Укибаев Рустам Жуманбекұлы
Тараз мемлекеттік педагогикалық
институты «Биология және БОӘ»
кафедрасының аға оқытушысы
педагогика ғылымдарының магистрі,
ҚР «Үздік педагог-2013» медальінің,
ҚР Білім және Ғылым министрлігінің
құрмет грамотасының иегері.
Заманауи білім беруде Кембридж әдістерінің артықшылықтары
Жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді теория мен практикада ұштастыра отырып қолдану
Біз осы заманғы білім беру жүйесінсіз, әрі алысты барлап, кең ауқымды ойлай
білетін осы заманғы мұғалімдерсіз инновациялық экономика құра алмаймыз.
Н.Ә. Назарбаев
«Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей береді, үңіле қарасаң, тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай» – деп Сократ айтқандай Егеменді еліміздің алдыңғы қатарлы отыз мемлекеттің қатарына қосылуға табандылықпен жылжу саясаты қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі өзгерістер енгізіп, жаңа талаптар қойылып отыр. Соның ішінде болашақ ұрпаққа әлемдік деңгейде білім беру мақсатына орай білім мазмұнына жаңаша қарау – басты міндеттердің бірі. Қазіргі кезде білім берудің жаңа жүйесінің жасалынуы, білім мазмұны мен әдіс-тәсілдерінің жаңаруы бәсекелестікке қабілеті мол, шығармашылық бағытта еңбектенетін, ой қабілетімен ерекшеленетін азаматты тәрбиелеуді көздейді.
Сапалы білім – ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш болып табылады. Бүгін ЖОО-да отырған бүлдіршіндер ертең ел тағдырын шешетін азаматтар. Олардың сапалы білім алуын бүгін қамтамасыз ету – мұғалімнің басты міндеті.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез деген қасиеттерімен озады», - деп Абай атамыз айтқандай, озық ойлы білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне үлесін қосып келеді. Осындай қоғамдық әлеуметтік мәдени өзгерістер, дамулар ЖОО-ның оқыту процесіне әсер ететіні сөзсіз. Кез келген оқыту белгілі мөлшерде адамды дамытады. Оқитын пән қаншалықты жаңа, бағалы болса да, мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болсын, мұғалім мен білімгердің өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді. Білімгердің адам ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады. Жаңа технологияның басты мақсаттарының бірі – баланың оқыта отырып, ой еркіндігін, белсенділігін, ізденімпаздығын қалыптастыру, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландыру.
Біз бүгін танысып отырған «Білім берудегі Кембридж тәсілдерінің теориялық негіздері» осы жоғарыда айтылған ұстанымды ұстайды. Яғни, мұндағы бала өзі ізденуші, бір-біріне үйретуші, ал мұғалім бағыт беруші, нұсқаушы. Бұл тәсілдің басқа технологиялардан ерекшелігі жеті модуль арқылы іске асады.
Әйгілі зерттеуші Л.С.Выготскийдің «Дәстүрлі оқыту - бала дамуына тек қондырғы болып, дамуға стихиялы әсер етсе, яғни, «дамудың соңында жүрсе», жаңаша оқыту - «дамытуды өзімен бірге ала жүреді» – деген болатын. Сондықтан тек дәстүрлі оқытумен шектеліп қалмай, оқытушы әрқашан ізденісте болып, өзіне және шәкірттеріне тиімді жақтарын қарастырып отыруы тиіс.
«Сабақ – оқытушының педагогикалық мәдениетінің айнасы», - деп А.Сухомлинский айтқандай, осы жеті модульдің ішінде өзімнің пәніме тиімдісі, жарыққа шығарары, баланың қызығушылығын оятары, білімін жетілдірері қайсы екен деп көп ойланғаным рас. Саралай келе әр сабақта бір немесе бірнеше модульді бірден қолдануға болатынын анықтадым. Бұл қолданыстан ұтылғанымнан ұтқаным көп болды.
Әр оқытушы өз сабағының – көшбасшысы. Көшті қалай бастап алып жүрем десе де өз еркі. Ал көшті дұрыс бағыттай білу ол шеберлігіне байланысты [1].
Бағдарлама үш деңгейден тұрады. Оқыту мен үйретудің тәсілі мынау болып табылады:
1. Қызығушылығын ояту-жаңа сабақты түсіндіру кезіндегі үйрену процесі. Бұл бұрынғы білетін білім мен жаңа білімді ұштастырудан тұрады.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда білімгерлер бұрынғыдай тек тыңдап және көшіріп қана қоймай, белсенді әрекеттер атқарады. Ол белсенді әрекеттерге ойлау, оқу, сөйлеу, талқылау, жазу, пікірлесу, пікір таластыру жатады.
Білім беру мен білім алудағы жаңа тәсілдер арқылы оқытуда білім дайын күйінде берілмейді, ол тек белсенді әрекеттер арқылы ғана игеріледі, білімгерлер өзара қоян-қолтық қарым-қатынаста болып, онымен бірлесе әрекет жасау, диалог құру. Өзіміз сыни тұрғыдан ойлауымыз керек. Сабақта білімгерлердің тақырып бойынша өз ойларын білдіруі, пікір алмасуы диалогпен жүзеге асты. Топтық әдісті қолданғанда білімгерлердің бір-бірімен ақылдасуы, оны топтан біреуінің шығып айтуы, ал болжау әдісін қолданғанда білімгерлердің мәтінде не туралы жазылуы мүмкін екендігі туралы өз ойларын да диалог арқылы көрсете білді.
2. Мағынаны тану – жаңа сабақты бекіту процесі. Бұл кезеңде білімгер жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс жасайды, тапсырмалар орындайды. Сонымен қатар олар идеяны жеткізіп қана қоймай, шешім табу үшін топқа сұрақ қояды және басқаларды сұраққа тартады. Әр топтан бір оқушы шығып ұжым алдында мәтін мазмұнын қысқаша баяндап береді.
3. Ой толғаныс – сабақты қорытындылау кезеңі. Осы кезеңде үйренуші не үйренгенін саралап, салмақтап, оны қандай жағдайда қалай қолдану керектігін үйренеді. Мысалы, бұл жерде балалар эссе жазады. Өз ойларын қағаз бетіне түсіріп, түйгендерін анықтайды. Бұл модульдің нәтижесі көп. Атап айтар болсам, ой-пікірін ашық, еркін айту, бір-бірінің сабақ барысында қателіктерін айту, жақсы қасиеттерін үйрену, сабақ-білім естерінде көп уақытқа сақталады, сабақ барысында өзі талдайды, бір-біріне талап, өтініш, тілектерін білдіре алады.
Бұл модульдің тағы бір ерекшелігі білімгерлерді топтап оқытуы болып тұр. Топтап оқытудың пайдасы туралы Ибн Сина Әбу Әли Хусейін Ибн Абдолла (Авиценна 980-1037) былай деген болатын:«Егер бала жалғыз оқып, сыныптастары жоқ болса, бұл оқытушы мен үйретушіге ортақ қынжылыс болмақ. Сондықтан ең жақсысы – балалар оқу тәрбие үрдісінде үлгілі мінезге бір-бірінен үйренетін ұжымдық оқытуды ұйымдастыру».
Балаларды ұжымдық оқытудың төмендегідей пайдасы бар.
1. Білімгерлер оқу және тәрбие үрдісінде ғылымға сусап тұрады. Өз білімдерін мақтан тұтып, досының білімін қызғанады. Намыс пен мақтаныш тәрбиеленушіні өзгелерден кейін қалмауға міндеттейді.
2. Білімгерлер кездескенде үнемі сөйлеседі, сонымен естерін және шешендігін дамытады. Егер балалардың біреуі жақсы сөз естісе және оны құрбыларына айтса, онда балалардың естері дамиды және өзін-өзі оқыту жүреді.
3. Ұжымдық оқытудың келесі қоғамдық пайдасы білімгерлер өзара достасады, бірін-бірі сыйлауға үйренеді, өзара дауласады, жарысады және құқықтар мен міндеттер туралы пікір айтысады.
Топқа бөліп оқытқанда білімгерлердің талпынысы артады, әр білімгер өзін жеке керекті тұлға ретінде сезінеді және өз үлесін қосуға талаптанады. Бір адамның айтқанынан гөрі бірнеше адамның айтқаны есінде тез жатталады. [2]
Модульдің тағы бір сатысы «Талантты және дарынды балаларды оқыту».
Рас, ізденуші мұғалім бала бойындағы туа біткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, ары қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызуы керек, көмектесуі қажет. Бұл үшін, әрине ұстаздың өзі де өзгеруі, яғни дәстүрлі оқытудың топтаулары сүрлеуінен арылуы тиіс. Осылайша оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрысты әрбір мұғалім өзінен бастағаны жөн. Мұғалім шәкіртке білім, білік, дағды беріп қана қоймай, ақыл-ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек». Дарынды және талантты балаларды оқытуда мына қағидаларды есте ұстаған дұрыс.
– баланың бойындағы құмарлығын, қызығушылығын жойып алмай, оның үнемі алға жылжуға деген табиғи талап-тілектерін, сұраныс пен мұқтаждарын ескеру, шығармашылығын жетілдіру.
– білімді өз бетінше іздену арқылы алуға қолайлы жағдай жасау.
– өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру.
Осы қағидаларды ұштастыратын болсақ қана оқушы өзінің дарынды екенін сезінеді. Бойындағы «мені» оянады. Басқалардан артық тапсырма алу оларды шабыттандыра түседі, бірақ әрдайым мұғалім баланы қанаттандыру үшін өзіне сенімін молайту үшін бірге ізденісте болуы шарт. Түрлі жарыстарға қатыстырып, мақтау сөздер айтып ізденуде тоқтап қалмауға баулу керек. Ал мен бұл балалармен жеке жұмыс жоспары бойынша жұмыс істеген жөн деп таптым. Алға ұмтылған баланы артқа тартпай сабақ үстінде басқа тапсырмалар беріп бала білімін шыңдаған дұрыс. Қосымша ақпаратты жинауды осындай дарынды оқушыларға берсе, олардың да, өзгенің де жиғаны көп болмақ.
«Нашар оқытушы ақиқатты өзі айтып береді, ал жақсы оқытушы білімгердің өзін ізденуге жетелейді» - деп неміс педагогі А.Дистерверг айтып өткендей бүгінгі таң мұғалімдері жақсы мұғалім атану үшін түрлі әдістерді пайдалану арқылы бала білімін ұштауда. Мұғалім оқытуға кіріспес бұрын оқушылардың мінездерін зерттеп, білімдерін тексеруі тиіс. Мұғалім әр баланың білім дәрежесі қаншалықты екенін саралап алғаннан кейін, оның алға жылжуына ықпал етуге міндетті.
«Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиялармен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» - деп елбасымыз өз жолдауында айтып қана қоймай, әр мектепті түрлі ақпаратты техногиялармен қамтамасыз етуде. Ақпараттық технологиялардың білім берудегі пайдасы мыналар болып табылады.
– алыстағы ақпарат көздерін пайдалану,
– түрлі жүйелерге ену арқылы өз бетімен іздену,
– сұраныс бойынша ақпарат алу,
– интернет тарапында берілген тапсырмалар мен жаттығуларды орындау,
– ақпаратты кез-келген арақашықтықта тез арада жеткізу,
– өзі оқып отырған тілде электронды пошта арқылы хат алмасу,
– ақпараттың қажетті түпнұсқасына қосылу.
Интернет арқылы ғаламдық желінің ақпараттық ресурстарын қолдана отырып, оларды оқу үрдісіне енгізіп, сәйкес дидактикалық түсініктемелер беру арқылы дидактикалық мәселелердің келесі жолдарын тиімді шешуге болады.
– күрделілік дәрежесі жағынан түрлі материалдарды оқу дағдылары мен біліктерін қалыптастыру,
– интернеттен алынған материалды талдау негізінде ауызша сөз іскерліктерін жетілдіру,
– жазбаша серіктеріне хат жазу, жауап жазу, баяндама, реферат т.б. жазба жұмыстарын дайындау арқылы жазбаша тіл білігін арттыру,
– өзі оқып отырған тіл елінің тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүрлері, экономикалық даму ерекшеліктерін қамтитын танымдық білімдерін кеңейту.
Сонымен қатар мұғалімнің кәсіби қызметін дамытуда да маңызды қадамдардың бірі – мұғалімдерге әдістемелік жетекшілік ету деп ойлаймын.
Әдістемелік жетекшілік – мұғалімнің қызметіне оңтайлы ақпараттық, әлеуметтік –психологиялық, диагностикалық түзетулер мен толықтырулар енгізу жұмыстарын қарастырады. Сондықтан Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында мұғалімдердің қажетті құзыреттіліктерді меңгеруі үшін жүйелі әдістемелік жетекшілік етудің жоспарын құрдық.
«Жетекшілік» сөзі «бағыттау әдісі» немесе «көмек» деген мағынаны береді. Л.Г.Таританың пікірі бойынша жетекшілік:
білім берудің жалпы гуманистік тұжырымдамасы ;
білім берудің өзіндік құндылығы ретінде тұлғаның және қоғамның дамуына бағыт беру;
кез-келген жүйенің ішкі потенциалының дамуына тірек болу;
Автордың айтуы бойынша жетекшілік әдісі «қандай да бір проблемасы бар адамға – субъектіге көмек көрсету әдісі ретінде пайда болғандықтан, барлық инновациялық үдерістерді қолдаудың құраушы бөлігі. Өмір мен даму - егіз үдеріс, даму өмірдегі қайшылықтарды, қиындықтарды шешуден туындайды. Кейбір мұғалімдер өзбетінше проблемаларын шеше алмайды. Өзге адамның көмегіне жүгінеді. Білім беру үдерістеріне гуманистік бағдар беру дәл осы кезде практикада жүзеге асады.
Әдістемелік жетекшілік етудің мақсаты:
өзгермелі өмір жағдайында білім мекемелеріндегі педагог қызметкерлердің үздіксіз кәсіби дамуын, Кембридж тәсілімен құрылған Бағдарлама мазмұнына сәйкес жалпы және арнайы білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді шешеуге қолдау көрсету.
Педагогтерге әдістемелік жетекшілік ету мына міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған:
мұғалімдердің педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру мен оны бағалауға көмектесу;
мұғалімдердің тәжірибедегі қиындықтарын анықтау және оларды жоюға көмектесу;
мұғалімдерге жеті модуль мән мәтініндегі Бағдарлама идеяларын кең игеріп, тәжірибеге тиімді енгізу үшін түрлі әдістемелік көмек көрсету;
өз кәсіби құзыреттілігін көтеруге жауапкершілігін арттыру;
құнды озық педагогикалық тәжірибелерді анықтау, оны таратуды ұйымдастыру;
ЖОО-н мұғалімдерінің кәсіби қауымдастық аясында белсенді жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Әдістемелік жетекшілік етудің негізгі принциптері:
үздіксіз білім беру(алу) принципі
өздігінен немесе дербес оқытуға және оқуға басымдық беру
бұрынғы бар тәжірибесін пайдалану
бұрынғы тәжірибесіне түзетулер енгізу және жаңаны үйренуде кездесетін кедергілерді жою
жеке тәсілді қолдану
жеке тұлғаға бағытталған принцип
практикалық қызметте оқыту нәтижесінің маңыздылығы немесе қажеттілігі
теңқұқылы серіктестік және диалогтік принцип
Бұл принциптер бұрыннан да белгілі, қазір де өз маңызын жойған жоқ, сондықтан әдістемелік жетекшілік ету осы принциптердің негізінде құрылуы керек.
Мұғалімдердің кәсіби қызметіне жетекшілік етуді кәсіби тренингтер, үйлестірушілік және тәлімгерлік арқылы жүзеге асырылады.
Өткізілген кәсіби тренингтерде мұғалімдер өздерін конкурент ретінде емес серіктес ретінде сезініп, кәсіби және жеке тұлға ретінде өсуге тырысты. Кәсіби тренингтерді өткізуде барынша белсенді әдістер, диагностикалау, консультация беру, жорамалдау, ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыстардың нақты тәсілдерін көбірек қолдану арқылы жүзеге асады. Ендеше біздің жағдайымызда жеті модульдің идеяларын терең түсініп, тиімді енгізу аудандарда өткізілген семинарларда мұғалімдерді мазалап жүрген проблемалар, даулы мәселелер осы әдіс-тәсілдер арқылы өз шешімін тапты [3].
Мұғалімдерді оқыту Тренерлерден ерекше жауапкершілікті талап етеді. Алғашында белгілі тақырып бойынша түсінік бергеннен кейін өз дамуларына қадам жасатып, кейін нұсқау беруді, кеңес беруді кері байланыс арқылы бұл үдерісті қолдау қажет.
Түйіндеме
Заман талабына сай білім беру қазіргі таңда басты мәселе, осы мақалада Кембридж әдістерінің тиімді жолдары көрсетіліп баяндалады.
Резюме
На сегодняшнее время, обучение является актуальной проблемой, в этой статье описываются эффективные пути методов Кембриджа.
Resume
On today's time, educating is the issue of the day, the effective ways of methods of Cambridge are described in this article.
Әдебиеттер тізімі:
1. Бөлеев Қ. Болашақ мұғалімдерді оқушыларға ұлттық тәрбие беруге кәсіби дайындау: теориясы мен практикасы. – Алматы: Нұрлы әлем, 2004. 304 б.
2. Жүнісова А. Мұғалімен оқушы қарым-қатынас технологиясы. Қазақстан мектебі. 2001. №4-26-27б
3. Тренерге арналған нұсқаулық. – Астана: Пед. шеберлік орталығы, 2015. 51-52 б.
4. Студентке арналған нұсқаулық.- Астана: Пед. шеберлік орталығы, 2015. – 55 б.
Достарыңызбен бөлісу: |