С.Торайғыровтың «Кедей» поэмасының ерекшелігін сипаттаңыз
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Кедей» деп аталатын поэмасында бір кісінің өмірі жөнінде сөз етіп, сол кездегі кедей біткеннің көрген күнін, шеккен азабын жиынтықтап көрсеткендей болады. Бас қаһарман қазақ кедейі, ол күзгі түнде суыққа тоңып қой күзеткен кезінде өзінің өмірін бастан аяқ шолып өтеді. Оның әкесі мен шешесі де байдың есігінен басқаны білмейді, ұзақ жылдар бойына көргендері азап. Ең ақыры екеуінің қосылуының өзі де күштілердің жалған қамқорлығы арқасында болған. Сол себепті де бай жалшысына бір мүсәпірдің қалыңдығын тартып әпердім деп оған көп жылдар бойы ақы төлемейді, қорқытып ұстайды. Міне, осындай еріксіз жандардан туған балалардың күні не болмақ, әрине ата «жолын» қуу, демек өмірі бай есігінде теңсіздікте өту. Поэманың «Қызметі һам аяныш халы» деген тарауында ақың әлсіздің күштіден шеккен азабын, көрген жәбір-жапасын толық баяндайды. Тегі ақын еңбек адамының бейнесін кеңірек бергісі келген болу керек. «Қаладағы жебірлер» деген келесі шағын тарауында қаладағы жұмыскерлердің халіне де тоқталып өтеді.
Сырт қарағанда даладағы қазақ байының қойын күзетіп отырған кедей қай кезде шахтер болды екен деген ой тууы да мүмкін. Бірақ, ақын шығармасын белгілі сюжетке құрмаған соң, осындай малшы қала тұрмысына ауысса, қандай жұмыста жүрер еді деп бағдарлауына әбден болатын тәрізді. Ақынның мұндағы айтпақ болған негізгі ойы: ауылда бай, болыс, билер секілді жауыздар болса, қаладағы жебірлер де олардан асып түспесе, кем соқпайды.
Сұлтанмахмұттың кейіпкері өмірден опық жеп қаншама өкініш айтқанымен «Құдай салды, біз көндік» деп отыра беретін санасыз жан емес, ол өзінің бағасын жақсы сезінеді, өзімен бір күнде туған, бай баласы Жақыптың ерекше тіршілігін айтып, оның бойындағы «қасиеттерді» санағанда, сол Жақыптың өзінен анағұрлым төмен екенін ашып айтады. Өйткені, бай ұлы өмірден тегін сыбаға алғаны болмаса, адам пайдасы үшін не істеді, қандай үлес қосты? Түк те пайда келтірген емес. Бұл ретте бас кейіпкер кедей мен бай баласы Жақып өмірін қатар салыстырып көрсету арқылы сол кездегі қазақ қоғамының екі жағын бірдей бадырайтып суреттеп отыр. Байлықтың қайдан шыққанын, еңбекші адамдардың маңдай терінің нәтижесі екендігін өте дәлелді сипаттаған.
Кедей баласы мен бай баласының өмірін салыстырып өткеннен кейін қорытындыжасағанда, ақын бас кейіпкерінің аузымен бірнеше кекесін сұрақтар қойып, мүмкін бұл дүниеден біздей опа көрмегендер, ол дүниеге барғанда жұмаққа кіріп, есесін қайтарар, хордың қызын құшып, пырақ мінер, аузы асқа жарыр дейді. Бірақ мұндай сенімдердің бәрі бос қиял екенін келесі тарауда (Рухани қысымшы) дәлелдей түседі:
Деген сөз бар болса да үміт үзбе,
Бұл медеу болса дағы көңілімізге.
Байлардай берген ат пен асымыз жоқ,
Бере ме сол ұжмақты молда бізге?!
Сөйтіп, дүние мен ақырет те байлар үшін болып шығады. Олай болса не істеу керек? Бас кейіпкер «мен бұған разы емеспін, бақытты басқа жолмен іздеймін» деп уәде береді, өзінің сол бақытқа ие болуға жарайтындығын ашып айтады:
Байдікіндей менде де жүрек, жан бар,
Жүрегімде өмір бар, ыстық қан бар.
Үміт бар, махаббат бар, жек көру бар,
Бәрі де байдікіндей, байкасаңдар.
Туысымда онан жоқ еш кемдігім,
Җалғыз-ақ менде мал жоқ, онда мал бар.
Ендеше осы дүниенің перзенті ретінде мен неге оның жемісін жеп, жақсылығын көрмеймін дейді кейіпкер.
Келесі тарауында байлықтың ұрылық жемісі екені дәлелденеді, бұл жерде ақын өзінің «Адасқан өмірде» айтқан осы тектес ойларын одан әрі тереңдете түседі. Бас кейіпкер шындық жолымен жақсылыққа жете алмайтынына көзі жеткендей болады да,енді құдай жолын қойып, шайтан жолына түскісі келеді, ондағысы қайтсе де баю, бұл дүниенің қызығын көру. Осыған орай келесі ұзақ тарауда (жақынынан айырылғандағы күйік), тағы да өмірдегі әділетсіздікті сөз етіп күңіренеді, бақыт іздеу жолында туған жерін тастап кетуге бар екенін білдіреді, өйткені туған жер оған қайғы-қасірет, азаптан басқа не берді, несімен қуантты?
Поэманың өн бойында еңбек адамының ұнамды бейнесі көрінумен бірге, бұл адам от жүректі, жарқын саналы, өмір үшін де, бақыт үшін де күресе алатын кейіпкер, қазақ әдебиетіне келген жаңа леп екенін көреміз. Қейбір зерттеушілер ақын бұл кейіпкері арқылы тың дүниенің, демек, Ұлы Октябрь революциясы жарыққа шығарған жаңа қаһарманды бейнелеуі керек еді деген тілек білдіреді. Мүмкін, мұндай тілек орынды да, заңды да болып көрінер. Бірақ, Сұлтанмахмұттың өз басы жаңа заманның, жаңа адамның бейнесін мүсіндеуге дайын емес еді. Сондықтан да ақын поэманың ақырғы жолдарында көмескі бір ишара білдіріп, былайша аяқтайды:
Жүрегімді белгісіз нәрсе қысып,
Шақырып тұр, мінеки, кеттім сонда.
Бұл жөнінде не айтуға болар еді? Осы арада ақын Октябрь революциясы Россия топырағына әкелген жаңа өмірді мезгеп отыр десек, мұнымыз құрғақ ҫәуегейлік болып жүрмей ме? Қалай да бірер себептермен ақын көмекейінде тұрған ойынашып айтуды лайық көрмеген. Ендеше біз де барды-барша танып, әділ баға бергеніміз абзал. Сөз жоқ, «Кедей» поэмасы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың демократтық позициясын нығайта түсті, ақынның сара жолға қайта оралып, халқымен бірге екенін айқын дәлелдеп берді. Сондықтан да біз «Кедей» поэмасын XX ғасырдың бас шеніндегі қазақ әдебиетінің зор табысы деп танимыз.
Достарыңызбен бөлісу: |