Умкд. 042-18-22 58/03-2015 2015 ж. №2 басылым


Өзін - өзі бақылау сұрақтары



бет7/19
Дата27.03.2018
өлшемі2,69 Mb.
#39678
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19

Өзін - өзі бақылау сұрақтары:

  1. Ас қорыту жолы қабырғасындағы қабықтардың латынша атын ата.

  2. Кiлегей, бұлшықет және сiр қабықтардың, олардағы қабаттардың латынша атын ата.

  3. Ас қорыту жолы қабырғасындағы қабықтарды қандай ұлпалар түзедi және олардың даму көздерiнiң мәнi неде?

  4. Өңештiң, алдыңғы және бездi қарын қабырғаларының микроскоптық құрылысының ерекшелiктерi неде және олар неге байланысты?

  5. Үлкен ұлғайтқыштан париетальдық гландулоциттердi көрсет және бұл торшалар қандай қызмет атқарады?

  6. Фундальдық бездiң үш түрлi гландулоциттерiн атап, олардың атқаратын қызметiн түсiндiр.

  7. Синусоидты қылтамырлар қалай құралады және қай жерде орналасады? Олар қай тамырға қосылады?

  1. Бауыр бөлiмдерiндегi гепатоциттердi не түзедi?

  2. Бауырдың қабығы қандай ұлпалардан тұрады, оның сырты немен жабылған және бөлiмаралық строманы қандай ұлпа түзедi?

  3. Бауыр триадасының құрамына не кiредi?

  4. Орталық көктамырдан қан қайда барады және ол қандай тамырлармен артқы қуыс көктамырға жетедi?

  5. Қанның қақпа көктамыры мен бауыр қызылтамырының орталық көктамырға өтетiн тамырларын атап, баяндау қажет.

Әдебиеттер. Бірінші дәрістің соңында берілген.
№ 8 дәріс тақырыбы – Тыныс алу жүйесi

Жалпы сұрақтары: Тыныс алу жүйесінің жалпы сипаттамасы, дамуы, маңызы, құрылысындағы ерекшелiктер. Газ алмасу үрдiсiнiң механизмi.

Дәрістің қысқаша жазбасы. Тыныс алу жүйесi организмнiң сыртқы тынысын қамтамасыз етедi, немесе оған ауа оттегiсi түсiп, одан көмiр қышқыл газы шығарылады. Онда тыныс алу (сыртқы тыныс), тыныс алмау қызметтерi орындалады.

Тыныс алу қызметi өкпенiң ауасүзгiш бөлiмiнде iске асатын газ алмасуымен байланысты. Тыныс ауасы ауасүзгiш бөлiмге тыныс жолдарымен келедi, онда ауа шаң, микроорганизмдерден тазарады, жылынады, суланады. Құрамы иiс сезу ағзалары мен өкпе нейроэпителийлi денешiктерiнде құралған кiлегейлi қабық қабылдағыштарымен талданады. Бұл қызметтердiң бәрi тiкелей тыныс алумен байланысты.

Тыныс алмау қызметi: қан қорын сақтап, ұюын реттеудi, қаннан кiшi бөлшектердi сүзудi, зат алмасу, эндокриндi және иммунды қызметтердi қосады.

Тыныс жолдары өкпеден тыс, өкпе iшiндегi деп бөлінедi.

Өкпеден тысқа - мұрын қуысы, аран, көмекей, кеңiрдек, өкпеден тыс кеңiрдекше, өкпе iшiндегiге - кеңiрдекшелер, соңғы ауатамыршалар жатады. Тыныс жолдары ауа жылжуын қамтамасыз етедi, оған кiлегейлi қабық бекитiн қатты (сүйек, шемiршек, шеткi бөлiмдерде - эластин) қаңқа мүмкiндiк туғызады.

Кiлегейлi қабығында тамырлар (ауа қызуын, дымқылдығын реттеуге қатысатын), бездер (кiрпiкшелi эпителиймен өзара iс-қимыл жасап, тыныс алу жолдарынан шаңдарды, микроорганизмдердi жоюды қамтамасыз ететiн) көп болады. Тыныс жолдары бiр қабатты көп реттi призма тәрiздi (алысырақ бөлiмдерде - куб) кiрпiкшелi эпителиймен (ауасүзгiш) төселген.

Онда: кiрпiкшелi, бокал тәрiздi, негiздiк (төмен қоспалы), биiк қоспалы (аралық), кiрпiкшесiз, ауатамыршаларындағы экзокриноциттер, эндокриндi, дендриттi жасушалар түрлерi айқындалды.

Кiрпiкшелi жасушалар өте көп, тар негiзгi ұштарымен негiзгi жарғақпен байланысады, кең төбелiк полюсiнде ұзын кiрпiкшелер болады. Кiрпiкшелер соғуы жұтқыншақ жаққа бағытталған.



Бокал тәрiздi жасушалар - бiр жасушалы эндоэпителийлi бездер, микробтарға қарсы қасиетке ие, кiлегей өндiредi, призма тәрiздi, пiшiнi түзiндi жиналу дәрежесiне байланысты өзгеруi мүмкiн. Ядросы жасуша негiзiнде, оның үстiнде Гольджи аппараты орналасады. Кейiнгiден төбелiк бөлiкте жиналып, экзоцитоз жолымен кiлегей көпiршiктерi бөлiнедi. Бокал тәрiздi жасушалар саны тыныс жолдары шетiнде азайып, ауатамыршаларда қалыпты жағдайда болмайды.

Негiздiк (төмен қоспалы) жасуша ұсақ, аласа, негiзгi бетi кең, жарғақта жатады, төбелiк бетi тар. Ядросы iрi, тұрақты қосындылары дамымаған. Бұл жасушалар эпителийдiң түзушi элементi саналады, бiрақ эпителийдi негiзгi жарғаққа бекiтедi деген де пiкiр бар. Онда кератин өскiндерiнiң (филаменттер) саны көп, басқа жасушалар түрлерiмен десмосома, негiзгi жарғақпен жартылай десмосома арқылы байланысады.

Биiк қоспалы (аралық) жасушалар төбелiк бетiмен ағза арнасына жетпейтiн призма тәрiздi, тұрақты қосындылары орташа дамыған, ядросы кiрпiкшелi жасушаларға қарағанда негiзгi жарғаққа жақын жатады. Олардың кiрпiкшелi, бокал тәрiздi, кiрпiкшесiз жасушаларға жiктелу қабілетi болады.

Кiрпiкшесiз жасушалар төбелiк бетiмен ағза арнасына жететiн призма тәрiздi, көптеген микробүрлермен жабылады. Тұрақты қосындылары орташа дамыған. Бұл жасушалар кiлегей құрамбөлiктерiн сiңiруге қабілеттi. Кейбiр ғалымдар, олар ауасүзгiш эпителийдiң түзушi элементтерi рөлiн атқарады деп, болжауда. Негiзгi бетiнде сезгiш жүйке талшығының түйiспесi болатындықтан, ол мүмкiн қабылдағыш рөлде атқарады деген пiкiр бар.

Экзокриноциттер тек соңғы, ауасүзгiш ауатамыршаларда кездеседi. Экзокриноциттiң күмбез тәрiздi төбелiк бетiнде тығыз түйiршiктер жиналады, iшiндегiлерi арнаға апокриндi, мерокриндi жолдармен өтедi. Бұл жасушалар сурфактант құрамбөлiктерiн өндiредi деген болжам бар. Онда түйiршiктi эндоплазмалық тор болады, әсiресе түйiршiксiз түрi жақсы дамыған, ферменттерi химиялық қосындыларды уытсыздандыру процесiне қатысады. Эндокриндi жасушалар төмен призма тәрiздi, бiрнеше түрi бар. Негiзгi бетiнде түзiндi түйiршiктерi сақталады. Диффузиялық эндокриндi жүйеге жатады, пептидтi гормондар өндiредi. Арнайы әдiстерде ғана айқындалады. Дендриттi жасушалар сүйек майынан пайда болатын арнайы тегiжат саналатын жасушалар, лимфоциттер пролиферациясын ынталандырады. Ұзын тармақталған өсiндiлерi эпителий жасушалары арасынан өтiп, үздiксiз тор құрады. Арнайы әдiстермен бояғанда көрiнедi.

Мұрын қуысы ұрықтық дамуда ауыз қуысынан таңдай өсiндiлерiмен шектелiп, қалыптасады. Кiреберiстен, меншiктi мұрын қуысынан тұрады.

Кiреберiс көпқабатты жайпақ эпителиймен төселген. Астында жайғасқан кiлегейлi қабықтың меншiктi қабаты борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады. Мұрын кiреберiсiнде түк жабыны (жылқыда көп), бездер болады. Мұрын кiлегейлi қабығының алдыңғы-төменгi бөлiгi бiр қабатты көп реттi кiрпiкшелi эпителиймен төселген, бокал тәрiздi жасушалар кездеседi. Мұрын кiлегейлi қабығының жоғары, артқы аймағындағы бетi иiс сезу, ағзасы болып келедi.

Мұрын кiлегейлi қабығының меншiктi қабаты борпылдақ қалыптаспаған дәнекер ұлпадан құралғандықтан айтарлықтай эластин талшығын, кiлегейлi бездер сақтайды. Эпителийдегi бокал тәрiздi жасушалар, кiлегейлi қабық меншiктi тақташаларындағы бездер кiлегейлi түзiндi бөледi, оларға тыныс алуда ауамен түсетiн бөлшектер жабысады. Эпителийдегi жасушалардың кiрпiкшелерi қозғалып, аран бағытында сұйықтық ағымын қалыптастырады, эпителий жабынын тазартады.

Мұрын қуысы кiлегейлi қабығы меншiктi тақташасы терең аймағында қалың қуысты кең көктамырлар торы болады. Олар қанға толғанда, кiлегейлi қабық iсiнiп, тыныс алуда ауа түсуiн шейтейдi, сөйтiп оның жылуына мүмкiндiк туғызады. Кiлегейлi қабықтың меншiктi тақташасында лимфа көпiршiктерiн ажыратады, олардың саны аран аумағында көбейедi. Лимфоидтi ұлпа шошқа мен күйiс қайыратындарда күштi дамиды. Мұрын кiлегейлi қабығында сiрлi, шырышты бездер сақталады. Сiрлi бездер етқоректi жануарларға, тән, соңғы бөлiмiнде шырышты жасушалар аз кездеседi. Күйiс қайыратындар мұрыны кiлегейлi қабығында шырышты бездер, мол болады. Ол жылқы мұрын қуысы түбiнде, кiреберiсiнде орналасады, мұрын қуысының дорсальдi қабырғасында өте аз кездеседi. Шошқа, мұрын кiреберiсi мен дорсальдi, вентральдi қалқандарының кiлегейлi қабығында бездер күрделi, тармақталған, соңғы бөлiмдерiнде, сiрлi, шырышты жасушалар болады.

Көмекей - ауа жолының бөлiгi, дыбыс шығаруды қамтамасыз етедi.

Қабырғасы: кiлегейлi, талшықты-шемiршектi, адвентиция қабықтарынан тұрады.

Кiлегейлi қабық бiр қабатты көп реттi призма тәрiздi ауасүзгiш эпителиймен, көмей қақпашығының алдыңғы, жоғарғы бөлiгiнiң артқы бетi мен дауыс сiңiрi көп қабатты жайпақ эпителиймен жабылған. Көп реттi кiрпiкшелi эпителийде бокал тәрiздi жасушалар болады. Меншiктi тақташаны құратын борпылдақ қалыптаспаған дәнекер ұлпада эластин талшықтары мол кездеседi. Көмекей қабырғасының вентральдi аумағында түтiкше - альвеолалы шырышты-белокты бездер, лимфоиод түйiншелерi орналасады. Бездер көмей қақпашағы тiл бетiндегi ожау-көмей қақпағы байламында, сақина тәрiздi шемiршектiң вентральдi бетiнде өте тығыз жатады.

Көмекейдiң ортаңғы қабығы шемiршек, тығыз дәнекер ұлпадан құралған. Ондағы қалқан, жүзiк тәрiздi, ожау шемiршектер - гиалиндi, көмей қақпағы, сына тәрiздi шемiршек - серпiмдi болады. Кеңiрдек тынысалу түтiгi, түтiкше ағза, қабырғасы: кiлегейлi, талшықты-шемiршектi, адвентиция қабықтарынан тұрады. Кiлегейлi қабық бiр қабатты көп реттi призма тәрiздi ауасүзгiш эпителиймен жабылған, құрамына құрылысы, атқаратын қызметi әртүрлi мына: төбелiк бетiнде кiрпiкшелерi бар призма және бокал тәрiздi, энтерохромафиндi, негiздiк жасушалар кiредi. Призма тәрiздi жасушалар бетiнде 250 жуық кiрпiкшелер болады. Олар минутына 150-250 рет жиырылып, бокал тәрiздi жасушалар мен кеңiрдек бездерiнде пайда болған сұйықтықтардың-кiлегейлi түзiндiлердiң, минутына 2-3 мм жылдамдықпен ағуын туғызады. Бұл түзiндiлер ауамен түскен бөгде бөлшектердi шығарады. Энтерохромафиндi (эндокриндi) жасушалар пiшiнi пирамида тәрiздi, домалақ ядролары негiздiк бетiнде орналасады, цитоплазмасында дөңгелек түзiндi түйiршiктерi жатады. Жасушалар пептид гормондарын, биогендi аминдер (норадреналин, дофамин, серотонин) бөлiп, ауа жолы миоциттерi тонусын реттейдi. Негiздiк жасушалар көршi жасушалармен десмосома арқылы байланысқан.



Кеңiрдек кiлегейлi қабығы меншiктi қабаты борпылдақ қалыптаспаған дәнекер ұлпадан тұрады. Оның ерекшелiгi сол, онда серпiмдi талшықтар мол, ағза ұзына бойына бағытталған, сондықтан ауа өтуiне кедергi болатын кiлегейлi қабықтың көлденең қатпары құрыла алмайды. Кiлегейасты қабат борпылдақ қалыптаспаған дәнекер ұлпадан тұрады, белокты - шырышты бездердiң соңғы бөлiмдерi орналасады. Тармақталған шығарушы өзектерi ағза кiлегейлi қабығы бетiне ашылады. Кеңiрдектiң вентральдi, бүйiрлi қабырғаларындағы бездер өте тығыз шоғырланған.

Талшықты-шемiршек қабық гиалиндi шемiршек сақиналарынан құралған тақташалар, тұйықталмаған, шемiршек қабығы қоршап жатады. Тұйықталмаған жердi тығыз дәнекер ұлпа талшығы, бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушалары, көршi сақиналарды тығыз дәнекер ұлпадағы алмасып жатқан коллаген, кейбiр эластин талшықтары қосады.

Адвентиция борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады.

Ауатамырлары (бронхылар) тыныс алудағы құрылысына, телiмдiлiгiне байланысты iрi калибрлi (негiзгi ауатамыр, өкпеден тыс бөлiктiк ауатамырлар - өкпенiң бөлшектiк (қаттамалы) ауатамырлары), өкпе үлпершегiндегi ортаңғы калибрлi ауатамырлар, кiшi калибрлi ауатамырлар және ауатамыршаларға бөлiнедi. Ауатамыршалар 1-2, ауасүзгiш ауатамыршаларға жалғасып, бiрнеше өкпе көпiршiгi жолдарына ажырайды. Кейiнгi көпiршiк қалташаларына, өкпе көпiршiктерiне ауысады. Өкпеден тыс ауатамырлар құрылысы кеңiрдек құрылысындай. Ортаңғы калибрлi ауатамырлар қабырғасы бiр қабатты көп реттi ауасүзгiш эпителиймен жабылған, ол кiшi калибрлi ауатамырларда бiр қабатты бiр реттi кiрпiкшелiге ауысады. Бұл эпителийде, әдетте кеңiрдекте болатын кiрпiкшелi, бокал тәрiздi, эндокриндi, негiздiк жасушалардан басқа, кiшi калибрлi ауатамырлар мен ауатамыршаларда тағы пiшiнi цилиндрге ұқсас, төбелiк бетi эпителийден шығып, секрет түйiршiктер сақтайтын, тұрақты қосындылары жақсы дамыған, ядросы хроматинге бай, сурфактант (өкпе ауасүзгiш эпителийiн жабатын зат) ыдырататын ферменттер өндiретiн-секреторлы (Клара), төбелiк бетiнде қысқа микробүрлерi бар, хеморецепторлар рөлiн атқаратын-бүрлi, ауатамыршаларда орналасатын, төбелiк бетi эпителий қабатынан шығып тұратын, митохондрийлер, гликоген, түйiршiктер сақтайтын-кiрпiкшесiз жасушалар болады. Ауатамырлар кiлегейлi қабығының меншiктi қабаты борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады. Ол ұзына бойы бағытталған эластин талшықтарына бай. Кеңiрдек кiлегейлi қабығының бұлшық ет қабаты бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларынан қалыптасқан, олар шиыршық тәрiздi бағытталған. Кiлегейасты негiз борпылдақ дәнекер ұлпадан тұрады, онда шырышты-белокты бездердiң соңғы бөлiмдерi болады. Бұл бездер, әсiресе жыртқыш жануарлар ауатамырлары кiлегейасты негiзiнде мол байқалады. Орташа калибрлi ауатамырлар талшықты-шемiршектi қабығы тығыз дәнекер ұлпадан құрылған, онда шемiршек тақташалары болады. Ауатамырлар шемiршек қаңқасының көлемi, пiшiнi олардың калибрлерiне сай өзгередi. Мұнда бұл қабық шемiршектi тақташаларының кеңдiгiмен сипатталады.

Ауатамырлар калибрi кiшiрейген сайын, оның қабырғасыда өзгередi:

а) кiлегейлi қабық эпителий қыртысының биiктiгi төмендейдi (көп реттi цилиндр тәрiздiден қос реттi, кейiн кiшi калибрлi ауатамырларда - бiр реттiге, ал соңғы ауатамыршаларда бiр реттi текшеге дейiн), ондағы бокал тәрiздi жасушаларда бiртiндеп төмендейдi, кейiн жоғалып кетедi. Соңғы ауатамыршалардың алыстағы бөлiмдерiнде кiрпiкшелi жасушалар болмайды, бiрақ онда Клара жасушалары кездеседi;

б) кiлегейлi қабық қалыңдығы жұқарады;

в) серпiмдi талшықтар саны артады;

г) бiрыңғай салалы бұлшық ет саны артады, ол ауатамырлар калибрi кiшiрейген сайын кiлегейлi қабық бұлшық ет қабаты айқын байқала бастайды;

д) шемiршек ұлпа көлемi бiртiндеп азаяды, соңында ол шемiршек тақташалары мен аралшықтарынан айырылады;

е) шырышты бездер саны азаяды, кiшi калибрлi ауатамырлар мен ауатамыршаларда олар болмайды.

Гиалиндi шемiршек бiртiндеп серпiмдiге ауысады, кейiн кiшi калибрлi ауатамырларда ол толық жоғалады. Шемiршек жоқтығынан (қатты қаңқа болмағандықтан) бұлшық ет қабатының жиырылуын кiшi калибрлi ауатамырлар арнасының диаметрi айқындап, өкпенiң ауасүзгiш бөлiмiне ауа түсуiн реттейдi. Бiрталай ауатамыршалар қаңқа болмағандықтан қатты жиырылып, ауа көпiршiктерiне ауа түсуiн шектейдi.

Өкпенiң ауасүзгiш бөлiмi сыртқы тыныс алу қызметiн - екi орта (сыртқы, iшкi) арасында ауа алмасуын iске асырып, құрылым-қызмет бiрлiгi - өкпе ацинустарынан тұрады.

Әр ацинус диаметрi 0,5 мм жуық ауасүзгiш ауатамыршаларынан, өкпе көпiршiктерi жолы, қапшықшаларынан, қан, лимфа тамырлары, дәнекер ұлпа, жүйкелермен байланыстағы өкпе көпiршiктерiнен тұрады.

Ауасүзгiш ауатамыршалар бiр қабатты текше эпителиймен төселген. Ол Клара, жеке кiрпiкшелi жасушаларынан тұрады. Қабырғасында жайпақ жасушалардан құралған өкпе көпiршiктерi болады. Онда ауа алмасуы iске асады. Дистальдi бағытта өкпе көпiршiктерi саны артады, текше эпителиймен астарланған аралары азаяды.

Өкпе көпiршiктерiнiң жолы ауасүзгiш ауатамыршаларынан тарамдалады, қабырғалары өкпе көпiршiктерiнен құралады. Олардың арасында жүзiк тәрiздi бiрыңғай салалы бұлшық ет шоғырлары орналасады.

Өкпе көпiршiктерi қапшықшаларын көпiршiктер жолының дистальдi жиегiнде жиналған өкпе көпiршiктерi түзедi. Қапшықшалардың тарамданатын бөлiмi, оның кiреберiсi деп аталады.

Өкпе көпiршiктерi - дөңгелек құрылымдар, диаметрi 200-300 мкм, жайпақ эпителиймен төселген, сырты қалың қылтамырлар торымен қоршалған. Оның эпителийiн екi түрлi жасушалар құрады. Бiрiншiсi - жайпақ, пiшiнi дұрыс емес, цитоплазмасы жiңiшке, тұрақты қосындылары нашар дамыған, пиноцитозды көпiршiктер саны көп, ауа-қан тосқауылы құрамбөлiгiнiң бiрi, өзара тығыз байланысады, улы заттарға өте сезгiш жасушалар, оларды ауасүзгiш, немесе 1-шi типтi деп атайды. Екiншiсiн - үлкен, түйiршiктi, немесе 2-шi типтi деп атайды. Оның саны көп, алғашқы жасушалардың арасында жеке, ұсақ топ (2-3) құрып орналасады, текше пiшiндi, секреторлы, тұрақты қосындылары жақсы дамыған, диаметрi 1-2 мкм осмий сүйгiш түйiршiктерiнде тақташа денешiктер сақталады. Түйiршiктер iшiндегiсi бөлiнiп, альвеола эпителийi бетiнде беткi-белсендi зат қабатын құрады.

Ол липопротеид негiздi - сурфактант заты. Сурфактант мына қызметтер атқарады: 1) ұлпа сұйығы жұқа қабығы керу бетiн төмендетедi. Бұл қабық альвеола жасушаларының бетiн жабып тұрады. Тыныс алуда альвеола жазылуын қамтамасыз етiп, қабырғалары жабысуына бөгет болады; 2) iсiнуге қарсы тосқауылды қалыптастырады. Ол iшкi жасушалардан альвеола кеңiстiгiне сұйықтық бөлiнуiн тежейдi; 3) бактерия жойғыштық; 4) иммунитет бiрқалыптылығын сақтау; 5) альвеола жемiр жасушалары белсендiлiгiне түрткi салу.

Сурфактант газды өткiзедi, ауа-қан тосқауылы құрамына кiредi. Сурфактант жатырдағы даму соңында өндiрiлiп, төлдеу алдында қалыпты тынысты қамтамасыз ету үшiн өкпеде болады. Ол болмаса, немесе тапшылығы байқалса, тыныс жеткiлiксiздiгi дамиды. Сондықтан ұрық жетiлуiн бағалау үшiн амнион сұйықтығындағы сурфактант деңгейiн анықтайды.



Құс тыныс жүйесiнiң ерекшелiгi сол, ол құстың дем алуында және дем шығаруында газ алмасуы жүре бередi. Құс қеңiрдегi қабырғасы үш қабықтан: кiлегейлi, талшықты-шемiршектi, адвентициядан тұрады. Кiлегейлi қабық құрамына бокал тәрiздi жасушалары бар бiр қабатты көп реттi кiрпiкшелi эпителий кiредi. Меншiктi қабат борпылдақ қалыптаспаған дәнекер ұлпадан тұрады, онда шырышты кеңiрдек түтiктi бездерi болады. Талшықты-шемiршектi қабықты тығыз қалыптаспаған дәнекер ұлпа, оның қатты негiзiн гиалин шемiршегiнiң сақиналары құрады. Үлкен үйректер мен қаздарда шемiршектер сүйек ұлпасына ауысады. Құстың әр өкпесiне бiр негiзгi ауатамыр түседi. Ағзаның үлпершегiнде ол төрт екiншi ауатамырларға ажырайды. Ең соңғысы тағы тармақталып, өте жiңiшке үшiншi ауатамырларды, немесе ауа тамыршаларын (парабронхыларды) құрады. Құс өкпесi парабронхылардан, оларды қоршап жатқан ағза үлпершегiнен тұрады. Үлпершек өкпе бөлшектерiне бөлiнгенi жақсы байқалмайды. Тауық парабронхылары диаметрi 100-150 мкм, қабырғасы айнала қоршайтын бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларынан, серпiмдi талшықтардан тұрады. Парабронхылар iшкi бетi бiр қабатты текше, жайпақ эпителиймен төселген. Өкпе бөлшектерi ауа қылтамырларынан тұрады, ауаны парабронхыдан қан қылтамырлары мен дәнекер ұлпасы арқылы алады. Олардың құрылысы сүтқоректiлердiң өкпе көпiршiгiндей, бар айырмашылығы сол, ол құс тыныс алғанда және дем шығарғанда ауа қылтамырларында ауа алмасуы жүре бередi. Ауа қылтамырлары бiр бөлiкше деңгейiнде тор құрып, көршi жасушалар ауа қылтамырларымен жалғаса алады. Құс өкпесi ауа қылтамырлары - пiшiнi дұрыс емес түтiкшелер, диаметрi 2-6 мкм. Қабырғасы негiзгi жарғақтан, жайпақ эпителий жасушаларынан тұрады. Оның ең қалың бөлiгi 0,3-0,5 мкм ядро жанында байқалады, шетiнде жасушалар 20-40 нм дейiн жұқарады, онда тұрақты қосындылар, микробүрлер болмайды. Негiзгi жарғақ құрылымсыз, қалыңдығы 60-100 нм. Құс тыныс алғанда, дем шығарғанда өкпе емес, ауа қапшықшасының көлемi өзгередi. Ауа қапшықшасы өкпеден тыс ауа жолы томпаюынан болады. Оның қабырғасы дәнекер ұлпадан, iшкi жағынан бiр қабатты текше, цилиндр тәрiздi эпителиймен төселген, сыртын сiр қабығы, немесе адвентиция жабады. Олар тыныс алуға, ауа қорын жинауға, ұшқанда құсты тең ұстауға, iшкi ағзаларды механикалық жарақаттаудан қорғауға және организмнiң жылу реттеуiне қатысады.
Өзін - өзі бақылау сұрақтары:

    1. Ауатамыр қабырғасының кеңiрдектен соңғы ауатамырларына дейiнгi тармақталуына байланысты құрылысындағы өзгерiстердiң өзiне тән белгiлерi қандай?

    2. Дем алғанда ауа жылдамдығы неге баяулайды, ал дем шығарғанда күшейедi?

    3. Ауа-қан бөгетiн не құрады?

    4. Эластин талшықтары мен бiрыңғай салалы бұлшықет жасушалары қай жерде кездеседi?

    5. Сурфактант дегенiмiз не? Оның маңызы неде және оны қандай жасушалар түзедi?

Әдебиеттер. Бірінші дәрістің соңында берілген.
№ 9 дәріс тақырыбы – Жүрек пен тамырлар жүйесi

Жалпы сұрақтары: Жүйенiң жалпы сипаттамасы, организмдегi маңызы. Жүрек, қызыл, көк және қылтамырлар, олардың микроскопиялық, электронды микроскоптағы құрылысы.

Дәрістің қысқаша жазбасы. Жүрек пен тамырлар жүйесiне (ЖТЖ) жүрек, қан, сөл тамырлары кiрiп, мына қызметтерді: қоректiк (заттармен ұлпаларды жабдықтау), тыныс алу (оттегiмен ұлпаларды жабдықтау); бөлiндi (экскрет) бөлу (ұлпалардан зат алмасу өнiмдерiн шығару); бiрiгу (барлық ұлпалар, ағзаларды бiрiктiру); реттеуiш (қан жабдықтауын өзгертiп, гормондар, өсу себепшарттары, цитокиндердi тасымалдап, биологиялық белсендi заттарды өндiрiп, ағзалар қызметiн реттеу); қабыну, иммундық реакцияға қатысады. ЖТЖ жеке элементтер қызметтерiн, қан айналу жағдайларын, олардың ерекше құрылысын анықтайды.

Жүрек бұлшық ет сорабы рөлiн орындап, тамырлар жүйесiне ырғақты қан түсуiн қамтамасыз етедi. Бұл жүрек бұлшық етi күштi дамуынан, ырғақты қамтамасыз ететiн ерекше жасушалар барлығынан iске асады.

Iрi қызылтамырлар (қолқа, өкпе артериясы) жүрек жанында жүректен қан түскенде (жиырылуы-систолада) созылып, қан арнасы алысырақ бөлiгiне қанды шығарғанда (босаңсуы-дистолада), қайта өз қалпына келедi. Қан ағысы бiрқалыпты, қанмен жабдықтау-тұрақты жүредi.

Тамырлардың қызметiн қабырғасында күштi дамыған эластин элементтерi қамтамасыз етедi. Ортаңғы, ұсақ қызылтамырлар әртүрлi ағзаларға, бөлiктерiне қан әкелiп, қан ағымын күйiне орай, реттеп отырады. Ол тамырлар қабырғасында дамыған бұлшық ет элементтерiне байланысты жүредi.

Қан қызылтамырлардан жоғары қысыммен өтетiндiктен, қабырғасы қалың, құрамында жақсы дамыған эластин элементтерi болады. Қызылтамыршалар санына, енсiз саңылауына, қабырғасындағы бұлшық ет элементтерiне байланысты, ондағы қысым күрт түсiп кетедi. Қызылтамыр жүйесiндегi жалпы қысым қызылтамыршалар ширығуымен анықталады.

Қылтамырларда қан мен ұлпалар арасында зат алмасу жүредi, ол жалпы бетiнiң орасан зорлығы мен қабырғасының жұқалығы арқасында өтедi.



Көктамыршалар төменгi қысымдағы қандарды қылтамырлардан жинайды. Қабырғасы жұқа, сондықтан қылтамырлардағыдай зат алмасуына мүмкiндiк туғызады, қаннан жасушалар аууын жеңiлдетедi. Көктамырлар жүрекке төменгi қысыммен жәй тасымалданатын қан қайтуын қамтамасыз етедi. Саңылауы кең, эластин, бұлшық ет элементтерi (тек көктамырда жақсы дамиды, қанды ауыртпалық күшiне қарсы алып жүредi, ерекше тетiк, қан қозғалысын қамтамасыз ететiн - қақпақшалары болады) нашар дамыған жұқа қабырғасымен сипатталады.

Тамырлар түтiкше тәрiздi, қабырғасы: iшкi - астарлы (интима), ортаңғы - медиа, сыртқы – адвентициядан қабықтардан тұрады.



Интима-эндотелий, дәнекер ұлпадан тұратын, эластин талшықтарын сақтайтын эндотелий асты қабатынан, жеке талшықтарға қарапайымдалып жойылып кете алатын iшкi серпiмдi жарғақтан құралған.

Ортаңғы қабық шеңбер тәрiздi орналасқан бiрыңғай салалы бұлшық ет жасушаларын, коллаген, ретикулин, эластин талшықтар торын, негiзгi зат қабаттарын қосады. Онда жеке фибробласт тәрiздi жасушалар кездеседi.

Адвентиция - сыртқы серпiмдi жарғақшадан (болмауы мүмкiн), жүйке, тамырдың тамырын сақтайтын борпылдақ талшықты ұлпадан құрылады.

Эндотелий жүректi, қан, сарысу тамырларын астарлайды, бiр қабатты жайпақ эпителийден тұрады, жасушалары (эндотелиоцит) пiшiнi көпбұрышты (полигональды), әдетте ұзынша тамыр жолына сай болып, бiр-бiрiмен тығыз, саңылаумен байланысады. Физиология жағдайда баяу жаңарады (ерекшелiк жұмыртқалық эндометрий, көпiршiк, сары денешiк тамырларының өсу процестерiнде болады). Эндотелий бұзылғанда, оның жаңаруы күрт күшейедi.



Эндотелий қызметтері: тасымалдау - қан мен басқа ұлпалар арасында заттар таңдалып, екi жақты тасымалданады. Тамырлар жүйесi өте үлкен икемдiлiкке ие. Қанағым жылдамдығы мен қан қысымы өзгерiсi жаңа тамырлар құрылуына, бар тамырлардың қайта құрылуына жеткiзедi. Қызыл, көктамырлар организмнiң барлық ұлпаларында болады. Олар тек эпителий, тырнақ, шемiршек, тiс кiреукесiнде, жүрек қақпақшасының кейбiр бөлiгiнде, қаннан қажеттi заттарды диффузия арқылы алып, қоректенетiн басқа аймақтарда болмайды.

Қызылтамырлар: серпiмдi, бұлшықеттi, бұлшықеттi - серпiмдi болып бөлiнедi. Жiктелу негiзiне оның ортаңғы қабығындағы бұлшық ет және эластин талшығы санының ара қатысы алынған.

Серпiмдi қызылтамырлар үлкен арнасымен, бiршама жұқа қабырғасымен, күштi дамыған серпiмдi элементтерiмен сипатталып, ең iрi тамырлар-қолқа, өкпе қызылтамырын қосады. Кейiнгiлерде қанағымы жоғары жылдамдықпен (0,5-1 м/с), үлкен қысыммен (сынап бағанасы 200 мм дейiн) жүредi.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   19




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет