Айналым капиталының қаржыландыру көздері Түзілу көздеріне қарай айналым капиталы меншікті және несиелік болып екіге бөлінеді.
Меншікті айналым капиталы – бұл үнемі кәсіпорын иелігінде болатын және өз ресурстары (пайдадан және т.б.) есебінен құралатын қаражаттар болып саналады.
Несиелік айналым капиталы деп банк несиесі, несиелік қарыз (коммерциялық несие) және басқа да пассивтерді атайды.
Кәсіпорынның меншікті айналым капиталының жалпы көлемін (норматив) басқару жоғары басшылары бекітеді және ол бір жыл ішінде тек кәсіпорынның өндірістік жоспары өзгерген жағдайда ғана өзгертілуі мүмкін. Өндіріс жоспарын орындауға, өнімді өткізуге, сондай-ақ төлемақыларды белгіленген мерзімінде төлеуге қажетті кәсіпорынға бекітілген қажетті аз мөлшерлі меншікті айналым капиталын құру үшін норматив белгіленеді.
Меншікті айналым капиталының өсімін қаржыландырудың негізгі көзі кәсіпорынның пайдасы болып табылады.
Кәсіпорындардың жыл ішінде айналым капиталына деген мұқтаждығы әрдайым біркелкі бола бермейді, сол себепті айналым капиталын толықтай меншікті көздер есебінен құрастырған дұрыс жол емес.
Уақытша мұқтаждық тудыратын айналым капиталына деген қосымша қажеттілік екінші деңгейлі банктерден қысқа мерзімді несие алу арқылы қамтамасыз етіледі.
Өнеркәсіп кәсіпорындары банктен несиені белгілі бір нысандарға алады. Кәсіпорын қаражаттарының айналым кезеңіне байланысты банктік несие нысандары өндіріс саласына немесе айналыс саласына жатуы мүмкін. Өндіріс саласында несиелеу нысаны - өндірістік қорлар мен өндіріс шығындары болса, айналыс саласында – келіп жетпеген есеп айырысу құжаттары мен дайын өнімдер.