Сыртқы қаржы ресурстары. Сыртқы қаржы ресурстары да екі топқа бөлінеді—тартылған және несиеге алынған. Бұлайша бөлу, ең алдымен осы кәсіпорынды дамытуға сырттан қатысушылардың салым капиталының түріне байланысты (кәсіпкерлік немесе несиелік капитал). Сәйкесінше кәсіпкерлік капитал салымының нәтижесінде тартылған меншікті қаражаттары және несиелік капитал пайда болады.
Кәсіпкерлік капитал – пайда алу және кәсіпорынды басқару құқығын иемдену мақсатымен салынған (инвестицияланған) капитал. Несиелік капитал—бұл өсім түрінде ақы төлеп қайтару талабымен несиеге берілетін ақша капиталы. Оның кәсіпкерлік капиталдан ерекшелігі - несие капиталы кәсіпорынды дамыту үшін салым ретінде қаралмайды, ол пайыздық пайда табу мақсатында уақытша пайдалануға беріледі. Бизнестің бұл түрімен арнайы кәсіби институттар шұғылданады (банктер, несиелік одақтар, сақтандыру компаниялары, зейнетақы қорлары, инвестициялық қорлар және т.б.). Нақты өмірде кәсіпкерлік немесе несиелік капитал өзара тығыз байланысқан. Қазіргі заманда нарықтық шаруашылық әртараптандырылған, яғни қызмет түріне қарай да, кеңістікте де бөліп жайғастырып ұйымдастырылған. Әртараптандыру қазіргі таңда нарықтық шаруашылықтың тұрақтылығы мен орнықтылығын (ең алдымен, оның қаржы жүйесін) қамтамасыз етудің ең маңызды факторларының бірі. Алайда, әртараптандырудың тереңдеп енуі қаржы ағындары мен капитал қозғалысы күрделене түсуіне, қаржылық тәжірибеде қолданылатын арнайы құралдар қатарын кеңейтуге әкеледі, ал мұның өзі, айналып келгенде, кәсіпорынның қаржылық жұмысын тым күрделендіріп жібереді.
Тартылған қаржы ресурстары - кәсіпорын құрылған сәтінде жинақтылып, бүкіл қызмет ету барысында кәсіпорынның қарамағында болатын қаржы ресурстарының негізгі бір бөлігі. Оны кәсіпорынның жарғылық капиталы деп атау қабылданған. Кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық түріне қарай оның жарғылық капиталы акция жасап шығарып, оны сату есебінен (қарапайым, ерекше немесе аралас), жарғылық капиталға салынған пайлық, үлестік және т.б. салымдардан түзіледі. Кәсіпорынның жұмыс істеу уақыты ішінде жарғылық капитал бөлінуі, кемуі, артуы да мүмкін.
Несиелік қаржы ресурстары көбінесе мына түрлерде кездеседі:
1) банктік несие мен басқа да несиелер;
2) кәсіпорын облигацияларын шығару және сату;
3) нарықтың өзге банктік емес субъектілерінен алынған қарыздар.