Тыңайтқыштар. Сұлы органикалық және минералды, әсіресе азотты тыңайтқыштарды жақсы қажетсінеді, сонымен қатар ол органикалық және минералдық тыңайтқыштардың соңғы әсерін жақсы пайдаланады. Алайда олар алғы дақылдарда жетімсіз болса, онда себумен бірге Р2О5 берген жөн (15-20 кг/га ә.е.з.мөлшерінде).
Тыңайтқыштардың жетімсіздігінен Солтүстік Қазақстан аймағында сұлы үшін тыңайтқыш енгізілмейді, ол әдетте сүрі танабына бидайға енгізілген тыңайтқыштардың соңғы әсерін пайдаланады.
Сұлы үшін топырақ өңдеудің негізгі мақсаты – оның өсуіне және дамуына қолайлы жағдайлар жасау, топырақта оңтайлы ауа – ылғал және қоректік заттар ережесін қаматамасыз ету, жалпы алғанда сұлыға топырақ өңдеу жүйесі арпаға ұқсас.
Экологиялқ және экономикалық себептерге байланысты топырақ өңдеу мақсаттары мүмкіндігінше жұмыс операцияларының санын, өңдеу қарқындылығын азайтуды қарастырған дұрыс, басқаша айтқанда, минималды топырақ өңдеу жағдайына егістікті тікелей себу ойдағыдай жауап береді. Қыста қар тоқтату (СВУ – 2,6, СВШ – 7, СВШ – 10) ылғал қорын молықтыруға көп септігін тигізеді. Көктемгі ылғал жабу (БИГ – 3, жалпақ дискілі сыдыра жыртқыштар), себу алдындағы топырақ өңдеу (КПШ – 5, КПШ – 4, КТС – 8 , КТС – 10 – 2 ж.б.).
Тұқымды себуге дайындау. Тазалау, бірінші (негізгі) және екінші дәндерді бөлу, сұлы триерлерін пайдаланып ірі дәндерді сұрыптау, құрғақ ауада қыздыру және дәрілеу жұмыстарын қарастырады. Негізінен аталған агрошаралар бидайға ұқсас. Алайда тұқымды дәрілеуде кейбір ерекшеліктерді есте ұстаған жөн: қатты қаракүйеге қарсы Витавакс 200 ФФ, 34 % (2,5-3 кг/т), ал тозаңды қаракүйені 40 % формалиннің судағы ерітіндісін (1 : 80 қатынасындай) пайдаланып (0,38 л/т) тұншықтыру тәсілімен дәрілегенде өңделген тұқымды брезент жапқыштың астында 4 сағат ұстайды да, соңынан ауада кептіріледі.
Себу мерзімі - Қазақстанда сұлыны астыққа өсірудің маңызды агрошарасы. Биологиясына байланысты сұлы ерте мерзімде себілетін дақыл. Алайда Солтүстік Қазақстанда ерте себілген сұлы төмен астық өнімін береді, ең алдымен қыста болатын тоң қабатының баяу жібуінің әсерінен топырақтағы микробиологиялық үдерістің әлі әлсіз жүруінен сұлыға азот қоректік затының жетімсіздігімен түсіндіріледі. Аталған ерекшелік негізінен сұлы дақылына тән, өйткені ол өсіп-жетілуінің басында өте тез өседі, ал сұлыны әдетте азот қоректік затының қоры аз топырақтарға орналастырылады. Оның үстіне, ерте себілген егістіктер Қазақстанда әдетте байқалатын көктемгі және ерте жазғы құрғақшылыққа тап болады да сұлының «ширатылу» ауруына ұрынады, осының нәтижесінде өнім күрт төмендеп кетеді. Айтарлықтай ерте себілгенде сұлының толысу кезеңі де қолайсыз жағдайларда өтеді.
Жоғары температурада (кейде өте ыстықта) піскенде сұлы қабықтылығы жоғары және ұсақ дән қалыптастырады.
Солтүстік Қазақстанда сұлының оңтайлы себу мерзімі – 25 мамыр – 5 маусым аралығы. Өйткені аталған аймақтың далалы және орманды-дала аудандарында өте ерте себілген сұлы егістігі «ширатылудан» көп зардап шегеді. Ауруға ұрынған сұлы молынан түптенеді және мүлде шашақ түзбейді, әсіресе бұл ауру ылғалды жазда күштірек байқалады.
30 мамыр – 5 маусымда себілгенде сұлының ылғалмен салыстырғандағы қиын-қыстау кезеңі – түтікке шығу – шашақтану – аймақта жиі болатын жаздың екінші жартысындағы мол жауын-шашынға сәйкес келеді. Орталық Қазақстанда сұлының жақсы себу мерзімі 28-30 мамыр. Батыс және Шығыс Қазақстан жағдайлары сұлының оңтайлы себу мерзімін мамырдың 15-нен 25 дейінгі аралыққа жылжытады.
Себу мөлшері топырақ, климат жағдайларына қарай 2,5-4,5 млн/га өнгіш тұқым аралығында өзгереді: Қарағанды, Павлодар облыстарында 2,5-3,5; Ақмола, Қостанай – 3,5-4,0; Солтүстік Қазақстан облысында – 4,0-4,5 млн/га.
Солтүстік аудандардың ауыр топырақтарында тұқымның себу тереңдігі 4-5 см, механикалық құрамы жеңіл топырақтарда, кеш себілгенде және ылғал жетімсіз болғанда – 6-8 см.
Егістікті күтіп-баптау себуден кейінгі топырақты тығыздаудан басталады. Салқын және ылғалды көктемде арамшөптерге қарсы және топырақ қабыршығын құрту мақсатында тұқым өскіндері, дән ұзындығына тең кезеңде егістікке көлденең бағытта тісті тырмалармен тырмалау жүргізіледі.
Қосжапырақты арамшөптерді құрту үшін жаздық бидай егістігінде қолданылатын гербицидтердің бірімен сұлының түптену кезеңінде бүріккен дұрыс.
Егінді жинау. Сұлы біркелкі піспейді, әсіресе сабан өркен (подгон) көп болғанда. Пісу кезеңінде бір өсімдіктің әртүрлі шашақтарында, тіпті бір шашақтың өзінде дәндердің пісуінде алшақтық байқалады.
Сұлы дәніне пластикалық заттардың жинақталуы бидайға қарағанда ұзағырақ жүреді, сондықтан тым ерте жинағанда айтарлықтай бөлігі толысып үлгермейді.
Сұлы сабанының пісуі дәннің пісуінен өте кешігеді (дәннің жинау кезеңінде сабақтары әлі жасылдау және өте ылғалды күйде болады). Сондықтан сұлының ең оңтайлы жинау мерзімі – шашақтағы масақшалардың жоғарғы бөлігі толық пісіп, ал төменгі бөлігі балауызданып пісу кезеңіне жеткенде жинау барынша тиімді деп есептеледі.
Дестеде дегдіткенде немесе бастырғаннан кейін дән толық пісіп-жетіледі де себу сапа көрсеткіштері қалыпты жағдайда болады. Мұндай жинау тәсілінде сабанның мал азықтық құндылығы да жоғары.
2. Күздіктер: қара бидай, Тритикале. Қазіргі уақытта Қазақстанда астық өндіруді тұрақтандыру ауыл шаруашылығы ғылымдары мен өндірістің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Әіресе бұл мәселе нарықтық экономикаға көшуге байланысты өткір қойылып отыр, бір жағынан Республикамыздың дүниежүзіндегі дамыған 50 елдің құрамына кіру мақсатында және қуатты бидай астығын арттырудың, оның экономикалық әлеуетін тұрақтандырудың, әрі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің айтарлықтай шарты.
Мұндай қосымша астық алу көздерінің бірі – Қазақстанда күздік дәнді дақылдарды өсіру. Астық дақылдарының ішінде барынша өнімдісі күздік бидай екендігі белгілі. Ол барлық астық дақылдарынан өнімі бойынша 4,0-тен 10-12 ц/га дейін асып түседі. Осыған қоса жаздық бидайға қарағанда азық-түліктік құндылығы кем болмаса да одан бірқатар артықшылықтарымен ерекшеленеді: ол топырақтан, күзгі, қысқы, ерте көктемгі ылғалды және қоректік заттарды жақсы пайдаланады; топырақты су және жел эрозиясынан сенімді қорғайды; арамшөптерге қарсы күресте ерекше маңызы бар; аурулармен аз залалданады және астық зиянкесі – астық сұр көбелегі жарақаттануынан «өтіп кетеді», әрі 7-10-нан 15-30 тәулікке дейін вегетациясын ерте аяқтайды. Күздік бидайдың ерте пісуі нәтижесінде егін жылы, құрғақ уақытта жиналады, ауыл шаруашылық техникалары тиімді пайдаланылады, көктемгі-күзгі себу және жаздық дақылдарды жинау кезеңіндегі қаурыттылықты төмендетеді. Оның ерте жиналуына байланысты тамыз айының бас кезінде сүдігер дайындауды ерте жүргізуге мүмкіндік береді, ал мұның өзі аңыз қалдықтарының жақсы миерализациясын қамтамасыз етеді, топырақта ылғал жинауға және арамшөптер мен зиянкестерге қарсы ерекше маңызды. Күздік бидай алғы дақыл ретінде жартылай сүрі танабы болып табылады да кейінгі дақылдардың өнімін арттырады.
Дәнді астық дақылдары ішінде бидай өте құнды тағамдық өсімдіктердің бірі ретінде дүниежүзінде 230 млн. га егіс алқабын алып жатыр, оның ішінде күздік бидай егістіктері 35%-ын құрайды, ал оның астық өнімі орта есеппен 25,4 ц/га.
2009 жылы Қазақстанда күздік бидай 465,1 мың га егістікте өсірілді және орташа астық өнімі 19,4 ц/га құрады. Ал жаздық бидайдың астық өнімі 11,7 ц/га болды. Елімізде күздік бидайдың негізгі егістік ауданы Батыс Қазақстан (133 мың га), Оңтүстік Қазақстан (137 мың га), Жамбыл (113 мың га) облыстарының үлесіне тиеді. Бұл жылы солтүстік Қазақстан облыстарында күздік бидай 29,9 мың га алқапқа өсірілді.
Солтүсік Қазақстанда ұзақ уақыт бойы күздік бидайға жеткілікті көңіл бөлінбеді: аймақтық қатал климат жағдайлары оның биологиясына сәйкес келмейді, нашар қыстайды, маусым айының құрғақшылығын көтере алмайды да астық өнімін төмендетеді, - деп түсіндірілді. Соған қарамай Қостанай облыстық ауылшаруашылық тәжірибе стансасы мен басқа да мекемелер аталған дақылды осы аймақта өсіруге болатындығын және жаздық бидайдың артық астық өнімін беретінін көрсетті.
Кезінде (бұрынғы ССРО-ның ыдырау қарсаңында) егіншілік мәдениетінің өсуі, дақылдарды өсірудің қарқынды (пәрменді) технологияларын игерудің ж.б. нәтижесінде Солтүстік Қазақстанның жекелеген облыстары, шаруашылықтар күздік бидайды кеңінен өсіре бастады. Атап айтқанда, 1989 жылы оның егістігі Солтүстік Қазақстан облысында – 20,1 мың га, бұрынғы Көкшетау облысында – 10,3, Қостанай облысында – 8,0 және Целиноград (қазіргі Ақмола) облысында – 0,7 мың га болды, ал астық өнімі тиісінше – 14,0; 14,3; 15,9 және 15,0 ц/га жетті, ал осы жылы жаздық бидай өнімі оларда – 7,3; 6,5; 6,1 және 9,1 ц/га ғана болған. Көпжылғы деректер де күздік бидай астық өнімі жаздықтан жоғары екенін көрсетті: орта есеппен 1986-1989 жылдары Қостанай облысында 2,9 мың/га егістіктің әр гектарынан күздік бидай 15,7 ц астық берсе, жаздық бидай (3,3 млн/га) – 9,0 ц астық берді; Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын өсірілген 6,1 мың га күздік бидай егістігінен 19,5 ц/га астық жиналды, ал жаздық бидайда бұл көрсеткіш (1,0 млн га егістіктен) – 11,6 ц/га болды. С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-нің өсімдік шаруашылығы кафедрасының зерттеулерінде орта есеппен 3 жылда (2001-2003 ж.ж.) Ақмола облысының қара-қоңыр топырақтарында астық күздік бидайда 23,3 ц/га болғанда, бақылау варианты жаздық бидайда ол 13,4 ц/га тең болды. (Қ.М.Мұсынов, 2007). ҚР-ның АШМ-нің деректеріне қарағанда 2009 жылы елімізде күздік бидайдың астық өнімі 19,4 ц/га, ал жаздық бидайда ол 11,7 ц/га болғанда бұл көрсеткіштер тиісінше Ақмола облысында - 13,6 және 13,4, Қостанай облысында - 15,6 және 14,4 ц/га болды. Басқаша айтқанда, Солтүстік Қазақстан аймағында күздік бидай жаздыққа қарағанда әр гектар егістіктен 1,2-7,9 центнерге дейін қосымша астық өнімін берген. Келтірілген мысалдар Қазақстанның Солтүстігінде күздік бидай өсіру мүмкіндігін көрсетеді және оған тиісті көңіл аудару қажет.
Қазақстанда күздік бидай ретінде негізінен жұмсақ бидай өсіріледі. Осыған байланысты төменде аталған түрдің өсу, даму және өсіру технологиясының ерекшеліктері қарастырылады.