Абайдың ақындық мектебінен өткен Шәкәрім Абайдың көзі тірісінде жазылған «Жастарға» атты өлеңінде:
Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық. Арам айла, зорлықсыз мал табалық. Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік. Бір білімді данышпан жан табалық - деп, ұстаз ұлылығын танып, жастарды Абай төңірегіне топтастырып, данадан тәлім алуға үндесе, кейінгі өлеңдерінде ұстаз болмысымен тіпті үндесіп, оның рухын терең ұғынғандығын дәлелдей түседі.
XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап күрт алға басқан ағартушылық ой-сананың өрістеуі, Абай арқылы қазақ поэзиясына азаматтық ой толғанысты әкелген болатын. Шәкәрім де ұлы ұстаз ұстанған осы бағытты дамытты. Азаматтық поэзияға тән биік асқақтық, өмір құбылысына терең үңілген таным толғам Шәкәрім өлеңдерінің басты идеялық тұғырына айналды. Ақынның шынайы азаматтық болмысын, ақындық сенім көзін айқындайтын басты тақырыптар - қоршаған орта, табиғат әлемі, тартысты қоғам, қоғамдағы адам, оның болмысындағы қадір қасиет, адамгершілік қағидалары және мінез-құлық, тәрбие негізі. Шәкәрім үшін нағыз адам деген атқа лайық жандар - ең биік идеал. «Ескіден қалған сөз теріп»өлеңінде осы нақты көрініс тапқан.
Сондықтан да жалпы адамзатқа тән асыл қасиеттер адалдық пен әділдік, білімділік пен еңбекқорлық, парасаттылық пен зиялылық мәселелерін жырлауға келгенде Шәкәрімге жетер ақын жоқ. Өмірден көргені мен одан түйгенін өлең арқылы оқырман мен тыңдарманға ақтарып салады. «Насихат» өлеңінде ақын күйінеді. Ол надандық торлаған қазақ даласына адалдық келіп, әділет жолбасшы болар күнді армандайды. Бұл арадағы ақын арманы ащы өксікке толы, үнінде зарлылық басым. Ол осынау надандықтың түп тамыры адамдардың бойындағы сауатсыздық пен қараңғылықта, жалқаулық пен бойкүйездікте жатқанын жақсы біледі.
Шәкәрімнің сыршыл поэзия арқылы адамдық болмысты тануға ұмтылған азаматтық ірі мақсатыныңбірі - ұлтының бойына бәле болып жабысқан осы бір жағымсыз қасиеттерден арылту. «Үйретуден жалықпау» қағидасын ұстанған Абайды дана ұстаз таныған Шәкәрім ұлы ақын ұсынған адамды адамдыққа тәрбиелеу атты жанды идеяны одан әрі дамытты.
Шәкәрім де ұлтқа қызмет етуді адам баласының ең басты міндеті, қасиетті парызы санайды.
Адамдық борышың, Халқына енбек қыл. Ақ жолдан айнымай. Арсақта, оны біл.
Мұнда ол өзінің өмірлік тәжірибесін алға тартады. Шәкәрім өлеңдеріндегі азаматтық тұлғаның болмысын айыратын көрсеткіш те осыған тығыз байланысты. Яғни ұлт алдындағы борыш ұғымы - алдыңғы қатарға шығып, азаматтың халқына сіңірген еңбегіне қарай бағалануы. Ал өмірде адам болып қалу үшін, адамгершілікті жоғалтпау үшін не қажет?! Адамның адам болып қалуы - әлемдегі сөз өнерін қадір тұтқан бұрынғы-соңғы бар сурет- керді толғандырған киелі мәселе.
Осы тұста Абайдың адам болып қалу үшін ұсынған бес қағидасын Шәкәрім «Талап пен ақыл» өлеңінде сегізге жеткізеді:
Сабыр, сақтық, ой, талап болмаған жан. Анық төмен болмай ма хайуаннан. Ынсап, рахым, ар, ұят табылмаса, Өлген артық дүниені былғаған. Шәкәрімнің азаматтық лирикаларындағы бір арна - өскен орта - қазақ қоғамы. Ақын жүрегін, ең алдымен, ел пысықтары, залым билеушілер, атқа мінерлер шошындырды. Оларға тән мінез-құлық ақынға өте таныс болатын. Сондықтан да ақын «Партия қуған өңкей қырт» өлеңінде оларды:
Партия қуған өңкей қырт, Жазылмайтын ол қылқұрт. Мен тартам ел қайгысын, Әкімі - залым, биі - әңгірт, - деп дәл сипаттайды.
Шәкәрім шығармашылығының дені - өлеңмен жазылған дүниелер. Өйткені Шәкәрім - ең алдымен ақын. Әдебиеттегі жаңашылдық пен дәстүр ұғымдары- ның нақты белгісін осы Шәкәрім шығармашылығынан көреміз. Осы ақын шығармашылығындағы керітартпа образдарды, олардың іс-әрекетін көрсету арқылы ақын одан жирендіре отырып, оқырманды адамдық ұлы мақсатқа жетелейді. Осы сарындас өлеңдер тобына «Ашу мен ынсап», «Шаруа мен ысырап», «Анық пен танық», «Ер қоспақ пен сөз сөйлемек», «Дүние мен өмір». «Мақтау мен сөгіс», «Міндеу мен күндеу»тәрізді шығармалары жатады. Шәкәрім шығармасындағы жеке тұлғадан бүкіл қоғамдағы өзгерістерге тән типтік образ жасалады. Шәкәрім ұстанған сыншылдықтың басты міндеті - өмір шындығын нақты көрсете отырып, салмақты әлеуметтік ой айту, өмір кұбылыстарын, заман мен қоғам шындығын шынайы бейнелеу арқылы оқырман мен тың- дарман ойын ояту болса керек.
Керек кезінде қазақ жұртшылығын бұйығы тұрмыс-тіршіліктен оятуға ұмтылған ақын, ұлы өзгерістер тұсында өзгеше түлеп шыға келеді. Сөйтіп, «Бостандық таңы атты», «Бостандық туы жарқырап» деген топтама өлеңдер тобын жазады. Онда ақын алдыңғы өмірден үлкен үміт күтеді. Осы тұста Шәкәрім поэзиясына тән азаматтық сарын тағы алға шығады. Тағы да тұлға мен халық бейнесі сабақтаса өріледі.
Шәкәрім шығармашылығында таза ағартушылық тақырыптың да орны ерекше. Шәкәрім жәй оқуға шақырушы емес, Шәкәрім үшін оку-білім - ғылым жолы. Оның бұл ойлары «Сен ғылымға», «Сынатарсың өзіңді», «Ғылымсыз адам хайуан» т.б. өлеңдерінда анық та нақты көрініс тапқан.
Еңбек тақырыбы - Шәкәрімнің бүкіл ағартушылық болмысы мен даналықойының - дәні де нәрі. Шәкәрімдегі еңбек ізденіспен тығыз байланысты. Шәкәрімдегі ой «Инемен құдық қазғанды» меңзейді. Және ол үнемі алға ұмтылысты жақтайды, соған үндейді. Оған үлгі ретінде Абай жолын ұсынады.
Шәкәрімді ақын ретінде де, дана ойшыл ретінде де толғантқан, тұңғиық ойдың тереңіне тартқан тылсым сырдың бірі - «өмір» ұғымы. Ол ақынның «Дүние мен өмір», «Өмір», «Тумақ, өлмек - тағдырдың шын қазасы», «Өмір сырын көздесең», «Анадан алғаш туғанымда», «Үш-ақ түрлі өмір бар…» өлеңдерінің тақырыбына арқау болған. Қашанда болмасын, қай заманда болмасын ақындар адам ғұмырына өз өресі жеткен биіктен ой жіберуге тырысып-ақ баққан. Ежелгі жыраулар мен жыраулық толғам мен ақындық айқындықты ұштастырған Бұқар толғауларынан мұны айқын байқаймыз. Шәкәрім де бұдан тыс қала алмайды. Дүниеге келу мен кетудің мәні неде?… Өмір соңы өкініштен тұра ма?… Өкінбестей айла бар ма?… Міне, Шәкәрім- ді толғандырған осы сұрақтар.