3.5 Қазақ жері: «ақтар» мен «қызылдардың» текетірес күрестерінің аясында. Алашорда үкіметінің қазақ әскери жасақтарының іс-қимылдары. Қазақ халқын таптық тұрғыдан екіге бөлу. Соғыс қимылдарының бүкіл қазақ өлкесін қамтуы. «Әскери коммунизм» саясатының қазақ өлкесіндегі арандату әрекеттері.
Қазақстан азамат соғысы жылдарында — жұмысшы-шаруа Кеңестерінің орталықтағы және жергілікті жерлердегі билікті басып алуы алғашқы күннен-ақ құлатылған таптардың қарулы қарсылығын туғызды. Азамат соғысы билік үшін күрестің жалғасы болып шықты, сондықтан 1917 жылғы Қазан қарулы көтерілісі мен Азамат соғысының арасында айқын шек болмады. Ел 1917 жылғы 25 казаннан бастап Азамат соғысы жағдайында өмір сүрді немесе бұл дата елді таптық белгісі бойынша бір-біріне жау екі лагерьге бөліп тастады, арадағы күрес бітіспес қанды қырғынға ұласты.
Қазақстанда Азамат соғысы ошақтарының бірі Орынбор губерниясы мен Торғай облысының әкімшілік орталығы Орынборда — казак атаманы Дутовтың 1917 жылы қарашаның аяғында Кеңес өкіметін құлатып, Кеңестердің II Бүкілресейлік съезінің делегаты С. Цвиллинг бастаған революциялық комитетті тұтқындауымен пайда болды. Жоғарыда айтылғандай, 1917 жылы 5—13 желтоқсанда Орынборда «Алаш» партиясының II Бүкілқазақ съезі болып өтті. Съезде Уақытша халықтық кеңес — «Алашорда» (Алаш автономиясы үкіметі) құрылды. Азамат соғысы басталысымен Алашорда бастаған және Кеңестер мен большевиктерді қолдаған екі жақ бір-біріне қарсы тұрды