3-тапсырма. Үзіндіні оқыңыз.
Көш артына қараса
Бір қыз кетіп барады.
Қара жорға мінгені,
Қара торқа кигені....
Дүрия бешпент бел,
Бұл дүниені кең салып,
Алтынды қамшы қолға алып,
Абжыландай толғанып,
Бұралып кетіп барады...
Көш алдына қараса,
Бір қыз кетіп барады;
Шытырма көйлек етінде,
Нұр сәулесі бетінде,
Бұралып кетіп барады...
Қырық нарға жүк арттырған.
Қамқа зерлі кілемді,
Жүк үстіне жаптырған
Казинелі қырық нарға
Жібектен арқан тарттырған.
Қыз Жібек мінген күймесін, Күймеге тағып түймесін,
Бүйте берме, ей Жібек,
Кесірің жұртқа тимесін!
«Ел жайлаған Ақжайық,
Жағалай біткен бидайық.
Алдында жанған шырағым,
Біреу үрлеп өшіріп,
Көзімнен болы сол ғайып.
Қолымдағы тұйғынның –
Зулап келіп аспаннан,
Желкесінен қиды бидайық» [8, 17].
Берілген жыр жолдарындағы «торқа», «дүрия бешпент», «шытырма көйлек», «қамқа», «күйме», «бидайық» сөздерінің мағынасын Ж.Манкеева, Е.Жанпейіс, Ө.Жәнібеков, Р.Сыздық, Н.Уәли еңбектерін және қазақ этнолингвистикасына қатысты сөздіктерді пайдалана отырып талдаңыздар.
Мақсаты: «Қыз Жібек» жырында кездесетін этнолексикалық бірліктерді тақырыптық және лексика-семантикалық топтарға топтастыру;
этнолексикалық бірліктерге этнолингвистикалық тұрғыдан талдау жасау;
жырдағы этнолексикалық бірліктердің астарындағы тілдік ақпаратпен қатар мәдени ақпаратты ашу.
Казинелі қырық нар тіркесі: Бұл – арабтың хазине деген сөзі, мағынасы – асыл мүлік, жиһаздың өзі емес, соны сақтайтын жер. Казине – қазына; қазақ халқы танымындағы қырық саны, неліктен қырық нар? Нардың халық танымындағы сипатына талдау.
Нәтижесі: - Халық ауыз әдебиетіндегі этнографиялық лексикаларға этнолингвистикалық талдау жүргізу арқылы қазақ халқының ұлттық мәдениетінен хабардар болады
- көнерген сөздердің мағынасын ашуды үйрену арқылы тілдік танымы дамиды.
- этнос, тіл, әлем, тарих сынды түсініктер ұлттың мәдени және рухани өрісін кеңейте келе, ондағы тілдің танымдық деңгейін өсіреді.
Зерттеу барысында жоғарыда келтірілген қазіргі таңда қолданыста жоқ немесе мағынасы басқаша қолданылатын сөздердің астарына талдау жасатамыз.
Мысалы «торқа» сөзі мата атауының бірі – ең қымбат жібек матаның атауынан шыққан. Сонымен қатар, «торқа» той-думан мағынасында да қолданылады. «Торқалы көйлек, торқаға орану, торқалы той» деген тіркестер әлі «тірі». Қалада болмаса да алыс ауылдарда айтылып жатады. Торқалы той, тұмарлы жүйрік – даңқты үлкен мереке, кәделі, салтанатты жиын, мерейтой. Торқалы той, топырақты өлім – бір қуаныш, бір қайғы [9, 90]. Бұл ұлтымыздың ежелден келе жатқан бірлігі, ағайын-туыс, тұтас елдің ұрандасып, баталасып, барлығын да бірге атқарысуы. Ауыл, рулы ел болып жұмылу салтын білдіреді. Алайда қазіргі таңда бұл сөз көбінесе тек қайтқан адамға көңіл айту мақсатында «Топырағы торқа болсын» тіркесінде ғана қолданылып жүр. Осы орайдағы біздің мақсатымыз студентерге көнерген сөздерге талдау жасату арқылы түпкі мағынасын ашып, тілдік рефлексиясын дамыту.
Студенттердің тілдік танымын дамыту үшін берілетін жырға қатысты қосымша танымдық ақпараттар да беріледі. Мазмұны төмендегіше:
Күйме – арбаның үстіне қондырылған киіз үй немесе матадан жасалған қалқа. Күйме қатты заттардан, сәнді былғарыдан, тоқыма шарбақтан, жібек матадан да жасалған. Күйменің бағзы дәуірлерде қолданыста болғандығын жартас бетіне шекілген суреттерден көруге болады. Күйменің қарапайым түрлері ерте заманнан бері маңызын жоймай, ұдайы түрленіп кемелденіп отырған. Күйменің екі, төрт дөңгелекті арба үстіне үй, қос, кішкене қорапша орналастырған түрлері болғандығын археологиялық, тарихи, жазба деректерден айқындауға болады.
Көшпелі халықтардың күймелі арба түрлерін ертеден пайдаланғандығының бір тамаша үлгісі ретінде б.з.б. V ғ.-ға тән Пазырық қорғанынан табылған ғұрыптық күймені атауға болады.
Орта Азияны мекендеген көне тайпаларда сан ондаған дөңгелегі бар арбаның үлкен түрінің үстіне баспана тәрізді күрке тігілетіндігі және оның атан өгізге жегілгендігі туралы деректер бар [10].
Күйменің кейбір түрлері әскери мақсатта қолданылған. Академик Ә. Қайдаров болжамы бойынша, көне түркі тіліндегі доңғалақты күймені білдіретін «кангка» термині осы күнге дейін қазіргі қазақ тілінде «үйдің қаңқасы», яғни, «киіз үйдің сүйегі» деген мағынада да қолданылатындығын айтады.
Орта ғасырларда көшпелілердің тарих сахнасында дәуірлеген тұсында арбаның күймелі түрін ғана емес, тіптен үлкен киіз үйлерді арба үстіне тігіп көшіп жүретіндігі айтылады. Оны жүздеген өгізбен тартып қозғалтқандығы тарихи жазбалардан белгілі. Сондай-ақ, ертедегі қазақ жеріне келген шетелдік саяхатшылар деректерінде киіз үйлердің доңғалақты арбаның үстіндегісін де күйме, күймелі үй деп те атаған. Бұл күймелі үйлерге екі қатар етіп 22 өгіз жегілген делінеді. Гилем де Рубрук даладағы көшпелілер ағаш кеспектерінен құрастырылған, төбесінде оттық мұржа тәрізді дөңгелек түтігі бар баспаналары арба үстіне орналастырылатындығына, оны аппақ киізбен қаптайтындығы туралы жазады.
XIV ғ.-дың 30-жылдарында саяхат жасаған араб саяхатшысы ибн-Батута жазбасында күйме ішін киізбен және матамен қаптап сәндейтіндігін, онда жатып тынығуға, тамақ ішуге лайықталғандығына ерекше назар аударған. Рузбехан еңбегінде: «Шайбани хан Қасым ханның қазақ қоныстарына шабуыл жасап, ауылдарды тонап, 10000 күймелі үйді алып кеткендігін айта отырып, «Мен бұрын мұндай арба үстіне жасалған киіз үйлерді көрмеген едім. Бұл үйлердің жасалуының өзі бір тамаша, кейбір үйлердің алды-артында терезелері бар», – деп жазған [11].