XX ғ.б. діни-ағартушы бағыттағы ақын-жазушыларды сипаттаңыз.
Бағыттың басты сипаты. Бұл бағыттағы ақын-жазушылар, негізінен, діни білім алып, шығыстық өркениетті мұрат тұтқандықтан замана құбылысына, дүние болмысқа, қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерге сол көзқарас тұрғысынан қарайды. Бұлардың шығармашылығында ел қамын ойлаған тынышсыздану, халықты қайтсем түзу жолға салам деген қиналыс бары рас, бірақ бұл халден арылар нақты жолды олар түптеп көрсете алмады. Өз заманына қарай ілгерішіл ой-пікірлері мол болғанымен, кейбірі көбіне біржақтылыққа бой ұрып, жалаң түрдегі діншілдікті насихаттау жолымен кетті. Шығармашылық тұрғыдан алғанда бұл бағыттағы ақындар өздері нәр алған шығыстың озық үлгілі әдебиетінен үйреніп қана қоймай, шығыс шайырларының көрнекті шығармаларының бірсыпырасын қазақ тіліне аударды. Шығыс сюжетіндегі тақырыптарға негіздеп өздері де шығармалар жазды. Сөйтіп, нәзирашылдық дәстүрді дамытты. Шығыстың классикалық әдебиетінің қазақ сахарасына кеңінен таралуына ең игілікті еңбек еткен - осы бағыттағы ақын-жазушылар. Діни-ағартушы ақындар шығармашылығына тірек болған - қазақ поэзиясының арғы арналарындағы Ахмет Яссауи, Рабғузи, Ахмет Жүйнеки және т.б. шығармашылықтары, әдебиеттегі діни сарындар. Бұл бағыттағы ақындардың бір тобына тән ерекшелік -қиссашылдық, кітаби сюжеттерге еліктеушілік. Жалпы алғанда, діни-ағартушы ақындар өз дәрежесінде қазақ поэзиясының көркемдік деңгейін біршама биікке көтерді. ХХ ғасыр басындағы поэзияның жанрлық тұрғыдан баюына елеулі үлес қосты. Діни-ағартушы бағытта шығармашылық мүмкіндіктері әртүрлі ақындар еңбек етті.
Бұл бағыттағы ақындарға тән бірнеше басты белгілер бар. Бірінші белгісі - бұлар - діни мектептерде оқып мұсылманша білім алған ақын-жазушылар. Олардың орыс оқуымен, орыс жазушыларының шығармаларымен атүсті ғана таныстығы болды. Екіншіден, бұлар - шығыс әдебиетін, оның түрлі әдеби мектептерін жетік біліп, озық үлгілі дәстүрін, көркемдік тәсілдерін игеріп, өз шығармаларын сол деңгейде жазуға талпынғандар. Үшіншіден, олар - қаршадайынан діни тақырыптағы ертегі-аңыздарды тындап, шығармаларды оқып, қисса-дастандарды жаттап, солардағы кейіпкерлерге еліктеп, сондағы өсиет-өнегеге тұщынып өскендер. Кейін құрғақ еліктеуден, мағынасыз жаттаудан құтылып, діни ілім-білімге бой ұрып, іздегендерін дін жолынан тапқандар. Төртіншіден, бұлардың көпшілігі Түркістан, Ташкент, Бұқара, Самарқанд, Қазан, Стамбул, Бағдат, Мысыр, т.б. діни орталықтардағы ірі медреселерде білім алып, діни ілімнің қыр-сырын мең- геріп, әдеби шығармашылыққа ислами әдебиеттің классикалық үлгілеріне еліктеу арқылы келгендер.
Бұл бағыттағы ақын-жазушылардың кейбірі Шәді Жәңгіров, Ақылбек Сабалұлы, Жүсіпбек Шайхысламұлы, Шораяқтың Омары, Мәулекей Жұмашев және т.б. бірыңғай қиссашылдықпен айналысып, шығыс, ислам сюжеттеріне шығарма жазып, нәзирашылдықты дамытты. Олардың шығыс сюжетінен, діни кітаптардан аударып, өз бетінше жазған шығарма- дастандарын мынадай топтарға бөлуге болады. Діни тақырыптағы қиссалар: «Зарқұм», «Мәлікаджар», «Кербаланың шөлінде», «Сал-Сал», «Мұха- мед-Ханафия», «Сүлеймен пайғамбар», «Жұм-Жұма»; Қиял-ғажайып ертегі іспетті қиссалар: «Шәкір-Шәкірат», СейфілМәлік-Бәдіғұл-Жамал», «Шаһмарал», «Абушахма»; Ғашықтық қиссалар: «Жүсіп-Зылиқа», «Таһир- Зухра», «Ләйлі-Мәжнүн», Мұңлық-Зарлық», «Боз жігіт»; Батырлық қисса- лар: «РүстемДастан», «Кескен бас», «Ескендір», «Қисса Баһрам» т.б. Міне осы шығармаларды жазған, тәржімалаған ақындарды қиссашыл ақындар деуіміз керек.
Достарыңызбен бөлісу: |