Жасымықты өсірудің агрошаралары. Өсіру технологиясы. Ауыспалы егістегі орны. Жасымықтың ауыспалы егістегі ең жақсы алғы дақылдары тыңайтылған күздік астықтар мен отамалы дақылдар. Олар өздерінен кейін танапты арамшөптерден таза қалдырады. Жасымық көгі алғашқы кезде өте баяу өсіп, арамшөптерге қарсы тұру қасиеті нашар болғандықтан, күздіктер мен отамалы дақылдардан кейін танаптың таза болуы оған қолайлы. Кей жағдайда екпе қарақұмықтан кейін де себуге болады.
Жасымық тамырының нематод ауруымен күшті зақымдануына байланысты оны бір себілген жеріне тек 5-6 жылдан кейін ғана қайта себуге болады. Жасымықтан кейін жүгеріні, жаздық және күздік дақылдарды орналастырады.
Топырақты өңдеу және тыңайту. Жасымықтан мол өнім алу үшін оны жеңіл, саздақ, қара топырақты танапқа себу керек. Жасымыққа батпақтанған, құрамы ауыр, қышқыл топырақтар жарамсыз.
Тыңайтқыш қолдану, негізгі және тұқым себу алдындағы топырақ өңдеу жүйесі асбұршаққа ұқсас. Сепкенге дейін танапты арамшөптерден жақсылап тазарту қажет. Оған аңызды ерте сыдырта өңдеу, терең және уақытында сүдігер жырту жатады.
Жасымықтың «семіріп» кетуіне жол бермеу үшін, ол өсірілетін танап топырағына берілетін көңді алғы дақылға немесе жасымық себуден 2-3 жыл бұрын берген жөн. Сүдігер жыртудың алдында, әр гектарға 40-60 кг фосфор және 30-40 кг калий минералды тыңайтқыштарын қолдану тиімді, қышқыл топырақты қопсытумен қатар, оған әк берілуі қажет.
Жасымыққа алғашқы даму кезеңінде, тамырындағы түйнектерінің ауа азотын байланыстыратын бактериалары дамып жетілгенше ғана азотты тыңайтқышты қолданған дұрыс.
Тұқымды себуге дайындау, себу.Себілетін тұқымды, яғни, тұқымдық материалды жоғары өнімді танаптардан дайындайды. Оларды ірілігі бойынша сорттайды: диаметрі орташа және орташадан жоғары тұқымды себуге пайдаланады. Тұқымды себуден 30 күн бұрын 80%-дық ТМТД препаратымен (3-5 кг/га), ал себер күні нитрагинмен өңдейді.
Ерте себілген жасымық жоғары өнім берумен қатар, зиянкестерге және ауруларға жақсы қарсы тұрады. Жасымықты ерте мерзімде жаппай қатардағы немесе тарқатарлы тәсілдермен себеді. Ірі тұқымды жасымықтың 1 га себу мөлшері 2-2,5 млн (120-130 кг), ұсақ тұқымдарда -2,5-3,0 млн (80-100 кг) өнгіш тұқым.
Тұқым сіңіру тереңдігі- жеңіл топырақта- 4-5 см, ол топырақтың жоғарғы қабатында ылғал жеткіліксіз жағдайда 7 см-ге дейін жеткізіледі.
Егістікті күтіп – баптау. Тұқым себілгеннен кейін танапты тығыздайды. Жасымық көгі шыққанға дейін және көктеп шыққаннан соң өсімдік биіктігі 6-7 см болғанда, себу бағытына көлденең егістікті тырмалайды. Арамшөптермен күресуде гезагард 50 (3-4 кг/га) гербицидін қолданған жақсы нәтиже береді. Құрғақшылық жылдары гербицидті себер алдында енгізген жөн, ал ылғалды жылдары дақылдың көктеуіне 2-3 күн қалғанда. Қолданылатын құралға байланысты гербицидтің гектарлық мөлшері 100-400 л суға ерітіліп шашылады.
Сиыржоңышқа жасымық астығының сапасын түсіріп жібереді, сондықтан оны отап алып тастау маңызды шара болып есептеледі. Дақыл гүлдеген кезде жалпақ дәнді сиыржоңышқа гүлдері күлгін түсімен жасымықтан жақсы ажыратылады, оны сол кезде жою керек.
Жасымық егістігінде зиянкестер (бізтұмсық, кенелер ж.т.т.) пайда болса хлорофос, фосфомид инсектицидтерімен өңделеді.
Өнімді жинау. Жасымықты екі кезеңді тәсілмен бөлектеп жинайды. Дестелеп ору- өсімдіктің төменгі жағындағы бұршаққаптың тез піскенде өнім ысырабы көп болмау және тұқымдары қарайып, тауарлық сапасы төмендемеу үшін дестені тездетіп бастыру керек. Тұқымды сақтауға қоймас бұрын оны тазалайды және қажет болса кептіреді.