Сопилка– сыбызғыға ұқсас үрмелі аспап. Украинадағы ең көне және халықтың сүйікті музыкалық аспаптарының бірі. Бұл аспап туралы деректер шығыс славяндардың XI ғасырдың ежелгі шежірелерінде кездеседі. Негізінен ағаштан, кей жағдайда қабықтан жасалады. Түрі өте қарапайым көрінгенімен аспаптың жасалуы үлкен шеберлікті талап етеді. Дыбыс таза шығуы үшін шеберлер барлық өлшемдер нақты болуына мән беруі қажет.
Трембита – Украинаның оңтүстік-батысында, Карпатта таралған аспап. Бұл құрал қайыңның қабығымен оралған ұзын ағаш түтікке ұқсайды. Соңына қарай құбыр сәл кеңейеді. Трембитаның ұзындығы 4 метрге жетуі мүмкін. Әдетте трембита найзағай түскен ағаштардан ғана жасалатын. Оны жасау ерекше шеберлікті қажет етті. Өйткені аспаптың қабырғалары 7 мм-ден аспауы керек. Трембитаның дауысы бірнеше шақырымға естіледі. Сондықтан оны Карпат шопандары әртүрлі оқиғалар туралы хабарлау үшін кеңінен қолданды. Трембита жерлеу рәсімдерінде және үйлену тойларында ойналды. Қазір аспап фольклорлық топтарда және оркестрде қолданылады.
Танымал музыка майталмандары
Украина – таланттарға толы мекен. Музыка саласында жетістікке жетіп, шетелдік көрерменді мойындатқан таланттардың саны толастаған емес. Назарларыңызға музыка арқылы Украинаны әлемдік аренаға танымал еткен бірқатар өнер майталмандарын ұсынамыз.
Роман Кофман – 1990 жылдан бері Киев Ұлттық филармониясының бас дирижері. 2003 – 2008 жылдары Бетховен атындағы Бонн симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарған. Украина тарихындағы Батысеуропалық опера театрында жетекші қызметте болған алғашқы және әзірге жалғыз музыкант. 80-нен астам шетелдік оркестрлермен жұмыс істеп көрген. Британдық «The Telegraph» басылымы Кофманды қазіргі таңдағы ұлы дирижерлердің бірі деп бағаласа, немістің «Sueddeutsche Zeitung» басылымы 20 үздік дирижердің қатарына кіргізген.
Джамала (Сусана Джамаладинова) – әнші, Украинаның халық әртісі. 2009 жылы «Новая волна» байқауында бас жүлдені иеленген. Әнші украин, орыс, ағылшын және қырым-татар тілінде ән шырқайды. Джамала джаз, соул, фанк, фолк, поп сынды түрлі стильдерде ән айтып, опералық қойылымдарда да өнер көрсетеді. 2016 жылы «Eurovision» байқауында бірінші орынға ие болды.