Учебно-методический комплекс Мамандық /Специальность 0105000 «Бастауыш білім беру»



бет17/91
Дата29.03.2022
өлшемі1,03 Mb.
#137091
түріУчебно-методический комплекс
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   91
Байланысты:
anatomiya platonus zhbb umk 3

Ми сауыты немесе ми қорабы (neurocranium,s. Cranium cerebrale) бөлімі мидың сыртқы сүйектік қорабын және көру, есту-тепе-теңдік мүшелерінің сүйектік негізін құрайды. Ми сауытын төрт тақ: шүйде, төбеаралық, торлы, сынаша сүйектер және төрт жұп: самай, маңдай, төбе, қанатша сүйектер құрайды.
Шүйде сүйек (затылочная кость) — os occipitale — ми сауытының артқы жөне төменгі қабырғаларын жасауға қатысады. Шүйде сүйек өз кезегінде үш бөліктен: шүйде сүйек денесінен немесе негізгі бөлік, жұп бүйірлік бөліктен және шүйде қабыршағынан тұрады. Осы аталған үш бөлік ми қорабы қуысы (cavum cranii) мен омыртқа өзегін жалғастыратын үлкен шүйде тесігін (forаmen magnum) шектейді.
Шүйде сүйек денесі немесе негізгі бөлік (pars basillaris) ми сауытының төменгі жағында орналасады. Оның алдыңғы жағы сынаша сүйек денесімен жалғасады. Аталған екі сүйек денелерінің байланысқан шекарасында ет төмпешігі (tuberculum musculare) шығып тұрады. Негізгі бөліктің екі бүйірі жырымдалған тесіктің (foramen lacerum) медиальді жиегін түзеді.
Бүйірлі бөлік (pars lаteralis) ауыз омыртқа — атлантпен байланысып, қарапайым қос білікті шүйде-атлант буынын құрайды. Бүйірлі бөлік шүйде айдаршығынан (condylus occipitalis ) және мойындырық өсіндісінен (processus jugularis) құралған. Осы екеуінің аралығында мойындырық ойығы (incisura jugularis) болады. Шүйде айдаршықтарының негізгі бөлікпен жалғасқан төменгі бетіндегі вентральды айдаршықтарының (fossa condylaris ventralis) түбінде тіласты жүйке өзегі (canalis n. hypoglossi) орналасады. Айдаршықтың жоғарғы жағында дорсальды айдаршық шұңқыры (fossa condylaris dorsalis) болады.
Шүйде қабыршағы (squama occipitalis) бүйірлік бөліктер мен үлкен шүйде тесігінің жоғарғы жағында жатқан шүйде сүйектің жалпақ бөлігі. Оның сыртқы беті желке қыры (crista nuchae) арқылы желке және төбе бөліктерге бөлінеді. Желке бөлігінде сыртқы және ішкі шүйде дөңестері (protuberantia occipitalis externa et interna) көрінеді. Төбе бөлігінің жоғарғы қыры сыртқы сагиттальды қырмен (crista sagittalis externa) жалғасады.
Ерекшеліктері: Жылқыда шүйде сүйек денесінің пішіні цилиндр тәрізді, мойындырық өсіндісі тік болады. Желке қыры айқын білінеді. Сыртқы шүйде дөңесінен төмен желке шұңқыры орналасады.
Сиырда мойындырық өсіндісі қысқа және медиальды бағытта иілген. Жырымдалған тесіктің каудальды бөлігінен жеке мойындырық тесігі (foramen jugulare) қалыптасып, бөлініп тұрады. Тіласты жүйкесі өзегінің тесігі қосарланған екі тесіктен құралған. Желке қырының орнында желке сызығы болады. Сыртқы шүйде дөңесі нашар жетілген.
Қойда сыртқы шүйде дөңесі жақсы жетілген. Тіласты жүйкесінің өзегі жеке тесіктен басталады.
Шошқада мойындырық өсіндісі өте ұзын және вентральды бағытта тік орналасқан. Шүйде қабыршағының пішіні үшбұрышты, оның вентральды жиегі үлкен шүйде тесігін шектеуге қатысады. Сыртқы шүйде дөңесі болмайды. Қартайған қабан мен мегежіннің шүйде қабыршағында қуысты қойнау пайда болады.
Итте мойындырық өсіндісі қысқа болады. Шүйде қабыршағы үлкен шүйде тесігінің дорсальды жиегін жасауға катысады. Шүйде қабыршағында жүп желке төмпешігі (tuberculum nuchale) орналасқан. Желке қыры айқын білінеді. Шүйде қабыршағының төбе бөлігі арқылы сыртқы сагиттальды қыр өтеді.
Сынаша сүйек (клиновидная кость) — os sphenoidale — денеден, жұп самай және жұп көздік қанаттар мен жұп қанатша өсіндіден құралған. Сынаша сүйек денесі (corpus sphenoidale) өз кезегінде бір-бірімен тұтаса байланысқан екі сүйектік бөліктен: артқы — негізгі сынаша (os basisphenoidale), алдыңғы — сынашаалды (osesphenoidale) бөліктерден құралған.
Негізгі сынаша сүйек шүйде сүйек денесімен шектесіп, ет төмпешігін құрайды. Оның мимен жанасатын ішкі дорсальды бетінде түрік ершігі (sella turcica) атты құрылым орналасады. Түрік ершігінің орта тұсында гипофиз шұңқыр (fossa hypophysis) болады. Ол алдыңғы жағынан ершік төмпешігімен (tuberculum selle), ал артқы жағынан ершік арқалығымен (dorsum selle) шектелген. Түрік ершігінің алдыңғы бетіндегі қиылыс сайы (sulcus chiasmatis) сынаша сүйек денесінің бүйіріндегі көру жүйкесі өзегімен (canalis opticus) жалғасады. Сынаша сүйек денесі негізгі бөлігінің оң және сол бүйірлерінен, оң және сол самай сүйектерімен жалғасып жататын жұп самай қанаты (ala temporalis) шығады. Олар ортаңғы бассүйек шұңқырын (fossa cranii medialis) жасауға қатысады. Сынаша сүйек денесі негізгі бөлігінің оң және сол самай қанаттарының каудальды жиектері жырымдалған тесіктерді шектеуге қатысады. Самай қанаттарының ішкі беттерінде мидың аттас бөліктерімен жанасатын алмұртша шүңқырлар (fоssa piriformis) болады. Сынаша сүйек денесі негізгі бөлігінің екі бүйір бетінен вентральды бағытта оң және сол қанатша өсінділер (processus pterygoideus) шығады. Олар латеральды бағытта таңдай, медиальды бағытта қанатша сүйектермен жалғасып жатады. Қанатша өсінділердің алдыңғы жиектеріне жақын жатқан қанатша қыр (crista pterygoidea) болады. Аталған қырдың алдыңғы бетінде үш тесік көрінеді. Олар: көру өзегі (canalis opticus). көздік саңылау (fissura orbitalis) және дөңгелек тесік (foramen rotundum). Қанатша қыр сынаша сүйектің көздік қанатындағы көздік қырмен жалғасып, көздік-қанатша қырды (crista orbitosphenoidalis) түзеді. Сынаша сүйек денесі сынашаалды бөлігінің екі бүйірінен краниодорсальды бағытта жұп: оң және сол көздік қанат (ala orbitalis) шығады. Көздік қанат көздіктің (көз шарасының) медиальды қабырғасын құрайды. Көздік қанат пен маңдай сүйектің көздік бөлігі аралығында, көру езегінен жоғарырақ орналасқан торлы тесік (foramen ethmoidale) көрінеді. Сынашаалды сүйек денесінің алдыңғы бөлігінде сынаша қойнауы (sinus sphenoidalis) болады. Бұл қойнаудың қуысы орталық перделікпен екіге бөлініп, көршілес жатқан сүйектердің қуыстарымен жалғасады.
Сынашаалды сүйек денесінің мимен жанасатын ішкі бетінің алдыңғы жағында, әтеш айдарының (crista galli) негізін түзетін сынаша тұмсық (rostrum sphenoidale) көрінеді. Ал сынаша сүйек денесінің каудальды жағымен қиылыс сайы өтеді.
Сынашаалды сүйек денесі екі бүйірінің оң және сол жағында, краниодорсальды бағытта жатқан көздік қанат — көздіктің медиальды қабырғасы мен ми сауыты ішкі бетінің алдыңғы бассүйек шұңқырын (fossa cranii rostralis) кұрауға қатысады.
Қанатша сүйек (крыловидная кость) — os pterygoideum — жұқа тақташа тәрізді жұп сүйек. Ол сынаша сүйектің қанатша өсіндісі мен таңдай сүйектің тік тақташасына жабысып тұрады. Шошқада қанатша сүйек пен сынаша сүйектің қанатша өсіндісінің артқы жағында қанатша шұңқыр (fossa pterygoidea) болады. Қанатша сүйектің төменгі жиегі ілмектеніп тұрғандықтан, оны қанатша ілмегі (hamuius pterygoideus) — деп атайды. Әр түрлі жануарлар қанатша сүйегінің құрылысындағы ерекшеліктер, негізінен оның пішініне байланысты. Сиыр мен ұсақ малдарда қанатша сүйек ұзын және жалпақ, жылқыда жіңішке және ұзын, шошқа мен итте қысқа және жалпақ болып келеді.
Самай сүйек (височная кость) — os temporale — ми сауытының екі жақ бүйір қабырғасын және артқы бассүйек шүңқырын, тепе-теңдік және есту мүшелерінің қаңқасын жасауға қатысады. Самай сүйектің артқы жиегі шүйде сүйекпен, дорсальды жиегі төбе және маңдай сүйектермен, алдыңғы жағы сынаша және бет сүйектермен, ал төменгі жиегі тіласты және төменгі жақ сүйектерімен шектеседі. Ол үш бөліктен: қабыршақтық, дабылдық және тастық бөліктерден құралған.
Самай сүйектің кабыршақтық бөлігі (pars squmosa) төбе сүйекке жалғасып, самай шұңқырының (fossa temporalis) ішкі қабырғасын құрайтын жалпақ сүйек. Оның сыртқы самай бетінде (facies temporalis) самай бұлшық еті орналасады. Қабыршақтық бөліктің дорсальды төбе жиегінің (margo parietalis) артқы жағы шүйде өсіндісіне (processus occipitalis), ал алдыңғы шеті сынаша жиекке (margo sphenoidalis) жалғасады. Шүйде өсіндісінен вентральды бағытта сыртқы есту жолы тұсында, тастық-дабыл өсіндісі (processus purpotympanicus) ажырайды. Аталған өсінділер аралығында дабыл ойығы (incisura tympanica) жатады. Шүйде өсіндісінің медиальды бетінде және тастық бөліктің емізікше өсінділері мен төбе сүйегі аралығында самай жолы (meatus temporalis) орналасады. Бұл бөліктен шығатын бет өсіндісі (processus zygomaticus) алдымен латеральды, одан соң, краниальды бағытқа бұрылып, бет сүйектің самай өсіндісімен (processus temporalis) қосылып, самай шұңқырының сыртқы қабырғасын шектейтін бет доғасын (arcuszygomaticus) құрайды. Оның дорсальды жиегі өткір қырлы болып келеді. Сондықтан, оны самай қыры (crista temporalis) — деп атайды. Бет өсіндісінің вентральды бетінде төменгі жақ сүйекпен буынды байланыс түзетін буын төмпешігі (tuberculum articularis) бар. Оның артқы жағында төменгі жақ шұңқыры (fossamandibularis) орналасады. Осы шұңқыр мен есту жолы аралығында самай жолына қарай өтетін буынарты тесігі (foramenretroarticularis) көрінеді. Итте буын төмпешігінің орнында буын сайы болады. Ұсақ малдар мен шошқада қабыршақтық бөліктің ми жағындағы бетінде желілік қыр көрінеді.
Самай сүйектің дабылдық бөлігі (pars tympanica) сыртқы есту жолы (meatus acusticus externus) мен іші қуыс дабыл сүйектен тұрады.
Сыртқы есту жолы буын төмпешігінің артқы жағында орналасады. Оның кіреберіс тесігі самай қырынан сәл төменірек орналасады. Есту жолының ішкі бетінде дабыл жарғағы бекитін дабыл сақинасы болады. Есту жолы түбінің артқы жағында тіласты сүйекпен байланысатын бізше өсінді (processus stiloideus) шығып тұрады. Бізше өсінді мен емізікше өсіндінің (processus mastodeus) аралығында бізше-емізікше тесік (foramen stylomastoideus) көрінеді. Бұл тесік арқылы бет жүйкесі шығады.
Дабыл сүйек (nulla tympanica) мойындырық өсіндісінің алдында, шүйде сүйек денесінің латеральды жағында, тастық бөліктің төменгі бетін ала орналасқан қуысты сүйек. Оның алдыңғы төменгі жағында ет өсіндісі (processus muscularis) шығып тұрады. Осы өсіндінің медиальды жағында ет-түтік өзегінің (canalis musculotubarius) тесігін көруге болады. Ет-түтік өзегі ішіндегі ұзынынан өтетін перде (septum canalis musculotubarius) аталған өзекті өз кезегінде бірнеше өзектерге бөледі. Олар: таңдай шымылдығын кергіш бұлшық еттің жарты айшықгы өзегі (semicanalis m. tensoris veli palatini) және есту түтігінің жарты айшықты өзегі (semicanalis tubae auditivae). Бұлардың біріншісі арқылы аталған бұлшық еттің сіңірі өтеді, ал екінші өзек жұтқыншақтың қуысын дабыл сүйегі қуысымен жалғастырып тұрады.
Есту түтігінің сыртқы жағымен кіші тастық жүйкенің өзегі (canalis. рetrosi minoris), ал ішкі жағымен үлкен тастық жүйкенің өзегі (canalis n. petrosi majoris) өтеді. Бұлармен қатар, ет өсіндісі мен сыртқы есту жолы аралығында "дабылдық желі" атты жүйке өтетін өзекше (canalicus chordae timpani) көрінеді.
Самай сүйектің тастық бөлігі (pars petrosum) есту-тепе-теңдік мүшесінің қаңқасын құрайды. Ол самай сүйектің дорсо-медиальды бөлігін құрайды. Тастық бөліктің сыртында самай сүйектің қабыршақтық және дабылдық бөліктері орналасады. Тастық бөліктің емізікше өсіндісі (processus mastoideus) дабылдық бөлік пен шүйде сүйектің мойындырық өсіндісі аралығында орын тепкен. Емізікше өсінді, әсіресе, жылқыда жақсы жетілген. Тастық бөліктің ішкі медиальды бетінде ішкі есту жолына (meatus acusticus internus) апаратын ішкі есту жолының тесігі (porus acusticus internus) айқын көрінеді. Оның жоғарғы жағында, ми қорабының ішкі бетінде мишық шұңқыры (fossa cerebelli) көрінеді.
Ішкі есту жолының қуысында екі тесік болады. Олардың алдыңғы тесігі — ми жүйкелерінің VII жұбы бет жүйкесі өтетін өзекке, ал артқы тесігі — ми жүйкелерінің VIII жұбы есту-тепе-теңдік жүйкесі өтетін өзекке апарады. Бет өзегі (canalis facialis) бізше-емізікше тесігі арқылы сыртқа ашылады. Бет өзегінің ішкі қуысынан дабылдық желі өзекшесі (canalicus chordae tympani) бастау алады.
Ішкі есту жолынан каудальды бағытта екі тесік ажырайды, олардың жоғарғы тесігі — кіреберістік су құбырының сыртқы тесігі (apertura externa aquaeductus vestibuli) де, ал төменгі тесігі — ұлу өзекшесінің сыртқы тесігі (apertura externa aquaeductus cochleae).
Самай сүйек тастық бөлігінің ішкі бетімен жоғарыдан төмен қарай өтетін тастық бөлік қыры (crista partis petrosae) ми қорабы қуысының ішіне қарай еніп, үлкен ми және ромб тәрізді ми бөлімдері орналасқан, бассүйектің ми қорабы шүңқырларын бір-бірінен бөліп тұрады. Тастық бөліктің ішкі бетінде ми жүйкелерінің VIII жұбы есту-тепе-теңдік жүйкесі өтетін ішкі есту жолы (meatus acusticus internus) көрінеді.
Төбеаралық сүйек (межтеменная кость) — os interparietale — тек жас төлдерде анық көрінеді. Ол сақа жануарларда шүйде және төбе сүйектермен тұтаса байланысып кетеді. Жылқы мен итте төбеаралық сүйектің ішкі бетінде ми қорабы қуысының ішіне қарай шығып тұратын желілік өсінді (processus tentorius) болады.
Төбе сүйектің (теменная кость) — оs parietale — алдыңғы жағы маңдай сүйекпен, артқы беті шүйде және төбеаралық сүйектермен, латеральды жиегі самай сүйекпен шектесіп, ми қорабының төбесін және самай шұңқырының ішкі қабырғасын жасауға қатысатын, пішіні жалпақ келген жұп сүйек. Мүйізді жануарларда маңдай сүйектің мүйіз өсінділері күшті жетіліп, ми қорабы төбесін толық алып жатады. Осыған байланысты бұл жануарларда төбе сүйек шүйде қабыршағының желке бөлігі мен самайға қарай ығыса орналасады да, желке тақташасы (planum nuchale) — деп аталады.
Маңдай сүйек (лобная кость) — оs frontale — ми сауытының маңдай бөлігін құрайтын жұп сүйек. Ол орналасу орындарына сәйкес үш бөліктен: маңдай қабыршағы, көздік және мұрын бөліктерінен тұрады. Маңдай сүйектің алдыңғы жағы мұрын және көзжасы сүйектерімен, оның бүйір жиектері таңдай, сынаша және самай сүйектерімен, алдыңғы ішкі және төменгі шеті торлы сүйекпен, ал артқы жағы төбе және төбеаралық сүйектермен шектеседі. Маңдай сүйектің көздік бөлігінде көздікүсті тесік (foramensupraorbitalis) болады. Мүйізді жануарларда бұл сүйектің маңдай қабыршағы бөлігінен мүйіз өсіндісі (processus cornualis) шығып тұрады. Маңдай сүйектің сыртқы және ішкі тақташаларының аралығындағы қуысты маңдай қойнауы (sinus frontаlis) — деп атайды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   91




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет