4-тапсырма. Жырдағы қазақ халқының мінез-құлқына, дүниеге көзқарасына
талдау жасау
Білім алушылардың этнотанымдық белсенділігін арттыру мақсатындағы қазақ халқына қатысты танымдық-ақпараттық сұрақтар
«Қазақ» сөзінің дұрыс атауы қай ғасырда қалыптасты? «Қазақ» сөзінің тарихы туралы не білесіз?
Абайдың қарасөздерінен «Қазақ» сөзіне қатысты кездесетін ой-толғауларын теріп жазыңыз.
Қазақ сөзінің шығу тегін анықтап, зерттеп жазыңыз.
«Қазақ» сөзін естігенде көз алдыңызға не елестейді?
Мақсаты:
Қазақ деп соққан жүректің мақтаныш сезімдерін жеткізу, ұлтына деген сүйіспеншілігін арттыру;
Жырды толық меңгеріп, түсіну; өз зерттеулерін ұсыну;
Студенттің өз ұлтына деген патриоттық сезімін дамыту, рефлексия жасау;
«Қазақ» сөзінің шығу тегі туралы зерттеулер
5-тапсырма. Жырдағы қазақ қызына берілген сипаттамадан эпитет, метафораларды табыңыз.
Қазақ қызының қоғамдағы және отбасындағы орны туралы өз ойыңызды айтыңыз. Көшпелі қазақ пен қазіргі қазақ қоғамындағы қыз баланың, әйелдің рөлін анықтап, салыстырыңыз.
Қазақ қызы, қазақ әйелі қандай болуы керек? Қазақ әйелінің тағдыры туралы жазылған қандай шығармаларды білесіз?
Мақсаты:
Студент көшпелі кезеңдегі қазақ қызының образын ашып, қоғамдағы орнын анықтауы керек;
Қазіргі замандағы қазақ қызының бейнесі, болашақ ана, болашақ жар ретіндегі образын сипаттап, бүгінгі мен кешегі өмір келбетіндегі әйел бейнесін салыстырып, ой толғау;
Нәтиже:
Қазақ халқы танымындағы қазақ қызының образын көру.
Қазақ қызының бүгінгі таңдағы еркіндігінің жақсы-жаман жақтарын біліп, мәселені шешу жолдарын ұсынау, танымдық-психологиялық тұрғыдан талдау жасау;
Шығармадағы қолданыс тапқан көркемдік ерекшеліктерді анықтау.
Танымдық ақпарат:
Әйел қауымының жай-күйіне, тіршілігіне қарап кез келген қоғамның даму дәрежесін бағалауға болатындықтан қазақтардың дүниетанымына, тіршілік ерекшеліктеріне қарап, олардың әйелдерінің өмірдегі қызметін, рөлін оңай мөлшерлеуге болады. Басқа мұсылмандар сияқты қазақ қыздары үйге қамалып отырмайды, оларды көлденең өткен көк аттыдан қызғанатын тәртіп жоқ, бұл мәселеге келгенде бұларды толық бостандықта деуге болады. Осынша кең жазирада мал бағып, бытырап жүрген елде басқадай тәртіп болуы мүмкін де емес. Осындай еркіндіктердің бәріне де қарамастан, әйелдердің тағдырлары күйеулерінің ашса-алақанында, жұмса- жұдырығында деуге болады, әйел еркектің өмірлік серігінен гөрі оның тіршілігінің бар тауқыметін арқалаушы азапкері де іспетті. Барлық жұмыс соның мойнында. Егер отағасы үйде отырғанда әлдекімдермен әңгіме-дүкен құрмаса, немесе ат үстінде, түзде жүрмесе қалған уақытын ұйқыға арнайды деген сөз. Көшкенде киіз үйді жығып, қонған жерде оны тігу, үйдегі бар тіршілікке бас-көз болып, дүниені орын-орнымен жұмсау, егер де отағасы жол жүрер болса, онда үйірден атын ұстап әкеліп ерттеу, сонан соң қожасын қолтықтап, атына мінгізіп жіберу – бәрі-бәрі де әйелдің міндеті. Ол қымызбен, тамақпен еркектерді, қонақтарды сусындатып, тойдырып болған соң ғана өзі тамақтануға отыруға тиісті. Бір сөзбен айтқанда осы бір сүреңсіз тіршіліктің негізгі ұйтқысы-әйел. (Бронислав Залеский «Қазақ даласының тіршілік-тынысы» Әлем-альманах 1990ж)
5-тапсырма бойынша филолог-студенттің тілдік танымы
Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, қазіргі тіл ғылымы тілдің коммуникативті қызметімен қатар, оның танымдық қызметіне, кумулятивті қызметіне айрықша мән береді. Ақыл-парасат, сезім иесі ретіндегі саналы адамның ең басты қасиеті – өзін қоршаған ортаны танып-білуге деген ерекше құштарлығы. Дүниені танып-білудің негізінде зат, құбылыстардың адам санасында бейнеленуі жатады. Адам санасындағы заттар мен құбылыстардың бейнесі арқылы қабылданған ақыл-ой – ол заттардың өзі емес, солардың әсерінен пайда болған білім, ақпарат саналады. Сол себепті «таным» дегеніміз – сыртқы заттар мен құбылыстардың, олардың қатынастарының адам санасында идеалды образдар жүйесі ретінде бейнеленуінің қайшылыққа толы күрделі процесі ретінде сипатталады.
Тіл – этностың рухани және мәдени байлығының негізгі көрсеткіші. Этностың ұлттық болмысы, ұлттық дүниетанымы, ұлттық ойлау жүйесі туралы тілдік деректер оның тіл бірлігінде сақталып, сол арқылы болашақ ұрпаққа жеткізіліп отырады. Кез келген халықтың тіл көрінісі оның тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, дүниетанымына, жалпы тұрмыс-тіршілігіне байланысты және сол тіл әлемінен мол деректер береді. Этнолексикалық бірліктердің астарындағы мәдени ақпаратты ашу арқылы сол халықтың дүниетанымын, мәдениетін тануға болады. Қазақ халқының рухани және материалдық мәдениетінен мол ақпарат беретін тілдік деректердің бірі – халық ауыз әдебиеті, атап айтқанда, жыраулар поэзиясы, шешендік сөздер, лиро-эпостық жырлар, т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |