Шын жүректен жатса-тұрса тілейді,
Шәкіртінің өзінен де озғанын.
Адам бар ма мұғалімнен жаны ізгі,
Аялаймын олар басқан әр ізді.
Арманым не алабына қадірлі,
Өнегелі болсам ұстаз тәрізді
Олар үлес қосар сана-ақылға,
Мың алғыс бір сабағына татыр ма?
Болуды мен санаймын ең зор бақыт,
Мұғалімдер армиясы сапында.
Оразақын Асқар
ҰСТАЗДАРЫМА
Айтарым менің көп тегі,
Тыңдаудан әсте жалықпан.
Күлімдеп тұрған көктегі
Күнді де маған танытқан,
Айналдым ұстаздарымнан.
Еңбектеп үйге кіргенде,
Еңбекте-бақыт, соны ұққам.
Адасып түнде жүргенде
Алаулап от боп жолыққан,
Айналдым ұстаздарымнан.
Ақ қылау түскен самайға
Шәкірттің ұғар ойлысы.
Ұстаздық ауыр қалайда,
Төзе алмас еді жай кісі,
Айналдым ұстаздарымнан.
Байыппен айтқан ақылын,
Самалдай егіп санама.
Өмірде мәңгі жақыным-
Ұқсаған туған анама,
Айналдым ұстаздарымнан!
Ақылын ойдан сарп етіп,
Ақ моншақ маңдай терімен.
Қияннан сонау жарқ етіп
Құздардан күнде көрінген,
Айналдым ұстаздарымнан!...
Оспанәлі Иманалиев
ҰСТАЗДАРҒА
Ұстаз – ұлағатты зиялылар,
Сендерде ғалымдардың қиялы бар,
Ағайын, тойларыңа тарту етем,
Ақыннан әриялы сый алыңдар!
Ұстаздар – тыншымайтын еңбеккерлер,
Жемісті жерге екпеген, елге еккендер
Адамзат ұрпақтарын тәрбиелеп,
Зердесін болашақтың зерлеткендер.
Жайдары жүздеріңе барқыт көрік
Жаныңның бар асылын сарқып беріп
Жас буын - өнегелі шәкірттерді
Жүрсіңдер өз балаңнан артық көріп.
Анадай, құс ұйқымен көз ілдірер
Арманын аласартпас, сезімділер
Бағбандай, мәуелі бақ мәпелеген,
Бала үшін бар азапқа төзімділер.
Жақсылық атаулыға жаршы жандар,
Жамандық атаулыға қарсы жандар,
Баланы сусындатып өсіруге,
Білімнің бұлақ көзін аршығандар.
Ұстаздар – ұлағатты зиялылар,
Сендерде ғалымдардың қиялы бар.
Ағайын, тойларыңа тарту етем,
Ақыннан әриялы сый алыңдар!
Зиядин Әбдуәлиев
ШӘКІРТ ШАҚТА ЖЫЛЫ ЖҮЗБЕН ҚАРАСЫҢ.
Еміс есте отты көзің жанатын,
Құлшынысың бар күшіңді салатын.
Балапаның ұшып кетті-ау алысқа.
Қатайтып ап өз алдыңнан қанатын.
Оқу – құдық инемен қазатын,
Шәкірт біткен содан арып-азатын.
Бұл күндері бір-бір үйдің иесі,
Шимайбектер атын әрең жазатын.
Кешір, ұстаз, түртсем жанның жарасын,
Естіртсем мен әлдекімнің табысын.
Өмір деген – тым күрделі дүние-ау
Айту қиын өлшеп оның бағасын.
Өрікбай Мұсаев
ҰСТАЗЫМ
Қадіріңді кезінде
Білмепті ғой ұланың.
Қазір әрбір сөзіңе,
Елеңдейді құлағым.
Бірдей етіп ұстадың,
Демей бізге бөтенсің.
Кейде ақылын ұстаздың,
Сағынады екенсің.
Сол ұстазға жаны нұр,
Демен үлкен адаммын.
Есейсем де бәрі бір,
Баяғы шәкірт, балаңмын.
Жеңіс Қашқынов
Достарыңызбен бөлісу: |