Өлкетану, оның түрлері және жұмыс формалары. Өлкетану дегеніміз – белгілі бір аумақты, ауданды, қаланы, селоны т.б. елді мекендерді, облысты, регионды мемлекет территориясының жеке бөліктерін жан-жақты зерттеумен және оқып-танумен айналысатын қоғамдық құбылыс. өлкетанудың түрлері – мемлекеттік, қоғамдық, мектеп және тарихи өлкетану. Мемлекеттік өлкетану – арнайы органдардың қатынасындағы ұлттық және өлкетану (облыстық, аудандық, қалалық) мұражайлар жұмысын ұйымдастыру, әкімшіліктердегі, кітапханалардағы, ғылыми-зерттеу институтарындағы мәдениет пен ғылымға байланысты бөлімдердің жұмыстары, жеке территориялардағы шаруашылыққа және табиғатқа қоршаған ортаны қорғауға байланысты зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру түрінде көрінеді.
Қоғамдық өлкетану – қоғамдық өлкетанушылардың, туристердің, қоғамдық ұйымдардың, жеке адамдардың күшімен ұйымдастырылып жүргізілетін жоғарғы және жергілікті дәрежедегі тақырыптық және т.б. мұражайларды құру, олардың жұмыстарын ұйымдастырып, жүргізу, өлке ерекшеліктеріне байланысты, өлке тарихы мен онда өмір сүрген белгілі адамдардың өміріне байланысты деректер жинау т.б. жұмыстар.
Мектеп өлкетануы - мектептердегі оқу бағдарламалары және олардан тыс атқарылатын туған өлкеге қатысты жұмыстар бойынша материалдар негізінде білімді жетілдіруге, сондай-ақ әр түрлі туристік - өлкетану шаралары барысында түрлі тәрбие түрлерін беруге байланысты жұмыстар. Мектеп өлкетануында оқушылармен жұмыс жасалынады, деректер жинадып (түрлі тақырыптарға байланысты) жергілікті жер материалдары негізінде мектеп мұражайлары жасалады.
Өлкетанудың ерекше түрі – тарихи өлкетану. Ол – белгілі бір ауданның, облыстың, өлкенің тарихын, ондағы болған оқиғаларды, тарихи белгілі қоғам қайраткерлерінің өмірін, тарихи – мемуариалдық және тарихи архитектуралық ескерткіштер мен олардың ерекшеліктерін, археологиялық орындарды зерттеумен, оқып-танумен айналысатын өлкетану түрі. Кейбір мамандар сондай-ақ этнографиялық, топонимикалық, кешенді географиялық және физикалық-географиялық өлкетану түрлерін бөледі.
Туризм саласы мамандарды арасында туризм мен өлкетануды бірге алып қарау керек деген пікір бар. Олардың пікірін бұл оқулықта ескере және келтіре отырып, авторлар бұл мәселе бойынша өз пікірлерін білдіреді. өлкетану өз бетінше жұмыстар жүргізе алатын өзіндік жұмыс әдістері немесе формалары (өлкетану экспедициялары, ғылыми этнографиялық және археологиялық экспедициялар, мұражайлар жұмыстары) бар қоғамдық құбылыс. Оған мысал ретінде көптеген мемлекеттердегі ішкі этнографиялық, кәсіби, мәдени-фольклорлық т.б. ерекшеліктердің, көптеген өлкетанушы ғылымдардың жұмыстарын айтуға болады. Ал туризмнің өлкетануға қарағандағы қоғам өмірінде алатын орны мен рөлі жоғары, ол көп жақты. Туризмді экономиканың бір саласы ретінде, спорт түрі, демалыс-сауықтыру құралы, оқу-тәрбие, танымдық маңызды нәрсе реттерінде қарауға болады.
Алайда туризм мен өлкетанудың жақын келетін жақтары бар, сондықтан, көп жағдайда олар бірге алып қаралады, жұмыстары бірге өткізіледі. Туризм мен өлкетанудың жақын келетін жерлері – біріншіден, екеуінде тәрбие, білім беру құралы ретінде тануға болады, екіншіден, кейбір жұмыс істеу формалары ортақ (экскурсия, жорықтар).
Өлкетану туризмнен басқа бірнеше ғалымдармен және қоғамдық құбылыстармен байланысты. Олар:
1) География. өлкетанудың географиямен байланысты болуының себебі – география жалпы географилық заңдылықтарды зерттеумен қатар территориялардың бір-бірінен табиғи және т.б. ерекшеліктерін (физикалық-географиялық және әкімшілік аудандастыру бойынша) зерттейді. өлкетанудың алға қоятын мақсаты да жеке, белгілі бір территорияның (регионның, облыстың, ауданның, өлкенің т.б.) өзіне тән әр түрлі ерекшеліктерін жан-жақты зерттеу, оқып-тану.
2) өлкетану тарих ғылымымен байланысты. өйткені өлкетану жұмыстарының нәтижесінде өлке тарихына қатысты және өлке территориясындағы тарихи орындар мен ескерткіштерді зерттеуге оқып-үйрену-тануға, сақтауға байланысты міндеттер орындалады. Бұл жұмыстармен жоғарыда айтылғандай өлкетанудың бір түрі тарихи өлкетану айналысады.
3) Биология. өлкетану жұмыстары кезінде, әсіресе, мектеп өлкетануы бойынша туған өлкенің, яғни белгілі бір территорияның өсімдік түрлері, олардың қоршаған ортамен қарым-қатынасы, ярустылығы, зоналылығы, басқа табиғат компоненттерімен байланысы, өсімдік бірлестіктеру (ценоз, биоценоз, биогеоценоз т.б.) қаралады. Мектеп өлкетануында бұл мәселелер оқу бағдарламасымен (биология пәндері бойынша) байланысты, яғни жеке пән тақырыптарына сәйкестендіріп (өлкетану материалдарын пайдалана отырып) және бағдарламадан тыс, туристік - өлкетану жұмыс әдістері (экскурсия, экспедиция, өлкетану жорықтары) барысында қаралады.
4) өнертану. өлкетану жұмыстарының барысында, атап айтқанда тарихи-археологиялық, тарихи-архитеткуралық орындар мен ескерткіштерді оқып-тану, зерттеу кезінде, этнографиялық ерекшеліктермен, яғни белгілі бір өлке территориясында тұрып жатқан түрлі халықтардың материалдық дүниесімен (тұрғын үйі, ұлттық тағамдар мен киімдер, кәсіптік құралдары, музыка аспаптары, зергерлік бұйымдары, үй жиһаздары т.б.) музыкасымен, фольклорымен танысу кезінде және мұражай жұмыстары кезінде түрлі өнер салаларынан хабардар болуға және олармен жұмыс жасауға тура келеді.
5) Этнография. өлкетану өлке территориясындағы халықтардың ұлттық ерекшеліктерін, ішкі айырмашылықтарын (бір ұлтқа жататын адамдардың тұру ортасына, тарихи факторларға т.б. байланысты бір-бірінен тілдік, мәдени, кәсіптік т.б. айырмашылықтар жасауы) зерттеумен айналысады. Олардың дәстүрлерін, тілін, дінін, әдет-ғұрыптарын, тарихын (этногенез), кәсібін, материалдық дүниесін, мәдени және рухани өмірін талдап қарайды.
6) Топонимика. өлке территориясындағы жер-су, елді мекендер аттарының шығу-тегі талданып қаралады, зерттеледі. Топонимика жер-су аттарының шығу-тегін зерттеумен айналысатын ономастика ғылымның (ономастика жер-су аттарынан басқа адам және жануарлар аттарын да зерттейді) бір саласы. Жер-су аттарын зерттеу кезінде жергілікті жерге (өлкеге) және нақты қатысты жерге байланысты тарихи жағдайлар, ол жерлерде тарихи кезеңдерде турған және қазір тұрып жатқан халықтардың тілдік ерекшеліктері, сонымен қатар, табиғи сипаттарын ескеру қажет.
7) Музей тану. өлкетану жұмыстары кезінде өлкенің табиғатына, шаруашылығына, тарихына, этнографиясына, мәдени өміріне байланысты экспонаттар, материалдар жиналып сақталынады, мұражайлар құру мен олардың жұмысы өлкетанудың жұмыс формаларының бірі болып табылады.
өлкетанудың бірнеше жұмыс формалары бар. Солардың бірі туристік жорықтар. өлкетану бойынша өткізілетін жорықтардың бірінші ерекшелігі – олардың танымдық мақсаты, яғни олар белгілі бір тақырыпқа байланысты немесе жалпылама өлке территориясымен, оның ерекшеліктерімен, табиғатымен, т.б. танысуға бағытталады. өлкетану жорықтарын дайындау кезінде керекті жерлер мен орындар танымдық мақсат бойынша таңдалып алынады да жорық маршруты солар бойынша жүргізіледі. Олардың екінші ерекшелігі - топ мүшелерінің әрқайсысының өз міндеттерінің болуы. Ол міндеттер жорықтың мақсатына байланысты топ мүшелерінің жеке қабілеттерін ескере отырып бөлініп беріледі. өлкетану жорықтары көбінесе мектеп өлкетануында көп қолданылатындықтан мектеп оқушыларына белгілі бір атқаратын жұмыстар тапсырылады. Бұл жағдай жеке пәндер бойынша мектеп бағдарламасымен байланыстырылады. Мысалы география пәніне байланысты жеке табиғат компонентері топ мүшелері арасында бөлінеді. Бір оқушы жетекшінің көмегімен маршрут бойынша рельеф жағдайына сипаттама беріп, керекті кескіндерді, схема-карталарды дайындаса, екінші геологиялық жағдайға, немесе ауа-райы жағдайларына (ауа-райының жеке элементтері бойынша графиктер сыза отырып) бақылау жасайды т.с.с.
Әрбір топ мүшесіне жеке міндеттемелер бөліп беру басқа да пәндер бойынша да жүргізіледі. Бұл орайда биолоияның, тарих пнінің мүмкіндіктері көп.
Өлкетанудың келесі жұмыс формасы саяхаттар. Саяхаттар мен жорықтар тек қана туризмде ғана емес, сондай-ақ өлкетануда қолданыла береді. Бірақ өлкетану бойынша саяхаттардың мақсаты - өлке ерешкеліктерімен, оның көрнекі орындарымен танысу және сондай-ақ басқа өлкелер ерекшеліктерін, региондар мен мемлекеттердің ішкі айырмашылықтарын танып-білу. өлкетану бойынша саяхаттар арнайы жолдамалар, яғни туристік кәсіпорындарының коммерциялық негізде ұйымдастыруымен жоспарлы түрде немесе ұйымдар мен мекемелердің басқа тиісті орындармен келісу, шарт жасау негізінде өз бетінше ұйымдастыруы арқылы өткізілуі мүмкін. Саяхаттар мен жорықтарды ұйымдастыру кезінде, өлкетану бойынша да, арнайы қажетті құжаттар дайындалады.
Келесі жұмыс формасы – экскурсиялар. өлкетанудағы экскурсилардың ерекшілігі – олар нақты бір регионның, өлкенің ерекшеліктерін, көрнекі орындарын көрсетуге бағытталады. өлкетану бойынша экскурсияның барлық 5 түрі де пайдаланылады. Олар: табиғатқа жасалынатын экскурсиялар, шолу немесе қала экскурсиялары, мұражай экскурсиялары, өндіріс орындарына жасалатын экскурсиялар және тақырыптық экскурсиялар.
Зерттеу экспедициялары да өлкетанудың жұмыс формаларының бірі болып табылады. Олардың өзіне тән маршруты болады, алдын ала дайындық жұмыстары жасалынады, азық-түлік, құрал-жабдықтар, зерттеу құралдары дайындалынып, шығындар есептелінеді. Зерттеу экспедициялары табиғатқа жасалып (табиғат кешендері мен кешендерін зерттеу), экологиялық, археологиялық және этнографиялық болуы мүмкін. Экологиялық экспедициялар белгілі бір табиғаты дағдарысқа ұшыраған аймақтың теріс өзгерістерді анықтаумен айналысады. Археологиялық экспедициялар тарихи, археологиялық орындардың мәдени қабаттарында қазба жұмыстарын жүргізіп, көне қалалардың салыну ерекшеліктерін, тарихи оқиғаларды анықтайды, олар туралы түрлі экспонаттар, деректер жинайды. Этнографиялық экспедициялар регион, өлке территоиясында тұрып жатқан халықтардың ұлттық ерекшеліктерін, материалдық дүниесін, үйлері мен тұрғын жайларының сырт пішінің ішкі жағын, ұлттық киім ерекшеліктерін, музыкасын, фольклорын, кәсібін т.б. зерттеп, деректер жинайды.
Экспедициялар сондай-ақ, өлкетануда қайталанбалы, яғни тұрақты орындалатын зерттеу, анықтар, оқып-тану жұмыстары түрінде жүргізіледі. Бұл мектеп өлкетануына тән. Мысал ретінде республикалық оқушылардың «Атамекенң өлкетану экспедиясын айтуға болады. Бұл экспедиция республиканың көптеген облыстарында табиғатқа байланысты, экологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Бұндай жұмыстар көптеген мектептерде жүзеге асуда. Оқушылар деректер жинайды, өлшеу, анықтау жұмыстарын жүргізеді, табиғи компоненттердің, кешендердің жергілікті жерлер бойынша карталарын, сондай-ақ экологиялық карталарын түсіреді. Тұрақты орындалатын экспедицияларда жоғарыда аталынған табиғатқа байланысты және экологиялық зерттеу жұмыстарымен қатар, сондай-ақ өлке тарихына т.б. мәселелерге байланысты жұмыстар ұйымдастырып жүргізіледі. Ол үшін жергілікті тұрғындардан тарихи деректер (өлке территориясында болып өткен оқиғалар т.б. жайлы) мен экспонаттар жиналынып, архив және мұражай материалдары пайдаланылады.
Өлкетанудың маңызды жұмыс формасы – мұражайлар жұмысы. Мұражайлар түрлері, жұмыс бағыттары жағынан мемлекеттік немесе ұлттық мұражайлар, өлкетану мұражайлары және жеке белгілі-бір тақырыптарға арналған (геологиялық мұражай, музыкалық аспаптар мұражайлары, көркем сурет картиналары мұражайлары т.б.) мұражайлар болып бөлінеді. Жалпы өлкетану мұражай жұмыстарымен тығыз байланысты. өлкетануды мұражайларсыз көзге елестетудің өзі қиын. Жоғарыдағы айтылған мектеп өлкетануы бойынша ұйымдастырылатын тұрақты түрдегі экспедициялық жұмыстар мектеп мұражайларын құрумен және олардың жұмыстарын қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Экспедициялар барысында жиналған тарихи, табиғат, экология тақырыптарына байланысты экспонаттар мен материалдар, фотосуреттер негізінде мектеп мұражайлары құрылып, жұмыс жасайды. Мектеп мұражайлары сондай-ақ мектеп өлкетануы бойынша жеке пәндер (география, биология, тарих) бағдарламаларына байланысты да құрылады.
Мұражайларда тұрақты түрде қойылатын экспонаттардан басқа уақытша жұмыс істейтін көрмелер, экскурсиялар, конференциялар (түрлі тақырыптардағы) ұйымдастырылады. Мұражайларды ұйымдастыру және олардың жұмысын қамтамасыз ету кездерінде есте болатын нәрсе – мұражай жұмыстарының ғылымилық және тарихилық принциптері. Мұражай жұмыстарының ғылымилығы дегеніміз – экспонаттар мен материалдардың белгілі бір тақырыпқа байланысты болып, ол тақырыпты жүйелі түрде ашып тұруы, мұражайдың атқаратын қызметін анық, дәл анықтау, оладың жұмыстарының жүйелілігін қамтамасыз ету. Ал мұражай жұмыстарының тарихилығы экспонаттар мен материалдардың (әсіресе тарихи экспонаттар мен материалдардың) жеке тарихи кезеңдер мен мерзімдер бойынша құжатталып, сақталуы, жұмыс істеуі (мұражай бөлімдері мен экспозициялардың ұйымдастырылуы).
Экспонаттарды жинау кезінде оларды құжаттау және тіркеу жүргізіледі. құжаттау кезінде экспонатқа тән барлық мәліметтер – табылған орны және уақыты, оны табуға қатысты адамдардың аты-жөні, жасалынған материал сипаты, көлемі, ені, ұзындығы т.б. арнайы анықтама құжатқа жазылады. Экспонаттар мен материалдарды тіркеуде олар туралы анықтама қағаз 3 дана болып жасалынып, мұражай басшылығында т.б. жерлерде сақталынады. Экспонаттар мұражайларда тұрақты экспозициялар түрінде тұрады немесе мұражай қорында сақталады. Экспонаттарды көлеміне қарай, көрмелер үшін залдарды жабдықтау, экспозициялар кезінде, белгілі-бір ретпен орналастырады. ұсақ және орташа экспонаттар ірі экспонаттардың мәнін, мағынасын ашып, толықтырып тұратындай етіп қойылады. Залдарды жабдықтау, экспозициялар кезінде экспонаттар жеке бөлімдер бойынша орналастырылады. Ол кезде бөлімдер арасындағы сыбайластық, сәйкестік, байланыстылық сақталынып, осы жағдай экскурсиялар кезінде есте болады.
Мұражайлар жұмысы өлкетанудың негізгі жұмыс формаларының бірі болғандықтан оған кеңірек тоқталған жөн сияқты. Мұражай құруға кірісерден бұрын, оған қажетті материалдар мен экспонаттар іздеп жинастыру алдында арнайы дайындық қажет. Мұражай жұмысы бағыты бойынша әдебиеттерді, архивтерді, деректі құжаттарды қарап шығу керек, яғни мұражай жұмысының бағыт-бағдары толық айқындалуы керек. Мұраларды (экспонаттарды) іздеу белгілі-бір бағытта жүргізілуі тиіс. Жинастырылатын материал неғұрлым толық, жан-жақты сипатталатындай болуы, мұражайға келушілердің біліктік талғамдарына жауап беретіндей болуы керек. Мұраларды іздестіру, мұражай қорын толықтырып отыру тоқтаусыз жүргізетін жұмыс. Жаңадан түсетін материалдар, жиналған қор мұражай экспозициясын жалғастыра беруге мүмкіндік береді.
Мұражай қорының есебін және оны сақтауды қор сақтаушы жүргізеді, ол қорлардың есебін алуды және олардың сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Мұражай қорында мынадай заттар сақталынады: халықтың тұрмыстық заттары, ғылыми мәнді заттар, еңбек туындылары, киімдер, музыка аспаптары, құжаттық немесе тарихи маңызды фотосуреттер, қолжазба және сирек кездесетін кітаптар, тарихи құнды құжаттар, муляждар, макеттер, карталар, диаграммалар, схемалар т.б. қоғамдық өлкетану бойынша жұмыс істейтін мұражайларда қымбат немесе аралас металдардан жасалған заттар мен тастарды сақтауға рұқсат етілмейді. Суық қару және қолдануға жарамайтын ату құралдары. Ішкі істер органдарының рұқсатымен ғана сақталады.
Мұражайлардағы барлық қорлар қатаң түрде құжатты есепке алынып, оларды зерттеу жұмысы қамтамасыз етіледі. Есепке алу мынадай кезеңдермен жүргізіледі:
- мұражайға түскен барлық материалдар актімен алынады;
- материалдар мұражай қорының есеп кітабына сипаттала жазылады;
- мемлекеттік мекемелерден және жеке адамдардан мұражайға қабылданған барлық материалдарға үш дана акт жасалады.
Оның бір данасы бақылау үшін директорда сақталады, екінші данасы материалды тапсырған мекемеге (адамға) беріледі, үшінші данасы қорларды меңгерушісінде сақталады.
Мұражайға түскен материалдарды актілеуде олардың тегін көрсетудің маңызы бар. Яғни заттың табылған жері, жасалған уақыты, тиісті тарихи оқиғалармен байланыстылығы т.б. мағлұматтар көрсетіледі. Мұндай мағлұматтарды заты тасырушы немесе қандай да болмасын туралы жазбалардан алуға болады. Бұл мағлұматтар жеке парақ қағазға немесе қабылдау актісының сыртына жазылады. ұдайы сақталатын заттарды қабылдау актылары іс қағаздары папкаларына тізіліп, ретімен нөмірленеді. Жоғалған, ұрланған немесе жаратудан бүлініп қалған негізгі қордың заттарына арнаулы акт жасалады. Мұндада бүлінген немесе ұрланған заттардың жайын анықтау үшін мұражай бойынша бұйрықпен арнаулы комиссия құрылады.
Түскен заттарды қор есебі кітабына тіркеу және оларды сипаттау қабылдау актісі негізінде жүргізіледі. Материалдарды тіркеудің мақсаты – алынған материалдардың барлығында белгілі тәртіппен нөмірлеу. Нөмір бірден қойылады да материалға сипаттама беріліп, оның басқа ұқсас затпен айырбастай алмайтындай, жоғалған немесе ұрланған заттармен айыстыра алмайтындай етіп анық жазылады. Белгілі затқа қойылатын және қор есебі кітабына тіркелген нөмір қабылдау актысының тиісті графасына да бірден қойылады. Мұражай қорына түскен заттарды есеп кітабына жазу қабылдау актысында көрсетілген мағлұматтар бойынша және затты жан-жақты қарап көргеннен кейін жүргізіледі.
Қор есебінің кітабында мынадай графалар болады:
№ жазылған уақыт заттың түскен уақыты, қайдан, қалай алынғаны, акт №, жіберу құжаты заттың аты, қысқаша сипаттамасы, жазу белгілері, көлемі, т.б. заттың саны зат неден және қалай жасалынған заттың сақталу жарамдылығы зат қай қорға жатқызылады мемлекеттік мұражайдың арналы кітабы бойынша қоғамдық мұражайдың негізгі қорындағы заттың реттік саны ескерту: ұдайы сақтауға берілгендігі туралы акты № (беруге рұқсат етілген құжаттық № және уақыты).
Қор есебінің кітабы ол толтырылғанда дейін беттері нөмірленеді, жіктеледі және мұражай бағынатын мекеме қол қойып, мөрімен қуаландырады. Кітап мұражай сейфінде ұдайы сақталады, оның кілті қор сақтаушысында болады. Мұражайдың негізгі қорынан зат шығарарда мұражай бағынатын мекеме басшысының жазбаша рұқсаты көрсетіледі және осы мекеменің мөрі басылады.
Мұражайға түскен барлық заттарға да оларды есептеу қорының кітабына тіркерде белгі қойылады. Белгіде мұражайдың цифрланған аты, заттың реттік нөмірі, заттың негізгі қорға немесе ғылыми қосалқы қорға жатқызылатындығы жазылады. Белгіні заттың өзіне жазу мүмкін болмаса, оны затқа қосақтау жүргізіледі. Мұражай қорларын сақтау оларды бүлінуден, зақымданудан қорғайтындай ұйымдастырылуы керек. қорлар сақтайтын орын бөлек болып, жұмыс істемейтін күндері жабылып, мөр басылып, өртке қарсы құралдармен жабдықталып, қорғау дабылы қойылады. қорды сақтауды дұрыс ұйымдастыруда оларды сақтайтын орынды жабдықтаудың үлкен маңызы бар (сөрелер, шкафтар т.б.).
Қолжазбалар мен баспа материалдар папкаларда, фотосуреттер қораптарда сақталынып, олардың сыртында сақталатын материалдардың тіркеу белгілері, іштерінде материалдар тізбелері жазылады. Киімдер шығына дәлдеп жасалған аспаптарға кигізіліп сақталады.
Мұражайлардағы экспозициялар кезінде жоғарыда аталғандай бөлімдер арасындағы сыбайластық, байланыстылық сақталынып, экспозициялардың бірінен екіншісіне ауыса отырып, белгілі-бір жүйеде экспонаттармен танысу қажет, яғни мұнда да тарихилық (тарихи кезеңдер бойынша бөліп көрсету), ғылымилық (жүйелік, экспозициялардың белгілі-бір тақырыптық бағытқа сай болуы т.б.) принциптер сақталынады.
Экспонаттарды орналастыруда олардың еденнен 70-80 см жоғары, ені 2-2,5 м аспауы қажеттігі ескерілуі тиіс. Бұл экспозициялық белдеуден жоғары ірірек экспонаттар орналастырылады. Жан-жақты қарап танысуды қажет ететін ұсақ заттар, бұйымдар, бейнелеулер мен құжаттар жақын жерлерге қойылады. Маңыздылығы жағынан неғұрлым мәнді экспонаттар көруге ыңғайлы етіліп, алдымен көретіндей көрнекі орынға қойылуы тиіс.
Экспозициялық жұмыстың аяқталу кезеңі – залды тақырыптық-экспозициялық жоспарға сәйкес көркемдеп безендіру болып табылады. Мұндай безендіру жұмыстарына білікті шеберлерді, кәсіпкер көркемсуретшілерді, сәулеткерлерді тарту керек. Олар қолайлы әсем сөрелер, жазбаларға келісті әріптер таңдауды ойдағыдай шешіп қана қоймай, сондай-ақ экспозицияларды келісушілердің көзін тартатындай, анықтап түсінікті етіп орналастыруды эстетикалық талғам тұрғысынан шеше алады.
Көп тараған мұражай жұмыстарының бірі – мұражай экскурсиялары. Мұражай экскурсиялары көбінесе экспозициялармен жалпы таныстыру түрінде және кейде тақырыптық түрінде өткізіледі. Тақырыптық мұражай экскурсиялары келушілердің түрлі топтарын ескере отырып ертерек әзірлікпен жүргізіліп, белгілі-бір оқиғаларға, атаулы күндерге қатысты ұйымдастырылады. Жалпылама экскурсия мен тақырыптық экскурсия арасындағы айырмашылыққа қарамастан, оларды дайындап өткізудің екеуіне де ортақ әдістер бар. әрбір экскурсияға әдістемелік тұрғыдан талдау жасап, тақырып аттары, көрсетілетін экспонаттар тізімі аталады. Көрсететін экспонаттарды алдын ала тізіп алу экскурсияны жүргізушіге жеңілдік туғызады. Экскурсияны дайындау кезінде оған келетін топтардың құрамы есепке алынуы керек. Экспонаттар тізімін жасау кезінде олардың санының көп болуы қажет емес. өйткені бұл жағдай қараушыларды жалықтырып жібереді, көргендерін естеріне қалдыра алмайды. Сондықтан тақырыпты неғұрлым толығырақ ашуды қарастырып, көңіл аударып, көз тартатын, танымдық мәліметтер беретін экспонаттарды іріктей білу керек. Мұражай экскурсияларында мұражайды бастан аяқ баяндайтын арнайы дайындалған текстер болады немесе тақырыптық экскурсиялар бойынша контролдық текстер алдын ала экскурсия жүргізуші арқылы дайындалады. Текстен басқа әдістемелік талдау немесе жоспар болуы тиіс. Экскурсияны жүргізушіге де арнайы талаптар қойылуы тиіс. Оның біліктілігі, баяндау тәсілі, сөз байлығы, сыртқы пішіні, көңіл күйі экскурсия сапасын жақсартады.
Мұражайларда экскурсиялардан басқа лекциялар, кездесулер, конференциялар, көрмелер ұйымдастырылады. Экскурсияларға қарағанда лекция тақырыпты кеңірек қамтиды, мұражай экспозициялары шеңберінен шығып кетеді мүмкін. Лекциялар үшін экспонаттар да пайдаланылады. Лекциялар, кездесулер, конференциялар үшін экспонаттар алдын-ала іріктеліп дайындалуы тиіс және олардың тақырыптары әр түрлі болатындықтан экспонаттар тақырыптарға сай болуы тиіс. Мұражай жұмыстарының тартымды, маңызды түрі – көрмелерді ұйымдастырып өткізу. Көрмелер үшін тақырыптарына сәйкес экспонаттар дайындалады. Олар мерекелерге т.б. сәйкес жылжымалы түрде басқа жерлерде, орындарда да ұйымдастырыла береді.
Мұражайлар ұйымдардың, кәсіпорындардың, мекемелердің, оқу орындарының, әкімшіліктердің жанынан да құрыла береді. Жаңадан ашылған барлық мұражайлар жергілікті мәдениет органдарында тіркелуі тиіс. Мұражай құру үшін белгілі бір экспонаттар қоры, жұмыс жүргізе алатын адамдар тобы, экспонаттарды сақтап, көрсете алатын орындары бар үйі мен жабдықтары болуы тиіс. қоғамдық мұражайларға ғылыми-әдістемелік басшылықты жоғарғы Мемлекеттік мұражай тәжірибеден өткізу, мамандықтарын жетілдіру курстарында оқыту т.б. арқылы жүргізіп отырады.