1.4 Окказионал фразеологизмдердің коммуникативтік прагматикасы
Қазіргі лингвистикадағы прагматикалық бағыттың қарқынды дамуы фразеологияны «адамның қандай жағдайда және қай мақсатпен сөйлеп тұрғанын ашуға талпынатын» [35, 555 б.] прагматика терминімен сипаттай отырып зерттеу үрдісінің пайда болуына себеп болады. Фразеологиялық тұлғалар тілге ерекше экспрессия, бояу, образдылық беретін, әдебиеттегі кейіпкерді сипаттаудың бірден-бір бейнелі құралы, сондай-ақ сөйлеушінің ойын көркем әрі бейнелі білдіруге мүмкіндік беретін айқын стилистикалық тәсілдердің бірі болып табылады.
Фразеологиялық тұлғалар, тұрақты тіркестер «сөйлеушінің сөз болып отырған объектіге қатынасын сипаттап, оны анықтайтын» болғандықтан, бұл бірліктердің прагматикалық қасиеттері туралы кеңінен сөз етуге негіз бар. Лингвопрагматиканың зерттеу көздері лингвистиканың антропоморфты саласында жатыр. Өйткені қазіргі заман лингвистикасы екі парадигмада зерттелуде, оның бірі құрылымдық парадигма болса, екіншісі, антропоцентристік парадигма. Соңғы кезде тіл білімінде антропоцентристік парадигмаға көп көңіл бөлінуде. Себебі, тіл біліміндегі антропоцентризм бірінші орынға тілді тұтынушыны – адамды қояды.
Антропоцентристік парадигманың негізінде лингвопсихология, когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, этнолингвистика сияқты ғылымның жаңа салаларына жол ашылды. Сонымен қатар тіл біліміндегі антропоцентристік фактор тілді талдау жүйесі аспектілерін, тілдік және сөйлеу категориялары арақатынасын, қызметін т.б. көріністерін түбегейлі өзгертіп отыр.
Антропоцентризм идеясы, мағына мен форманың, тіл мен ойлаудың өзара байланысы ең алдымен орта ғасырда араб лингвистикасында пайда болған [36, 69-70 бб.].
Атақты американ лингвисті Дж. Гринберг ХХ ғасырдағы структурализмнің дамуы мен лингвистиканың жан-жақты жеткен жетістіктеріне қорытындылай келе өзінің «Антропологиялық лингвистика» атты еңбегінде тілдік жүйе дамуының кейбір заңдылықтарын түсіндіру үшін лингвистиканың жеке терминдері мен ұғымдары жеткіліксіз, сондықтан оған жоғары деңгейдегі қандай да бір психологиялық «алдын ала сезу» актісі қажет [37, 45 б.] деген тұжырым жасайды.
Антропоцентристік факторлар фразеологияда айқын көрінеді. Өткені жаңа идиом жасау барысында сөйлеушінің бағалауыштық және эмоционалды жағдайын білдіруге ұмтылады және адресатқа әсер ету мақсатында денотатқа деген қатынасын білдіреді. Осы тұста В.Н. Телияның: «Окказионализация фразеологизма является прямым следствием проявления человеческого, субъективного фактора в языке и, шире, самого языкового фактора в человеке, носителе языка, его культурно маркированной картине мира и национальном самосознании» [38, с. 270-271] деген пікіріне біз де қосыламыз.
Окказионал фразеологизмдердегі антропоцентристік факторлар лингвомәдени менталитеттің пайда болуына әкеледі. Денотативті артефактың лингвомәдени белгісі ретіндегі кез келген УФТ-ны шығармашылықпен өңдеу, қайта жасау дәстүрлі семиосимволика шеңберінен шықпауы керек.
Сонымен ФТ-ның тілдік құрамының ерекше бірліктері ретіндегі антропоцентристік мәні қазіргі кезде ешкімнің күмәнін тудырмайды. Осыған байланысты ОФТ мен жалпы фразеологизмдердің прагматикалық әлеуеті туралы әлі де жан-жақты сөз етілмей келеді.
Зерттеушілер фразеологиялық тұлғалардың прагматикалық салмағы туралы бір пікірді ұстанады. Мысалы, В.И. Карасик «фразеологизмді прагматика тұрғысынан бір жағынан сөйлеуші қай кезде нені қолдана сөйлейді және екінші жағынан, бұл сөйлеуші тілдік тұлғалардың қай түріне жатады дегенге назар аудара отырып қарастыруға болады» дейді [39, 5 б.].
ХХ ғасырдың соңғы онжылдығында фразеологтардың назары көбінесе ФТ-ның прагматикалық қасиеттеріне көп аударылды, оның ішінде Н.Ф. Алефиренконың, В.Т. Бондаренконың, Г.В. Гактың, Т.В. Гридневаның, Е.А. Добрыдневаның, В.И. Карасиктің, Т.Д. Каргинаның, А.А. Мелердің, В.М. Никоновтың, С.М. Прокопьеваның, В.Н. Эмированың және т.б. еңбектерінде жарық көрді. Осы бағыттағы мұндай қызығушылық пен зерттеулердің көбеюіне фразеологиядағы нақты теориялық және әдістемелік негіздеменің жаңа ғылыми парадигмасы – коммуникативтік-прагматиканың пайда болуы себеп болды деуге уәж бар. Лингвистикадағы прагматиканы зерттеумен, оның шекараларын белгілеумен бірқатар ғалымдар айналысты: орыс тіл білімінде Н.Д. Арутюнова (1990), Е.В. Падучева (1985), А.Г. Баранов (1993), Т.В. Булыгина (1981), В.Г. Гак (1998), Ю.С. Степанов (1981), И.П. Сусов (1984); қазақ тіл білімінде З. Ерназарова (2001), Д. Әлкебаева (2007), Ф. Жақсыбаева (2000) және т.б.
Прагматиканың көлеміне қатысты зерттеушілерде бірегей пікір жоқ болғандығына байланысты прагматиканы түсіну де әр түрлі болып келеді. Бұл түсінікке не кіретінін анықтап алғанды жөн көрдік: «Прагматика» терминін таңбалардың жалпы теориясы – семиотиканың негізін салушы Ч. Моррис [40, 63 б.] енгізді. Жалпы семиотика ғылымы үш бөлімнен тұрады: біріншісі, семантика; екіншісі, синтактика; үшіншісі, прагматика. Осыларды арасында «таңба мен оны қолданушы адам арасындағы қарым-қатынасты зерттейтін прагматика саласына» тоқталамыз. «Прагматика» грек тілінен енген сөз «әрекет» деген мағынаны білдіреді. Прагматика мәселесіне байланысты зерттеушілердің алғашқы буыны оның сөйлеу түріндегі формасына көп көңіл бөліп, «прагматика сөйлеу актілері мен олардың жүзеге асу контексін зерттейді» деген тұжырым жасады. Сөйлеу актілерінің түрлерін, оларды қалыптастырушы ережелерді анықтау прагматиканың негізгі мақсаты болып табылады. Сөйлеу актісінің негізінде әрекет ұғымы, оның мақсаты, содан туындайтын ықпал етуші қызметі жатады [41, 152 б.].
Біздің пайымдауымызша, тілдің жалпы коммуникативті қызметімен байланысты прагматика құбылысы тек қана сөйлеу актісіне тән емес. Себебі, прагматика тілдің ішкі және сыртқы қажеттілігіне жауап беріп, бар мүмкіндігін іске асырады. Осыған байланысты прагматиканы лингвистикалық зерттеудің мәні деп есептейтін Т. Булыгина: «Прагматика – это далеко не аспект лингвистического исследования, это самая его сущность» деген анықтама береді [71, с. 333].
З. Ерназарова: «Прагматикалық бағыт – тіл біліміндегі функционалдық бағыттың құрамдас бөлігі. Тілдік таңбаны жұмсалым барысында бірнеше прагматикалық ұстанымдар бойынша қарастыру сөйлеу мақсаты, тіл бірлігінің мәні мен мазмұнының арақатынастарын анықтауға жол ашады» [42, 23 б.] деген тұжырым жасайды. Ал Д. Әлкебаева: «Прагматика сөйлеу актілеріндегі сөйлеушінің интенциясын (ниет-пиғылын) қарастырады. Интенция (лат.intentio «ұмтылу») – осы әңгіме барысында сөйлеушіге не хабарлау немесе одан не білу жайындағы сөйлеушінің коммуникативтік ниеті» [43, 19 б.] деген пікір айтады.
Фразеологизмдерді зерттеуде жаңа тәсіл болып табылатын фразеологиялық прагматика жаңа әдістерді игеруге негізделеді. Осыған байланысты В.Н. Телияның пікірі мынадай: «освоении новых методов описания, уделяющих пристальное внимание таким проблемам, как условия референции, прагматические функции фразеологического знака, его роль в высказывании, речевом акте и текстообразующие потенции».
Осылайша, фразеопрагматика ФТ қолданумен, фразеологиялық мағына мен ФТ мәнінің тілдік және сөйлеу құрамын анықтаумен байланысты сондай-ақ, коммуникативтік процестерге бейімділігі, номинативтік тапсырмаларды орындай білу қабілетімен байланысты мәселелерді, ойдағыны айтуды ұйымдастыру барысындағы коммуникативтік және прагматикалық мақсаттарды зерттеумен айналысады.
А.И. Молотковтың айтуынша, фразеологиялық тұлғалардың қолданысын зерттеу тілдік норма мен узусқа негізделіп жүзеге асуы тиіс. Осы жұмыстағы өзектілік ұғымын енгізу де осыған байланысты. Өзектілік (актуализация) терминін біз тіл мен сөйлеу арақатынасын қамтитын дихотомия шегінде қарастырамыз. Фразеологиялық өзектілік дегенде біз қолданудағы, сөйлеудегі фразеологиялық бірліктерді іске асыру деп түсінеміз. Өзектілеудің қалыпты және окказионалды түрлері болады. Фразеологиялық тұлғалардың қалыпты өзектіленуі – тіл тұтынушы есінде қалыпты мағына немесе жалпыға белгілі тілден тыс құралдар (ым, ишара және т.с.с) түрінде сақталатын тілдік виртуалды тұлғаларды жүзеге асыру. Окказионалды өзектілік – ол фразеологиялық тұлғаларды нақты жағдайда ғана түсінікті мағынада қолдану немесе қалыпты тұлғаның жағдайға қарай жаңа мағынаға ие болуы, не болмаса, жаңа мағынаның пайда болуына байланысты окказионалдылықтан болашақта (жеке және жағдайға байланысты) тілдік нормаға ауысып кетуі мүмкіндігінің болуы. Қалыптасқан лингвистикалық терминология шеңберінде қала отырып, біз жұмысымызда фразеологиялық тұлға және фразеологизм терминдерін синоним ретінде қолданамыз.
Көркем әдебиет жанрында жазылған мәтіндердегі ФТ окказионалды өзектіленуін (олардың әсер ету мүмкіндіктерін) коммуникативтік-прагматикалық аспектіде қарастырған жөн. ФТ категориялық белгілеріне тән нәрсе компоненттік құрамының тұрақтылығы, қолдану тиянақтылығына қарай басқа тілдерге сөзбе-сөз аударуға келмейтіні, семантикалық тұтастығы, номинативтілігі, бейнелілігі, эмотивтілігі, бағалауыштылығы және эксперссивтілігі.
Фразеологияның даму тарихын зертеушілердің көркем әдебиет мәтіндеріндегі фразеологиялық тұлғалардың прагматикасын зерттеу тұрақты әрі үздіксіз қарастырылып келеді. Себебі коммуникативтік және прагматикалық тұрғыдан көркем әдебиет ФТ-ны зерттеудің бай және таусылмас көзі болып табылады. Бұл әсіресе сөйлеу жанрындағы мәтіндерге қатысты өзекті болады. Осылайша, ФТ әлеуетін, окказионалды өзектіленуін, мәтінде қалыптасуындағы лингвистикалық тұрғыдағы мүмкіндіктерін зерттеу сөйлеудің адресатқа жиі әсер ететін сұрақтарымен айналысатын прагматикамен тығыз байланысты.
Сөйлеудің коммуникативтік-прагматикалық тиімділігі экспрессивті-эмоционалдық әсер ету дәрежесі мен оның қайнар көздеріне байланысты. Сөйлеу жанрындағы мәтіндер арқылы қарым-қатынас жасау кезіндегі әсер арнайы тілдік құралдарды таңдау негізінде жүзеге асырылады, олардың ішінде фразеологизмдердің орны ерекше. Фразеологизмді таңдап алғанда және де окказионал өзектілік әдістерін қолданғанда, вербалданған шындық ассоциациялар арқылы көрініп, ол тыңдаушыға эмоционалдық қатынасын көрсетуге себеп болғандықтан, пайдаланушы автор сол арқылы қосымша ақпаратты білдіреді. Мысалы:
«Балғымбаев мырза, басыңнан бал тамып, маңдайыңнан мұнай атқылап тұрса да, мен сені бір күн ұстамаймын, егер үкіметтің Ана тілімді аяқасты ете беретіні болса!» – деп (Ж. Сабыржанұлы, 227 б.).
Осы мысалдағы басынан бал таму қалыпты фразеологиялық тұлға бармағынан бал тамған ‘бес аспап шебер, көп өнер иесі’ [44, 94 б.] деген мағынаға өігеше мәнде беріліп тұр. Осы тіркеске маңдайынан мұнай атқылап тұру қосымша компоненті қосылып, сөйлемге экспрессивті реңк үстеп, мағынасын аша түседі.
Н.Ф. Алефиренконың айтуынша, фразеологизмдерді коммуникативтік-прагматикалық тұрғыдан зерттеу лингвистикалық және экстралингвистикалық қарым-қатынастарды тұтасымен түсіну дегенді білдіреді, яғни ФТ фразеологиялық мағына мен мәнінің тілдік және сөйлеу құрамдас бөліктерін белгілі коммуникативтік-прагматикалық жағдай шеңберінде анықтау. Фразеологияға сипаттама берудің бұл тәсілі коммуникативтік процестің қос қатысушысының да «мүдделерін» ескеруді талап етеді. Зерттеушілер ФТ семантикасында сөйлеушінің коммуникативтік ойын білдіріп тұратын тиісті қарым-қатынас ситуациясы туралы мәліметтердің болатынына күмән келтірмейді. Сонда ФТ прагматикалық қасиеттері қарым-қатынастың узуалды ережелеріне негізделеді, ал ол болса сөйлеушінің номинативті тіл құралдарынан фразеологизмдерді таңдауына негіз болады.
В.М. Никонов фразеологиялық тұлғалардың паргматикалық әлеуетін сөз ете келіп, тілдің бұл тұлғаларының А.А. Леонтьевтің аталған үш психологиялық міндеттерін шешуге мүмкіндік беретінін:
мәтінді қабылдауды жақсарту;
мәтінді тыңдаушының қабылдауын айтады.
ФТ табиғатының өзі оны эмотивті әсерге жеткізетін тілдік құрал ретінде пайдалануға мүмкіндік береді; біріншіден, эмоционалдық мазмұнына байланысты (ал күлкіні келтіру дегеніміз эмоция туғызумен бірдей); екіншіден, ФТ өзінің ерекшелігіне байланысты –жалпы фонда ерекшеленіп, өзіне назар аудартып тұратындықтан; және де фразеологиялық құрамның компоненттерінің өзі күлдіргі әсерге бағытталған бірлік ретінде қалыптасып, тілде орын алған, я болмаса, «күлдіргі әсерге жеткізудің базасы болып табылатын сөздердің семантикалық тұтастығын әдейі бұзу нәтижесінде» пайда болған бірліктерден тұрады [45, 13 б.]. Сөйлеу жанры мәтіндерінде ФТ болуы эмотивті әсердің негізі болып табылады.
Мысалы: Көкшіл көзді, жез мұртты Жұмаштың ешкімге зияны жоқ, былайша айтқанда жаман жігіт емес. Бірақ, кейде сүтке ептеп су қосып жіберетіні бар (Д. Тұрлыбек, 52 б.).
Осы сөйлемде автор эмотивті әсер туғызу мақсатында отқа май құю ‘дау-дамайлы жайды өршіте түсті, жел берді’ [44, 422 б.] секілді қалыпты фразеологизмге ұқсас комикалық окказионал фразеологизмін тудырып отыр. Бұл сүтке ептеп су қосу окказионал ФТ анда-санда өтірік айтып жібереді деген мағынаны білдіреді. Бұл мысалда А.А. Леонтьев айтқан психологиялық міндеттер шешілуімен қатар құрылымдық және жанр тудырушы элемент болып табылады. Мақсат – фразеологизм мағынасын «ойнату». Осылайша ФТ өзектіленуі арқасында комикалық әсер туындатып, оның прагматикалық жүктемесін көрсетеді.
В.Н. Телия көзқарасында да ФТ жүктемелігі туралы айтылады: ФТ өзінше бір микроконтекст болып табылады, өйткені бұл тұлғаларды айтылатын ой құрамына енгізсе, олар барлық жағынан – денотативті, бағалауыштық, мотивациялық, стилистикалық жағынан да сіңісіп, кірігіп кетеді, сондай-ақ, ФТ-ны белгілі бір контексте пайдалану туралы ақпарат бар. ФТ, біріншіден, өзін көрсете білу тәсілі болса, екіншіден, бұл бірліктерді сөйлеуші өз мәртебесін растау үшін қолданады, олар әлеуметтік топ мүшелерін анықтауға да қызмет етеді. Бұл фразеологиялық тұлғаларда прагматикалық әлеуеттің бар екендігін дәлелдейді.
Сонымен, мәтінге ОФТ кіргізу арқылы автор оқырманға әсерін күшейтеді, сондай-ақ, сөз етіліп отырған жағдайларға деген пікірі мен ұстанымын анық, нақты және көркем жеткізе алады. Және автор оқырманға «прагматикалық әсер» деп аталатын күшті ықпал жасауға тырысады. Прагматикалық әсердің сендіргіштігі мен пәрменділігі тыңдаушының үнсіз реакциясынан көрінеді, бұл әсіресе авторлық жеке қолданыстағы окказионал фразеологизмдердің айтылу барысында анық байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |