Ақбастау– байырғы ауыл орны. Жаңақорған кентінен шығысқа қарай 24 шақырым жерде. «Суы мөлдір, таза ұстау» деген мағынаны білдіретін атау.
Ақбикеш мұнарасы – Қаратаудың батыс сілемдерінен Ақсүмбе кентінен оңтүстікке қарай орналасқан биік жота басындағы тарихи ескерткіш. Мұнара Дешті-Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде аталады. Жергілікті тұрғындар мұнараны Ақбикеш арудың есімімен байланыстырады. Мұнара жартас арасын ірі қиыршық тастармен толтырған іргеліктің үстіне шикі кірпіштен тұрығызлған. Пішімі жұмыр. Ішіне кіретін бір, айналаны бақылау үшін жасалған екі ойығы бар. Оның бірі – батысқа, екіншісі – шығысқа қараған.
Ақжол – ауыл, М. Нәлібаев атындағы ауылдық округ орталығы. Жаңақорған кентінен оңтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде, Сырдарияның сол жағалық аңғарында орналасқан. Ауыл 1996 жылға дейін Политотдел ауылы деп аталған. 1966-96 жылдары күріш өсіретін «Задария» кеңшары бөлімшесінің орталығы болған. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін тіршілік жасаған тұрғындардың біраз бөлігі «Қырөзгент» маңында соғысқа қажетті оқ-дәрі дайындаған. Сексеуілдік шоғы, ақ кебір, сор тұзды топыраққа тиісті дәрі қосып қайнатып, оқ дәрі жасаған, сол дәріні «Ақжол» (селитра) деп атаған. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында елді мекенге «Ақжол» аты берілді.