Гүлдену кезеңі. Қолайлы жағдайларда күздік бидайдың гүлденуі масақтанудан соң іле-шала басталады. Оның ұзақтығы температураға, ауа мен топырақ ылғалдылығына тәуелді. Гүлдену мен тозаңдану жүретін ең төменгі температура 6-7оС, ал барынша қолайлы ауа температурасы – 20-25оС. Оңтайлы жағдайлар гүлдену мен тозаңдану уақытында топырақ ылғалдылығы ТЫС-тың 75-80 % деңгейінде қалыптасады. Солтүстік Қазақстанда бір масақтың гүлденуіне 3-5 тәулік, ал бүкіл танап үшін – 5-7 тәулік қажет. Барынша жақсы гүлдену мен тозаңдану тәуліктің таңғы және кешкі сағаттарында өтеді. Гүлдену, тозаңдану, ұрықтану, зиготаның түзілуі мен эндоспермнің қалыптасуы органогенездің 9 – кезеңін қамтиды.
Пісу кезеңі. Ұрықтанған ұрық бүршігінде эндосперм қалыптасады, ұрық өсіп-дамиды, жатын қабырғасынан қабық түзіледі де тұқыммен бірігіп өседі, соңынан дәнге айналады. Күздік бидайдың пісу ерекшеліктері көп жағдайда басқа дәнді дақылдарға ұқсас және ол “Тұқымтану” бөлімінде толық қамтылған.
Күздік бидайдың қоршаған орта факторларына қажетсінуін қорытындылай келе мынаны көрсеткен жөн:
- барлық өсіп-даму кезеңдерінде топыраққа жоғары талап қояды – қара топырақтарда жақсы өседі, алайда күңгірт-қоңыр топырақтарда да өсіруге болады;
- вегетация кезеңінде күздік бидай жаздық бидайға қарағанда ылғалды көбірек шығындайды, бұл оның аталған кезеңнің ұзақтығына байланысты; барынша оңтайлы топырақ ылғалдылығы ТЫС-тың (төменгі ылғалсиымдылықтың) 70-75 % мөлшерінде деп есептеледі; ылғалды өсу және даму кезеңдерінде пайдалану заңдылығы жаздық бидайға ұқсас;
- күздік бидайдың температуралық байқалатын өсу шекарасы 2-3-тен 37-40оС аралығы, алайда өсімдіктердің пәрменді өсу мен дамуына барынша қолайлысы – 20-25оС; танаптық жағдайда күздік бидайдың күзгі вегетациясы, түптенуді қоса есептегенде, 15оС-дан 3оС аралығында өтеді, басқаша айтқанда, оңтайлы шамадан төмен деген сөз; дегенмен төменгі температура өсімдіктердің дамуына оң әсер етеді; 2-10оС температурада күздік бидай түптену түйінінде бүкіл құрғақ затқа есептегенде 20-30 %-ға дейін қант жинақтайды, ал мұның өзі жасуша шырынының концентрациясын арттырады және жақсы қыстап шығуға мүмкіндік жасайды. Ашық күндер және қысқа кетерде температураның бірте-берте төмендеуі күздік бидайдың шынығуын жақсартады. Қысқы жылымық дақылдың аязға төзімділігін азайтады. Жақсы шыныққан күздік бидай өсімдіктері түптену түйіні орналасқан топырақ қабатының теріс 30оС температураны (аязды) көтере алады. Қыста қар қалың түскен жылдары (25 см және одан жоғары) күздік бидай 35оС дейінгі аязға шыдайды, өйткені қардың астындағы температура үстіндегіге қарағанда 10-15оС жоғары, әрі қар қабаты күздік бидайды көктемгі үсіп және кеуіп кетуден сақтайды. Қар қабаты болмағанда күздік бидай түптену түйініндегі – 16-18оС аяздың өзінен үсіп кетеді.
- Қазақстан Республикасында, әсіресе Солтүстік Қазақстан жағдайында күздік бидай негізінен көктемгі қардың еру кезеңінде, әсіресе қары аз қыста, опат болады; бұл уақытта өсімдіктердің жапырақтары тіршілігін бастап, ылғалды буландыра бастайды, бірақ тамыр жүйесі топырақтың тоң қабатында әлі тыныштық күйде болатындықтан жапырақтарға ешқандай көмек жасай алмайды; өсімдіктер тез әлсірейді де түнгі 12-14оС аяздан опат болады; күздік бидай қолайлы қыстап шығу жағдайында көктемгі тіршілігінің басынан масақтануға дейін барлық қажетті ылғалдың 70 %, гүлденуден балауызданып пісуге дейін – 20 % шығындайды; топырақтың 60 см қабатындағы оңтайлы ылғал мөлшері ТЫС-тың 70-75 %, дақылдың транспирациялық коэффициенті – 460-500.
- Күздік астық дақылдарының ішінде күздік бидай топырақтарға барынша жоғары талап қояды; ол жоғары астық өнімін құнарлы, арамшөптерден таза, ылғалды қара және күңгірт-қоңыр топырақтарда қамтамасыз етеді; оған батпақтанған топырақтар жарамсыз; оған тегіс бетті, шұңқырларсыз танаптарды таңдайды – көктемде су жиналмайтын және өсімдіктердің тұншықпауы қаперге алынады. Күздік бидайдың вегетациялық кезеңінің ұзақтығы (қысқы тыныштық күйін қоса есептегенде) 180-310 күн аралығында өзгереді.
- Күздік бидайдың опат болу себептері: өсімдіктердің үсіп кетуінен (күзгі нашар дамуынан, қар қабатының төмендеуінен температураның күрт өзгеруінен ж.б.); ойпаң жерлерде судың артық мөлшерінен тыныс алу ережесінің бұзылуынан өсімдіктердің тұшығуы; түптену түйінінің топырақ бетіне шығып қалуынан (өсімдіктер әлсіреуінен); топырақ бетіне мұз қабыршақтарының пайда болуынан (ұзақ жылымықтан кейін күннің күрт суытуынан өсімдіктер мұздың бетіне жабысады да механикалық жарақаттар алады) т.б.
- Үсіп кетуге қарсы тиімді күрес шаралары – аязға төзімді сорттарды өсіру, фосфор-калий тыңайтқыштарын енгізу, дер кезінде себу, тұқымды топыраққа тереңірек сіңіру, сүрі танаптарында ықтырма өсіру арқылы қар тоқтату ж.б.; күздік бидайды шіруден опат болдырмауға топырақ тезірек қату үшін және өсімдіктерде тыныс алуға пластикалық заттардың шығынын азайту үшін қарды тығыздау қажет; ерте себуді және жиі егістік қалыптастыруды; артық мөлшерде азотпен үстеп қоректендіруді болдырмау ж.б.; түптену түйіндері мен тамырлардың топырақ бетіне шығып қалмауы үшін Тур препаратымен өңделген тұқымды топыраққа тереңірек сіңірген дұрыс, әрі себуге дейін және себуден кейін ЗККШ-6А бұдырлы катоктарымен егістікті тығыздаған жөн; Артюшенко А.В. мен Артюшенко О.Г. (1977) тұжырымдары бойынша Қостанай облысы жағдайында күздік бидайдың опат болуы қыстап шығудың қолайсыз жағдайларынан емес, ерте көктемгі құбылыстарға байланысты – қары жоқ жерлерде өткір күн сәулесінің әсерінен өсімдіктер мезгілсіз ерте тіріледі де ылғалды буландыра бастайды, ал тамыр жүйесі әлі топырақтың тоң қабатында жатады да оларды ылғалмен қамтамасыз ете алмайды, өсімдіктер түнгі аяздан да (-12-14оС) әлсірейді және опат болады; сондықтан өсімдіктердің тіршілік үрдісін көктемде кешіктірудің маңызы зор (жеткілікті қар қабатын жасау жолымен).
Өсіруге рұқсат етілген сорттар. Мироновская 808- Украинаның В.Н.Ремесло атындағы Миронов бидай селекциясы және тұқым шаруашылығы ҒЗИ-да топтық сұрыптау тәсілімен шығарылған. Масағы әлсіз призма пішінді, ақ, қылтықсыз, орташа ұзындықта және тығыздықта (түршесі – субэритроспермум). Дәні қызыл, жартылай шынылы немесе шынылы, ірі, 1000 санының массасы 36-45 г. Дәндегі клейковина 28-37 % аралығында өзгереді. Нандық сапасы жақсы, қуатты бидай сортына жатады. Сабаны берік, жапырылуға және шашылуға орташа төзімді. Қысқа және аязға өте төзімді. Құрғақшылыққа төзімділігі орташа және ортадан жоғары. Қоңыр тат ауруымен орта деңгейде заладанады, орташа мерзімде піседі. Сорт өнімді, орта есеппен 2001-2003 жж. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-нің өсімдік шаруашылығы кафедрасының Ақмола облысының күңгірт-қоңыр топырақтарында жүргізілген танаптық тәжірибелерінде зерттелген варианттарға байланысты 16,7-17,6 ц/га астық өнімін берді.
Ауыл шаруашылық өндірісінің тиімділігін жоғарылатудың маңызды шараларының ішінде күздік бидайдың ауруларға төзімді, жоғары сапалы сорттарын өндіріске ендіру және олардан жоғары өнім алу ең маңызды мәселе болып отыр. Соңғы жылдары Қазақстанның Оңтүстік және Оңтүстік-Шығысы үшін өнімділік потенциалы 90-120 ц/га жететін, ауруларға төзімді, дәнінің сапа көрсеткіштері жоғары және суыққа, ыстыққа және құрғақшылыққа төзімділігі жоғары сорттар шығарылуда.
Мәселен, Р.А. Оразалиев пен А.Т. Сарбаевтың деректері бойынша соңғы жылдары Қазақстанның біраз аймақтарында, шет елдерде, жоғары сапалы агроэкотипіне жататын Прогресс, Алматинская полукарликовая, Қарлығаш сорттары өсірілуде, Богарная 56 және ОПАКС сорттары тәлімі жерлерде жоғары сапалы астық өндіру талаптарына сай келеді. Тұқымы жоғары сапалы күздік бидай сорттары алдыңғы қатарлы шаруашылықтарда гектарынан 80-100 ц, ал қалғандарында 20-40 ц өнім береді.
Кезінде Қазақстанға Безостая 1 сортының орнына Опакс 1 күздік бидайының жаңа сорты келді. Ол 1993 жылы Алматы облысында 50 мың гектардан астам егістікке себілген болатын. Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институты ғалымдарының бақылаулары бойынша күздіктер үшін қыс жағдайлары өте қолайсыз болған жылдары (1981, 1985) бұл сорттың көктемге дейін сақталуы стандарттан 5,8%-ға жоғары болған, қысқа төзімділігі жоғары болуы есебінен өнімділігі де стандарттан орта есппен гектарынан 0,2-0,3 тоннаға жоғары болған.
Р.А. Оразалиевтің тұжырымынша, сорт ауыл шаруашылық өндірісін өзгертетін негізгі буын, сондықтан жаңа сорттарды өсіру үшін олардың тұқымын жақсартып, өсірудің агротехникалық мәселелерін шешу қажет. Себебі, туындап отырған мәселелерді дұрыс шешу көп жылдар бойы, жоғары, әрі тұрақты өнім алуға және елдің, бүкіл ауыл шаруашылығының жоғары тиімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.
1984 жылы Алматы облысында Прогресс сорты аудандастырылды. Гектарынан потенциалды өнімділігі 9,0-10,0 т. 1985-1986 ж.ж. қыс мезгілі жағдайларының қолайсыздығына қарамастан, Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтының «Қаскелең» тәжірибе шаруашылығының егістік жерлерінде оңтайлы себу мерзімінде себілген бұл сорттың көктемге дейін сақталуы 86%, ал гектарынан өнімділігі 7,6 т. болды, бұл сорт басқа сорттарға қарағанда суыққа төзімділігі және жоғары өнімділігімен ерекшеленді.
Пәрменді типтегі Алматинская полукарликовая сорты жауын-шашынмен қамтамасыз етілген тәлімі жерлерде өсіруге рұқсат етілген. Қысқа төзімділігі орташа. Оңтүстік Казакстан обылысының тәлімі жерлеріндегі мемлекеттік сорт сынау учаскелерінде сыналған жылдары бұл сорттың көктемге сақталуы орта есеппен алғанда 71% болды, бұл стандарт ретінде алынған Безостая 1 сортынан 5,7%-ға жоғары еді. Сонымен қатар орташа өнімділігі де стандарттан 0,84 т/га жоғары болды.
Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтының селекционерлері шығарған күздік бидайдың Жетісу, Алмалы және Таза сорттары суыққа және қысқа төзімділігі жоғарылығымен ерекшеленді. Конкурстық сорт сынау нәтижелері бойынша олардың орташа өнімділігі стандарт Прогресс сортымен (8,61 т/га) салыстырғанда әлдеқайда жоғары болып шықты (9,56 т/га). Бұл сорттардың қыстап шығу деңгейі де 4,9%-ға жоғары болды.
Елімізде 2007 жылға дейін күздік жұмсақ бидайдың 27 сорты өсіріліп келді. Көп таралғандары - Безостая 1, Мироновская 808, Карлығаш, Комсомольская 56, Богарная 56, Жетісу, Южная 12, Стекловидная 24, Красноводопадская және т.б.
Соңғы жылдары күздік бидайдың Актерекская, Алмалы, Юбилейная 60, Алия, Егемен және Саратовская 90 атты жаңа сорттары өсірілуге рұқсат етілді.
Қазақстан бойынша (Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында) осы кезге дейін күздік қатты бидайдың бір ғана Айсберг одесский сорты өсіріліп келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |