Х.А.Ордабекова, Ш.Г. Кабулова магистрант Сулейман Демирель атындағы университет Қаскелең қаласы shahniza.kab@gmail.com
«Қыз Жібек» жырындағы этнолексиканың танымдық сипатын оқыту әдістемесі Аңдатпа. Лиро-эпостық жырларды этнотанымдық тұрғыдан зерттеу шығарма тілінің материалдық мазмұнын ашу, этнотанымдық табиғатын айқындау, сол арқылы халықтың өзіндік дүниетанымын, салт-дәстүрін, рухани-мәдени өмірін, әдет-ғұрпын сипаттау болып саналады.Бұл – этнолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика бағыттары аясында да қарастырылатын өзекті мәселе.
Әрбір халықтың өзіндік рухани-мәдени өмірі болады. Бүгінгі таңда аса өзекті тақырыптардың бірі ұлттық құндылықтарды зерттеу, оны жас ұрпақ санасына сіңіріп, ұлттық мәдениеті дамыған тұлға тәрбиелеу болып отыр. Сондықтан да біз өз зерттеуімізді этнотанымдық рөл арқалаушы этнографизмдерге арнадық.
Жеке адамның шығармашылық санасы арқылы танылған эстетикалық форманың тілдік көрінісі күрделі біртұтас құрылым болып табылады. Дүниенің тілдік моделін бейнелейтін ақпарат жүйесінде дара тұлғаның ақиқат дүниеге қарым-қатынасы ашылады. Сондықтан да дара тұлғаның танымын айқындау – когнитивтік лингвистиканың негізгі нысаны болып табылады. Әлемнің тілдік бейнесін халық ауыз әдебиеті арқылы тану бізге ғалам және адам, адамның рухани-танымдық мүмкіншілігі туралы жан-жақты терең ақпарат, дерек беретіні сөзсіз. Сонымен қатар, қазақ халқының ұлттық таным ерекшелігі мен құндылықтар жүйесін, оның жалпы рухани-мәдени өркениеттік деңгейдегі танымдық мәнін айқындауға көмектеседі. Зерттеу жұмысының өзектілігі осы айтылғандармен ерекшеленеді.
Этнотанымдық талдау арқылы нақты бір социумның лингвомәдениеттанымдық жүйесінде жинақталған дүниенің ұлттық сипат, ұлттық ерекшелік иеленген бейнесімен «жүздесуге» мүмкіндік аламыз. «Ұлттық өзіндік бейне» дейтін себебіміз әрбір этнос өзін қоршаған әлемді тек «өз көзімен» көріп, өзінің түсінігіне жақын мазмұнмен толтырады. Дүниені бағалаудағы өз ұлттық ерекшелігін белгілейді Тілдік семаның тілдік бірліктер арқылы берілетін рухани және материалдық құндылықтары тілдің барлық деңгейлерінде көрінеді.
Мақалада «Қыз Жібек» жырындағы этнолексиканың танымдық сипатын оқыту әдістемесі жасалып, тапсырмалар кешені мен жаттығу үлгілері көрсетілді. Атап айтқанда, жырдағы ұлттық мәдениетімізден хабардар ететін этнотанымдық бірліктерге этнолингвистикалық жəне лингвомəдениеттанымдық тұрғыдан талдау жасалып, оқыту барысында түрлі тапсырмалар негізінде білім алушылардың этнотанымдық белсенділігін арттыру жұмыстары жасалды.