Умкд по дисциплине растениеводство для специальности 050801 -агрономия



бет32/95
Дата18.01.2023
өлшемі11,35 Mb.
#165781
түріСабақ
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   95
Байланысты:
umkd os shar beiim tehn 2022 zh.

Топырақ өңдеу жүйесі. Күздік бидайға топырақ дайындау алғы дақылға, өсірілетін аймақтың топырақ климат жағдайларына, нақты шаруашылықтың ресурстық ерекшеліктеріне ж.б. байланысты анықталады және өңдеу жазықтілгішті немесе қайырмалы құралдармен жүргізіледі. Күздік бидайдың ерекше сипаты - оның күзден тығыз топырақтарда қалыпты дамуы.
Борпас топырақтарда олар нашар түптенеді, түйін тамырлар жүйесін әлсіз қалыптастырады және жиі түрде олардың үзіліп қалуы байқалады. Солтүстік Қазақстанның құрғақшылықты климатында күзде өңдеген топырақтың баяу тығыздалуына байланысты сүріге арналған танаптың негізгі өңдеуін көктемгі кезеңге ысырудың қажеті жоқ.
Күздік бидайға арналған сүрі танабын қара сүрі жер түрінде дайындаған дұрыс. Сүрі танабының негізгі өңдеуін күзде 25-27 см тереңдікке жүргізіледі.
Көктемгі кезеңде топырақтың физикалық пісуі жеткенде топырақ ылғалын сақтау және танапты тегістеу мақсатында ине тісті тырмалардың бірімен (БИГ-3, БМШ-15 ж.б.) тырмалау жүргізіледі. Сүрі танабының кейінгі өңдеулері арамшөп көктерін құртуға, топырақтан ылғалдың булануын азайтуға бағытталуға тиіс. Топырақтың беткі қабатындағы ылғалды сақтау үшін сүрі танабында арамшөптердің қаулап өсіп кетпеуі және көктемгі – жазғы терең өңдеуді болдырмаған жөн. Сондықтан өңдеу жұмыстарында 4-6 см тереңдіктен асырмайтын мүмкіндіктері бар құралдарды пайдаланады. Мұндай талаптарға СЗС-2,1 сепкіштері мен олардың морфикациялары және импорттық шетел құралдары сай келеді. Жаңбырлы дымқыл ауа райында 2 және 3 – механикалық өңдеуді гербицидтермен ауыстыруға болады, сонымен қатар танап шырмауық, қалуенмен ластанғанда да ықтырма себуден 20 тәулік бұрын танапты олармен бүріккен абзал.
Күздік бидайдан кепілді астық өнімін алу үшін тіпті табиғи қар қабаты қалыптасатын танаптарға да ықтырма себу қажет. Жақсы өскен ықтырмалар қар алғашқы түскенде-ақ біркелкі қар қабатын қалыптастырады, ал ол күздік бидайды қыста үсіп кетуден сақтайды, әрі мол өнімге жеткілікті ылғал қоры жинақталады. Көктемде 45-50 см-лік қуатты қар қабаты баяу ериді, тамыр жүйесі әлі тоң қабатында жатқанда күздік бидайдың жер үсті мүшелерінің тіршілік үрдісінің басталуын тежейді. Бұл дегеніміз, күздік бидайдың көктемде қайталанатын суықтардың теріс әсерінен құтылып кетуіне мүмкіндік береді.
Солтүстік Қазақстан жағдайында қышаның Неосыпающаяся 2 сорты жақсы ықтырма дақылы болып табылады. Оның маңызды биологиялық ерекшелігі – ерте піседі, жақсы бұтақтанады, сабақтары жапырылуға төзімді. Осыларға сәйкес оның өсімдіктері жаз ортасында сепкенде жақсы дамиды да суық түскенше сабақтары діңденіп үлгереді. 10-20 – шілдеде себілген қыша ықтырмасы 15-20 – қазанға қарай 80-110 см биіктікке жетеді және қар қабатын жасауда желге қарсы жақсы бөгесін болады. Оны желдің басым бағытына көлденең себеді.
Қыша ықтырмасын кезкелген құрғақшылықты жылы ойдағыдай өсіруге болады. Ол үшін сүрі танабын СЗС-2,1 сепкіш-культиваторымен топырақты 4-6 см-ден асырмай өңдейді. Сүрі танабын кезекті өңдегенде қыша себіледі. Оны екі немесе төрт сепкішті СЗС-2,1 агрегатымен (МТЗ немесе К-700 тракторларының бірімен) себеді: мұндай жағдайда қышаны екінші және төртінші сепкіштердің алғашқы екі сошнигі себеді, қалған сепкіш аппараттар жабылады нәтижесінде ықтырмалардың ара қашықтығы 4,2 метрге тең болады. Себу жұмысын жеңілдету үшін тұқым жәшігінде қалқа (аралық) жасалады немесе жүгері сепкішінің жәшігін бекітеді. Сепкіш аппаратта ең төменгі (минималды) айналым санын орнатады (сепкіш аппараттың білігіне 32 тісті жұлдызша кигізіледі). Катушканың жұмысшы бөлігінің ұзындығы 3,0 мм шамасында. Осы қалыптағы катушка әр гектарға есептегенде 1,0 кг қыша тұқымын себеді. Қыша тұқымы топыраққа 4-5 см тереңдікке сіңіріледі.
Бір есте ұстайтын жайт, қыша-майлы дақыл және тұқымының өнгіштігі оның сақтау жағдайлары мен ұзақтығына тәуелді. Сондықтан себу алдында тұқымның өнгіштігін тексеріп себуге жарамдылығын анықтаған жөн.
Қыша ықтырмасын себуге бессепкішті агрегатты пайдалануға да болады. Мұндай жағдайда қышаны екінші және бесінші сепкіштердің алғашқы екі сошнигі себеді, ал ықтырмалардың ара қашықтықтары 4,2 және 6,3 метрден кезектесіп қалыптасады. Кейіннен ықтырма аралық кеңістікті өңдегенде және күздікті сепкенде трактор кең жолақпен жүріп отырады, қозғалыс бағыты мен тәсілі ықтырма сепкендегідей болуға тиіс.
Ықтырма аралығын өңдегенде және күздікті сепкенде ықтырманың жарақаттанбауын қадағалау қажет, ол үшін сепкіш агрегат жаппай қатардағы себу тәсіліндегі реттеу жұмыстарын іске асырып, себуді түзусызықты жүргізеді.
Қолайлы жағдайларда қышанаң егін көгі 5-8 тәулікте пайда болады. Қыша жаппай көктегеннен кейін, ықтырма аралықтарындағы арамшөптерді құрту үшін культивация жүргізіледі. Ықтырмалы сүрі танабын өңдеуде ықтырма сепкен агрегатттар пайдаланылады, бірақ біршама конструкциялық өзгеріс жасалады:сепкіштен қыша ықтырмасын сепкен сошник катогімен бірге ағытылады, көрші сошниктерге оң және сол жағынан табанның орнына регіш (наральник) орнатады немесе ықтырма жақтан келетін табанды кесіп тастайды; қосымша сошниктердің тірегіштерін (стойкасын) 10-12 см оңға және солға жылжытуға болады, бұл танапты өңдегенде және себу жұмысын жүргізгенде ықтырманың жарақаттанбауын қамтамасыз етеді; Бұл жұмыстарды орындауға басты талап – 4-6 см тереңдікті сақтау.
Қыша өсімдіктерін зиянкестерден қорғаудың өте қажет кезеңі - өнуінен жапырақ розеткаларының пайда болу аралығы. Ең тиімді күрес шараларының бірі себуге дейін қыша тұқымын улы химикатпен өңдеу болып табылады. Осы мақсатпен 1 т қыша тұқымы 2 кг Тигам инсектицидінің 10-15 л судағы ерітіндісімен өңделеді. Жабыстырғыш ретінде Na KMЦ қолданылады. Осындай өңдеуден кейін өсімдіктер екі апта бойы зиянкестерден сенімді қорғалады да ширығып үлгереді. Алайда ықтырма өсімдігін жарақаттайтын қырыққабат көбелегі мен бүргелердің пәрменді байқалуында оларға қарсы Суми-альфа, 5 % к.ә. (0,2 кг/га) препаратымен егістік бүркіледі. Ылғалды жазда қыша тез өседі де зиянкестер қыша ықтырмасына айтарлықтай зиян келтіре алмайды.
Оңтүстік облыстарда алғы дақылды жинаумен бір мезгілде немесе оны жинап алысымен танапты сыдыра жыртқыштармен өңдейді: азжылдық арамшөптер болса 5-7 см, тамыр өркенді және тамырсабақтыларды 10-12 см топырақ тереңдігіне. Екінші жағдайда қайта сыдыра өңдеу жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Арамшөптер өсіп шыққаннан кейін танапты 22-25 см тереңдікке терң қопсытқыштармен немесе шолақ түренді соқамен өңдеуге(жыртуға) кіріседі.
Көктемде қара сүрі жерді ылғал жабу үшін тырмалайды, жаз бойы бірнеше рет арам шөптерді жою үшін қопсыту жүргізеді. Бірінші қопсыту - терең жасалынады, ал қалғандары алдыңғыларынан таяздау тереңдікке жүргізіледі. Тұқым себералды қопсыту тұқым енгізу тереңдігіне жасалынады.
Ерте сүрі жерге арналған танапқа көктемде сыдырту, сонан соң терең жыртумен бірге тырмалау жүргізіледі. Таза ерте сүрі жерді күтіп-баптау қара сүрі жердікіндей.
Таза сүрі жерлердің тиімділігі ықтырма сепкенде артады. Ықтырмалы өсімдіктер - күнбағыс, жүгері, қышаларды күздіктерден 40-45 күн бұрын егеді. Ықтырмалардың ара қашықтығы тұқымсепкіштің еніне байланысты. Күнбағыс, жүгері ықтырма жолақтарындағы қатараралық -70, ал қышада 12 см болады.
Екпе сүрі жерге арналған танапты алғы дақылды орудан кейін қыс түскенге дейін қара сүрі жер сияқты өңдейді. Ерте көктемде тырмалайды, сонан соң қопсытады да сәйкес дақылды егеді. Көктем құрғақ болса, егістік жерді таптауышпен нығыздайды. Отамалы дақылдардың қатараралықтарын қопсытады және тыңайтқышпен үстеп қоректендіреді. Екпе сүрі жер дақылын қысқа мерзімде ору керек.
Сүріге арналған жердің жаппай егілген дақылын орып болысымен топырақты сыдыртады, сонан соң жырту қабатының толық тереңдігіне жыртады да тырмалайды. Күздіктерді еккенге дейін арам шөптердің қылтыйып көрінуіне қарай танапты қопсытумен бірге тырмалайды.
Арамшөптерден таза танаптарды жыртуды, 10-12 см терендікке дискілі сыдыртқыш тырмалармен өндеуге ауыстыруға болады. Дискілі өңдеуден кейін танапты тегістеу үшін 8-10 см терендікке КНС-4, КПЗ-3,8, КПШ-9 қопсытқыштарын пайдаланады.
Егер сүрі жер емес алғы дақылдарды жинағаннан кейін, күздік дақылдарды себуге бір айдан көп уақыт қалатын болса, танапты дереу сыдыртады, сонан соң жыртып тырмалайды, алғы дақылдарды жинағаннан кейін күздіктерді егуге бір ай­дан аз уақыт қалатын жағдай болса, онда құрғақ ауа райы мен арам шөптерден таза танаптарды терең жыртудың орнына, 10-12 см сыдыртады да тырмалайды. Күздікті себер алдында танапты тұқым себу тереңдігіне қопсытады.
Жел эрозиясы болатын аудандарда А.И.Бараевтың эрозияға қарсы топырақ өңдеу жүйесі қолданылады. Түренсіз өңдеу үшін орылған өсімдіктердің тамырын қиятын КПГ-250А, КПШ-9 жазық тілгішті қопсытқыштар мен 8-30 см терендікке топырақты қопсытатын КПГ-2,2 уатқыш терең қопсытқышы, топырақты 5-10см дейін өңдейтін КШ-ЗА штангалы қопсытқышы, топырақты қопсытатын БИГ-ЗА тырмасы қолданылады. Себу СЗС-2,1 аңыздық түқым сепкішімен атқарылады. Ол тұқым себумен бірге қопсытқыш табанымен арам шөптерді қияды және себілген қатарды тығыздап өтеді.
Тұқымды себуге дайындау және себу жұмыстары. Жоғары сапалы тұқым күздік бидайдан мол өнім алудың маңызды шарты. Осы себепті себуге бірінші класты себу сапасына жеткізілген өткен жылғы өнімнен дайындалған күздік бидай тұқымы пайдаланылады. Өйткені жаңа жиналған астық тұқымдары себуге дейін қалған аз уақытта егін жинағаннан кейінгі пісіп-жетілу кезеңін – тыныштық күйін - өтіп үлгермейді, нәтижесінде олардың лабораториялық өнгіштігі 70-80 %-дан аспайды. Олар кондициялық өнгштікке 20-30 тәуліктен соң жетеді. Жаңа жиналған астықтан дайындалған тұқым кеш көктейді, танаптық өнгіштік төмен және егістік сирек болады, ал бұл астық өнімін төмендетеді. өткен жылғы өнімнің тұқымдары тез және жаппай көктейді, өсімдіктер жақсы түптенеді, қыстайды және айтарлықтай мол қосымша өнім береді (ғылыми мекемелер деректеріне қарағанда 3,0 ц/га және одан жоғары). Бұл шаруашылықтарда күздік бидай тұқымының ауыспалы қоры керектігін дәлелдейді.
Кондициялы тұқымды құрғақ ауада қыздырады, ал бұл агрошара өну энергиясы мен танаптық өнгіштікті арттырады.
Ауру қоздырғыштардан қорғау үшін пестицидтермен жартылай құрғақ тәсілмен күздік бидай тұқымын жаздық бидайға ұқсас дәрілейді.
Күздік бидай тұқымын себуге дайындаудың бір шарасы – тұқымды 60%-дық Тур немесе Кампозан препаратымен өңдеу. Ондай тұқымнан дамыған өсімдіктердің түптену түйіні топырақта тереңірек түзіледі. Құбылмалы температурадан аз зардап шегеді, өсімдіктер құрғақшылыққа және жапырылуға төзімдірек. 1 т тұқымға 5 л Тур немесе 6л Кампозан препараты жұмсалады.
Күздік бидайдың себу мерзімі мол өнім алуда ерекше рөл атқарады. Себу мерзімін анықтағанда мынаны ескеру қажет: қыстап шығуға кеткенге дейін күздік бидай түптеніп үлгеруге тиіс, басқаша айтқанда күздік бидай күзгі вегетациясы тоқтағанға дейін 55-60 тәулік бұрын себілуі керек (орташа тәуліктік температура 5оС-дан өткенше, ал бұл көп жылғы деректер бойынша 15-20 қазанға сәйкес келеді). Сондықтан Солтүстік Қазақстан жағдайында күздік бидайдың оңтайлы себу мерзімі – 20-25 тамыз болып табылады. Қостанай облыстық тәжірибе стансасының зерттеулерінде орта есеппен 5 жылда 20 тамызда себілген мөлдектерде күздік бидайдың астық өнімі 16,3 ц/га, немесе ерте және кешірек себілгендерден 1,6-4,8 ц/га жоғары болды. Күздік бидайды ықтырма бойымен паялы (СЗС-2,1 немесе оның модификацияларымен) немесе дискілі сепкіштермен (СЗП-3,6) себеді. Соңғысымен ықтырмаға көлденең себуге де болады. Мұндай жағдайда жылы, ашық ауа-райында қыша өсімдіктері дегдігендеу (подвялены) болады да ауылшаруашылық құралдарымен жанасқанда айтарлықтай сынбайды.
Өндіріске прогрессивті технологияларды, күздік бидайдың жаңа сорттарын енгізудің тиімділігін арттыру мақсатында А.Қ.Апушев пен Г.Ә.Мырзабаеваның жүргізген зерттеулері соңғы 10-15 жылдың ішінде Қазақстанның оңтүстік-шығыс тау бөктері аймақтарында климаттың айтарлықтай жылуы күздік бидайды себуді қазан айының бірінші онкүндігінде жүргізу керектігін анықтады.
Ауа райы жағдайына байланысты күздік бидайды елімізде әртүрлі мерзімде себеді: Алматы облысында қыркүйектің екінші онкүндігінде, Қызылорда облысының оңтүстік аудандарында қыркүйектің екінші-үшінші онкүндігі, ал Оңтүстік Қазақстан облысында қазан айының бірінші-екінші онкүндігінде.
Күздік бидайды ерте себу қажет емес, себебі бұл жағдайда ол өсіп кетеді де зиянкестер және аурулардан көп зардап шегеді. Өте кеш мерзімде себілсе, аязға дейін толық түптеніп және жақсы жетілген тамыр жүйесін кұрап үлгере алмай қалады. Екі жағдайда да күздік бидай нашар қыстайды және үсікке ұрынады. Жақсы түптену (3-4 сабақ) мен тамырлану үшін күздік астықтарға күзде 45-60 күн ауаның 5°С-тан жоғары температурасы, немесе аязға дейінгі тәуліктің орташа 5°С температурасының жиынтығы 550-580° құрау керек екендігі анықталған.
Күздік бидай үшін қатар аралықтары 7,5 см болатын тар қатарлы егіс жақсы болғанымен, өндірісте көп таралған себу тәсілі - қатараралықтары 15см кәдімгі жаппай қатардағы егіс.
С е б у м ө л ш е р і. Күн сәулесін және ылғалды, тыңайтқыштар мен топырақтағы қоректік заттарды тиімді пайдалану үшін өсіп жетілген өсімдік сабақтары жиілігінің маңызы зор. Бұл себу мерзіміне, сорттың биологиялық ерекшеліктеріне, топырақтың құнарлығына, тыңайтқыштармен тыңайтылуына, алғы дақылға және басқа да жағдайларға байланысты.
Қазақстанның Солтүстік өңірінің ғылыми мекемелерінің кепілдемелері бойынша топырақта жақсы ылғал қоры болғанда күздік бидайды 5,0 млн/га, ал ол жеткіліксіз болғанда – 4,0-4,5 млн/га өнгіш тұқыммен (130-170 кг/га) сепкен жөн.
А.Ш. Хафизовтың тұжырымы бойынша себу мерзімдері де себу мөлшеріне әсер етеді. Мысалы, Алматы облысы жағдайында оңтайлы мерзімде себілген Безостая 1 сортының жоғары өнімділік көрсеткіштері 1 гектарға 6,0 өнгіш тұқым сепкенде алынса, ал Днепровская 521 сортының жоғары өнімділік көрсеткіштері 1 гектарға 4,0 млн. өнгіш тұқым сепкенде алынды. Кеш себілген егістіктерде ең жоғары өнім әр гектарға сорттарға сәйкес 7,0 және 5,0 млн. дән сепкенде алынды.
Л.Л. Дзевульская мен А.Р. Избасаровтың Іле Алатау бөктерінің тәлімі жерлерінде себу мөлшерінің күздік бидай астығының өнімділігі мен сапасына әсерін зерттеумен байланысты жүргізген егіншілік тәжірибелері тәлімі жерлерде өсірілетін күздік бидай егістігіндегі өсімдіктер сабақтары жиілеген сайын жоғарғы өнім түзілетінін көрсетті. Күздік бидайды гектарына 5,0 млн. дән мөлшерімен сепкенде Днепровская 521 сортының өнімділігі 3,1-5,5 центнерге, ал Безостая 1 сортының өнімділігі 2,3-7,0 центнерге жоғарылады.
Себу мөлшері ауа райы жағдайы, тұқым сапасы, сорт, топырақ қасиеті, себу мерзімі мен тәсілдеріне байланысты қойылады. Кеш және құрғақ топыраққа егуде тұқымның егістік өнгіштігі төмендейтін жағдайда, оның себу мөлшерін көбейтеді. Құнарлы, ылғал жеткілікті топырақтар, жоғары агротехника, тар қатарлы себу тәсілі мен суармалы жерлерде де себу мөлшерін (10-12%) көбейтеді. Құнары төмен топырақты жерлерде себу мөлшерін азайтады.
Күздік бидайдың егін көгі мен оның күзде даму деңгейіне тұқымның сіңіру тереңдігі көп әсер етеді. Ол түптену түйінінің орналасу ерекшелігін өзгертеді: түптену түйіні неғұрлым тереңірек болса, солғұрлым қыста опат болу қаупі азаяды. Қазақстанда күздік бидай өсіретін аудандарда тұқымды топырақтың ылғалды қабатына (5-7 см) сіңіру қажет.
Егістікті күтіп-баптау. Өсімдіктердің өсуі мен дамуы, вегетация кезеңінде және қыстап шығу үрдісінде олардың сақталуы көп жағдайда себуден егін жинағанға дейінгі оларға жасалған күтімге байланысты. Ол күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы күтіп-баптау жұмыстарын қарастырады.
Күзгі күтім себу тәсілі мен сепкіштердің маркасына байланыссыз топырақты тығыздаудан басталады. Мұның себебі кей жағдайда егін көгінің дер кезінде және жаппай пайда болуына кедергі жасайтын факторға топырақтың беткі қабатындағы сіңімді ылғал қорының жетімсіздігі жатады. Сондықтан себуден кейін жүргізілген топырақты тығыздаудың әсерінен топырақ бөліктерімен тұқым арасындағы түйісу жақсарады және төменгі топырақ қабатындағы ылғалдың капиллярлық көтерілуі күшейеді. Солтүстік Қазақстанда топырақты тығыздау күздік бидайды сеуіп болысымен ЗККШ-6А катогімен қосымша жүк салып жүргізеді. Бұл агротехникалық шараны іске асырғанда ықтырманың жарақаттанбауы ескеріледі. Күзде ұзақ уақыт бойы, тіпті қараша айының соңына дейін қар жаумауы мүмкін. Мұндай жағдайда егістік күздігүні жер бетіне шашқыш машиналармен (1 РМГ-4, РУМ-3, дискілі сепкіштер) минералды тыңайтқыштармен (азот, фосфор) үстеп қоректендіріледі, есесіне бұл жұмыс көктемде жүргізілмейді және ылғи оған мүмкіндік те бола бермейді.
Түптену кезеңінде ақ зеңмен күресу үшін егісті фундазолмен (0,3-0,6 кг/га препаратты 300 л суда ерітеді) өңдейді. Көптеген ауруларға қарсы кешенді тиімділігімен Альто 400 к.с.-ципроконазол (0,1-0,2 кг/га), Байлетон, 25% ы.ұ. (0,5-1,0 кг/га), Тилт,25% э.к. (0,5-1,0 кг/га) препараттары қолданыста жоғары көрсеткіш көрсетіп жүр.
Егер күздік бидай жылы күздің ұзақтығынан шамадан тыс өсіп кететіндей жағдайлар болатын болса, онда оның егісін түптену кезеңінде өсімдік өсуін тежеуіш (ингибитор) - М кампозанмен (3-4 л/га), немесе турмен (6 л/га) бүркіп өңдейді. Егісті ретарданттармен өңдегеннен кейін жапырақтың биіктеп өсуі тежеледі, өсімдіктің түптенуі мен негізгі тамыр жүйесінің қалыптасуы күшейеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   28   29   30   31   32   33   34   35   ...   95




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет