119.Ангионевротикалық Квинке ісігі. Квинке ісігі аллергиялық реакцияның жедел типіне жатады. Шектелген жедел Квинке ісігі (син.: алып (өте үлкен) есекжем, ангио-невротикалық ісік) – кенеттен пайда болатын тері (кілегей қабаты) мен беттің (ерін, ұрт, қабақ және т.б) және жыныс мүшелерінің шектелген ісігі. Терісі ұстап қарағанда тығызэластикалық, түсі ақ, сирек қызғылт түсті болады. Көбіне субъективтік сезімдер болмайды, сирек күйдіру сезімі мен қышыну болады. Бірнеше сағаттан кейін немесе 1-2 күннен соң ісік қайтады, бірақ рецидивтер болуы мүмкін. Квинке ісігі кейде жай есекжеммен қосарласып жүреді. Көзшарасы ісінген жағдайда көз алмасының медиальды бағытта ығысып, көрудің нашарлауы мүмкін. Әсіресе көмей немесе жұтқыншақтың ісігі қауіпті, себебі стеноз бен асфиксияға әкелуі мүмкін.
Ажырату диагностикасын лимфостазбен, қайталамалы тілмемен, Мелькерсон-Розенталь синдромымен жүргізеді, олардан Квинке ісігі жедел басталуымен, қысқа уақытқа пайда болатынымен және еш ізсіз жойылып кетумен ерекшеленеді.
Емі. Есекжемнің барлық клиникалық варианттарында ем тамақтану режимін реттеуден, мүмкін болатын аллергендік факторларды алып тастаудан басталады. Жедел есекжемде тамыр өткізгіштігін азайту және капиллярлар тонусын жоғарылату үшін кальциц хлориді, кальций глюконатын, антигистаминді препараттар (супрастин, тавегил, задитен, циметидин, бикарфен, фенкарол) және аскорутин тағайындайды. 10-15% магний сульфаты ерітіндісін 10-15 мл-ден тәулігіне 3-4 реттен тұрақты әсер алғанға дейін ішкізеді. Гистаминге қарсы препараттардың жаңа ұрпағы жақсы әсер береді: кестин, зиртек 10 мг-нан күніне 1-2 реттен 10 күн бойы. Жергілікті ментол, анестезин, гидрокортизонмен шайқалатын жүзінділерді тағайындайды, кейін фторланған глюкокортикоидты жақпамайлар мен кремдерді, фенистил гелін қолданады. Жалпы жағдайының бұзылуы байқалатын Квинке ісігінде тері астына 0,5-1 мл 0,1% адреналин гидрохлорид ерітіндісін енгізеді. Процесске ауыз, мұрын, көмей кілегейі тұншығу көріністерімен қосылған жағдайда 10 мл 10% кальций хлоридін тамырішіне, кортикостероидты гормондар мен гистаминге қарсы препараттарды қолданады. Зәр жүргізіетін дәрілерді – 1% фуросемид ерітіндісі 2 мл тамырішілік немесе лазикс – тағайындау қажет болады. Созылмалы есекжемде басты назарды диетаға, режимге, жүйке жүйесінің, асқазан-ішек жолының жағдайына, созылмалы инфекциялар ошақтарын анықтап, тазартуға аудару қажет. Детоксикация мақсатында гемосорбция немесе энтеросорбцияны қолданады. Гистаминге қарсы препараттармен қоса 10 мл 30% натрий тиосульфат ерітіндісін тамырішіне күн сайын немесе күн ара (10-15 құю) енгізу ұсынылады. Ауыр формаларында экстракорпоральды детоксикациямен қоса глюкокортикоидты гормондар (преднизолон 10-15 мг/тәулігіне 3- 7 күн бойына), 1 мл-ден диспроспан қолданылады. Холинергиялық есекжемде красавка сығындысын (экстрактісін), беллоид, беллатаминал, атропин сульфаттын қолданған дұрыс. Есекжемнің барлық формаларында витаминдер тағайындалады: аскорбин және никотин қышқылдары, рибофлавин, кальций пантотенат және пангамат, пиридоксальфосфат, цианокобаламин, дипромоний, токоферол ацетат. Іш қату мен дисбактериозда іш жүргізетін заттар, биологиялық препараттар (колибактерин, бифидумбактерин, лактобактерин, бификол, бактисубтил және т.б) тағайындалады. Жергілікті ем аса маңызды емес. Ерітінділер, спирт пен сумен аралас шайқалатын қоспалар, сирек майлы шайқалатын қоспалар, жақпамайлар, линименттер, пармидинді, индометацинді, бутадионды мазьдар, линин, кортикостероидты гормондармен қосылған жақпамайлар мен кремдер, фенистил гелі тәрізді қышынуға, қабынуға қарсы заттар қолданылады.