Сілекей бөлінудің реттелуі. Сілекей бездеріне вегетативті жүйке жүйесінің парасимпатикалық және симпатикалық бөлімдерінен жүйке талшықтары келеді.
Тағам ауызға түскенде бірнеше секундтан кейін сілекей бөліне бастайды. Ауыз қуысының тітіркендіруіне сілекей бездерінің тез жауап қайтаруы — сілекей бөлу жүйке жүйесі қатысында рефлексті түрде іске асырылатынын көрсетеді.
Тағам ауыз қуысына түскенде дәм сезу жүйкелерінің ұшын тітіркендіреді, оларда қозу пайда болады да орталыққа тебетін жүйке арқылы сопақша миға, сілекей бөлу орталығына беріледі. Бұл жерде қозу орталыққа тебетін жүйкеден сілекей бездеріне баратын орталықтан тебетін жүйкеге (симпатикалық және парасимпатикалық)
беріледі де белгілі бір мөлшерде және сапада сілекей бөлінеді. Осылай сілекей бөлетін шартсыз рефлекс жүзеге асырылады.
Сілекей ауызға тағам түскенде ғана емес, тағамды көргенде де бөлінеді. Бұл да рефлекс, бірақ ерекше рефлекс. И.П. Павлов оны шартты рефлекс деп атады. Сілекейдің шартты рефлексті бөлінуі тағам түрі, иісі немесе тәтті тағам туралы әңгіме тамақ ішумен сәйкес келгенде жүзеге асырылады.