215
Лириканың антик әдебиетінде көп тараған түрлерінің бірі –
идиллия
(грекше
eidyllion
–
суреттеу, сурет) – әлдебір парықсыздау салтанат,
қаракетсіз қызық, уайым-қайғысыз қызғылт өмір туралы жыр.
Идиллиялық өлеңнің тақырыбы – мал баққан, шөп шапқан, егін салып,
балық аулаған адамдар тұрмысы, олардың
сұлу табиғат құшағында
өтіп жататын той-думаны, сауық-сайраны. Байырғы Грецияда мұндай
өлеңдерді Феокрит, Римде Вергилий жазған. Кейін Көне дүние
әдебиетінің классикалық үлгілеріне еліктеу ретінде бұл түрді
француз
ақындары қайта жаңғыртты.
XIV ғасырдағы француз әдебиетінде идиллия
мадригалға
(французша
madrigal
– малшы сазы) ауысты. Бұл да басында жым-жырт, ың-жыңсыз
рақат тіршілікті мадақтайтын өлең болатын, кейін әйелдерге арналған
альбомдық сипатқа көшті, енді бірде азын-шоғын сықақ, күлкі араласатын
болды. Мұндай өлеңдерді орыс әдебиетінде Карамзин, Батюшков жазды.
Ежелгі Эллада ақыны Пиндардан
Рим ақындары Гораций мен
Овидийге, одан орыс ақындары Лермонтов пен Державинге дейін екі
мың жылдан аса ұзақ ғұмыр кешкен бір лирикалық түр –
Ода
(грекше
ode
– ән) – есімі елге тараған жеке адамдарды не батырларды мадақтаған
я болмаса ел ішіндегі елеулі оқиғаларды дәріптеген аса көтеріңкі, көңілді
жыр. Мұндай мақтау жырлар Жәңгір ханның сарай ақыны Байтоқта бар.
Лириканың әдемі түрлерінің бірі –
сонет
(итальянша sonetto; sonare –
сылдырау, сыңғырау) арнаулы өлшеммен, әртүрлі тақырыпқа жазылатын
сыршыл өлең. XIII ғасырда Сицилияда туған Данте,
Петрарка көп
жазған, кейін Батыс Европаның басқа елдеріне кең тараған, классикалық
үлгілерін Шекспир жасаған.
Сонеттің арнаулы өлшемі бар дедік: көлемі – он төрт жол, алғашқы
сегіз жолы – брінші бөлім – катрен де, ақырғы алты жолы – екінші бөлім
– терцет. Алайда мазмұн жағынан бұл екі бөлімнің ара жігін ажырату
қиын.
Сонет қазіргі қазақ лирикасында да бар. Соңғы кезде бұл түрмен
бірыңғай Е.Әукебаев айналысып жүр.
Лириканың жоғарыда аталғандардан басқа түрлері де толып жатыр;
арнау (кейде арнайы шарықтау, кейде көлемді лиро-эпикалық шығармаға
беташар, кейде жеке адамдарға бағыштау түрінде жазылған өлең), ой (әр
тақырыпта туған әр алуан философиялық толғау), канцонетта (баяғының
серілік сезімдерін мадақтайтын көне әуен), романс (жалт еткен бір жақсы
сезімді, көбінесе сүюді жырлау), пастораль (мадригал тәрізді малшы
сазының бір түрі), эклога (идиллия тәрізді
селодағы сауық жырының
бір түрі), элегия (бір мұң, бір сыр аралас назды сарын), эпиталама (жаңа
қосылған жас
жұбайлардың жарастырып құттықтайтын көне өлеңдердің
бір түрі), эпитафия (дүниеден кеткен әлдебір қадірлі кісі жайлы жоқтау),
эпиграмма (жеке біреулерді мінеп, мысқылдайтын сықақ өлең), т.б.