Құнанбай мен бала Абай образдарының жасалуына мән беріңдер.
Ақылды, сабырлы Ұлжанның бейнесін жазушы қалай суреттеген?
Абайды ақылды бала бейнесінде сомдайтын сюжеттерді табыңдар.
Қат-қабатта
Биыл Құнанбайдың өз ауылдары да, жақын ағайындары да күземді ел-
ден ерекше ерте алды. Және бұрын күздеуден бір қар жаудырмай, көш-
пеуші еді. Қазір де қарашаның ортасына жетер-жетпесте, қыстауға қарай
тартты.
Маңындағы Жігітек, Көтібақ, Топай, Торғай сияқты сыбайлас отырған
аталас елдерге көші-қон туралы жөн-жосығын айтпады...
* * *
...Қызылшоқыдан Шыңғысқа қарай тартатын көш соқпақтың сол жа-
ғында, жағада бір жалғыз төбе бар еді. Құнанбай өз қасына Майбасар,
Қамысбайды ертіп және өзінің Күнкеден туған баласы Құдайбердіні алып,
осы төбенің басына барлық көштен, барлық аттылардан бұрын кеп шық-
ты...
Көштер қауырт қозғалған уақытта Құнанбай Қамысбай мен Құдайбер-
діге:
– Бар, екеуің тез барып, осы барлық көштердің басты-басты кісілерін –
үлкендерін осында жиып келіңдер! – деді.
Құдайберді мен Қамысбай бұл бұйрықты ести сала, тебіне жөнелісті...
Құдайберді мен Қамысбай астарындағы екі бозды танауратып терлетіп,
ең соңғы үш үлкен кісіні ертіп келгенде, жалғыз төбеде, Құнанбай қасын-
да, елу шамалы аттылар бар еді...
127
Барлық жиын жалғыз төбені дүрс-дүрс басып, Шыңғысқа қарай тартты.
Көштер қиыс өтіп кетіп еді. Бірақ бұл топ әлі асыққан жоқ. Аттылардың
қалың ортасын ала Құнанбай келеді.
Екі жағында он шамалы үлкен туысқандар. Әкесімен туысқан Үркер,
Мырзатай, Жортар сияқты ағалары. Тоқал шешелерінен туған Жақып,
Майбасар сияқты тұрғыластары және әлденеше інілер, немерелес туысқан-
дар бар.
Құнанбай – өз басы бір шешеден жалғыз, бәйбішенің жалғызы. Қара
шаңырақ иесі. Қалың дәулет пен әмір, билік иесі. Жасқа да көп туысы-
нан өзі үлкен. Сол себепті үлкен әкесі Ырғызбайдан тараған осы мына
жиырма ауылдың мынандай топтарының ішінен бірде-бір жан әлі күн-
ге Құнанбайдың алдынан көлденең шығып көрген емес. Тіпті, өкпе-назы
болса да, ашып-жарып айта алмайтын. Ал бірақ Құнанбай сойыл соғарды,
қол қимылды, тізе мен ызғарды керек қылған жер болса, бұл қауымның
іркілетін бірі жоқ. Шоқтай жиын – мықты топ. Жер алуда, ел алуда,
оңайдан мал табуда бұлар Құнанбайдың қабағын қалт еткізбей түсінеді...
Өзара бірлігі – табыс екенін жете танытқан. Соны ұққалы осы Ырғызбай
шетінен бай боп алды... Осымен бар ынтымағын Құнанбайға бағындырған
жиырма ауыл дәл бір ұялас бөрідей еді....
Құнанбай жіті жүріп отырып, тобын бастап, көштің алдына түсті.
Содан жиырма ауылдың жиырма басты адамына қазір Шыңғыс ішін-
дегі қай сай, қай қыстауға барып жетіп, шаңырақ көтеретінін айтып келе
жатты. Сөзі ақылдасу емес – байлау. Атағаны – кесіп-пішіп қойған әмір
менен бұйрық.
Алты күннен соң осы Құнанбай ауылдары көшкен жолмен тағы бір мол
көштер келе жатты. Бұл – Бөкенші мен Борсақтың көші. Бұлар да Қы-
зылшоқыдан өтіп, Шыңғысқа кіргелі келеді. Малды көштер емес. Бірақ
көшкен елінің саны көп. Жинақы боп, топталып көшпей, бытырап, ен
жайылып, бет-бетімен келеді. Көш бойында ат мінген кісі аз...
Осы көштердің алдында Сүйіндік, Сүгір, Жексен және басқа да кәрі,
жастан жиырма шақты кісі оқшауырақ келеді. Бұл жиында әзіл-күлкі де,
әңгіме де жоқ. Өңшең тон, шекпен киген сұрғылт топтың пішіні де, қазіргі
күздің сұрғылт, жабырқау аспаны сияқты күңгірт, салбыраңқы. Әсіресе,
Сүйіндік пен Сүгір, Жексен күпті сияқты. Көп жұрт соның аузына қара-
ғанмен, Сүйіндік ақырын ғана:
– Бара көрейік. Жүзбе-жүз көрісейік. Жауабын өз аузынан естиік! –
деді...
128
– Не жөн, не жолға сыйғызады екен?.. Өзінен естиік! – деп, Сүгір мен
Жексен де соны құптады. Бұл жиындағы жастар мен қартаң шаруалар
түйіліп алған, қатты ашулы еді...
Жартастан бері Сүйіндіктердің қарсы алдында, қалың жылқы ендеп,
жайылып келеді. Екі шеті сайдың екі жақ иығындағы сары тұмсықтарға
шашырай шығыпты. Ішінде жирені мен құласы көп, Құнанбай жылқысы.
– Құдай ұрды десеңші! Қарағым, Сүйіндік-ай, енді қайттім? – деп, Жек-
сен көзіне жас алды...
Жылқы ішінен бұларға қарсы қозғалған қалың топтың тап ортасында
Құнанбай бар екен.... Біраз үндеспей тұрып барып, Сүйіндік:
– Мырза, мына аттылар не? – деді. Құнанбайды бар Тобықтының ат-
қамінері «мырза» деп атайды.
– Жай, мына жылқыға, отарға шығар алдында таңба бастырайын деп
ем. Соған жиылған ел, – деді Құнанбай.
Бұл сөз одан әрі өрбіген жоқ. Жексен бұрылып, артына қарап еді,
көштің алды бөктер адырдан бері шығып қалған екен.
– Жә, мырза, мынау келе жатқан біздің көшіміз еді. Қыстауымызға
келе жатыр ек... Бұл қалай болды? – деді.
– Е, саған көшіп кел деген кім бар? Омыраулап, баса-көктеп көшпей-ақ,
хабарласып, тілдесіп алсаң нетуші еді? Көшің кейін қайтады!
– Әкім елге ие, ел жерге ие емес пе еді?..
...Бөкенші, Борсақ тобы көбейе берді. Бірақ Құнанбай қайысар емес...
Дәл осы уақытта Құнанбай қасына екі топ аттылар келді. Алдыңғы тобы –
он шақты кісі. Мұны бастаған Байсал екен. Қасында Көтібақ ішіндегі ең
ірікті атқамінерлер. Бұлар бастығы Байсал боп кеп, Құнанбаймен ашық-
жарқын сәлемдесіп:
– Қоныс қайырлы болсын, мырза!
– Қайыры ұзақ болсын!..
– Мекенің қайырлы болсын!.. – десіп, жабырлап құттықтап жатыр. Осы
топтың артынан іле тағы бір топ келді...
Сүйіндіктің дәме қылары Көтібақ еді. Тым құрымаса, «Біртоға, берік
Байсал Құнанбай ісінен сыртқары болар» деп ойлаушы еді...
Амандаса келген, қайырлы болсын айта келген Байсал, Құлыншақ дәл
бүгінгі күн, құр амандасу емес, Бөкенші, Борсаққа қыр көрсете келіп тұр.
Құнанбай соны әдейі істетіп отыр. Мұны жалғыз Сүйіндік емес, Жексен
де сезді.
– Апырай, атақонысым еді. Одан қала берсе, осы жиын, осы бәріңнің
көз алдыңда, кешегі көктемде ғана, осы мынау тастың бауырында Бор-
129
сақтың бір баласының қаны тамып еді ғой. Ер азаматымның қаны тамған
жер еді ғой! – деді. Бұл сөз – дәл бұл жиынның күтпеген сөзі. Сүйіндік өз
ішінен: «Алдырған албырт деп, оның несін айтты екен?» деп жақтырмады.
Құнанбайға да бұл сөз, тіпті, тосын болатын. Оны дау үстінде дәлел, дал-
бай қылатын кісі болар демеген...
– Не деп тұрсың? ...Ол ер емес, Борсақ аруағынан садаға... тіпті, То-
бықты аруағынан садаға!.. Ол сұмырай еді. Мен сол сұмырайды құртып,
соның ізі-тозы бітсін деп, бұл жерді, бұл өңірді әдейі басқаның мекені етіп
тұрмын. Сандалғаны несі? – деді.
Бөкенші, Борсақтың қалың жиынына мына сөз таспен ұрғандай тиді.
Бәріне де бір сәтте Қодар өлімінің сыры, Бөкенші жерінің алыну сылтауы
бір-ақ шешілгендей болды...
– Уа, қарабет басым! Қара басқан қу басым! Мен қуарған не еткен ит
едім? Ойбай, бауырым!.. Бауырым, Қодар! – деп, Жексен өкіріп жылап,
атын борбайлап, Қодар қыстауына қарай шаба жөнелді. Сол-ақ екен, бар
Бөкенші, Борсақ тегіс: «Ойбай, бауырымдап» Жексеннің артынан шаба-
шаба жөнелісті. Сүйіндік те солармен кетті... Байсал мен Құнанбай бұл
арада енді тұра алмай, үндемей томсарған күйлерінде сырт айналып кетіп
еді. Құнанбай...:
–...Қолты ғына дым бүріккен Бөжей... Көрдің бе! – деп, ...аздан соң Бай-
салға құпиялау қып:
– Сен Сүйіндік пен Сүгір, Жексен – үшеуіне айт, көпті қоздырмасын!
Бассын! Шыңғыстың қай тұсына орнықтырсам да, ол үшеуінің сыбағасы
олқы емес... Осы сертіме сенсін! – деді.
...Майбасар... шапқылап жылап бара жатқан Бөкеншілерге қарап:
– Уай, жарандар! ...Мына Бөкенші екен ғой түстен кейін маңырайтын.
Көктемде өлген Қодарға күземде кеп, сүйекші болған кімді көрдің? Мұны
көрген кім бар десеңші? – деп, қарқ-қарқ күлді...
Қазірде Құтжан бейітінің екі жағындағы жаңа қабірлер Қодар мен Қам-
қанікі болатын.
...Сүйіндіктер тобы келместен бұрын бейіттердің басында 3-4 қана адам
отыр еді. Ол – Жәмпейіс, Әйтімбет және бір-екі басқа қойшы болатын.
Жаз бойы келе алмай, бүгін көшпен жетіп, ең алғаш еске алып, Құран
оқып отырған солар еді. Кейін осылардың үстіне шулап келген нөпірді
көргенде, мына кәрілер таң болды. Жылағанның ішінде Сүйіндік бар. Ол
бір жұмбақ.
Әсіресе, бұларды қайран еткен Жексен мен Жетпіс... Екеуі де үш қабірді
кезек-кезек құшақтап:
– Кеше гөр, арысым, кеше гөр!
130
– Ағаекем, кеше гөр! – десіп кеп, зар-зар етеді. Көздерінен шын өкініш
жастары ағыл-тегіл шығады...
* * *
...Сүйіндік, Сүгірлер өз есептері ұтылмайтынын біл ген соң, көш-қонын
ойлап, қыбырлай бастап еді... Бұлар осылайша іріткімен екшелгенде, өзге
Бөкенші, Борсақтан жиырма-отыз кісі атқа мінді. Ендігі жиын – қара ша-
руа жиыны. Араларында зор денелі, орта жасты Дәркембай бар.
Ол Қызылшоқының шеткі қонысында отырған Жексен аулына келді де,
Жексен мен Жетпісті шақырып:
– Елді тастап, бас сауғалап, қайда барасың, түге? Тапжылма! Көшпе! Не
көрсең, бірге көресің!.. – деді.
Жексен қарсыласа алмады. Жалғыз-ақ қиялап:
– Жандарым-ау, не білгендерің бар? – дей беріп еді.
– Онанда қазір екеуің де атыңа мін! Ер бізге! Анау Сүйіндік, Сүгірге
барып, сөз байлаймыз! – деді.
Жексен мен Жетпіс еріксіз ерді.
Осы топ Сүйіндік пен Сүгірге де көп сөйлеген жоқ. Бұйрықтарын шолақ
айтып, көштерін тоқтатып тастады. Сүйіндік бұлардың айтқанына амал-
сыздан бағынды да:
– Ал бірақ тапқан ақылдарыңды айтшы! Қылышын сүйретіп қыс ке-
леді. Кемпір-шалды күркілдетіп, баланың жағынан боздағын шығарып,
қашанғы отырамыз? Қайда барамыз? – деді.
Дәркембайдың жауабы әзір болатын:
– Сүйіндік, Жексен, Сүгір – үшеуің де алдымызға түс! Аттарыңа мін!
Жүр, әне, Бөжейге! Елден жырыла қашып оңбайсың, түге! Бөжейге ба-
рамыз. Ағайынға салмақ саламыз. Тіпті, жанашыр жоқ болатын болса,
арғысын содан әрі көрерміз! – деді.
Сүйіндік пен Сүгірді, Жексенді қосып алған осы топ дәл осы күн түсте
Шыңғыстағы Бөжей аулына келді. Оның қыстауы Тоқпамбет дейтін қа-
лың шалғынды, мол тоғайлы, ең бір құйқалы қыстау еді. Бөжей өз атасы
Кеңгірбайдан атақоныс есебінде мұра қып қалған жер – осы.
Бөкенші тобы келген соң, Бөжей лезде кісі жіберіп, жақын жердегі
Байдалы мен Түсіпті шақырып алды. Не де болса, Жігітектің ақылы бір
жерден шықсын дегені.
Бұ топта Сүйіндік шешіліп сөйлеген жоқ... Бірақ Сүйіндік сондай сол-
ғын болғанмен, өзге көпшілік олай емес. Оның ажарын сүймей, мойнын
131
сырт қайырып, сұрланып отырған Дәркембай Бөжейдің күлкісін сезіп
қап:
– Бөжіке, кібіртіктей-кібіртіктей болдық қой. Тура баспас тобанаяқ бол-
ған соң, иыққа ит те, құс та шығад та!.. Тек қана «шөк-шөк» дей бермей,
осы бізді де ел қылатын, ер қылатын ақыл айтшы! – деді...
Бөжей бұл тартысты әуелі қолмен емес, жолмен бастап көргенді мақұл
деп білген...
– Бөбең, Борсақ, бауырымсың. Саған тигені – маған тигені... Туысқан-
дығым – туысқандық. ...Ара ағайын Кішекең екен. Біз кіріспей, кім кірі-
седі? – деп, Түсіпке қарап отырып, – Ендеше, Түсіп, сен атқа мін! Осы
сөзді алып, Құнанбайға барып, жауабын бүгін әкел! – деп, Бөжей сөзін
бітірді.
Түсіптің баратыны осымен шешілген соң, Байдалы:
– Тек жалғыз-ақ арыла сөйлес. Айтатынның бәрін айтып кел. Бұға-бұға
болғамыз. Ат кекілін кессең де, қатты айтып, ел өкпесін түгел жеткіз! –
деп, Түсіпке өзі де ашумен сөйлеп, нық қайрат берді.
Осы сөзді қатты ұстап, Түсіп сол күні кешке Құнанбайға кеп, сөйлесті...
* * *
Осының ертеңінде түске таман Майбасардың екі атшабары – Қамысбай,
Жұмағұл шапқылап кеп, Жігітек ішіндегі есіктерінің ар жағына сүңгіп-
сүңгіп кетті.
...Екі атшабар таяқты Жігітектен мейлінше жеп алып, беттегі қызыл
жоса қандарын айғыз-айғыз қылған бойында, сүртпестен, шапқылап оты-
рып, Қарашоқыдағы Құнанбайдың алдына тура кеп кірді...
Құнанбай әуелі үн қатпай, сазарып отырып барып, аздан соң екі атша-
бардың бетіне нұсқап отырып, Байсалға:
– Міне, көрдің бе? Қайтіп ағайын болайын? Мына қамшы мыналар-
ға емес, маған жұмсаған қамшысы ғой Бө жейдің... Тұр тегіс! – деп, бар
жігітке қатты ақырып, бұйрық бе рді. – Қазір барыңдар да, сол өз үйінде
сабатқан Үркім байды қол-аяғын байлап тұрып, дәл менің алдыма сүйретіп
әпкеліңдер! – деді...
Ұзын-ұзын ақ сойылдар кезек-кезек қағысып, сарт-сарт тиіседі...
Бұл түнде бар Жігітекке Үркімбайды айырып алу да, күндіз Құнанбай-
дың екі атшабарын сабаған сияқты күш асырып, бел бітірген іс болды.
132
* * *
...Соңғы уақытта да өзі Қарашоқыны алғаннан бері Құнанбай Байсалға
бір уәде берген...
...Құнанбайдан «әперемінді» естігенде, Байсал да үндемейтін. Екеуі бір-
ге жасасып, қабақпен ұғысатын болғаннан бері, тегінде, Байсал үндемесе,
ол – көнгені. Қарсы болған жерінде ол қолма-қол бір-ақ томы рылатын...
Назар аудар!
Достарыңызбен бөлісу: |