ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫ БОЙЫНША
Жаңақорған ауданы - Қызылорда облысының оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік бөлініс. Ол шығысында және оңтүстік-шығысында Оңтүстік Қазақстан облысымен, оңтүстік-батысында Өзбекстанмен, батыс және солтүстік-батысында Шиелі ауданымен шекараласып жатыр.
Аудан 1928 жылғы 17 қаңтарда құрылған. Орталығы – Жаңақорған кенті. Қызылорда қаласынан 178 шақырым жерде орналасқан. 1928 жылы қаңтарда Сырдария губерниясының тарауына және губерния орнына Қызылорда, Сырдария округтерінің құрылуына байланысты Сырдария округіндегі уездер мен болыстықтардан аудандар құрылады. Осы кезде Төменарық, Жаңақорған, Сауран, Өзгент болыстарының ізімен Жаңақорған ауданы болып қайта құрылады. Ауданның жер көлемі - 16,6 мың шаршы шақырым, бұл облыс жер көлемінің 6,8 пайызы. Халықтың орташа тығыздығы – 1 шаршы шақырымға 4,5 адамнан келеді. Аудан - 2 кент, 24 ауылдық округтерге біріктірілген.
Аудан жерінің солтүстік-шығыс бөлігін Қаратау жотасының аласа келген солтүстік-батыс сілемдері алып жатыр. Ең биік жері – 1419 м (Бесарық өзенінің бойында). Орталық бөлігін Сыр бойы жазығы, оңтүстігін, оңтүстік-батысын Қызылқұм шөлі алып жатыр. Ауданның жер қойнауы кен байлықтарына бай. Қаратаудың Өгізмүйіз тауы етегінде Шалқия карьері орналасқан. Кен орнынан мырыш, қорғасын, күміс, кадмий, т.б. сирек кездесетін металл кентастары кездеседі. Сондай-ақ, ауданда құрылысқа жарамды тас, қиыршықтас, құм, саз (бентонит), т.б. кен қорлары бар. Климаты континенттік. Қысы біршама жұмсақ, жылымық күндері жиі болып тұрады. Жазы ыстық, аңызақ. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері – 150-200 мм. Өзен жүйесін Сырдария өзені және оның оң салалары (Бесарық, Ақұйық, Жиделі, т.б.) құрайды. Бортықкөл, Нарсоққан, Бозкөл, Қандыарал, Шұқырой, т.б.көлдері бар.
Жаңақорған кентінде балшықпен емдейтін елімізге белгілі санаторий орналасқан.
Аудандағы автомобиль жолының ұзындығы – 387 шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы – 100 шақырым. Жаңақорған ауданында Қарасопы, Қорасан ата, Құрбан ата, Сұнақ ата кесенелері, Ақтас мешіті сияқты тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Ақ Орданың астанасы – Сығанақ қалашығының орны сақталған. Құм астында қалған Сауран, Өзгент, Аққорған, Ордакент сияқты ежелгі қалалардың орны бар.
Абызтөбе – көне қала орны. Сырдария өзені орталық ағысының сол жағында, Келінтөбе деп аталатын көне қала жұртынан солтүстікке қарай 25 шақырым қашықтықта орналасқан. 1969 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.М.Байпақов) зерттеген. Қала жұртының қазіргі көрінісі, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан ұзындығы – 105 м, көлденеңі – 30 м, биіктігі – 5 м, ұзын төртбұрышты жота. Төбесі тегіс. Жиналған құмыралардың сынықтары бойынша ғалымдар қаланың б.з. 1-ғасырдағы өркениет орталығы болғанын дәлелдеді.
Айғожа ишан күмбезі (18 - 19 ғ) – сәулет өнер ескерткіші. Жаңақорған ауданындағы Бесарық стансасының оңтүстігінде орналасқан. Күмбезді ишан қабірінің басына үлкен ұлы Ибадулла бұхаралық Хамит деген шеберге орнаттырған, кірпішін жергілікті халық құйған. Айғожа ишан халықты имандылыққа тәрбиелеген. 1778-1858 жылдар аралығында өмір сүрген. Күмбез шаршы пішіндес, ауданы – 9х9 м, биіктігі – 8 м, күйдірілген кірпіштен қаланған. Қабырғалары геометриялық және шырмауықты ою-өрнекпен безендірілген, 8 қырлы барабанды күмбезінде жарық түсетін 4 терезесі бар. Маңдайшасын бөренеден қиған. Ішіне сағана түрінде құлпытас жасалып, үстіне арқардың мүйізі қойылған. Қабырғалары сыртынан тепкішекті қалаумен бекітілген, іргетасының биіктігі – 4 м. 1989 жылы жергілікті тұрғындардың күшімен қайта жөндеуден өткізілді. Айғожа ишан күмбезіне қатысты құжаттар Алматыдағы «Қазақ жобалау – қалпына келтіру» институты мұражайында сақтаулы. Айқожа ишан кесенесі республикалық маңыздағы тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізілген.
Достарыңызбен бөлісу: |