32. М.Жұмабаевтың ақындық ерекшелігін айқындаңыз
Қазақ поэзиясында лирикалық сыршылдықтың шыңына лайық, поэмаларында суреткерлік пен ойшылдығы қат-қабат келіп жататын өлең өлкесінде өшпес мұра қалдырған ұлы ақын – Мағжан Жұмабаев. Ақын 1893 жылы Қызылжар уезінің Сарыайғыр болысында дүниеге келген. Үлкен атасы Қажы атанған Жұмабай болса, өз әкесі Бекен де елге беделді, ауқатты, болыс болып ел тізгінін ұстаған жан.Мағжан – өз жерін де, өз тегін де мадақтаумен өткен, өмірдегі азаматтық орнын ақтауға ұмтылған, асыл маржанға теңелген сұлу лирикалық жырларымен оқырманын еліткен халқының дара перзенті.Мағжан поэзиясының тақырыбы әр алуан. Өзі өмір сүрген жаңа ғасыр басында Мағжан бармаған, ол жырламаған тақырып жоқ деуге болады. Ақындық өнерге енді ғана мойын бұра бастаған тұста, Мағжанның жан-дүниесін кеңейтіп, іздегені алдынан шамшырақ болып жанған бір құбылысты айтпай кету мүмкін емес. 1909 жылы қазақ оқырмандарына қазақ поэзиясының бүкіл болмыс-бітімінің бүтіндігін танытқан үш кітап арналды. Олар Абайдың «Өлеңдер жинағы», Ахметтің «Қырық мысалы», Міржақыптың «Оян қазағы» еді. Міне, осынау кітаптар ұлтын сүйген ұланның, өнерді құдірет түсінген ақынның айтар ойын, барар бағытын айқындап берді. Алдындағы толқынның асыл ойдан өрілген шығармаларына еліктей отырып, өзіндік жолын іздестіруге ұмтылды. Елінің тағдырына ортақтаса білген ақынның «Ләззат қайда», «Жазғы таң», «Зарлы сұлу», «Балалық шақ», «Қазағым» және т.б. жырларынан тұнба тұнық ойларды аңғарамыз. «Сағындым», «Сарғайдым», «Түс», «Анама», «З-ға» сияқты өлеңдері Мағжанның түрмеде жазған шығармалары. Ақын бұл өлеңдерінде темір торға қамалған жан арпалысын суреттей отырып, тілегені өлім емес ерлік екендігін дәлелдейді.
Мағжан поэзиясының сыршылдығына тән құбылысты біз оның сүйікті әйел, ыстық махаббатты жырлаған отты өлеңдерінен нақтырақ табамыз. Бұл тақырыпқа арналған өлеңдерін әйел, оған деген адал сезімді ардақ тұту, өз тұсындағы әйел затының тағдырына араша түсіп, зарына үн қосып, жырымен жұбату деп бөлуге болады. Мағжанның қазақ әйелінің теңсіздік тұрмысын көрсетіп, қасіретін жырлаған өлеңдері қатарына: «Домбыра», «Зарлы сұлу», «Жәмила», «Тілегім» өлеңдерін жатқызуға болады.
Әр ақынның, жазушының өзіне ғана тән жазу стилі мен ерекшелігі болады. Ақын – бұр лирикалық қаһарман, ол өзінің атынан тіл қатып, өлең сөзбен “сөйлейді”. Дәл осынау Мағжан Жұмабаевтың «ақындық менін» танытатын өлеңдеріне «От», «Пайғамбар», «Күншығыс», «Тәңірі», «Орал тауы», «Түркістан» атты от-жалынды жырларын жатқыза аламыз. Бұл өлеңдерінде өзара тартылып жататын үлкен идеялық желіні байқаймыз. Бір жағынан біз бұл жырларын қуатты лирикаға балаймыз. Мәселен, «От» өршіл рухты өлеңінде:
Күннен туған баламын,
Жарқыраймын, жанамын.
Күнге ғана табынам.
Өзім – күнмін, өзім – от,
Сөзім, қысық көзім де – от.
Өзіме-өзім табынам, –
дейді. Бұдан ақынның арынды асқақтығы айқын аңғарылады. Өзін құдіретті отқа теңей отырып, өзінің «менін» қуатты күшті отпен байланыстырады. Мұнда метаформа тәсілінің өте көркем қолданғанын көре аламыз: «өзім – от, сөзім, қысық көзім де – от». Мағжан Жұмабаевтың атақты жырларының бірі – «Мен кім?». Бұл жырда ақынның «мені» мейлінше айқындала түседі, өрлік рухы шабыт ала түседі.
Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?
Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?
... Көкте – Күнмін, көпке нұрым шашамын,
Көңілге алсам, қазір ғарышқа асамын.
... Жалынмын мен, келме жақын, жанарсың,
Тұлпармын мен, шаңыма ермей қаларсың.
Аң патшасы арыстанға кім қарсы тұра алады? Ешкім. Демек, арыстан айбатты ақынға кім қарсы тұра алсын?! Ешкім. Сол сияқты жолбарыс қайраттыға кім қарсы тұрсын? Ешкім де. Ақын осынау айбаты мен қайраты жарасқан қуатты күшке айналады. Жалын, Күн, Тұлпар, Арыстан, Жолбарыс – ақынның «мені». Және де Мағжаннан басқа ешкім де бұлай жеткізуі мүмкін емес. Арманы асқақ ақынның қиялы да ұшқыр, асқақ. Табиғаттың небір тылсым күштерін өзіне бағындырады, өзін сол күштерге теңейді, ұқсатады. Осылайша өз ақындық болмыс бейнесін қалыптастырады. Асау жырлары – ақынның осынау болмысын берудің бір жолы.Қысқасы, Мағжанның ақындық «мені» мен қаһармандық болмысы бір бейнеге еш сыймайды. Ақын бірде өршіл рухты, асқақ мақсатты болса, бірде қылаудан да әлсіз нәзік сезім иесі болады, ол сарғаяды, сағынады, қайғы шегеді, ал ең бастысы – сүйеді. Сондықтан да Мағжанның ақынның лирикасы толып тұрған әртүрлі «мендер» десек болады. Қуатты жыр, салмақты жыр, сыршыл жыр. Әр жырда ақын әр күйде, ал әр күй – бір «мен».
Достарыңызбен бөлісу: |