Толерантты тұлға қандай болу керек? Толерантты тұлғаның көңіл аспаны кең,жүрегі ізгі де мөлдір, адамгершілігі теңіздей телегей. Ол жәй ғана тығырықтан шығу өнері емес, адамгершілікті мінездің, рухани кеңдіктің, қайсарлық пен өзін жеңген батыл жігердің нәтижесі. Өмірде адам баласының бәрі түсіністікке, кешірімге мұқтаж, бірақ өзі ешкімді кешірмейтін, аямайтын адамды өзгелер қалай дұрыс қабылдасын? Тек өзіне сенімі мол, жігерлі адам ғана өз өлшеміне бөтен нәрселер алдында сабыр сақтай біледі, артықшылық болса үйренеді, кемшілік болса сақтанады, бірақ өзіне ұқсамағанына бола кек сақтамайды. Кеңпейілділіктен жұрдай, іші тар, қызғаншақ, пәлеқор, жалақор адам қашанда өмірге өкпелеп, өзгелерге өшігіп, абыржулы сасқалақ күй кешеді, кеудесін ызы кернеп, тынысы тарылады, айналасын қабылдай алмай оқшауланады. Өмірде мойындағымыз, қабылдағымыз келмейтін, жек көретін нәрселердің болатыны табиғи, тіпті кейде алдану, қорлану, қате түсінік туғызу, себепсіз кінәлі болу кездесіп жатқанмен, соның бәріне төтеп беретін адамдық парасатты талғамның бірі және бірегейі-толеранттылық. Өйткені сол әралуан адамдарды өзара тұтастырады. Өшпенділік, кемсіту атаулы басқаларды ғана емес, сол адамның өзіне де залал келтіретін, жауласушы екі жақты да жаралайтын, жамандықты одан бетер өршітетін нәрсе. Демек адамдық өмірдің алтын ережесі-өмірмен, адамдармен, тіпті бүкіл ғаламмен үндестікте, сәйкестікте өмір сүру, бөтен бөгделіктің адында өз-өзін ұстай білу. Классикалық ұстаным бойынша, жамандықты жамандықпен жеңу мүмкін емес,оны тек жақсылықпен тебіренту, әсерлендіру арқылы ғана жнңу мүмкін. Басқалардан толераттылықты талап етуші адам алдымен өзі толерантты болуға міндетті. Бірақ толеранттылық өзара сауда емес, ол ізгі мінездің ақы талап етпейтін ізгі көңілі.Кешірімшілдік,сабырлылық,қарсы жақты түсінуге тырысу қашанда адамды әсерлендіреді, ұялтады, жігерлендіреді және адамды өзінің тар өзімшілдік қапазынан алып шығып, өмірдің жарқындығына бөлейді, өзге адамдар болмысымен тұтастырады.
Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізген күннен бастап өз жолын, өз ұстанымын іздеумен болды. Халқымыздың бағзы арман-мұраты жаңа заманда жаңа міндетке айналып көрегендікті, талғампаздықты, шешімділікті, белсенділікті, табандылықты талап етті. Замананың күрделі ауқымына сай Қазақстан өз ерекшелігін негіз етіп, өзіне тән тұрақтылық пен даму жолын табуға талпынды және бұл ізденіс Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал көреген саясаты арқылы табысты болғанын уақыттың өзі дәлелдеп үлгерді.
Достарыңызбен бөлісу: |