34.М.Дулатовтың ақындығын бағамдаңыз.
Ақын шығармашылығының тырнақалды туындысы – «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы. Осы алғашқы өлең жинағынан ақ автордың мақсаты мен беталысы көрінеді. Эпиграф ретінде берәлген төрт жол өлеңге қаншалықты мән мағына сыйғызғанын айтсаңшы!
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым енді жату жарамас-ты.
Осы төрт жолдан ақынның бүкіл тыныс-тіршілігінің болмысы танылғандай. Кітаптағы «Сөз басында» М. Дулатов былай дейді: «...Мен де өз мағлұматымша бишара халқымызға пайда келтірмек мақсатымен осы кітапты жаздым». Міржақып «Оян, қазақты» жазғандағы мақсатын қарапайым қазақ оқырманына осылайша түсіндіріп, бар мақсатын алдына жайып салады. Абай мақсаты оның жүрегінен берік орын тепкенін осы «Сөз басынан» тап басып танимыз. Қос ақындағы ортақ мақсат - «Наданның көзін қойып, көңлін ашпақ». Оның әрбір өлең жолынан азатшыл рух, азаматтық сарын өзгеше леппен есіп отырады. Уақыттың талабына тән ұраншылдық басым болғанмен, ол - құрғақ айқай емес, жүрегін езген қасіреттің ашынған үні. Ақынның жалпақ жұрттан бұрын алдымен өзін-өзі қамшылауы осыдан туындап жатса керек. «Оян, қазақтың» беташар өлеңі «Қазақ халқының бұрынғы һәм бұ күнгі халі» деп аталады. Өлең былай басталады:
Міржақып неге отырсың қалам тартпай,
Бәйге алмас болғанменен жүйрік шаппай.
Шамаңды қадари хал көрсетсеңші,
Байғүс-ау, оянсаңшы қарап жатпай.
Тұманға кірді қалың біздің қазақ,
Арты жар, алды тұйық бұл не ғажап.
Адасқан ағайынға басшы болып,
Ішінде жол көрсетер адам аз-ақ…
Жоғарғы ойлардың түйінін де, дәлелін де осыдан тапқандаймыз. Қазаққа «Жол көрсетер адам азда» ақын «Бой тежеп, жүрексінуді» өзіне мін көреді. Сөйтіп, «Артықтан тағылым алып, кемге үйретуді» адамдық парыз деп біледі. «Таршылық халымыз хақында аз мінажат», - деген ұзақ өлеңінде бұратана халықтардың түрмесі болған патшалы Ресейдің тепкісінде тұншыққан ұлтының аянышты, ауыр халінің шынайы шындығын ашып, нанымды суреттеп, азаматтық армен жырлайды. XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының алдында шешімін күтіп тұрған басты мәселенің бірі жер мәселесі болғаны белгілі. Патша өкіметі ішкі Ресейден көшіп келген қара шекпенділерге қазақ даласындағы шұрайлы жерлерді бөліп, жергілікті халыққа тау мен тасты, шөлді аймақтарды қалдырды. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан елдің экономикалық жағдайына көп нұқсан келді. «Қазақ жерлері» өлеңінде жырлай келіп, ақын елдің сөзін ұстап, билік басында тұрған ақсақалдарға, ұлтының қамын ойлаған зиялы азаматтарға, бұл жағдайды көріп-біле тұра қол қусырып отыру жөн емес деп, дер кезінде қимылдамасақ, болашақ алдында борыш өтелмей қаларын еске салады.
Бұл жолда Міржақыптың басты сүйенер тірегі - өзі тектес, сөзі үндес зиялы қауым. Әлихандай, Ахметтей ағаларының «Ақ жолына» сенім артып, үнемі оларды жоғары көтеріп отырады. Ақынның оларға деген ыстық ілтипаты мен сенімі «Өнерін халық пайдасына жұмсап жүрген оқығандарымызға» атты өлеңінен көрініс табады:
Жаужүрек, қыран көзді арыстаным,
Жан қиып, халқың үшін қарысқаның.
Қатардан қазақ сорды қалдырмасқа,
Бәйгеге ұлы дүбір жарысқаның.
Ел мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя білген азаматтарды дәріптеудегі ақын мақсаты - үлгі алар ұландар арқылы халық тілегі орындаларына үміт арту.
Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағы» мен өзге жинақтарындағы өлеңдерінің құйылысы бір арнадан бастау алып, бір арнаға тоғысып жатады. Өйткені оның бүкіл шығармашылық болмысының өрісі азатшыл оймен, ұлт-азаттық қозғалыспен біте қайнасып кеткен. Оның өлеңдерінде саяси үн өзге мәселеден басымдау түсіп жатады. Сонымен қатар, оның шығармаларындағы өнер білімге үндеу, әлеуметтік теңсіздікті жырлау саяси көзқараспен желілесе отырып шешімін тапқан. Ақын өнерпаздығының ерекшелігі де осында жатыр. «Оян, қазаққа» орыс отаршыл чиновниктерінің аса қатты шүйлігуінің бар сыры - Міржақып өлеңдерінен отаршыл саясатты батыл сынаудың көрініс тауып, оған қарсы тұруға үндеген үгіттің ашық түрде айтылуында.
ХХ ғасыр басындағы ақындар әлеуметтік теңсіздікті көрсетудің басты шарты ретінде әйел теңсіздігін алғанын жоққа шығара алмаспыз. XX ғасырдың басында өмір сүрген көзі ашық, көңілі сара ақын қазақ қыздарының басындағы бұл қайғы-қасіретке жаны егілмей тұра алар ма?! Әйел теңсіздігі тақырыбына көлемді жанрдағы алғашқы қадам болып табылатын «Бақытсыз Жамал» романын былай қойғанда, ақын «Оян, қазақта» да бұл мәселеге қалам сілтемей қала алмады.
Достарыңызбен бөлісу: |