Ә.Нұрпейісов романдарындағы тарихи шындықтың суреттелуін сипаттаңыз
Әбдіжәміл әдебиеттегі алғашқы қадамын бірден сүйекті жанр – романнан бастады. Ұлы Отан соғысынан жаңа оралған майдангер іштен тебіндеген албырт шабыты қолына қалам ұстатқанда, ақ қағазға алдымен қанды ұрыстан, өмір мен өлім айқасынан алған әсерін түсіреді. Ол әсердің молдығы сонша, әскерден босанысымен, төрт-бес жыл бойы табан аудармай істеген еңбегі «Курляндия» атты қалың романды дүниегс келтіреді (1950). Көркемдік бітімі көңіл тойғандай шықпады десек те, бұл шығарма әдебиетке өз қазынасымен, тың суреттерімен қосылды. Қазақ оқырманын окоп шындығына қанықтырып, жауынгер тірлігінің тереңінде жылып аққан ағысын, тыныс-лебін тікелей ұрыс шебінен елестетті. «Курляндия» кейін толықтырылып, әрі ықшамдалып «Күткен күн» (1958) атымен қайта шықты.
«Қан мен тер» трилогиясы - ел, халық, оның әлеуметтік тағдыры туралы шығарма. Уақыты өзгергенімен, заманалық зәрулігі өзгермейтін туынды. Соңғы жетпіс жылғы алтын әдебиетімізді мысқа балағысы келетін қайсыбір неонигилист даңғойлар бұл романға тап күресін жазғандықтан ескірді деп мін таққысы бар. Бай мен кедейдің бұзылған арасын жазды деп Нұрпейісовті кіналасақ, «Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ, Андыстырған скеуін, құдайым-ай» дейтін Абай өлеңі хақында не айтуымыз керек?
Жазушының алғашқы романымен салыстырғанда «Қан мен тер» - тірлік-тынысы әлдекайда кең шығарма. Жанрлық жағынан да басқаға ұқсамайды. «Курляндия» оқиғалы роман санатына жатса, бұл - әлеуметтік-психологиялық типті шығарма. Ізденіс салмағы характерге түскен. Бар суреткерлік қабілетін ата-бабалардың мінез-кескінін ашуға жұмсаған. Характер – Нұрпейісов романының қозғаушы күші.
Трилогияның скінші кітабы «Сергелдеңде» Еламанның жеке басының қайғысын ел қайғысы басып кетеді. Екінші кітап халық кенішіне бойлай түседі. Қазақ даласында әлсуметтік қайшылықтардың өршуін тереңнен қопарып көрсетеді.
Ақ патша тағынан құлап, орнына келген Уақытша үкімет те ел тізгініне ие бола алмай, Қос үкімет дейтіннің орнаған кезі. Ел іші дағдарыста Соғыс ауыртпалығы ес жиғызбай езіп жаншып әкетіп барады. Бұрынғы майлы, жайлы орнынан тапжыла қоймаған ескілік Петербор жақтан шыққан дүрбелеңнен шошынғанымен, әлі айылын жияр смес. Түрмеге қамалған, айдауда жүрген, одан түріктермен соғысқа қатысқан, майданнан оралғанда Шалқарға келіп темір жол бойына жұмысқа орналасқан Еламан, ендігі жүріс-тұрысында біраз дүниені бағдарлап, байыздайтын өреге көтерілген. Бірақ кейіпкердің әлі де «бір қайнауы ішінде». Әлі де ол оң мен солын айырып жетпеген сергелдең пішінде, әуре сарсаңда.
Басты туындысы – “Қан мен тер” трилогиясы (1-кітап – “Ымырт”, 1961; 2-кітап – “Сергелдең”, 1964; 3-кітап – “Күйреу”, 1970).
Тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған қазақ романдарының ішінде жанрлық-композициялық, стильдік тұрғыдан “Қан мен тер” трилогиясының өзгешеліктері мол. Біріншіден, шығармада дәуір тынысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дулатов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылып суреттеледі. Екіншіден, “Қан мен терде” басқа туындыларда аталып қана өтетін патшашыл ақ әскерінің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Үшіншіден, романдағы авторлық мақсат, сюжеттік арналар, көркемдік зерттеу нысаны жаңа. Төртіншіден, Ә.Нұрпейісов сан алуан қасиеттерімен қалыптасып болған әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің қазақ топырағындағы жетілген өресін танытады.
Ә.Нұрпейісовтің бас қаһарманы Еламан – еңбекші қауымның өзгеден алабөтен артықшылығы жоқ қатардағы өкілі. Оның шектен тыс жуастығы, сылбырлығы, шешуші сәттердегі екіұдайлығы бізге таныс революционерлер мінезінен алшақ жатыр. Тек қана адам ретінде сараптағанда кінәлауға да болмайтын дағдылар Еламан жан дүниесіндегі адамгершілік максимализм, турашылдық, намыс сарылып әділет іздеу іспетті ұждандық-этикалық сапалар аясында табиғи қалпымен нанымды. Саяси-әлеуметтік сауаты ашылмаған, қазақ даласындағы тұңғыш өнеркәсіп салаларының бір түрі – балықшылық кәсібімен күнелткен, мәдени-ағарту орталықтарынан алыс, табиғаты қатал Арал теңізі өңіріндегі жандардың ел тұтастығы мен егемендігі үшін күреске шығуы – тарихи заңды құбылыс.
Фамилиясы да аталмайтын (әкесі – Науан) “қараңғы” Еламанның семьялық арнадағы тіршілік-тынысы – оның бүкіл адамдық тағдырын анықтаудағы, ар-ождандық ізденістерін, ашудағы негізгі тетіктердің бірі. “Қан мен тердің” тағы бір ерекшелігі халық бейнесін сомдауда елдің наным, сенім, көңіл-күй пернелеріне аса мән берілуі, жекелеген жандардың қоғамдық аренадағы орны мен тұрмыстық қалпын желілес суреттеу. Трилогиядағы психологиялық арна автордың әр от басындағы тіршілік дағдыларын кейіпкерлердің рухани өміріне тереңдеп бейнелеуден байқалады. Еламан, Рай, Мөңке, Қален, Төлеу отбасы, Тәңірберген, Федоровтар әулеті, штабс-капитан Рошаль, орыс жұмысшылары, Сүйеу қарт, Судыр Ахмет ошағына дейін жіті назар сала, арнайы тоқталуды көреміз. Бұл әдіс роман қаһармандарына тиесілі әлеуметтік іс-әрекеттердің психологиялық түп-тамырын табуға, образдардың толыққанды сипатын ашуға тікелей жол бастаған.
Жазушы мезгілдік құбылыстарды көп жағдайда адамдардың ішкі сарайындағы толқындармен, тұрмыстық, мұраттық әуендермен желілес бейнелейді. “Қан мен тер” трилогиясымен Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ әдебиеті үшін бұрын жан-жақты бейнелеу өрнегінен өтпеген Арал өңірі табиғатын өзіндік топографиялық ерекшеліктерін ашып кестеледі.
Ә.Нұрпейісов шығармасындағы ландшафт реңі кездейсоқ алына салмайды, олар әр кездегі қаһармандар ғұмыр кешетін ортаның тарихи-әлеуметтік болмысын танытатындай кейіпте, жан толқынымен бірлікте суреттеліп, жазушының заман, қоғам, өмір қайшылықтары жайлы астарлы философиялық ой-сезімдеріне рухани тірек болады.
!!! Қазақ әдебиетінің XX ғасырдың ақырғы он жылының бетке ұстар туындыларын сөз еткенде, алдымен тілге үйірілетін туынды жазушы Ә. Нұрпейісовтің "Соңғы парыз" роман-дилогиясы (1999). Бұл шығарма Кеңес дәуірінде жазыла бастағаны белгілі. Алғашқы н9сқалары кітап болып жарияланып та үлгерген. Бірақ аяқталып біте қоймады. Жаңа заман туатынын күткендей, жазылуы ширек ғасырға жуық созылды. Түптеп келгенде уақыт аңысын аңдау дұрысқа шықты.Дилогияның тілден кісен алынған, социалистік реализмнің қасаң ережелі шідерінен босанған кезде жарық көруі ойдағыны бүкпесіз, бүркеусіз ашық, толыққанды шындық қалпында жеткізуге, роман мазмұнын байытуға дем берді.
"Соңғы парыз" роман-дилогиясының басты табысы туралы қазақ һәм әлем әдеби сыны түйінді ойын айтып та үлгерді. "Қан меп тер" трилогиясы эпикалық сарында жазылып, дәуірдің тұтас кескін кейпін түсірсе, құлашы кең "Соңғы парыз" ел, жер тағдырын қозғайды, осы арқылы ұлттық һәм әлемдік адами проблемаларға жетектейтін маңызы зор құбылыстарға бойлайды деген пікір айтыла бастады. Белгілі ғалым Зейнолла Қабдоловтың бағалауында, "Соңғы парыз – қазіргі қазақ прозасының айтулы үздік жетістігі".
"Соңғы парыз" - идеялық-көркемдік өрісі кең шығарма. Дилогияда адам, қоғам, табиғат проблемалары бір өрімде жарасымды қисын тапқан. Олары ұлт үшін ғана емес, жалпы адамзатқа ортақ проблемалар. Жазушылар Герольд Бельгер мен Анатолий Кимнің орыс тілінде тәржімаланған биік сапалы аудармасы арқасында шығарма қазірде халықаралық әдеби қауымның назарына ілінді. Романды құптап қолдаған, мақтап мадақтаған пікір жан-жақтан ағылып түсе бастады.
Жазу барысында романның аты "Сең" - "Борыш" - "Соңғы борыш" боп өзгерді. Шығарма "Борыш" аталып жүрген кездің өзінде-ақ сыни мақалаларда суреткердің "Адам мен экология" тақырыбын адамзаттық өреге көтергені айтылған-тын. "Біз келешек ұрпақ ұясын бұзбауға тиістіміз"- дейді роман.
Арал теңізі территория жағынан Қазақстан мен Өзбекстанға қараса да, ол Жер шарының бір бөлігі. Аралдың азып-тозып бара жатқанына адамзат немқұрайды қарамауы тиіс. Бір түкпірдегі апат жердің басқа түкпірлеріне де зардабын тигізеді. "Адамзат, енді сен оян! - "Соңғы парызың" осы, - дейді Нұрпейісов романы.
Табиғат тақырыбы жазушыны ертеден толғандырып келе жатқанға ұқсайды. "Қан мен тер" трилогиясының бас кейіпкерлерінің бірі Тәңірберген мырзаның: адам аспанға тырмысып шықпасын деңіз, шықты екен - аспанды да ластайды, - дейтіні бар.
Роман оқиғалары басынан аяғына дейін сең үстінде, қақаған суықта, аязды боранда өтіп жатады. Осының өзінде үлкен символдық мән жатыр. Кешегі тоталитаризм дүниесінің ел ішін қанға бөктірген, тіпті атамекен табиғатына дейін сорлатқан тас бауырлығы айғайлатпай-ұйғайлатпай, терең мәнді сурет арқылы бейнеленген. Аралдың тұзды суын сіміріп ішіп жатқан Көк Өгіз де: біз табиғаттың құлы емеспіз, қожасымыз, бермегенін зорлап тартып аламыз дейтін мифтік жоспар-жорамалдан туған мифтік бейне емей не?
«Соңғы парыз» – әдебиетіміздің басты тақырыбы туған жер, адам тағдыры, ұлттық құндылықтар жайына арналған күрделі шығарма. «Сондай да бір күн болған», «Сондай да бір түн болған» атты екі кітаптан тұратын роман – дилогияға бір күн, бір түннің ғана оқиғасы сыйдырылған. Романда оқиғалы ішкі монологтар мен авторлық баяндаулар көп. Бұлардың әрқайсысын романның құрылымынан бөліп алып, микроновеллалар не әңгімелер күйінде оқып, қабылдауға да болады.
Осындай монологтардың ішіндегі бастысы – Жәдігердің монологы. Балық колхозының қарапайым ғана бастығы болғанымен, Жәдігердің ойы ұшқыр, парасаты биік, жоғары білімді азаматтың сезімі де сергек, селкеусіз, таза. Жәдігер монологының автордың ой-сезімімен, ақыл-парасатымен, интеллектісімен қабысып жатуы шығармашылық болмысқа тән заңдылық. Автор өзінің кейбір ойларын Жәдігердің аузына салған. Сондықтан романдағы Жәдігер тағдыры Арал тағдырымен ұштасып баяндалатыны сезіліп тұрады. Шығармадағы экокеңістік мұз үсті болса, сол мұзға түскен Жәдігердің ізі, ізіне қарап тұрып «аяғы дүниенің ырың-жырың» деген әкесі айтқан сөзді еске алуы және өз тағдырын өз ізімен салыстырып ойлануы, қанатты сөздің Жәдігердің монологы ішінде бірнеше рет қайталанып берілуі оны романның лейтмотиві сияқты көрсетеді. Шынтуайтында, бұл қанатты сөз ұлттық дүниетанымымыздың бір қырын білдіреді емес пе? Ата-бабаларымыз «дүниенің басы сайран, түбі ойран» екенін әлмисақтан әрі заманда-ақ айтып кеткен. Жәдігер тағдырын, трагедиясын жазу үстінде суреткердің осы ұлттық танымды еске алуы, қалайда тегін емес-ау деп ойланамыз. Суреткер адам тағдырынан әрі асып, жалпы адамзат тағдыры туралы толғанғанда Арал экологиясы – табиғат экологиясы, адам экологиясы – адамзат экологиясы – түбі ақырзаман туралы ойға шомбады дейсіз бе?
«Соңғы парыздағы» Көткеншек Көшен мен Сары Шая бейнелері – комедиялық жоспарда жасалған классикалық бейнелер. Әр сөзі, қимылы мен іс-әрекеті күлкі шақыратын, тіпті кейде ашу-ызамызды келтіріп, өзінен жирендіретін Сары Шая бейнесі барынша дараланып жасалған, классик жазушының шеберлігін тағы да бір қырынан дәлелдеп берген бейне.
«Қан мен тердегі» Еламан, Ақбала, Тәңірберген үштігінің «Соңғы парызда» Жәдігер, Бәкизат, Әзім үштігі болып қайталануының сыры неде? Біздіңше, әсіресе «Соңғы парыздағы» осы үштік романның терең психологиялық драмадай оқылатын мағыналы мазмұнын құрайды. Қазақ өмірінде алғашқысы ХХ ғасырдың басында, соңғысы орта тұсында орын алса да осы үштіктер жағдайы қазақ отбасыларының басынан қалай сол қалпында бірдей қайталанған? Еламан да Жәдігер де адал еңбек адамдары, бірақ жарлары: Ақбала Тәңірбергенмен, Бәкизат Әзіммен көңіл жарастырған. Көркем шығарманың орталық кейіпкерлерінің дәл осындай жағдайда суреттелуі қазақтың қалыпты тұрмысы үшін тосын жағдай. «Соңғы парыздағы» Жәдігер, Бәкизат, Әзім аралары күрделі психологиялық драмаға құрыла отырып, оқырмандардың ойын сан саққа жүгіртеді. Өзінің өмір жолын адал еңбек етуге арнаған Жәдігердің сүйген жардан опа таппағаны, әрине өкінішті. Қалай болғанда «Соңғы парыздағы» Жәдігер трагедиясының ең бір қоюлана түсетін тұсы Бәкизат пен екеуінің отбасылық өмірі. Жәдігерді жарға жыққан да осы ит ырқылжың отбасылық өмір. «Қан мен тердегі», «Соңғы парыздағы» үштіктер классик жазушы тарапынан романға бекер енгізіліп отырған жоқ. Әлде бұл жерде біз жауабын таба алмай отырған шығармашылық құпия сыр бар ма?
«Соңғы парызды» оқып, бүкіл қазақ, қазақстандықтар, олардың қазіргі және келер ұрпақтары мықтап ойланатынына сенімдіміз.
Достарыңызбен бөлісу: |