Химиялық ыдыстар, құрал-жабдықтар.
Химия лабораториясында жұмыс кезінде әртүрлі ыдыстар мен құрал-жабдықтар қолданылады. Негізінен шыны ыдыстар қолданылады. Сондай-ақ металл, фарфор және пластмасса ыдыстар да болады.
Кіші көлемдегі ертінділермен жұмыс жасағанда (жартылай микро анализ) әр түрлі пішіндегі (конус, цилиндр) пробиркалар қолданылады. Пробиркалар арнайы ағаш, пластмасса штативтерге бекітіледі. Пробиркаларды қыздырған кезде арнайы ұстағыштар қолданылады.
Ертінділерді дайындағанда, сұйылтқанда, титрлегенде пішіні және сыйымдылығы әртүрлі химиялық стакандар және колбалар қолданылады. Колбалар конусты және дөңгелек түпті болады.
Ертінділерді құйғанда және сүзгенде құйғыны қолданады. Қатты және сусымалы заттардың аз мөлшерімен жұмыс жасағанда сағат шынысын немесе ойықтары бар фарфор пластинка қолданылады. Ертінділерді араластыру үшін шыны таяқшалар мен түтікшелер қолданылады.
Ертінділердің белгілі-бір көлемін таңдап алу үшін және көлемдерін өлшеу үшін өлшегіш ыдыстарды: өлшегіш колба, пипетка, бюретка, өлшегіш цилиндр, мензурка қолданылады. Ертінділердің нақты көлемдерін таңдау үшін пішіні мен сыйымдылығы әртүрлі пипеткалар қолданылады.
Жұмысшы ертіндінің көлемін өлшеу үшін жоғарғы жағынан нөмірленген шкаласы бар бюретка қолданылады. Нақты концентрлі ертінділерді дайындау үшін сыйымдылығы әртүрлі өлшегіш колбаларды қолданады. Ертінділер өлшегіш колбаның мойнындағы белгіге дейін толтырылады. Жуық көлемдегі ертінділерді таңдап алу үшін цилиндрлер, мензуркалар, стакандар қолданылады.
Қатты және сусымалы заттарды құрғату үшін және ылғалдан сақтау үшін эксикаторларды қолданады.
Қыздыру және булау үшін әртүрлі фарфор стакандар мен табақшалар қолданылады. Қатты және сусымалы заттармен жұмыс жасағанда қысқыштар мен қалақшаларды қолданады.
Қатты және сусымалы заттардың салмағын өлшеу үшін әртүрлі типтегі таразыларды (техникалық, аналитикалық) пайдаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |