Бақсайысата кесенесі – Байкенже елді мекенінен 10 шақырым жерде, оңтүстік-батыс беткейде орналасқан. Бақсайыс ата шамамен ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген. Бұрын тұрғызылған кесене тозып, 1994 жылы ақ қыштан күмбезді кесене тұрғызылған. Кесене көлемі – 8 х 8 м, биіктігі – 12 м. Бақсайыс ата кесененсі жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі.
Барлыбайқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. «Барлыбайдың құдығы» мәніндегі атау.
Баспақкөл – ауыл. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 75 шақырым жерде. Бұрынғы атауы – Қаратөбе ауылы.
Бесарық – Жаңақорған ауданының Бесарық ауылдық округі аумағындағы өзен. Қаратау жотасының батысында, Сырдария алабында. Ұзындығы – 85 шақырым. Өзеннің жылдық ағысы – 170 млн. текше метр. Қаратау жотасының оңтүстік-батыс баурайынан бастау алады. Тау шатқалдарынан бес арық (өзенше) ағып шығып, шатқалдан шыға берер тұстағы Байғабыл ауылы жанында бірігіп Бесарық деп аталады. Осы елді мекен тұсында 1974 жылы өзімен аттас бөген (су сыйымдылығы – 15 млн. текше метр) салынған. Бөгеннен шыққан өзен Кеңес ауылы тұсында егістіктерге таралып кетеді. Кезінде Бесарық суы Сатымсай сайымен Сырдарияға құятын. Бесарық өзенінің суын Талап және Кеңес шаруашылықтары пайдаланады. Атау сол жерде бес немесе бірнеше арық болуымен байланысты қойылған.
Бесарық – ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 70 шақырым жерде, Бесарық өзенінің төменгі ағысында орналасқан. Ауыл 1999 жылға дейін Талап ауылы деп аталған. Ауыл 1962-96 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Талап» кеңшарының орталығы болған. Кеңшар негізінде Бесарықта және округтегі Апанқақ, Кеңес, Манап және Талап темір жол стансалары, Сатымсай темір жол айырмасында ЖШС және 9 шаруа қожалығы жұмыс істейді.
Бескемпір – Қожакент елді мекенінің шығыс жақ бөлігінде, дария жағасында әжептәуір ауқымды елді мекен болған. Шынайы атауы – Ахметсопы қыстауы. Кешегі соғыс жылдарында ер кісілердің барлығы соғысқа аттанып кеткеннен кейін бес қария кемпір тұрғандықтан Бескемпір деп аталып кеткен.
Билібай – ауыл. 1991 жылға дейін Красная звезда (Сүттіқұдық ауылдық округі) совхозының №2 мал фермасы болып келген. 1992 жылы Байкенже ауылдық округінің құрамына кірді. Билібай елді мекені «Игіліктегі Билібай» деген кісі есімімен аталған. Округ аумағында уранның үлкен қоры табылып, бүгінде «Хорасан-1», «Хорасан-2» кеніштері уран өндірумен айналысуда.
Ботасоқты – жер атауы. Кезінде Ақүйік өзені бойында жолбарыстар жүрген қалың жыныс тоғай болған. Жолбарыстар түйенің соңынан ерген боталарды алып қала берген. Сол себепті бұл ну «Ботасоқты» аталған.