Кіріспе ХХІ ғасырда жаңа теориялық-танымдық әдістемеге сәйкес тілді «өз ішінде және өзі үшін» қарастыратын имманентті зерттеу жеткіліксіз болып табылды да, оны ой-санамен, мәдениетпен және адамның тұрмыс-тәжірибелік қызметімен, танымымен, философиясымен, дінімен тығыз байланыста қарастыру қажеттігі туып отыр. Осы қажеттілік лингвистика ғылымында жаңа ғылыми бағыттың және соның негізінде қалыптасқан антропоцентристік парадигманың дамуын талап етті. Демек, бұл-тілді зерттеудің үрдісін обьектіден субьектіге аудару, яғни адамды тіл арқылы және керісінше тілді адам арқылы анықтау болып табылады. Бұл, бір қарағанда, тіл білімі зерттеулерінің дамуы барысында жаңа бағытқа қатысты туған жаңа көзқарас сияқты көрінгенмен, оның бастау көзі тереңде екенін тіл ғылымындағы лингвистикалық мектептердің өмірге әкелген еңбектерінен көруге болады.
Тіл мен ойлау, тіл мен таным бірлігінің өзіндік ерекше қасиеттерін тіл білімінің дәстүрлі, «таза» тілдік жеке ғылым саласы шеңберінде зерттеу мүмкін емес. Оған қажет ғылыми парадигма – когнитивтік лингвистика, онымен сабақтас этнолингвистика, психолингвистика, социолингвистикамен т.б. байланысуы қажет. Осы байланыс адам санасы қалай құрылған, адам дүниені қалай таниды, қабылданған мәліметтер қалай танымға айналады, ментальдық кеңістіктер қалай жасалады деген сұрақтарға жауапты тілдің терең құрылымдарын зерттеу арқылы анықталады. Тілді зерттеудің бұл бағыттары философиялық, психологиялық, этностық, лингвистикалық теорияларының жүйесі дүниені тұтас танудың теориясы шеңберінде тіл қызметінің когнитивтік негіздерін айқындайды.
Қазақ тіл білімінде антропоцентристік бағыттағы ғылым саласының бірі – этнолингвистика болып табылады. Бұл ғылым саласының қазақ тіл біліміндегі негізін салушы ғалым Ә. Қайдардың да негізгі көзқарасы «тіл халықтың өзін қалыптастырады» (Ф. де Соссюр), «тіл мен ұлт біртұтас» т.с.с. тұжырымдармен сәйкес келеді. Ғалымның этнолингвистика саласының алдына қойып, анықтап отырған мәселесі де-этносты танудың жеке бір жағы емес, оны кешенді де тұтас тану. Демек, ол-этностың тұтас бейнесін, болмысын анықтау. Ал оған қажет этнос туралы, толық мағлұмат тек оның тілдік қазынасында ғана сақталады. Осыған байланысты ғалымның этнолингвистикаға қатысты қалыптастырған бірнеше негізгі ұғымдарын атап өтуге болады. Олар этностың тұтас бейнесін анықтаумен байланысты этностың сонау балаң кезеңінен бастап бүгінгі ұлттық дәрежеге дейінгі кешірген өмір-тіршілігінің айнасы, тілі мен жады арқылы сақталған рухани-мәдени қазынасын анықтауды мақсат етумен байланысты қолданылған-этностың болмыс және «тіл әлемі» ұғымдары.
Демек, тіл мен ой немесе таным, тіл мен ұлт т.б. мәселелер, сайып келгенде, ұлтты, ұлттың танымын өзінің терең құрылымдары арқылы тұтастырушы тілдің табиғатын анықтауға байланысты қазіргі тіл білімінде жаңа бағыттардың айқындалып, қалыптасып, дамып келе жатқанын көруге болады. Оның көріністерін қазақ тіл білімінің даму күйінен де, соңғы жылдардағы антропоцентристік бағыттағы зерттеулерден де көруге болады.