VII- ТАРАУ. ТҰРҒЫН ҮЙ ГИГИЕНАСЫ
Адам өз өмірінің көп бөлігін үйде өткізеді, сондықтан адам үшін тұрғын үйдің атқаратын ролі ерекше. Үй адамды климаттық факторлардың (ыстықтан, желден, атмосфералық жауын-шашындардан) қолайсыз әсерлерінен қорғайды, оның ой еңбегімен айналысуына, бала тәрбиесі, демалуы үшін, еңбекке қабілеттілігін қайта қалпына келтіруіне және жеке басының гигиенасын сақтауға қолайлы жағдайлар туғызады. Жақсы тұрғын үй адамның денсаулығына, оның эмоционалдық жағдайына, жұмыс қабілетіне және барлық тұрмыс тіршілігіне қолайлы әсер етеді.
Тұрғын үй адамның қолымен жасалған жасанды, әлеуметтік орта болып табылады, оның әр түрлі – физикалық, химиялық, биологиялық факторлары адамның денсаулығына әркелкі әсер етеді. Мысалы, тұрғын үй ішінде әсер ететін физикалық факторларға микроклимат, бөлмелерге күн сәулесінің түсуі және жарықтанғандығы, техногенді электромагниттік сәулеленулер, шу, вибрация жатады. Химиялық факторларға сыртқы атмосфералық ауамен түсетін ластаушылар және үйдің ішіндегі әр түрлі көздерден бөлінген ластаушы заттар кіреді, ал биологиялық факторларға түрлі микроорганизмдер және олардың тіршілік үрдістерінің өнімдері жатады.
Қазіргі кездегі, қала құрылысының қарқынды өсуі жағдайында, құрылыс тығыздығының жоғарылауына, аэрацияның төмендеуіне, тұрғын үйлердің маңында зиянды нысандардың орналасуына, құрылысқа уландыратын қасиеттері толық зерттелмеген әр түрлі композит-материалдарды пайдалануына, құрылыстардың жасыл желектерді азайтуына, т.б. байланысты өзгерген ортаның адамның денсаулығына зиянды әсер ету қаупі едәуір жоғарылайды.
Тұрғын үйдің адамның физиологиялық және әлеуметтік қажеттіліктеріне сәйкес келуі бірқатар жағдайларға, атап айтқанда:
елді мекендегі гигиеналық жағдайға, оның ішінде, құрылысты салу әдісіне және санитарлық тұрғыдан абаттандыру дәрежесіне;
тұрғын үй ғимараттарынан тұратын ықшам ауданның гигиеналық жағдайына;
тұрғын үй ғимаратының түріне, қолданылған құрылыс материалдарына, ғимарат бөліктерінің құрылысына;
пәтердің ішкі жоспарлануына, бөлмелердің құрамы мен олардың өлшемдеріне;
бөлмелерге күн сәулесінің түсуі мен жарықтануына;
микроклиматтық жағдайлар мен жылытуға;
ауаның тазалығы мен желдетілуіне;
үйдің санитарлық жағдайына байланысты болады.
Осы аталған барлық мәселелерді тұрғын үй гигиенасы зерттейді. Тұрғын үй гигиенасының негізгі міндеттері, адамның тұрғын үйі ғимараттарында болуы кезінде салауатты және қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған тиісті гигиеналық нормативтер мен ұсыныстарды ғылыми тұрғыдан негіздеу мақсатында тұрғын үй жағдайының тұрғындардың денсаулығы мен тұрмысына тигізетін әсерін зерттеуден турады.
Достарыңызбен бөлісу: |