Екінші Садық – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.
Еңбек – ауыл, Сунақата ауылдық округінің құрамында. 1950 жылдары Ескі Екпінді аталып, Сунақата кеңшарының бір бөлімшесі болған. 1997 жылы кеңшар таратылған кезде Еңбек шаруа қожалығы құрылып, тұрғындардың осы қожалыққа мүше болуына байланысты ауыл Еңбек ауылы атанған.
Есжан тоғайы – ауылдың солтүстік тұсында, дарияның иіріміндегі жер. Қайықшы Есжан деген кісінің атымен аталған. Елді мекенде арғы бетпен қатынас жасап отырған, қол қайықпен қызмет көрсеткен кісі.
Жайылма – ауыл, Шалқия кенттік әкімдігі құрамында болған. 2005 жылы «Жайылма» ауылдық окургі болып, Шалқия кентінен бөлініп шықты. аудан орталығынан 17 шақырым, Шымкент-Самара үлкен жол бойынан 7 шақырым жерде орналасқан. «Жайылма» атауы кезіндегі «Жиделі», «Шалхия», «Келте» атты кішкентай өзен суларының осы елді мекеннің ұлтанына келіп жайылуынан шыққан. 1926 жылы «Жайылма» колхозы, Жайылма ауылдық кеңесі болып құрылған. Колхоздарды ірілендіру кезінде, яғни 1949 жылы «Жайылма» және «Жаңақұрылыс» колхоздары қосылып /қазіргі Құттықожа ауылы/ «Ленин» колхозы болып ұйымдасқан. 1962 жылы Үкімет қаулысына сай «Красная звезда» совхозына бірікті. 1994 жылы шаруашылықтар таратылып «Красная звезда» совхозынан «Жайылма» өндірістік кооперативі болып бөлініп шыққан. 1995 жылы «Жайылма» ауылы Шалқия поселкелік кеңесінің құрамына енгізілді. 2005 жылы «Жайылма»ауылдық округі құрылды.